Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАЛДЫ ҚАДАҒАЛАУДЫҢ ТЫҢ ТӘРТІБІ ЕНГІЗІЛМЕК

МАЛДЫ ҚАДАҒАЛАУДЫҢ ТЫҢ ТӘРТІБІ ЕНГІЗІЛМЕК
ашық дереккөз
МАЛДЫ ҚАДАҒАЛАУДЫҢ ТЫҢ ТӘРТІБІ ЕНГІЗІЛМЕК
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста ауылшаруашылық жануарларын қадағалау жүйесін жетілдіру үдерісі талқыланды. «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» жаңа модулінің арқасында ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру ақпарат жүйесінде (АШЖБ) мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру және жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат жиналған QR-код жасау үдерісі цифрландырылды. Бұл QR ет сатылатын орындарға орналастырылады, ол жануарларды ветеринариялық тексерусіз және ет пен органдарды тексермей мал союдың алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңа модуль Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарында қанатқақты режімде сыналып жатыр. Бұл тәсіл шекаралық өткізу бекеттерінде де енгізілді. Келіп түскен жүктер туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіледі, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қалыптастырады, олар мемлекеттік ветеринариялық инспекторға және ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Жүйе Павлодар облысының шекара маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті. «Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы – ет өңдеу кәсіпорны, 281-і – мал сою пункті және 514-і мал сою алаңы. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен 106 мал сою нысаны жабылды, 2023 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды», деді ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин. Сонымен қатар вице-министр барлық ірі ауылдық округте ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы бар мал сою пункттерін ашу қажеттігін атап өтті. – Мал сою алаңдары өтпелі кезеңде мәжбүрлі шара ретінде ашылғандықтан қазір заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, содан кейін мал сою алаңдары жойылатын болады, – деді вице-министр. Сонымен қатар кеңесте Аманғали Бердалин Қазақстан аумағында жануарлар мен құстарды жоспар бойынша диагностикалау және вакциналау туралы айтты. Диагностикалық және профилактикалық іс-шаралар туралы барлық мәлімет АШЖБ базасына енгізілген. Нәтижесінде кейінгі жылы елімізде қауіпті ауру ошақтары 38 пайызға төмендеген. Шегірткеге қарсы күреске дайындық туралы ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Кейінгі жылдары Ақтөбе және Қостанай облыстарында зиянкестердің таралу алаңдары өсіпті (1 миллион гектар немесе республика бойынша жалпы алаңның 69 пайызы). 2023-2024 жылдары шегіртке таралуының 11 жылдағы рекордтық көрсеткіші орын алып отыр. Егістік жерлерді шегірткеден уақытылы сақтау үшін алдын ала мемлекеттік сатып алу жоспары жасалып, конкурстар жарияланған. Оңтүстік өңірлерде қажетті жұмыстарды сәуір айында, солтүстікте мамырда бастау жоспарланып отыр. Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауылшаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олардың артықшылықтары бойынша тұрғындар арасында кеңауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ егістік жерлерді шегірткеден уақытылы өңдеу үшін барлық қажетті процедураны жедел жүргізуді тапсырды.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар