«БІЗДІҢ МАХАББАТ БІР-БІРІМІЗДІ ҚҰРМЕТТЕУДЕН БАСТАЛДЫ»
«Арманды дара қумаймыз, құстың қос қанатындаймыз» деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, бүгінде ел арасында аққу мен қаздай, жұптарын жазбай, домбыраның қос ішегіндей бір арманның жолында келе жатқан өнер жұлдыздары аз емес. Жұлдызы жарасқан өнерлі жұп Әскербек Досанов пен Жанна Асанқұлованы да сол қатарға жатқызуға болады. Бір саланы таңдап, өмірде де, өнерде де қол ұстасып бірге жүрген жарасымды жұптарға қызыға қараған жұрттың көкейінде «Өнер адамдарының сахнадан тыс өмірі қалай екен?» деген сұрақтың тұратыны ақиқат. Көптің көкейіндегі сауалдардың жауабын отағасы Әскербек Досановтан сұрап білдік.
– Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Іңкәрдария ауылында дүние есігін ашқанмын. Кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. Өнерге құштарлық әкем жағынан да, нағашы жұртымнан да дарыған. Әсіресе қобызды жаным сүйді. Кейін 9-сыныпты аяқтай салысымен Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне халық аспаптары бойынша «Әлт-қобыз» мамандығына оқуға қабылдандым. Студент кезімде ата-анам Қызылордадан Таразға көшіп келді. Сондықтан оқуды тәмамдағаннан кейін Таразға келіп, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестріне музыкант болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері филармонияда жұмыс істеп келемін.
Қазіргі таңда бала армандарым шындыққа айналып, өзімді шыңдап жатқандай. Әрі өмірлік жарым да өнерден алыс болмады. Осыдан біраз жыл бұрын тойға шығып, ән айтып жүретінмін. Сол кезде облысқа, тіпті республикаға танымал жастардың арасында жарым Жанна Сапарқызы да болды. Жаннаның өнеріне сырттай тәнті болып, тамсанып жүретінмін. Бір күні бір тойда екеуміздің жолымыз түйісіп, кездесіп қалдық. Атағы шығып келе жатқан жас әнші болса да өте қарапайым екен. Қарапайым да биязы мінезін көріп, ғашық бола бастадым.
Жаннаның өнерге деген тазалығы мен талғампаздығы соншалық, қобызбен ән айтқанымды көріп, өнерімді жоғары бағалапты. Бірақ үш ұйықтасақ та отбасы боламыз деп ойламадық. Тек қана өнер ортақтығы болды. Сол арқылы ғана тіл табысып, сөйлесіп, бір-біріміздің өнерімізге құрметпен қарап жүрдік, – дейді Әскербек Абдырасұлұлы.
Иә, махаббат оты екі жанның жүрек толқынысынан тұтанатыны белгілі. Қазіргі таңда жарасымды жұп болып, ел алдында өнер көрсетіп жүрген халықтың сүйікті ұл-қызының әндеріне біз де ғашық болғанбыз. Жұлдызды жұптың «Екі жұлдыз» сияқты әндерімен қатар, қос дауыста орындаған «Махаббат әні» тыңдарман қауымның жүрегін жаулағаны анық. Тіпті «Махаббат әніне» арнайы клип түсіріліп, «Той думан» арнасы арқылы күллі Алашқа таралыпты.
Ал облысымызға, республикамызға танымал өнер жұлдызы Жанна Асанқұловадан жұбайы Әскербекпен қалай танысқанын, өнер жолының қалай болғанын сұрадық.
– Жаңа ғана Әскербек айтпақшы, біздің махаббат бір-біріміздің өнерімізге деген құрметтен туындаған. Өзімнің өмірбаяныма келетін болсам, бүлдіргені бүйректей, бөденесі үйректей, тобылғысы білектей, таңқурайы жүректей деп суреттеуге татырлық Жуалы ауданында туып-өстім. Мектеп кезінен бастап ел алдына шығып өнер көрсетуге әуес болдым. Үйдегілердің айтуынша, әкемнің анасы, үлкен әжеміз күміс көмей әнші болған екен. Нағашыларымның арасында да қобызшы аталарым болған. Содан болса керек, бір отбасындағы үш бала да әнге, өнерге бейім болып өстік. Бірақ інім мен әпкем өнер жолын қуған жоқ.
Алайда бір қызығы, сол кездегі Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Құқық және экономика негіздері» мамандығына оқуға түсіп, «қызыл» дипломмен бітіріп шықтым. Оқу орнында жүргенімде университеттегі іс-шараларға қатысып, ән айтып, жүргізуші болып, түрлі байқауларға қатысып жүрдім. Университетте Жандос Омаров деген өнер жолындағы үлкен ұстазымды кездестірдім. Жандос Әскербекұлы бір байқауда көріп, одан соң барынша өнер жолында жетекшілік етті. Қазіргі таңда ұстазымның әндерін орындап та жүрмін. Алайда ұстазымның орны қашанда бөлек. Өйткені ұстаздық қамқорлығы бізге әкедей болды десем де артық айтпаған болар едім. Түрлі конкурстарда өнер көрсетуіме ықпалы зор болды. Сөйтіп, оқуымды тәмәмдағаннан кейін Алматыдағы «Гүлдер» ансамблінің құрамына әнші болуға шақырту алдым. Онда екі жылдай ән айтқаннан кейін Таразға келіп, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияға әнші болып жұмысқа тұрдым. Филармонияда Әскербекпен танысып, бір саладағы адам ретінде жақсы араласып жүрдік. Бір күні әріптестер жиналып табиғат аясына демалуға шықтық. Сол күні Әскербек екеуміздің арамыздағы байланыс қарапайым адамгершілік арақатынастан мейірімділікке, жанашырлыққа ұласты. Ұжыммен өткізген көңілді демалыс барысында айтқан әндері, дауысы өзіне жіпсіз байлап алды. Менің де әндерім оған бұрынғыдан басқаша естіліпті. Сөйтіп, 2017 жылы 7 желтоқсан күні ұзатылып, тұрмысқа шықтым. Содан бері екеуміздің арамызда бірде-бір рет қатты жүз шайысып ұрысқан сәттеріміз болмапты, – дейді Жанна Асанқұлова.
Жалпы өнер адамдарының бір-біріне үйленіп, бақытты болып кететіндері сирек. Өйткені өнер жолы ауыр жол болғандықтан тұрмыс бәрібір бірінің өнерін тұралатып қояды. Сондықтан қаншама таланттар өз-өзін жоғалтып алып жатады. Ал біздің кейіпкерлеріміз «Ғашықтар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» дегендей, араларында таусылмайтын әңгімесі бар жұптар. Әскербек пен Жанна өздерінің бақытты шаңырақ құрып, жарасымды тіршілік кешіп жүрулерінің себебі бір-біріне деген құрметтің жоғарылығынан деп есептейді.
– Әрине, тұрмыс болған соң, тіршілік болған соң неше түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Отбасылық келіспеушіліктер бізде де бар. Бірақ біз ешқашан бір-бірімізді кінәлап, екеуара ұрыс-керіске жол берген емеспіз. Ортақ әңгімеміз өнеріміз болғандықтан Жаннаның жандүниесін түсінуге тырысып тұрамын. Сондықтан да шығар, Жанна өмірден шаршап, түңіліп көрген емес. Қайта өнері арқылы елге рухани қуат сыйлап келеді, – дейді Ә.Досанов.
Ал Жанна ән арқылы халықтың жандүниесін сергітіп, рухани азық сыйлау басты мақсаттары және қолдарынан келетін көмектері екенін айтады.
– Бүгінге дейін екі шығармашылық концерт бердім. Бірі «О, Махаббат» деп аталады. Енді бірі Лана Қабылбекқызының құрметіне арналған қайырымдылық концерт «Асыл арман» деп аталды. Қайырымдылық концертті ұйымдастырудағы себебім, Лана есімді әдемі сіңліміздің денсаулығы қатты нашарлап, еміне ақша керек болды. Сол концертті ұйымдастыру арқылы халықтан ақша жинап, оны сахнада Ланаға тапсырдым. Құдайға шүкір, қазір Лананың жағдайы жақсы. Мен үшін оның жанарындағы күлкіні көруден, біреудің өміріне аз болса да пайдамды тигізуден артық бақыт жоқ. Өнер адамының жеңісі де сондай бақытқа ие болу болса керек, – дейді әнші.
Иә, есті әндерді айтып, халықтың қалаулысы бола білген Әскербек пен Жаннаның шаңырағындағы шығармашылық ізденіс әлі талай таңдайымызды қақтыратыны анық. Біз кейде жанымызда жүрген жақсыларымыздың бағасына жетпей жатамыз. Міне, осындай өнерімен еліне қызмет етіп, қазақ әнінің ажарын кіргізіп, сахнасының сәні болған жарасымды жұп әрқашан жастарға үлгі.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала