ҚОРДАЙ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ОРАЗ ЖАНДОСОВТЫҢ ХАТЫ
(Соңы. Басы өткен санда)
Расында да шаруалар көтерілісін ұйымдастырушы белсенділердің ойы Қордай, Қастек төңірегіндегі елді мекендерге шабуыл жасап, жеделхаттарды үзіп, теміржолды қиратып, басқа да кеңестік биліктің ұжымдастырудағы саяси қысымына қарсы наразы халықпен бірігу болғанын мұрағаттардағы құжаттар дәлелдеп отыр.
Мысалы, көтерілісті ұйымдастырушылар Қордай ауданындағы Оян және Алға ауылдары мен Шу ауданындағы Жыланкөз ауылымен байланыс орнатуға әрекет етті. Олармен байланыс орнату үшін көтерілісті ұйымдастырушы белсенділер тиісті адамдарын жіберді.
О.Жандосұлының хатында: «Бандылардың (көтерілісшілердің деп түсініңіз – М.Е.) басшыларының нұсқауы бойынша жергілікті комиссарлар мен басшыларды және белсенділерді өлтіруді, жақын маңдағы бірнеше ауыл да осыны орындауды, өзара күш біріктіруді, ешкімді сырттан кіргізбеуді және сыртқа жібермеуді қатаң тапсырған. Сырттан партия, Кеңес үкіметінің өкілдері ішке кіре алмағаннан кейін халық алдында сөйлеушілер де және қалыптасқан саяси ұрандарды жеткізушілер де болған жоқ. 27 жерде осындай жағдай орын алды» деген деректер айтылады.
Мұрағаттағы құжаттарға үңілсек, күштеп отырықшыландыру саясатын кеңес билігінің жергілікті өңірдегі белсенді өкілдерінің асыра сілтеуінің салдарынан халық ауыр зардаптарды тартқан. Жоғарыда баяндалған, яғни Қордай аймағындағы 27 жерде орын алған көтерілістің салдары да дәл осындай озбырлықтан туындаған болып шығады.
«Шаруаларға астық жеткізудің нашар ұйымдастырылуынан, нанның астықпен берілуінің, ұнның ешкімге дерлік берілмегенінің, берген күнде де өте аз мөлшерде үлестірілгенінің салдарынан колхоздар бұқарасы арандатушылық әрекеттерге ұрынды. Мен кейбір колхозшылардың мүлде астық алмағанын естідім. Тіпті олар әкімшілік басқарушылар мен қарапайым белсенділердің тарапынан бұқараға деген дөрекі қарым-қатынастар орын алып, үлкен қиянат көрсеткендерін айтады. Сондай-ақ олар өнеркәсіптік тауарлардың, әсіресе былғары, аяқкиім және фабриканың жетіспеушілігіне шағымданады. Көтеріліс басшылары осы олқылықтарды пайдаланып, бұқараға Кеңес үкіметінің биылғы жылы да астықты түгел тартып алатындығын айтып арандатқан» деген мәліметтер соның дәлелі бола алады. Хат мәтіні ары қарай былай баяндалады:
«Ұмтыл ауылында да астыққа байланысты жағдай біршама шиеленісіп, соңы кейбір коммунистер мен комсомолдықтардың көтерілісшілерге қосылуына әкеп соққан. Ондағы астық дайындау жоспарында 2 025 грамм есептелген, оның ішінде жергілікті белсенділердің пікірінше, 300 грамм бітік шығып, жарамсыз делінген (бұның 180 грамы мүлдем сұрыпталмағандықтан және кеш себу салдарынан 120 грамы өнбей қалды). Ұмтыл ауылының активі көтерілісті мүлде ұйымдаспаған жағдайда қарсы алды. Коммунистер мен комсомолдықтардың бір бөлігі көтеріліске қатысты. Коммунистердің көпшілігі көтеріліс басылғаннан кейін жасырына бастады. Нақты сипаттама үшін мен кейбір коммунистер туралы келесі деректерді беремін:
1. Чаксывай Айтымбаев (Жақсыбай Айтымбаев – М.Е.) Көтеріліс кезінде Ешкілі шаруа ауылында комиссар болды. 15 қыркүйекте кешке оралды.
2. Тұрашпай Тенсельбаев (Тұрашбай Тенселбаев – М.Е.). Колхоз төрағасы. Кендіктас шаруа ауылында комиссар болды. Аңырақай Отар станциясына бір мәрте қашты. 15 қыркүйекте қайта оралған.
3. Бурамбай Матенов (Боранбай Матенов – М.Е.) Селпо төрағасы. Көтерілісшілерден қорқып, шашын алып (бұл ісі діннің есебінен), тастардың арасына тығылды. Түнде кеңес төрағасы Рыспаевпен бірге Отар станциясына қашып кетті. Ал Боранбайдың ағасы көтеріліске қатысып, бандаға қосылып кетті.
4. Досымбай Қазымбетов. Жоғарыда айтылғандай көтеріліс басшыларының бірі. Қазір ұсталды.
5. Туробек Қашағанов. «Ұзын-су» қожалығының аға бригадирі. Көтеріліске қатысқан. Енді ұсталды.
6. Әбдіқожа Өзбеков. Сенім артып қабылданған кандидат, ауылдық кеңестің хатшысы. 12 қыркүйекке қараған түні қашып кетіп, әлі оралмаған. Қазіргі кезде өзі шыққан ауылы Оянында жүрген сияқты.
Коммунистердің белсенді әрі үздігі жолдас Чайяубек Чолдобаев (Жаяубек Жолдыбаев – М.Е.) көтерілісшілер қуып келе жатқан жолдас Кравченконы жасырғанымен, шыдас бермей Отар станциясына қарай қашады. Көтеріліс кезінде Айтеков жолдасты белсенді қорғаған жаңадан қабылданған кандидат Алтай Дәндібаев жолдастың табандылығы бәрінен де жақсы болды. Ал ВКПБ-ның мүшелігіне кандидат Жарқымбай Байсейітов көтеріліске әдейі қатыспады. Ол өз үйі Ешкіліге кетті. Онда ол азды-көпті мықтап ұстады. Қыркүйектің 21-не қараған түні Ырғайты тауларынан шығарылған банданың қайда екені туралы хабарлады. Кеңес төрағасы Рысбаев көтерілісшілердің қолына түсіп, оған өлім қаупі төнді. Бірақ көтерілісшілердің арасында оның туыстары бар болып, солардың көмегімен қашып құтылады. Бүгінде ол қатты қорқып қалған. Енді Ұмтыл ауылынан шақыртып алуды сұрап отыр. Ауыл активі мүлде ұйымдаспаған, дәлірек айтсақ, белсенділік жоқ, белсенділердің көңіл-күйлері түсіп, кейбіреулерін әлі күнге үрей билеген.
Ұмтыл көтерілісін көрші Алға ауылының белсенділері тойтарып, басып тастады. Олардың ішінде Ботбаев Садвақас, Бесикпаев Омарқұл, Чунусов Тұрсынияз жолдастар ерекешеленді. Барлық коммунистер қойшы жолдастармен бірге көтерілісті басуға бұрынғы Қордай райкомының сайлау округіндегі Туркеев жолдас пен Успеновка селосындағы колхоздың төрағасы Ерменко жолдас белсене қатысты. Қазір Ұмтыл ауылында Ботбаев жолдас басқаратын 11 адамнан тұратын алға ауылының еріктілер жасағы бар.
Көтеріліс айтарлықтай шығын әкелді. Қыркүйектің 10-ы мен 16-сы аралығында 2 қожалықтың колхозшылары жұмыс істемеді. 39 жылқы мен 1 түйе жоғалды. Көтерілістің бірінші күні 14 қой сойылды. Болжам бойынша 3 мыңнан 5 мың пұтқа дейін нан ысырап болды. Соның ішінде 12 қыркүйекте жөнелтілген 32 түйе мен 14 арбадан тұратын астық колоннасын тонап кеткен. Олар тұқымдық беденің (жоңышқа) бәрін таптап тастады. Көтеріліс қарсаңында көтерілісшілер ауыл белсенділерінен 5 аңшы мылтығын алып кеткен. 11 қыркүйекте біреу нан салынған бір арбаны өртеп жіберді.
Көтеріліс басылғаннан кейін 15 адамнан тұратын көтерілісшілер тобы бандаға қосылу үшін Ырғайты тауларына аттанды. Бұл тұлғалар:
Байназар Оңғарбаев, Есенбай Келдібаев, Бекболат Келдібаев, Әлімқожа Смадиев, Тюрубек Қашағанов (Төребек – М.Е.), Бұтақбай Өтепов, Құрманқұл Тойбаев, Мейірбек Чакин, Сабыр Мажғанов, Омар Мұсабеков, Есемчан Асубаев, Қнар Онғарбаев, Нұржан Қорабаев, Срайлы Лапасов және Бектен Ерсуанов. Бұлардың алғашқы ондығы қазірдің өзінде ұсталды. Ұсталғандардың ішінен Байназар Онғарбаев жауап алу кезінде көтерілістен кейін қашып кеткендердің бірі ғана сол кезде Ырғайты тауларында жасырынып жүрген Сматайдың бандасына қосыла алғанын айтты. Бірақ бүгін біздің әскерге тұтқынға түскен Сматай бандасының бір мүшесі Ұмтыл ауылының 14 адамы қашып кеткенін, оның алтауы бандаға қосылғанын айтты.
Көтерілісті бастаушылар Қордай ауданындағы көрші Оян және Алға ауылдарының және Шу ауданындағы Жыланкөз ауылының шаруаларының қолдауына сүйенеміз деп дәмеленді және оларға шабармандар да жіберді. Бірақ бәрі керсінше болып Алға ауылының белсенділері ұйымдастырған коммунистік отряд көтерілісті келіп басты. Көтеріліс басшылары Ырғайты тауында жасырынып жүрген басқа шаруаларға барып қосылды.
Көтерілісшілердің бұл топтары 1931 жылдың шілде айынан желтоқсанға дейін осы өлкеде жортуылдап, Қызыл Армияның тұрақты бөлімдерімен және коммунистік отрядтармен бірнеше рет шайқасқан, қарулы қақтығыстарға барған. 21 маусымда болған алғашқы ұрыста көтерілісшілерден 4 адам өліп, ал жазалаушылардан 2 коммунистік отряд мүшелері жараланған. 30 маусымда Қоңыртөбе деген жердегі қатығыста Қордай аудандық ОГПУ басқармасы уәкілінің көмекшісі Файызов қайтыс болған. Шілде айында көтерілісшілердің осы тобы жазалаушылармен үш рет ұрысқа барған, бірақ оларда қанша адамның шығын болғаны белгісіз.
1931 жылдың 19 тамызында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында болған келесі ұрыс кезінде коммунистік отряд мүшелерінен Қастек аудандық ОГПУ басқармасы өкілінің көмекшісі Перепоров, Қастек ауруханасының меңгерушісі Суханов, БК/б/П аудандық комитетінің бюро мүшесі Криворученко, аудандық «Живсоюз» басқармасының мүшелері Бойко мен Алтухалар қайтыс болған.
Доланқара деген жерде 1931 жылы 21 қыркүйекте болған ұрыста жазалаушы коммунистік отряд тағы да 6 адамынан айырылған. Олардың ішінде ОГПУ-дің Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрғалиев, байланыс қызметкері және 4 коммунистік отряд мүшесі бар. Осы ұрыста көтерілісшілердің 12 адамы еріксіз тұтқынға түскен.
Келесі 14 қазанда Ақтерек шатқалында болған ұрыс 5 сағатқа созылған. Нәтижесінде взвод командирінің міндетін уақытша атқарушы Просвирин, бөлімше командирі Фридман және екі қызыл әскер өлген. Ал ОГПУ-дің 13-полкінен 3 қызыл әскер және 1 коммунистік отряд мүшесі жараланған.
2 қарашада Молшалы сай деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында тағы бір қарулы қақтығыс болған. Онда 3 қызыл әскер жараланып, біреуі өлген. Бұл ұрыстарда көтерілісшілер арасында қанша шығын болғаны деректерде көрсетілмеген. 23 қарашада жоғарыда аталған Доланқара елді мекенінде кенеттен пайда блған самолет көтерілісшілерді оқтың астына алған. Мұның өзі көтерілісшілер тобын дүрліктіріп, өлімнен аман қалғандарын тоз-тоз етіп, ұсақ топтарға бөлшектеп жіберді. Көтеріліс қатал жазаланды. 1931 жылы 27 қарашада Қастек ауданының 12-ауылында көтерілістің белсенді басшысы Әрсенов өзінің 8 серігімен тосқауылға тап болды. Жұматаев Көпшілбай дегеннің үйінің жанындағы осы қарулы қақтығыста бір адам өліп, бір адам жараланып, қалған көтерілісшілер Әрсеновпен бірге еріксіз қолға түсті. Жалпы жазалауға келсек: барлығы 250 адам көтеріліске қатысты деген кінәмен тұтқындалды. Қазақстан ПП ОГПУ-нің Ерекше үштігінің 1931 жылғы 23 қарашадағы, 1932 жылғы 28 қаңтардағы және 19 ақпандағы қаулыларымен 28 адам ату жазасына кесілді, 107 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімдерге еңбекпен түзету лагерлеріне қамалды. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімдерге 11 адам жер аударылды. Алдын ала тұтқында отыру мерзімі есебінен 22 адам босатылды. 1 адам 3 жыл мерзімге еңбекпен түзету лагеріне шартты түрде сотталды». Қордай көтерілісіне қатысқан азаматтардың аты-жөндерін мұрағаттардан іздестіріп, көп көмектің үлесін қосқан әріптесім Назым Тоқтасынқызына зор алғыс білдіреміз.
АВТОРДАН ЕСКЕРТУ: Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес жұмыс жүргізіп келеміз. Сондықтан да біз 1930 жылы кеңестік биліктің тоталитарлық саяси жүйесіне қарсы наразылық танытқан азаматтарымыздың тізімін төменде ұсынып отырмыз.
Егер осы мақаладағы О.Жандосұлының хаты мен тізімде кездесетін кісілердің аты-жөнінен өз туыстарын байқаған азаматтар болса, 8 707 598 90 10 байланыс номеріне шұғыл хабарласуын сұраймыз.
1930 жылғы Қордай көтерілісіне қатысқан азаматтар туралы бұл мәліметте олардың аты-жөні, ұсталған немесе қамалған жылы, жазалануы (ИТЛ/ату жазасы) және ақталуы туралы деректер келтірілген.
1. Әрсенов Сматай. Аты-жөнінен өзге дерек сақталмаған.
2. Болысов Танысқан, 28.12.1931 жыл, 5 жыл, 30.09.1990 жыл.
3. Шылымбетов Егізбай, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 30.12.1989 жыл.
4. Ажигулов Сурабалды, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
5. Коршинов Амержан, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
6. Кабылтаев Умаралы, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
7. Кабылтаев Сакатай, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 30.05.1989 жыл.
8. Калитов Бекмурат, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 30.05.1989 жыл.
9. Ниязқұлов Жарқожа, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
10. Алтынтаков Керимкул, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
11. Момынбеков Нуркей, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
12. Болтриков Нупбай, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
13. Дауталиев Суеркул, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
14. Дуйсенбаев Момбай, 18.02.1932 жыл, 10 жыл, 25.05.1989 жыл.
15. Итеков Тайлак, 27.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
16. Хасенов Жанту, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
17. Дауталиев Бердыкожа, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
18. Ермеков Айтпай, 13.12.1932 жыл, 3 жыл, 30.05.1989 жыл.
19. Маматаев Байкал, 01.11.1931 жыл, 3 жыл., 22.05.1989 жыл.
20. Темиров Садык, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
21. Тоганбаев Жаксылык, 01.11.1931 жыл, еңбекпен түзеу лагері, 22.05.1989 жыл.
22. Хусайынов Абдиманап, 11.12.1932 жыл, 10 жыл, 30.05.1989 жыл.
23. Байбагысов Аметбек, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
24. Болтириков Даулеткул, 11.12.1932 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
25. Данаев Мажар, 08.03.1930 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
26. Жылкыбаев Ыстыбай, 18.02.1932 жыл, жер аударылған, 25.05.1989 жыл.
27. Туменбаев Бурабай, 01.11.1931 жыл, 5 жылға жер аударылған, 22.05.1989 жыл.
28. Дармамбаев Ахметжан, 13.12.1931 жыл, 5 жыл, 22.05.1989 жыл.
29. Телепердиев Есқожа, 06.11.1931 жыл, 3 жыл, 22.05.1989 жыл.
30. Шыгызбаев Мусабек, 01.09.1931 жыл, 2 жыл, 22.05.1989 жыл.
31. Акатаев Бекболат, 01.11.1931 жыл, 2 жыл, 22.05.1989 жыл.
32. Келдибаев Бекбулат, 21.09.1931 жыл, 5 жыл, 22.05.1989 жыл.
33. Малдажанов Алтай, 03.01.1933 жыл, 7 жыл, 22.05.1989 жыл.
34. Сарманбаев Калимолда, 18.02.1932 жыл, 5 жыл, 22.05.1989 жыл.
35. Агыбаев Нурмухаммет, 18.02.1932 жыл, 3 жыл, 22.05.1989 жыл.
36. Карабасов Куламбай, 1935, белгісіз, 22.05.1989 жыл.
37. Карабеков Смадит, 11.02.1932, еңбекпен түзеу лагері, 22.05.1989 жыл.
38. Карамсаков Балтай, 13.12.1931 жыл, 3 жыл, жер аударылған, 22.05.1989 жыл.
39. Корбозок Косак, 06.03.1930 жыл, 5 жыл, 22.05.1989 жыл.
40. Крыкбаев Тлеужан, 01.11.1931 жыл, 5 жыл, 22.05.1989 жыл.
41. Карабеков Мустафа, 11.02.1932 жыл, 12 жыл, 22.05.1989 жыл.
42. Тогаев Белкожа, 06.03.1930 жыл, 3 жыл, 22.05.1989 жыл.
43. Баракбаев Тазабек, 23.04.1932 жыл, 5 жыл (концлагерь), 22.05.1989 жыл.
44. Бахытбек Байболат, 23.04.1932 жыл, 10 жыл (концлагерь), 22.05.1989 жыл.
45. Игезбаев Каласбек, 01.09.1931 жыл, 3 жыл (концлагерь), 22.05.1989 жыл.
46. Манкин Джумабай, 11.02.1932 жыл, 10 жыл (концлагерь), 22.05.1989 жыл.
47. Марабаев Тулакбай, 28.03.1935 жыл, 5 жыл (концлагерь), 1990 жыл.
48. Таникенов Давлеткалий, 06.03,1930 жыл, ату жазасы, 22.05.1989 жыл.
49. Теменбаев Бекетай, 27.12.1932 жыл, 5 жыл жер аударылған, 22.05.1989 жыл.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері
Келесі мақала