Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қорғаныс саласында жаңашылдық көп

Қорғаныс саласында жаңашылдық көп
ашық дереккөз
Қорғаныс саласында жаңашылдық көп
ҚР Қорғаныс министрінің экс орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов таяуда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, Қарулы Күштер қызметінің қорытындысы туралы баяндаған еді. Өз сөзінде ведомство өкілі Қарулы Күштерде әскерлердің жедел-жауынгерлік дайындығына бағытталған барлық іс-шаралар орындалғанын хабарлады. Сұлтан Бүркітбайұлының айтуынша, өткен жылы елімізде ауқымды жоспарлы оқу-жаттығулар мен жауынгерлік әзірлікке кенеттен тексерулер жүргізілген. Сонымен қатар Абай, Батыс Қазақстан облыстарындағы өртті сөндіруге, Жамбыл облысында қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару үшін төтенше жағдайлар қызметіне көмек көрсетіліпті. Өткен жылдың маңызды оқиғасы ретінде генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов күштік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен бүкілармиялық кеңесті атап өтті. Еліміздің Қарулы Күштері бөлімшелері жеке құрамының далалық білімін арттыру және жауынгерлік үйлестіру мақсатында мыңға жуық оқу-жаттығу, жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 16 мыңнан астам сабақ, 40 мыңнан астам жауынгерлік атыс өткізілді. – Президенттің басшылығымен өткен «Батыл тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы әскерлердің жауынгерлік дайындығының шешуші кезеңі болды. Қарулы Күштер тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Бас қолбасшылықтың, соғыс уақытындағы Үкімет пен облыстардың қорғаныс кеңестерінің экономикалық қызметті және халықтың өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету жөніндегі ставкасын өрістету мәселелері пысықталды, – деп нақтылады министрдің орынбасары. Бұдан бөлек ол Қазақстанда алты халықаралық оқу-жаттығу өткізілгенін хабарлады. Бұл ретте біздің әскери қызметшілер басқа елдердің аумағында өткен 24 оқу-жаттығу мен жарыстарға қатысқан. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен бітімгерлік қызметтің географиясы кеңейтілген. Қазақстандық контингенттің Ливандағы БҰҰ миссиясында, Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы және Конгодағы штаб офицерлерінің ротациялары жүргізілуде. Ұлттық контингентті келесі жылы Голан биіктігінде «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері» миссиясына жіберу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әскерлерді техникалық жарақтандыру мақсатында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын қайта жарақтандыру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Сондай-ақ 2021-2023 жылдар ішінде лауазымдық жалақыны кезең-кезеңмен арттыру жүргізілген екен. Мәселен, былтыр ұшу құрамының жалақысы көтеріліпті. Әскери жоғары оқу орындарының оқытушылары мен медицина қызметкерлерінің жалақысы азаматтық мекемелердің деңгейіне жеткен. Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы Күштердің қатардағы және сержанттық құрамдары лауазымдарының тарифтік санаттарын және әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша жалақыларын 30 пайызға арттыру жоспарланған. Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері үшін бірыңғай далалық киім нысаны енгізілді. Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке 2024 жылдың төртінші тоқсанына, қалған нысанды киімдерге үш жыл ішінде көшу жоспарланған. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың есебі цифрлық форматқа ауыстырылды. Әскери міндеттіліктің мәртебесі және әскери есепке алу туралы деректер «e-Gov» пайдаланушысының жеке кабинетінде көрсетіледі. – Мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мақсатымен запасқа шығарылған сарбаздарға жоғары оқу орындарынан 3 мың тегін орын бөлінді. Екінші деңгейдегі банктермен сарбаздарға «кредиттік каникул» беруі туралы мәселе пысықталды. Бүгінгі таңда 1 миллиард 875 миллион теңге сомасына мерзімді қызметтің 5 мыңнан астам әскери қызметшісі төлемдер бойынша кейінге қалдыру алды. Қызмет өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктері де қолданылады, – деді спикер. Үкімет қаулысымен жастарды 2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бекітілді. Бүгінгі таңда елімізде 8 мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және «Smart sarbaz» үйірмелері жұмыс істейді. Оған 280 мыңнан астам бала мен жасөспірім тартылған. Өткен жылы әскери спортшылар әртүрлі деңгейдегі 143 спорттық іс-шараға қатысып, барлығы 171 алтын, 82 күміс және 87 қола медаль жеңіп алды. Алдағы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында 36 армия спортшысы ел намысын қорғауды жоспарлап отыр. Министрдің орынбасары биыл ведомствоның күш-жігері Арнайы операциялар күштері мен аумақтық әскерлерді дамытуға, әскери-оқытылған резервтің үлесін ұлғайтуға, армияның ұтқыр мүмкіндіктерін кеңейтуге, ведомствоаралық үйлестіруді жақсартуға, армияны жоспарлы қайта жарақтандыруға және отандық Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталатынын атап өтті. Кездесу соңында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар