АЛАШТЫҢ АСҚАР ШЫҢЫ – АСАНБАЙ
«Адал адам майыспайды, майысса да сынбайды» депті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров бір сөзінде. Иә, Асанбай Асқарұлы шын мәнінде қазақтың біртуар ұлы ретінде тарих бетінде қалды. Алаштың арда туған перзентінің қайраткерлігінің арқасында қазақтың талай жоғы түгенделді. Еңсесі көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, Асанбай нағыз қазақтың патриоты және батыры бола білген тұлға. Адамға кез келген тектілік атадан жалғасады десек, Асанбай Асқаровтың арғы атасы Асылбек Дуанайұлы би болған кісі әрі Меркі, Тәтті, Қорағаты болыстықтарында аузы дуалы, ел-жұртқа, ауыл-аймаққа, көрші қырғыз еліне қадірі бар, сыйлы азамат болған. 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған Меркі көтерілісіне қатысқан. Кейін көтерілісшілерді жазалаушы отряд аяусыз басып-жаншиды. Көтерілісшілердің бірі Асылбек би де ұсталып, азаптау кезінде ауыр соққы алады. Ақыры соққыны көтере алмай, 75 жасында қайтыс болады. Алайда елім деген ердің ізін жалғайтын Асанбайдай ұлы батыр бабасының атын өлтірмеді.
Би бабасының жолын жалғаған айтулы тұлға Асанбай Асқарұлы 1922 жылы 15 қыркүйекте Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1939 жылы бітіріп, еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскери міндетін өтеп, полк мектебінде, саяси училищеде оқиды. Әскерден оралған соң Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық компартиясының бюро мүшесі болған. 1951-1954 жылдары Мәскеу қаласы Орталық комитетінің КОКП-сының жоғары партиялық мектебінде тыңдаушы, 1954-1958 жылдары Жамбыл облысындағы Красногорск және Меркі аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1958-1959 жылдары Жамбыл облыстық кеңесі Атқару комитетінің төрағасы, 1959-1965 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған және Қазақстан Орталық комитеті Коммунистік партиясының бюро мүшесі қызметін атқарған.
Асанбай Асқарұлының Қазақстанның 3 облысының дамуына ерекше еңбегі сіңген. Өзінің зор ұйымдастырушылық талантының, үздік білімінің арқасында билік пен мансаптың ұшар биігіне көтерілген тұлға.
Алайда «Ер жігіт бір терінің ішінде мың арып, мың толады» дегендей, өмірдің күрделі соқпақтары Асанбайды да қыспағына алмай қоймады. Ұлтым деген ұлға жалған жала жабылды. Хан басы қарашадан да төмен болып, түрмеге де тоғытылды. Бірақ қиындықтың бәрі Асанбайдай асқар тауды аласарта аламады.
Асанбай Асқарұлының ұлт жанашыры ретінде атқарған еңбегі ұшан-теңіз. А.Асқаров 1978-1985 жылдары Шымкент облыстық партия комитетін басқарғанда қажырлы еңбегімен көріне білді. Бұл кезең еліміздің әлеуметтік экономикалық даму сипаты дағдарыстық жағдайға жақындай түсуіне тап келді. Алайда 80-жылдардың ортасына дейін республикада экономикалық потенциалдың өсуі шикізат көздері мен отын энергетикалық ресурстарын игеру есебінен жүзеге асырылып отырды. Бұл ретте Шымкент облысының да индустриялық потенциалы едәуір артты. Облыс экономикасы мен мәдени-әлеуметтік дамуының барлық салалары өркендей түсті.
А.Асқаровтың басшылығымен өткен Шымкент облыстық ХХІІІ партия конференциясында партия ұйымының ХХV съезінің, КОКП ОК қараша пленумының шешімдерін орындау жөнінде шешім қабылданып, облыс еңбек ұжымдарына өндірістің тиімділігін арттырудың, өнім сапасын басқарудың, ғылыми-техникалық прогресті тездетудің кешенді жүйелерін ендіру мәселесін қолға алу турасында қаулы қабылдады. Нәтижесінде өндірістің жалпы көлемі 24 пайыз артып, 8 миллиард сомды құрады. Қосымша 107 миллион сомнан астам өнеркәсіп өнімдері таратылды. Түрлі тауарлардың 105 түрі мемлекеттік сапа белгісімен шығарылды. Кейбір жекелеген кәсіпорындар бойынша сапа белгісімен шығарылатын өнімнің үлес салмағы едәуір артты. Мәселен, «Восход» тігін фабрикасында сапа белгісімен шығарылатын өнімнің 23,6 пайызы, «Эластик» шұлық-ұйық бірлестігінде 9,1 пайыз шығарылды. Машина жасау, энергетика, химия, медицина және микробиология өнеркәсібі өркендеді. Негізгі қор 312 миллион сомға артып, «Фосфор» өндірістік, ұсталық-пресс жабдықтарын шығару, сыра және алкогольсіз өнеркәсіп бірлестіктерінде «Ачполиметалл» комбинатында, қорғасын, гидролиз зауыттарында жаңа қуаттар пайдалануға берілді, бірқатар жұмыс істеуші кәсіпорында жарақтандыру және техникалық қайта жабдықтау жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Облыс өнеркәсібінде қор жинау 19,5 пайыз, оның ішінде түсті металлургияда – 20, химияда – 25, машина жасауда 35 пайыз артты. Сонымен қатар станок паркі мен технологиялық жабдықтардың құрылымы жақсартылды. 52 цех пен учаске комплексті механикаландырылып, автоматтандырылды. 118 тасқынды және автоматты желілер іске қосылып, 2 мыңнан астам станок пен технологиялық жабдық модерлендірілді. Жаңа техника жөніндегі шараларды орындау, 58 мың рационализаторлық ұсыныс пен өнертапқыштықты ендіру есебінен миллиондаған сом үнемделіп, қол еңбегінен 5000-нан астам адам босатылды.
Сондай-ақ өндірісті шоғырландыру мен мамандандыру одан әрі жүргізілді. Облыста барлық өнеркәсіп өнімдерінің 75 пайызын шығаратын 25 ірі бірлестік, комбинаттар мен зауыттар жұмыс істеді. Осы жылдары «Фосфор» бірлестігі кеңес еліндегі сары фосфордың жартысын, триполифосфат натрийдің 87 пайызын өндірді. Өнеркәсіп өндірісі саласында шығарылатын өнімнің сапасын арттыру маңызды бағыт болып саналды. Жоғары категориялы бұйымдардың үлес салмағы жалпы көлемге шаққанда 16,3 пайызға өсті. Ал дөңгелек зауыты алғашқы өнімін бере бастады. Бұл кәсіпорын алдағы уақытта Қазақстан мен Орта Азияны осы өніммен қамтамасыз етеді деп көзделді.
Машина жасау кәсіпорындарында 1975 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 40 пайызға артып, программалық басқару престерін, гидравликалық экскаваторларды, электромагнитті жоғары вольтті сөндіргіштерді қоса есептегенде заманауи машиналарды сериялы шығару игерілді. Байланыс кәсіпорындары одан әрі өркендеп, Шымкент, Кентау, Түркістан және Ленгір қалаларында автоматты қалааралық телефон стансалары пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Асанбай Асқарұлы басшылық еткен жылдары облыс көлемінде малшаруашылығы саласы да қарқынды дамыды. Облыс қой өсіруден республикада бірінші, одақ көлемінде төртінші орынға көтерілді. Облыстың колхоздары мен совхоздарында мал түліктерінің саны өсті, мал өнімдерін өндіру мен дайындау арта түсті. Мәселен, 1980 жылмен салыстырғанда ірі қара мал – 7,9 пайызға, қой – 12,8 пайызға, жылқы – 17,8, түйе – 20,8 және құс өсіру 31,4 пайызға өсті. Ал қой өсірушілер жыл сайын 2 миллион 300 мыңның үстінде қозы алып отырды. Бұл көрсеткіш қой санының 640 мыңға артқанын, ал шаруашылықтың барлық салаларында оның саны 4 миллионға жеткенін көрсетті
Сондай-ақ 1980 жылы алғаш рет мемлекетке 357,5 мың тонна мақта өткізіліп, мақталықтың әр гектарынан 28,4 центнер өнім алынды. А.Асқаров облыстағы мақташылардың мақта өсірудегі су тапшылықтарын жеңуде көрегендік танытып, 1984 жылы Сырдария өзенінен суды насос арқылы жеткізуді бастаған еді. Кейіннен бұл бастама іс жүзіне аспай қалады. Келесі жылы да облыс ауыл-село еңбеккерлері еліміздің азық-түлік ресурстарына қомақты үлес қоса білді.
Осылайша бір өзі бір мемлекеттің тірегіне айналған ұлы тұлғаның ұлтым, елім мен жерім деп атқарған еңбегін тізбелеп айта беруге болады. Мұның барлығы Асанбайдың біртуар азамат болғанынан дерек берсе керек. Асанбай Асқарұлы қызметтің құлы болмаған жан. Қайта қызметті өзіне құл қылып істете білген тұлға. Өйткені Асанбай қай жерге барса да гүлдендірген тұлға.
Тағы да тарихқа аз-кем шегініс жасасақ, А.Асқаров 1958 жылы қаңтарда Жамбыл облаткомның төрағасы болып сайланып, 1959 жылдың 14 желтоқсанына дейін абыроймен еңбек етеді. Ал 1959 жылдың 14 желтоқсанынан 1965 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан КП Жамбыл обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сөзге шешен, өз ісіне мығым, қазақтың салт-дәстүрі мен жол-жоралғысын мықты ұстанатын Асанбай Асқаров Жамбыл обкомын басқарған жылдары ел аузына ілініп, бүкіл республикаға, қала берді Одаққа танымал тұлғаға айналады.
1965 жылдың 14 сәуірінен бастап 1978 жылдың 28 сәуіріне дейін, яғни Алматы облысының бірінші хатшысы болған жылдары облыстың экомикасын көтеруге өлшеусіз үлес қосып, Алматы қаласының айналысында «азық-түлік белдеуі» қалыптасты.
Алматы және Жамбыл облыстарын басқарған жылдары атқарған еңбектерін Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейі өткізген «Аласармас асқар тау» атты ғылыми конференцияда баяндама жасаған М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Нұртаевадан сұрадық.
– Асанбай Асқаров өзі туған облысында 19 жылдай үзбей еңбек етті. Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне, жаңа өндіріс орындарының, зауыт-фабрикалардың салынуына, мәдени ошақтардың ашылуына тікелей ұйытқы болды. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл Жабаевқа еңселі ескерткіш орнатқызды. Жамбыл облысына басшылық жасаған жылдарда оның есімі республика көлеміне кеңінен танымал болды. Мысалы, 1948 жылдың көктемінде Жамбыл облыстық комитеті бюросының шешімі бойынша қаланың орталық бөлігіне салынатын демалыс саябағы мен спорт стадионына тікелей басшылық жасады. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдарда елімізде алға қойған аса жауапты міндеттердің бірі – халық шаруашылығын қалпына келтіру және оны одан әрі дамыту еді. Осындай түбегейлі шаралардың бірі ретінде 438 шақырымдық Мойынты-Шу теміржол құрылысын салу болды. Бүкілхалықтық маңызы бар құрылысқа Асанбай Асқаров Жамбыл облыстық партия комитеті бюросының шешімі бойынша саяси бөлім штабы басшысының орынбасары болып тағайындалып, бұл жұмысты да нәтижелі аяқтаған болатын. Ең бастысы, ол талантты ұйымдастырушы, іскер кадр ретінде өзін көрсетті. Басқалардан ерекше Асанбай Асқаровтың осындай ерекшелігін көре білген Дінмұхамед Қонаев оны Алматы облысы партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Бұл 1965 жыл болатын. Ол кезде Алматыда Абай атындағы опера және балет театрынан басқа көрікті ғимарат жоқтың қасы еді, үйлердің көбі жатаған екі-үш қабатты, көпшілігі жай жекеменшік үй болатын. Табиғаты керемет, бау-бақшаға малынып тұрған Алатау баурайындағы астананы шын мәнінде жаңа заманға лайық құрылысы, үйлері мен көшелері бар керемет қалаға айналдыру міндетін Асанбай Асқаров келе салысымен қолына алды. Бұл өте ауқымды, жауапкершілігі зор, аса маңызды мемлекеттік міндет еді, оны мемлекеттік ғана деңгейде шешуге болатын.
Сондай-ақ ол астананың ажарын келтіріп, сәулетін арттыру, архитектурасын жаңа заман, уақыт үніне сай қайта жаңғырту ісіне сәулетші, архитекторларды, ғалымдарды тарта отырып Алматының бас жобасын жасап, Орталық комитетінің алдына қойды. Ол Алматы облысын 14 жылдай басқарды. Сол жылдарда қазіргі Достық даңғылы толық жаңартылды, оның бойына сәулетті, биік көпқабатты зәулім үйлер салынды. «Қазақстан» қонақүйі, Республика сарайы бой көтерді, сондай-ақ спорт сарайы, «Медеу» мұзайдыны салынып, жаңа ықшамаудандар бой көтере бастады. Архитектура және сәулет өнері, Энергетика теміржол транспорты инженерлер институты және тағы да басқа оқу орындары ашылды. Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен Қапшағай суқоймасы соғылды, оны да тікелей іске асыру міндеті Асанбай Асқаровқа жүктелді. Белгілі мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың мүсіні, 28 панфиловшылар паркіндегі мемориалдық кешен халықтың игілігіне қызмет етіп, жастарды елін, жерін сүюге, патриоттық мәні бар терең мирастар, олар өлмес мәдени жәдігерлер қорына кіретін мәдени, рухани қазынамызға айналды. «Көктөбеге» алып шығатын аспалы жолдың салынуына да басшылық жасаған осы Асанбай Асқаров болатын. Оның осындай нақты іске асырылған жобалары халқымыздың игілігі болып отыр. Сонымен қатар ол Алматы облысын басқарудағы іс-тәжірибесін оңтүстік өңірге барған кезде жаңа міндеттерге сай шебер қолдана білді, – деген Сәуле Қамбабайқызы тарихи тұлғаның әдеби, тарихи туындыларымен де жүректерге жол тартқан жазушы, көсем екенін жеткізді.
Асанбай Асқарұлы «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас» және «Ұлы тұранның ұлдары» атты кітаптардың авторы. Демек, Асанбай Асқаров қайраткер ғана болып қойған жоқ. Ол қызметте де, жазушылықта да өз биігін бағындырған адам. Ал оның шығармашылығы туралы Асанбай Асқаровтың немересі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Римма Жақсылықбаева айтып берді.
– Адам болып қалыптасу қиын, ал нағыз халықтың ұлы болу – одан да ауыр дүние. Пенделер пендешілігімен ғұмыр кешсе, нағыз халық перзенті елімен, халқымен бірге өмір сүреді, солардың қамын жейді, күйін күйттейді. Біздер – көпшілігіміз пендеміз, ал әңгіме нағыз ұлттың ұлы бола білуде. Өйткені адам баласын нағыз ер деген атқа ерен еңбегі, халқына жасаған адал қызметі жеткізеді. Сол арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі, тарихқа шежіре болып, халқының сүйікті азаматына айналады. Ал біз ұрпағы болып отырған Асанбай Асқарұлы – қазақ баласына таныс, күллі қазақ мойындаған ел перзенті. Парасатты болмысы мен тұла бойында өзгелерден дараланып тұратын қасиеті мол болды. Еліне, халқына деген шексіз махаббатын:
«Ел дегенде езіледі жүрегім,
Елімді мен бақытым деп білемін,
Ел атағын, абыройын асырып,
Елім деген азаматтың бірі едім», деп, бүкіл ғұмырының мәні мен мазмұнын халқына арнаған парасатты болмысын аңғартты.
Ол өзінің «Тағдыр» кітабында: «...Сенің атаң Асылбек би бұл жалғаннан өткенде сен әлі бұл дүниеде жоқ едің. Бұл буырқанған, алды мен арты түсініксіз 1916 жыл еді. Қазақтар көп нәрсені білмейтін, түсінбейтін едік қой. Қазақ кедейлерінің тұрмысы ауыр болатын. Байлардың басып-жаншығаны аздай, енді балаларымызды солдатқа беретін күн туды. Әрине, халық оның бәрін көтере алмай қанаушыларға қарсы шықты. Сонда Меркідегі халық көтерілісін Ақкөз басқарды. Оның маңайына өте көп адам топтасты, солардың ішінде мен де, сенің атаң Асылбек те, балалары Сүлеймен, Асқар, Әлімдер де болды. Жігерлендіріп, дем беріп отырған жап-жас қазақ жігіті Тұрар Рысқұлов еді...», деп жазылған жолдар айтар ойымыздың айғағы іспеттес. Өйткені арғы атасы Асылбек би еліне байлығымен емес, сөзімен сыйлы адам болды. Ол барынша әділ, дүниеге сатылмайтын адам еді. Ресми жағынан сайланбағанымен халық би санайтын. Адамдар арасындағы дау-дамай сол кісі арқылы шешіліп, оның әділдігіне ел риза болатын. Қалай десек те Асанбай атамның шешендіктің, көсемдіктің, шыншылдықтың, қара қылды қақ жарар әділеттілік пен табандылықтың, бір сөзбен айтқанда, халықтың асыл қасиеттерін бойына түгел дарытқандығын мақтанышпен айтамыз.
Атасы Асылбектің үш ұлы мен екі қызы болды. Тұңғышы Сүлеймен ауылдастары арасында құрметті азамат болған, ортаншысы Асқар егіншілікпен айналысқан, кенже ұлы Әлім араб әліпбиі бойынша орта білімді, шағын дәулеті бар жан болған. Орта сауатты Әлім Асылбекұлы Қазан төңкерісінен кейін 1920 жылдары ауыл кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген. Үшінші ұлы Әлімнен жалғыз ғана менің әжем Есенгүл, яғни әкем Серікқалидың анасы тарағандықтан мен Асанбай атама жиен немере боламын. Ал нағашы атасы Бафин Байет Өтепбергентегі ауқатты адам болған, Меккеге қажылыққа барған. Бойындағы асыл қасиеттер бабасы Мұраттан, атасы Асылбек биден, нағашы атасы Байет қажыдан, әкесі Асқардан дарығандығы анық.
Әкесі Асқар Асылбекұлы ерте 1930 жылы қайтыс болып, алты жастағы Асанбай анасы Күнімай мен ағасы Құлназардың тәрбиесінде өседі. Жастай жетім қалып, қиыншылықты көп көрген атам әкеге деген ішкі сағынышын жыр жолымен былайша төгілтеді:
«Жастай қалдым өзіңнен әке жаным,
Махаббатқа бөленбей, аңсап жанын.
Сайғақтай жетім қалған сахарада,
Өзіңе сағынышпен жете алмадым.
Кездесті қилы-қилы өмір сыры,
Болмады демеу берер әке күші.
Жүректі өскен сайын шыңдай бердім,
Басыма салғаны деп, тағдыр ісі», деп аяқтайды. Бұл да болса ол кісінің қалам қуатының күштілігін көрсетсе керек. Иә, оның халық үшін атқарған еңбек жолында өзгелерге үлгі болар жайттар сан мыңдап жетіп артылады. Ең алдымен, жеке басының қамын ойлап, өзі үшін өмір сүріп көрген жан емес еді. Демалыс дегенді мүлдем білмейтін. Кез келген бюро мәжілісін жан-жақты дайындықпен, сауаттылықпен нәтижелі өткізіп, онда күрделі, қоғамдық, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қарап отырды. Ауданға, облысқа ғана емес, бүкіл республикаға пайдалы істерді атқарып, тапсырмалардың дер кезінде орындалуын жіті қадағалап, сол арқылы кадрлардың іскерлігін байқап, бағалап, оларды аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жауапты қызметтерге дейін өсіріп, кадрлар қорын жасады. Домалақ арыздарды да тексертіп, оны өтірік ұйымдастырғандарды өте жек көретін. Ондайларға қатал қарап, әділеттілікті ерекше ұнататын. Ең басты мәселе әділеттілікте дейтін. Асанбай атамның: «Үлкен бол, кіші бол, басшы қызметте жүргеннен кейін сен үнемі көпшіліктің көзінің алдындасың. Сенің әр қадамың есептеліп, әр сөзіңмен еленіп-екшеліп отырады. Айта берсең, мойынға түскен ауыртпалық пен жауапкершіліктің ұшы-қиырында шек жоқ еді», дегені осы айтқанымызды нақтылай түседі.
Сонымен қатар атам өмір бойы ізденіспен жүретін. Күнде таңертең таза ауада серуендеп, жүріп келетін де жазу үстеліне отыратын. Алдымен күнделікті мерзімді басылымдарды бір шолып өтетін. Үйге «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Жетісу» газеттері мен «Парасат» журналын жаздырып оқитын. Арасында сурет салатын өнері де бар еді.
Қазақ халқының тарихы мен әдебиетін, әлем әдебиетін өте терең білетін Асанбай атамның жинаған кітаптары өте көп. Мәселен, жеке кітапханасында қазақ классиктерінен өзге В.В.Бартольдтың, Л.Гумилевтың, Л.Толстойдың, В.Я.Шишковтың, И.А.Гончаровтың, М.Твеннің, Э.Золяның, Р.Ролланның, О.Бальзактың, Ж.Саидтың және тағы да басқалардың шығармалары, сондай-ақ «Тамаша адамдар өмірі» сериялық кітаптар қорының молдығы мақтаныш сезімін ұялатады. Халқының мәдениетін, әдебиетін, бүкіл тарихын жақсы білетін атам өмірге, білімге, ғылымға құштар, есте сақтау қабілеті өте жоғары болды. Қай тақырыпта әңгімелесіп отырмасын оқиғаның уақытын, мерзімін сол мәнінде дәл айтып бере алатын. Кез келген мәселе төңірегінде өзінің энциклопедиялық білімін танытатын, – дейді Римма Жақсылықбаева.
Осылайша ұлты үшін «күндіз отырмай, түн ұйықтамай» қызмет еткен Асанбай Асқаров 2001 жылы 13 тамызда пәниден бақиға аттанды. Иә, ол кісінің жазған шығармалары мен істеген істері мәңгілік халықтың жүрегінде. «Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні» сияқты, А.Асқаровтың да ұлық істерін көрсететін архив құжаттарына жолыққан сайын оның тұлғасына деген құрмет күшейе бермек.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала
ПАТША ҮКІМЕТІ КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ МҰСЫЛМАНДЫҚ БОЛМЫСЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024