Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАСТЕЕВ ҚЫЛҚАЛАМЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

ҚАСТЕЕВ ҚЫЛҚАЛАМЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ
ашық дереккөз
ҚАСТЕЕВ ҚЫЛҚАЛАМЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Қазақ бейнелеу өнерінің тұңғышы, қырық жасында Қазақстанның халық суретшісі атанып, Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болған Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толады. Осы туабітті талант туралы сөз қозғасақ, оның ежелгі қазақ өмірінің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен сусындаған ұлттық бояуға қанық суреттері бірінен кейін бірі көз алдыңызға келе береді. Әлі есімде, оның «Талас алқабы» (1970) деген суретін көріп, ойыма балалық шағым оралған. Жаз шыға Таластың төменгі сағасына жақындау қоныстанған біздің ауылдың үлкені бар, кішісі бар атпен, мәшине, мотоциклдердің түр-түрімен келіп, өзен суына әй бір армансыз шомылатын әдеті бартұғын. Ол біз үшін бейнебір мереке сынды болатын.
Әбекең суретіндегі ең әсерлі сәт, сол суға шомылған адамдардың шат-шадыман көңіл күйін дөп басқан. Олардың қызығына орта жастағы шопанның жар басынан қызықтап қарап отыруы да қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманның маңызы мен мәнін аша түскен. Шопанның ойлы жүзі, басындағы әбден киіс көрген көнетоз шіләпісі, қолындағы баяу түтіндеген шылымы, тіпті қасындағы құйрығын бұлғаңдатып жатқан, жұртқа зияны жоқ итіне дейін өзен жағасындағы жаймашуақ жаз қуанышын жырлап тұрғандай. Осы үлкен полотноны көрген сайын бір қырымен отырған қойшының жүзі де, Талас өзенінің ирелеңдей ағатын осыбір тұсы да маған таныс сияқты көрінеді де тұрады. Бірақ Әбілхандай суретші біздің ауыл жаққа қайдан келсін деп ойлаймын ғой ол кезде. Сөйтсем, оным бекер болған екен. Әбекең 1970 жылдардың басында Талас ауданына келіп, жайлаудағы малшылардың қарапайым өмірін де, портреттік кескін-келбеттерін де қылқаламының нысанасына алыпты. Мына шедеврі де сол кезде дүниеге келген, сірә. Ал суреттегі әлгі мен шырамытатын, шырамытып қана қоймай, аталас ағайынымыз Әміре атамның «Ленин» орденді баласы Бағышбек көке болмай, басқа біреу болып шықса да өкінбеймін. Өйткені әрбір пенде ойынан шыққан шығармадағы оқиғадан, мейлі ол әңгіме, мейлі сурет болсын, өзіне таныс та бейтаныс адамды көріп, сонымен рухани шөлін басады емес пе?!
Кең панорамалы, бірнеше эпизодтардан тұратын бұл сурет күллі қазақстандықтар мен таластықтарды ғана емес, тіпті қазақ еліне шығармашылық сапармен келген Италияның атақты суретшісі Ренато Гуттузоны да таңғалдырыпты. Ол Әбекеңнің осы полотносына көз алмай қарап тұрып: «Біздің суретшілер алыс қашықтықты бейнелегенде екі шақырымдай жерді ғана көрсете алса, ал мұнда ұшы-қиыры жоқ жүздеген шақырымдар қамтылыпты ғой», деп қайран қалған екен. Шынында, қараған жанның көзі талатын көкжиекке дейінгі кеңістіктегі көріністердің күллісі Қастеев қылқаламына іліккен осы панорамадағы  бояулар мен бейнелерге тұшынып, қайта-қайта қарай бергің келеді.
Қастеев қылқаламынан туған кесекті дүниелер, әрине, мұнымен шектелмейді. Әбекеңнің «Кенесары Қасымұлы», «Шоқан Уәлиханов», «Жас Абай», «Амангелді Иманов», «Амангелді сарбаздары», «Түрксіб», «Қарындастың портреті», «Автопортрет», «Мектепте», «Колхоздағы сүт фермасы», «Мақта жинау», «Колхоздың тойы», «Бие сауу», «Қызды еріксіз әкету», «Сатып алынған қалыңдық», «Алтын астық», «Ақсай карьері», «Медеу мұзайдыны», «Қапшағай даласы» атты туындылары қазақ бейнелеу өнерінің сыры да, сыны да кетпеген асыл мұралары, сурет деген сұлу өнердің сыр мен жырға толы сарқылмас көзі деуге болады.
Ал енді оның қазақ халқының жыраулық өнері мен жаңа заманғы поэзиясын қазақтың қолынан шыққан ою-өрнегіндей қиюластыра жырлаған Жамбыл тақырыбына арналған суреттері қаншама!? Олар:  «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937), «Жамбыл достарының ортасында» (1971), «Салт атты Жамбыл» (1972) және «Жамбыл» (1973) атты еңбектері ықыласпен үңіліп, ерінбей зерттеуді талап ететін туындылар. Өйткені Әбекең Жамбыл бейнесімен бірге сол ұлы абыз туып-өскен таңғажайып тау мен даланың, бау-бақшалы ауылдың көркін де көңіл көзінен, көкіректі кернеген сезімінен, ой мен қырға шауып, аласұрған ой мен сана түйсігінен көшіріп әкеліп, кенеп бетіне мөлдіретіп тұрып түсіре салған. Әсіресе «Салт атты Жамбыл» картинасындағы табиғат суреті ең самарқау деген адамды да селт еткізері сөзсіз. Ал әрбір сөз бен әрбір сызбадан ой түйіп, әріден ойлайтындар суреттегі анау алыстан мұнартқан Алатау шыңдары мен оның етегіндегі таумен тайталасқан асқақ төбелерді, оған біткен қарсы бұтақты қарағайларды көріп, осы тұтас дүниені Жамбылдай абыз ақынның адамдық биіктігіне, ғасыр көрген көненің алыбы екендігіне балары сөзсіз.
Әбекеңнің «Жамбыл атындағы колхоздың жалпы көрінісі» (1957), «Жамбыл музейі» (1957) атты суреттеріне де тамсанып қарайсың. Жалпы Жамбыл Жапаұлы ақын болып аспаннан түсе салған жоқ. Әкесінің «Екейдегі елу бақсы мен сексен ақын аз болды ма саған? Солардың қарасын көбейткенше, барымталап болса да мал тап» деген талабына көнбей, бала кезінен домбыраны серік қылып, қызыл тілден төгілген жырды көңіліне көрік қылып жүріп, осы өнер жолында өзі сыйынатын пірін де тапты. Ол – тәлім беретін, талғам ұштайтын Сүйінбайдай ұстазы еді. Бұл жайлы Жамбыл жәкеміздің өзі де «Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп өр мінезімен өршелене жырлап кеткен. Міне, сол Жамбылдың пірі Сүйінбайдың енді қайталанбас, қайталанса да Әбең қолтаңбасындай бола алмас портреті де осы атақты суретші Әбілхан Қастеев қаламынан туған. «Жамбылдың ұстазы Сүйінбай Аронұлының портреті» (1972).
Картиналары Лувр, Эрмитаж, Третьяков галереяларында қойылған (Кеңес өкіметі кезіндегі көптеген республикалардағы көрмелерді айтпағанда) Әбекең өнер шыңына оңай жеткен жоқ. Оның бала кезіндегі көрген тұрмыс тауқыметін бүгінгі ұрпақтың басына бермей-ақ қойсын. Жастайынан әкесінен айырылып, жетімдік қамытын мойнына ілді. Жалғызбасты ана, бұғанасы бекімеген бала. Қалай күн көрмек керек?  Сегіз жасар Әбекең анасы мен үйелмелі-сүйелмелі екі бауырына сүйеу болу үшін Шалғынбай деген байға жалданып, бақуатты әулеттің қойын бақты. Тұрмысы түзу ауылдастарының балалары медресе барып, хат танып, әліпбиді ежіктей бастаған кезде оның мектебі де, академиясы да өзі туып-өскен Шежін ауылының тауы мен тасы, өзені мен көлі болды. Әнді – бозторғайдың шырылынан, суретті – дала табиғатының сұлулығынан үйренді. Не көрсе де көңіл дәптеріне түсіріп, сана сауытына құйып ала берді. Сурет сабағы – жерге сызып, тасқа қашап салған саналуан бейнелері болды. Сазбалшықтан мүсін де жасады. Ауылындағы молданың бейнесін мүсіндеймін деп басы дауға да қалды. Бұл оның шығармашылық жолындағы алғаш рет тап болған «тас қамалы» еді. «Сенің істеп жүргенің шариғатқа қарсы тірлік, мұныңды қоймасаң, анаңды мешітке кіргізбеймін, сендер күнәһарсыңдар» деген молданың сөзі біле білгенге сұсты «цензордың» сөзіндей еді. Бірақ ол оған қыңбады. Ал Кеңес өкіметі мен оның қызыл идеологтары «суретіңе коммунистік партияның жасампаз өмірін сал» деп талап қойды. Бірақ ол соған қарамастан, молданың айтқанына көніп, айдауына жүрмегені сияқты, кеңестік идеология күйіп тұрған кездің өзінде  «Кенесары портреті» (1935) деген шығармасын дүниеге әкелді. Тәуелсіз ел болғаннан кейін Ә.Қастеевтің осы еңбегі пошта маркасының бетіне көшіріліп басылды. Бұдан басқа «Амангелді Иманов», «Түрксіб», «Автопортрет» атты еңбектері де ҚР пошта маркасы ретінде де танымал бола түсті.
Әбекеңнің «Кенесары портретіне» қарап таудың баурайын, ханның ақбоз үйін көреміз. Туырлығы түрулі тұр. Түрілген тұстан ою салып тоқылған ши көзге шалынады. Ақбоз үйдің арғы жағында сап түзеген аттылы сарбаздар. Ханның арқа тұсында алқақотан жайғасқан ақсақалдар шоғыры байқалады. Көгал үстіне төселген ою-өрнекті алашада Кенесары хан молдас құрып отыр. Үстіне жағасын, өңірін және етегін алтын түстес сары матамен көмкерген қызыл қоңыр шапан киген. Басында шошақ сары хан бөркі. Оның қайырмасы жасылмен әдіптеліп, оған ақ түсті ою салынған. Ханның шоқша сақалы, мұрты, қасы, бәрі қап-қара. Өңі ақ сары. Өзі алысқа ойлана қарап, алдына алған қылышын қынабының сыртынан қос қолдап ұстап алған. Осының бәрі Әбекеңнің өз өмірін туған жері мен елінің бостандығы мен салт-дәстүрінсіз көзге елестете алмайтынын түсінесіз.
Естеріңізде болса, бұл портрет дүниеге келген жыл ұлт азаттығын аңсаған қазақ перзенттерін «халық жауы» деп қуғындайтын аласапыранның алдындағы өліара тұс болатын. Қазақ сөз өнері сүлейлерінің бірі Мұхтар Әуезов 1920 жылдардың аяғында «Хан Кене» атты пьеса жазып, онысы көптеген қарсылықтарға қарамастан 1934 жылы сахнаға қойылған. Бірақ тұсауы кесілмей жатып кеңестік империяның отаршыл цензурасы тыйым салды. Себебін түсіндіріп жату артық. Содан бір жылдан кейін үлде мен бүлдеге оранған хан тұқымын жау санайтын солақай саясат пен оның жандайшаптарының сатқындығынан қорықпастан «Кенесары портреті» деп ат қойып сурет салу – Әбекең сияқты азаматтың ғана қолынан ғана келді.
Оны бейнелеу өнерінің дүниежүзілік биігіне бойына бала кезден дарыған тума талантымен бірге оқу, іздену және тынымсыз еңбек алып шықты. Ол 1926 жылы Шенжі ауылынан Жаркент қаласына келіп, сондағы Түрксібтің теміржол құрылысында қара жұмысшы болып істеді. Әбекең осы теміржол құрылысында еңбек ете жүріп, өзінің жаны қалаған сурет салу өнерін де тастамады. Жұртқа демалыс берілген кезде ол жартасқа барып, оның жалпақ та теп-тегіс  беттеріне қасындағы сыралғы достарының бейнесін «шимайлайтын». Тіпті бірде Лениннің де суретін айнытпай салып қойды. Тастағы Ленинді бастықтардың бірі көріп қалып, Әбілханды Алматыға оқуға жіберді. Ол осылайша 25 жасында мектеп партасына алғаш рет отырды. Бірақ оның оқуға деген ынтасы өзінен жасы кіші майда балалармен бірге білім алуға намыстандырмады. Қайта ол сол тұстағы араб әрпіндегі төте жазуды да, латын әліпбиін де өз бетімен үйреніп, мектептегі оқушылардан оқ бойы озып кетті. Әбекеңнің сурет салуға бейімі мен құмарлығын байқаған мектеп басшысы оны сол тұста Мәскеуден Алматыға келіп оқытушылықпен, сурет салумен айналысып жүрген кәсіби маман Николай Хлудовқа ертіп апарды. Сөйтіп, Әбекең ең алғаш рет кәсіби суретшінің шеберханасына шәкірт болып қабылданып, ой-өрісі кеңейіп, өнерге деген көзқарасы өзгеріп, кәсіби шеберлігі шыңдала түсті. Н.Хлудов Әбекеңнің суреттерін көріп «Бұл өнерді қалай, қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрағанда оның: «Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен» деген жауабы да бүгінгі ұрпағына аңыз болып жетіп отыр.
Сөйтіп, Әбекең 1929-1931 жылдары Алматы қаласындағы Н.Хлудовтың студиясында, ал 1934-1936 жылдары Мәскеудегі Н.Крупская атындағы көркемөнер студиясының кешкі оқуында білімі мен шеберлігін ұштайды. Әрі сол кезден бастап мемлекет пен республика көлемінде өтіп тұратын көркемсурет көрмелеріне қатыса бастайды. Сол көрмелердің біріне примитивті бағытта дүниеге келген «Кенесары портреті» қойылды. Бірақ бұл бағыт кеш оқып, кәсіби суретшіліктің қыры мен сырын енді ғана меңгере бастаған Әбекең үшін кемшілік емес, қайта таудай табыс, құлашты кеңге созған зор құлшыныс еді. Оның үстіне бұл жұмыс оның кенеп пен майлы бояуды қолдана отырып орындаған алғашқы еңбегі болды. Жиырма бес жасында хат танып, кәсіби ұстаздың шеберханасын көрген Әбекең үшін бұл үлкен жетістік еді. Ал қылышынан қаны тамған большевиктерді емес, қазақ елінің азаттығын аңсап, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы соғыс ашқан Кенесары хан тақырыбына баруы ерлік болатын.
Хас талант Ә.Қастеевтің әлі жарияланбаған суреттері де баршылық. Соның бірі – жыр алыбы Жамбыл бабамызға қатысты тағы бір еңбегі. Ол «Жамбылдың дүниеден өтер сәті» деп аталады. Мен оны Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне іссапармен барып, оның Жамбыл тақырыбындағы еңбектерін іздестірген кезде білдім. Музей қызметкері маған ешқашан жарияланбаған, көрмеге де қойылмаған, бірақ компьютерлік архивтерінде сақтаулы тұрған бір суретті көрсетті. Онда Жамбыл бабамыз бейнебір ұйықтап кеткендей жүзі нұрланып, қимылсыз жатыр екен. «Мұны неге көрмеге қоймадыңыздар?» деп сұрасам: «Қоюға болмайды деп отыр», деп жауап берді. «Неге?», «Кімдер?» деген сауалдарыма тұшымды жауап ала алмай, өкініштен ішім удай ашыды. Неге? Себебі суретші Б.И.Урманченің «Жамбылмен қоштасу» (1945),  С.И.Калмыковтың «Табытта жатқан Жамбыл» (1945) деген  суреттері сонау 1989 жылы «Жамбыл – бейнелеу өнерінде» деген атпен «Өнер» баспасынан 15 мың данамен тараған кітапта жарияланған болатын. Ал төл перзентіміз, бейнелеу өнеріндегі дарабоз талантымыз Ә.Қастеевтің осы тақырыптағы еңбегін «өйтуге болмайды» деген қазақы тартыншақтықпен әлі күнге дейін (еліміз тәуелсіздігін жариялап, «цензура» деген сұмның көзі жойылса да!) халқынан жасырын ұстап келеміз. Талантты өнер иесі мен оның жан тебіренісі, жүрек толқынысынан туған шынайы өнеріне бұдан өткен қиянат болмас.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Тараз – Алматы – Тараз
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар