Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Саз әлемінің саңлағы

Саз әлемінің саңлағы
ашық дереккөз
Саз әлемінің саңлағы
Содан, Алматыға оралып, бірер күн шабытымды шақырып әлгі «Тамды аруы» әнін дүниеге келтірдім. Мәтінін танымал, терең сырлы ақын Қадыр Мырзалиевке «заказбен» жаздырдым. Қадырды жыр жазар алдында арнайы үйге шақырып, Бұхара өңірінде көрген-білгенімді, естігенімді, Тамды мен Мыңбұлақтың тамылжыған тамаша табиғатын, оның кеңқолтық еңбеккерлерін, ақжарқын азаматтарын, тіпті, сұлу, кербез арулары жайлы мол мәлімет бердім. Қадырға рақмет, жырды аса шеберлікпен ойымдағыдай етіп жазып шықты. Әніме домбыраның қос ішегіндей, болат-шойын жолдың қос «рельсіндей» сөзі әдемі үйлесіп, жарасып тұр. «Тыңда!» деді де Шәкең ыңылдап пәстеу, өзіне тән қарлыңқы дауыспен әнді бастап кетті. «Сені ойлап, құлазыған құла құмдай, Заулайды қиял қырдың құланындай. Бұрымың Мыңбұлақта туған ару, Сол жердің мың бірінші бұлағындай. Ебелектей, жел аңсаған, Көбелектей, гүл аңсаған, Келем саған. Жамалың жас көктемнің жамалындай, Жүрегің махаббаттың қамалындай. Тамдының тамылжыған әнші аруы, Лебізің таңның уыз самалындай. Жел аңсаған ебелектей, Гүл аңсаған көбелектей Келем саған…». Жанарлары ерекше нұр шашып, екі қолын қомдай түсіп, алақандарын жазып жіберіп, екi бетi алаулап, ырғағын келтіре өлеңнің қайырмасын тағы бір қайталады. – Міне, бұл әннің туу тарихы осындай. Көпшілікке ұнайтын болу керек, сірә, радио мен телеарналардан мезгіл-мезгіл қайталап беріп жатады. Тағы бір реті келгенде Шәкеңнен: – Шәмші аға, соңғы жылдары радио мен теледидардан тамылжыта орындалып жүрген «Сыған серенадасы» атты әннің дүниеге келуі жайлы айтыңызшы. Сол әнді естісем сығандар ортасында жүргендей сезімде боламын, ән ырғағы сол ұлттың ерекше өмірін елестетеді, – деп өтініш білдірдім. Ол сәл ойланып, күлімсіреп әңгімесін бастап кетті. – Әр ән ішіңнен шыққан баламен тең. Олардың жеке өз тарихы, өз тағдыры бар. Мен 1959 жылы консерваториядан шығып қалып, ауылға қайтуға ұялып, жерлес студент жастардың қасында жүрдім. Жаздың бір күні Алматының батыс жағындағы «Тастақ» базарына бардым. Сол жерде бір топ сығандар гитара мен мандолинге қосылып мәре-сәре болып кішігірім концерт қойып жатыр екен. Қолым бос, уақытым мол ерігіп жүрген мен жаңағылардың өнерін тамашалап біраз аялдадым. Сызылта салынған көңілді ән, мың бұралған би маған қатты әсер етті. Біраз уақыттан кейін менің де қаным қызып, арқам қозып қатар тұрған жас сыған жігітінің қолындағы мандолинасын алып, шектерін қағып-қағып жіберіп поляктың композиторы Огинскийдің белгілі «Отанмен қоштасу» полонезасын ойнап бердім. Менің мұндай өнерімді байқаған олар «Жақсы, жақсы, жігіт тағы бір ән, тағы…» деп әр тұстан қолқалай бастады. «Сарыжайлауды» төгілттім. «Ой, пәлі, мынауың керемет ырғақ қой, тамаша, браво, жарайсың!» деп сығандар ортаға алды. Әр жерден «Тағы, тағы бір ән, жігіт!» деп рақмет айтқан разы дауыстар естіліп жатты. «Қорлан» әні орындалды. Олар мені құрметтеп Сайран өзенінің жағасындағы шатырлы таборына қонаққа шақырды. Асығатындай шаруам қалып бара жатқан жоқ. Сығандардың өмірін көрейін деген оймен Сайран жағасындағы сығандар таборында қонақта болып, әңгіме-дүкен құрып, сығандардың асқақ әндерін тыңдадым. Жаныма ұнағаны соншама, солармен кешке қалып қойдым. Кешке қарай табор шатырларының алдына от жағылып, қазан көтеріліп, алау маңында керемет өнер жарысы басталды. Кішігірім сахна дерсің. Ортаға шыққан қыз бен жігіттер алма-кезек ән айтып, би билеп өнер мерекесін дуылдатты. Мен де олардан қалыспай, анда-санда мандолинге қосылып ән айттым. Бұған тәнті болған қалың сақалды сыған бароны «Жігітім, сен өнерден құр алақан емес сияқтысың, орындаған әндерің жүректің қылын қозғап, қатты тебірентті. Өзің қайдан боласың? Мамандығың бар ма?» деп сұрақ қойды. Мән-жайымды түсіндірдім. – Олай болса сен бізбен бірге тұра бер. Анау шеткерірек тұрған шатыр үй қонақтарға арналған. Соған түнеп жүре бер. Сендей өнерлі жігіт бізге де керек, – деп жылы ықыласын білдірді. Келістім. Дайын баспана, қарын тоқ, уайым жоқ, күнде кешке ән-би. Бір түнеп шыққан маған мына орта ұнаған секілді. Күндіз ұйқыны қандырып аламын да, кешке алау басында жиналып, жүректі қытықтайтын ән тыңдап, сұлулардың ұршықша үйірілген биін тамашалаймын. Табор әп-сәтте сахнаға айналып жүре береді. Бірте-бірте бойым сығандарға үйреніп, табордың белсенді бір мүшесіне айналдым. Қарап жатпай өнерімді ұштап, мандолинмен ән айтамын. Сығандар оны ұйып тыңдайды. Сөйтіп екі айға жуық өмір бір күндей өте шықты. Күз келіп, күн салқындап, сығандар жыл құсындай жылы жаққа қоныс аударуға дайындалды. Ауа райы салқындап, қар аралас жаңбырды күтпей көшкендері дұрыс та шығар. Мен не істерімді білмей дал болдым. Сығандар болса: «Шәмші, бізбен бірге жүр, табордағы өзің қалаған қызды ал, сен сияқты талантты адамға құшағымыз ашық» деп қолқа салды. Мен ойланып, тәтті қиялға берілмей, есімді жиып Алматыда қалуды жөн көрдім. Бірақ шынымды айтайын, көпке дейін сол көңілді сығандар ортасын аңсап жүрдім. Әсіресе талшыбықтай, еліктің лағындай нәзік, әрдайым көңілді жүретін, би десең жанып тұратын сүйкімді Изольда бейнесі көз алдыма көлбеңдеп тұра қалғанда жұдырықтай жүрегім аласұрып, аузыма тығылады. Қоштасарда ол: «Шәмші аға, мен сізге шын ғашық болып қалыппын. Мен сізді шексіз сүйемін...» деп еді-ау, жасаған. Білмеймін, әйтеуір мен мең-зең болып, сол аруға ғашық болып қалғанымды сезіндім. Кейде түсімде солардың ортасында ән салып, көңілді Изольдамен би билеп, жаным жадырап жүремін. Сыған әуендерінің сарынымен оянатын кездерім де болды. Есіңде болса, орыстың көрнекті ақыны А.С.Пушкин де біршама уақыт сығандар ортасында болған, кейін олардың өмірі мен өнерін өз шығармашылығына тиімді пайдаланған. Мен көп уақыт сондай бір түсініксіз бей жай күйде болдым. Сыған достарыма деген сағыныштың арқасында жаңағы өзің тарихын сұрап отырған ән «Сыған серенадасы» өмірге келген еді. «Толқысын шартарап, Тасышы, тебіренші, гитара! Оу, жан серігім, Төгілсін күй тарап! Жаның тарықпасын! Ән қалықтасын. Қайран басың, ғаріп басың, Көзімді жұмбай қамықпасын!» Бұл әннің қайырмасы. Ән мәтінін талантты ақын Қадыр (Қадыр Мырзалиев) жазды. Сәл болмағанда, мына ағаң сыған болып кете жаздаған, – деп күлді Шәмші аға. – Сазгердің шығармасының өмірлі болуына не қажет? – деген сұрағыма ол ойлана отырып: – Дүниеге талай ән келеді. Бірақ халық арасында олардың ішінен тұрақтайтындары шамалы. Жарқ еткен ұшқындай немесе жазғы көбелектей ғұмыры бір айлық, бір жылдықтары да бар. Жұрттың есінен тез-ақ шығып кетеді. Желпіп өткен желдей өтті, кетті. Жалпы, халыққа жағып, есінде қалатын, ұзақ жасайтын ән туғызу кім болса соның қолынан келе бермейді. Ән жазсам әсерлі, таза жүректерге тамыр жаятындай етіп жазғым келеді. Аз жаз. Бірақ саз жаз. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын ән жазу үшін елдің тарихын, салт-дәстүрін, жұрттың көңілін, жүрек дірілін, сана-пейілін, ішкі дүниесін жаныңмен, жүрегіңмен ұға білу керек. Сонда ғана жазған туындың өмірлі болады, – деп жауап беріп еді композитор ағамыз. – Енді, Шәке, біздің Мойынқұм өңірі жайлы жазылған «Мойынқұмда ауылым» әні жөнінде мәлімет беріп өтсеңіз. Біліп жүрейік, ән қалай жазылып еді? – Жамбыл облысының сол кездегі басшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов өмірде сабырлы, салмақты, әр нәрсеге байыппен қарайтын саналы, ойлы басшы болғанын білесіңдер. Сол абзал азаматтың шақыруы бойынша Жамбылға ақын досым Сабырхан Асанов екеуміз арнайы келдік. Хасекең жайдары мінезбен құшақ жая қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін Хасан Шаяхметұлы: «Жігіттер, Жамбыл жеріне хош келдіңіздер. Екеуің де саңлақ, өнердің ортасында, елдің көз алдында жүрген белгілі айтулы азаматсыңдар. Шәкеңнің керемет әндері бұл күндері бүкіл халық аузында жүр десем қателеспеймін. Мен Қызылорда облысында бірінші хатшы болып қызмет етіп жүргенде сол жердегі халық ансамблі Португалияға онкүндік гастрольге баратын болды. Содан қызу дайындық жұмыстары басталып кетті. Барлығы орынды, жоспар бойынша ән-күйлер бағдарламасы жасалды. Бірақ сахнаны ашатын Қызылорда өңірі туралы бір жақсы жаңа ән жетіспейтін сияқты. Ақылдаса келе Шәмшіні іздедік. Жігіттерді жіберіп Алматыдан Шәкеңді алдырдық. Шәкең біздің сенімімізді ақтап, әсерлі, сазды «Сыр сұлуы» әнін өмірге әкелді. Ансамбльдің атын да «Сыр сұлуы» деп атап, Португалияға аттандырып жібердік. Барлығы ойдағыдай, сәтті болды. Газет-журналдар сол өнер сапары жайлы жарыса мақтап, қолпаштап жазып жатты. Енді міне, Жамбыл еліне де Шәкеңнің көмегі қажет болып тұр. Біздің Мойынқұм мал шаруашылығымен айналысатын ең шалғай аудан. Елдің шетінде, желдің өтінде қысы жазы ел байлығын тасытып жүрген майталман еңбеккерлер жайлы бір жақсы ән керек», дей келе Хасекең телефонның құлағын көтеріп: «Алло, мені Айтбай Назарбековпен қосыңдар» деп, хатшы қызға тапсырма берді. Бірер уақыттан кейін телефон безілдей жөнелді: «Айтбай Назарбекович! Сәлеметсіз бе, жағдайларыңыз жақсы ма? Менің алдымда қос майталман – әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Сабырхан Асанов отыр. Олардың қасына бір-екі жігітті қосып Мойынқұмға жіберемін. Бұл шығармашылық жолсапарларында олар сіздің өңірдің еңбеккерлері жайлы жақсы бір ән жазып беруді мақсат етіп отыр. Барынша жағдайларын жасаңыз. Мен сіздің мүмкіндіктеріңізді, қонақжайлылығыңызды, парасаттылығыңызды жақсы білемін...», деп сенім білдіріп, телефон тұтқасын қойды. Сөйтіп бір жетідей Мойынқұм өңірін асықпай аралап, еңбеккерлермен жүздестік, екі дүркін Еңбек Ері Жазекеңнің (Жазылбек Қуанышбаевтың) отбасында қонақта болдық, жайлауы мен көлдерін көзбен көріп, қазақ даласының кеңдігіне, кең алқапты меңгерген жергілікті халқының пейлі мен мәрттігіне риза болдық. Сол сапарымызды «Мойынқұмда ауылым» әнін жазып едік. «Мойынқұмда – ел жайлауы, Ел жайлауы – көк шалғын. Хан тауы мен Жамбыл тауы Кең жайлауы достардың». Ән ел арасына тез тарап, сәулесі мол жарық әлемге қанат қағып кете барды. Біздің шығарған әнімізге риза болған аудан басшысы Айтбай Назарбеков қазіргі мініп жүрген сары «Жигулидің» кілтін сол жолы тапсырып, Сабырханға ат мінгізіп көңілімізді бір көтеріп тастап еді жарықтық ағам. Өнерімді орынды бағалап, құрметтеп жатқан еліме, халқыма рақмет. Әйтпесе, шынымды айтайын, әлгі еңбек кітапшасы (трудовая книжка) деген менде мүлдем жоқ. Өз өнерімді өмір бойы нәпақа етіп жүрген жанмын. Артып бара жатқан байлығым жоқ, дүниеге, байлыққа қызыққан жан емеспін. Құдайдың пешенеге жазғанын көріп, барына шүкіршілік етіп, тәубе деймін, – деп ағынан жарылды. – Шәке! Сіздің шығармаларыңызда партия, Ленин, компартия съездері, соғыстағы жеңіс туралы бірде-бір дүние жоқ. Оған не себеп? – деп көкейде жүрген тағы бір сұрақты қойдым. – Мына сұрағың мені қинады. Мен ешқашан ешбір партияға мүше болған емеспін. Компартияның көсемдерінен, съездерінен де аулақ жүрдім. Мен өз елімнің, өз жерімнің патриотымын. 50-ші жылдары қазақ жері бөліске түсіп, бірнеше солтүстік облыстар Ресейге, Маңғыстау Түркіменстанға берілейін деп жатыр деген дүмпу сөз ел арасына тарағанда жердің иесі кім екенін білдіретін «Менің Қазақстаным» әні өмірге келді. Бұл ән барша қазақ жастарының басын біріктіріп, жігерлендіріп, рухтандырып, «қазақ жері бөлінбейді» деп атой салғызды. Кремльдегілер қаймығып, өз райынан қайтты. 1961 жылы Юрий Гагарин Байқоңырдан ғарышқа көтерілгенде, жоғарыда отырған базбір шекпенділер: «Шәке, ғарышкер туралы бір тамаша ән жазыңыз», деп қолқа салғаны есімде. «Бұл менің тақырыбым емес. Қинамаңдар мені. Егер қазақ баласы ғарышқа көтеріліп жатса сөз басқа...» деп мен бірден ол туралы ән жазбайтынымды ашық айттым және сол сөзімде тұрдым да, – деп қалың ойға шомылып кетті. Шәмші ағамыз сол жолы ауруханадан шығуға асықпады. Біз де: «Үй-жайы Алматыда, қаласа ауруханада жата тұрсын» деп асықтырмадық. Асықпауының тағы бір себебін кейінірек білдік. …Кешкілік кезекшілік кезінде аурухана ауласынан өтіп бара жатып субұрқақ пен қауыздың жанында біраз халық жиналып қалғанын байқадым. Ортада қызу әңгіме жүріп жатқаны түсінікті. Бір сәтте құлаққа жағымды ән бірте-бірте күшейіп, кешкі тынық ауаны қалқып бара жатты. Көп дауыспен айтылып жатқан бәрімізге бұрыннан таныс «Сыр сұлуы» әні еді. Жақындау келгенде – топ ортасында Шәмші ағамыз бейне үлкен оркестрді басқарып тұрған дирижер сияқты екі қолының саусақтарын жайып жіберіп, аса бір шеберлікпен жоғары-төмен тынымсыз сілтеп тұрғанын байқадым. Жиналған келіншектер мен қыздар, жігіттер мен ересектер әннің ырғағын дөп басып, барлығы әнге қосылып, бүтін керемет хор капелласындай әнді нәшіне келтіре орындап тұрғандай сезінесің. Көпшіліктің ықыласын түсініп, олардың көңілін бөлмей, Шәкеңді алаңдатпай алыстау жерден өтіп кеттім. Кейін Шәкеңе: – Аға, кеше кешкі репитицияларыңыз қалай өтті? Кеше байқадым, көп қыз-келіншектер, жігіттер қаумалап алыпты.Еріккен қыз-келіншектерге «қолды» болып кетпеңіз, – деп әзіл айттым. Шәкең не туралы әңгіме екенін бірден ұғып: – Інім, саған шындығымды айтайын. Ауруханадағы сырқаттар менің осында «пышаққа түсіп» жатқанымды естіп, бұрыннан таныстары келіп сәлем беріп, қолқалап кешке бөлмелеріне, бөлімшелеріне шақырып қонақ етіп жатыр. Халқымның көңіліне ризамын. Елің сыйлап, елеп, құрметтеп жатса одан артық адамға не керек? Біраз күннен бері кешке қарай ауладағы субұрқақ маңына жиналып, әңгіме-дүкен құратын жақсы бір дәстүр пайда болды. Дерттен қиналып жүрген жандардың көңілдерін бір сәт болса да көтеріп, оларды сіздер, дәрігерлер дәрі-дәрмекпен, қандауырмен емдесеңіздер, мен оларды көңілді ән-жырмен, жанға жағымды әзіл-қалжыңмен емдеп жүрмін. Так что, мен ауруханада бос жатпай, яғни бекер тостақ босатпай, сырқаттардың өз ауруларынан тезірек айығып кетуіне біркісідей үлесімді қосып жүрмін. Мұным дұрыс емес пе, ә?! – деп ойнақы көздерімен маған қарады. – Иә, оныңыз өте дұрыс екен, Шәке. Аурулардың көңілдерін көтеру үшін біздер, дәрігерлер де оларға жанға жағымды жеңіл әзіл-қалжың айтамыз. Жақсы сөз жан семіртеді емес пе. Ендеше, сіз адамдарды ән-жырға бөлеп, дерттен айықтыратын, уайым ойлардан бөлетін үлкен емшісіз. Сіздің еңбегіңіз дәрігерлердің қызметінен еш кем емес. Әрдайым жақсы, жаңа әндеріңізбен көпшілікті қуанта бергейсіз, аға! – деп мен де оған іле жауап бердім. Сөйтіп кешкі «концерттен» кейін ауруханада емделіп жатқан азаматтар кезек-кезек өз бөлімшелеріне дастарқан жайып, шайға шақырып, Шәкеңді ортаға алып, оның қызықты әңгімелері мен хикаяларын, сан түрлі естеліктері мен әзіл-қалжыңын рахаттана тыңдап, бір желпініп қалады екен… Содан кейін де Шәкеңмен талай рет кездестім. Кездескен сайын: «Менің сүйікті дәрігер інім, халің қалай?!» деп құшақ жая ризашылықпен сәлемдесетін. Жамбыл қаласының орталығындағы Абай атындағы драма театрында 1990 жылдың желтоқсан айында өткен халықтың сүйікті сазгері Шәмші Қалдаяқовтың 60 жылдық мерейтойына қатысып, концертін тыңдап ерекше ләззат алдым. Сол жолы Сабырхан Асанов екеуіне «Жамбыл қаласының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Халық қолдап «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да берілді. Кейін бір жолыққанымда: – Соңғы уақытта мына жүрек деген қатты мазалап жүр, інім. Мезгіл-мезгіл ыңқыл-сыңқылмен аурухана маңын торуылдау әдетке айналып барады. Қайдам, не боларын? Қанша өмір қалды, бір Алланың өзі біледі, – деп уайым айтты. Шынында, ауыр сырқат оның дегбірін қашырып, жүзі жүдеу тартыпты. Мен қадірлі ағаны ауыр ойдан айырмақ болып: – Шәке-ау, «Жүрегі бар адамдардың ғана жүрегі ауырады» деп өзіңіз айтпайтын ба едіңіз? – деп қалжыңдаған болдым. Бірақ Шәмші ағаның мына кейпінен, ажал деген тажалдың құрық салғанын сезіндім де ішімнен терең күрсіндім… Содан көп уақыт өтпей, яғни 1992 жылдың 29 ақпанында 62 жасқа қараған шағында қазақ музыкасының көрнекті қайраткері, ірі тұлға Шәмші Қалдаяқовтың жүрегі мәңгілікке тоқтады. Шәкеңнің нәзік те сезімтал жүрегі мына өмірдегі әділетсіздікке, кереғар дүниеге шыдас бермесе керек. Сөйтіп қазақ өнерінің көгіндегі тағы бір жарық жұлдыз ағып түсті. Өзінің саналы ғұмырында тек өз ұлтының ұлылығын, елінің азаттығы мен жерінің байлығын, пейілінің ақтығы мен пәктігін, адамға тән нәзік махаббат сезімді асқақтата жырлаған заманымыздың айтулы сазгері, ғасыр бұлбұлы сайрауын тоқтатты. Дәурен-ай десеңші, тағдырға кім әмір жүргізе алады?!. «Шәмшіге айт, тағы да таңдандырсын, Жандандырсын жүректі, жандандырсын! Мәңгі өлмес махаббатын айта жүрер, Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!», деп Мұқағали ақын айтқандай Шәмшінің артында қалған өлмейтін әндері әлі де талайлардың жүрегіне нұр құйып ел арасында шырқалып жүр. * * * Шәмшінің тұнып тұрған сыр шындығымен, шынайылығымен және сезімге терең бойлауымен ерекшеленетін алғашқы әндерінің өзі композитордың атын елге жайып, халықтың сүйікті перзентіне айналдырды. Қырық жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Олардың дені ән жанрында. Ш.Қалдаяқовтың өзінің қайталанбас қолтаңбасы халықтың бояуы қанық талантымен қазақ халқының қазіргі әнін, өнерін биік белеске көтерді, қалың қазақты махаббат бесігінде тербетіп, халқын жасампаз әнімен рухтандырып келеді. Оның ғажап шығармашылығы ұлттық мәдениеттің тамаша көрінісінің бірі екенін баса айтқан жөн. 2010 жылы оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік Әнұранға айналды. Қазақтың ән өнерінің көшін бастаған, аты аңызға айналған, халқымен бірге жасай беретін қайта тумас, қайталанбас хас талант, ақиық дарабоз, дүлдүл сазгердің мерейі биік, есімі мәңгілік. Қанша ғасыр өтсе де Шәмші әндері әрін де, сәнін де жоғалтпайды. Шәке! Бізді тастап асығыс басқа әлемге аттанып кеткеніңізге анау-мынау деп өмір толқынымен, күйбең тіршілікпен арпалысып жүргенімізде 30 жыл сырғып өте шығыпты. Уақыт шіркін уыста тұрмай зулап барады-ау, тегі. Аққудың сазды да назды үнін әнге қосқан Шәмші аға, біз Сізді сағынып жүрміз!..

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар