Қордай қасіреті және Ораз Жандосовтың хаты
Мұрағат қойнауында Қазақстандағы ПП ОГПУ-дың саяси құпия бөлімінің 1931 жылдың 1 желтоқсанындағы сақталған мәліметтеріне назар аударсақ, 1929-1931 жылдар – халық наразылықтары аса белсенді көрініс берген кезең екеніне көзіміз жете түседі. «Бандиттік» баскөтерулер мен атақонысты тастап, ауа көшулерді шығарып тастағанның өзінде, 1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық баскөтерулері болды.
Жылдарға шаққанда, олардың 54-і 1929 жылы, 241-і 1930 жылы, ал 77-сі 1931 жылы орын алды. ОГПУ осынау бұқаралық халық қозғалыстарын қарулы көтерілістер ретінде көрсете отырып, бұл қозғалыстарға қатысқан көтерілісшілер топтарын да және оларға қатысушы көтерілісшілер санын да есепке алған.
Енді «Бұл наразылықтар неліктен туды?» деген сұраққа нақты жауапты 1930 жылы көктемде болған Қарақұмдағы халық наразылығына қатысушылардың республика басшылығы жіберген мемлекеттік комиссияға жазбаша түрде қойған талаптарынан таба аламыз. Онда мынадай мәселелер көтерілді:
«1. 1928 жылы орташалардан әділетсіз тәркіленгендерді қайтару;
2. Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау;
3. Ірі байлар тәркіленгеннен кейін енді тәркілеу болмайтыны туралы декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орташаларға қарсы әлі жалғасуда;
4. Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек еріктілік негізде құрылсын;
5. Қазақ даласын тапқа бөліп жіктеуді қою керек және бұл істі жүргізуге комсомолдарды жібермей, барлық мәселені ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет;
6. Салықтарды мал-мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын...».
Рас, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің негізгі мақсаты –
байларды түп-тамырымен жойып жіберу болатын. Көп кешікпей-ақ, яғни ол 1927 жылы жергілікті кеңестерді сайлау кезінде байларды дауыс беру құқығынан айырды. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі малшаруашылығының даму басында ірі байлар тұрғандығы сол кездегі барлық саналы адамға түсінікті еді. Енді қазақ халқын әлеуметтік апаттан аман алып қалуды ойлаған Смағұл Сәдуақасұлы және оған ниеттестер қазақтың ең ірі байларына қарсы қатал шаралар қолдануға қарсы болып, оларды салық саясатымен тежеуді ұсынса, керісінше Ораз Жандосов және басқалары өздері «рушыл, жартылай феодалдар» деп атаған ең ірі байларды ғана емес, күллі қазақ байының көзін жоятын батыл саясат жүргізуге шақырды. Ал Сұлтанбек Қожанұлы тек ірі жартылай шонжарларға қарсы шешуші шаралар қолдануды мақұлдап, бай атаулыға қысым жасауды қолдай қоймады. Тіпті Т.Рысқұлұлы Меркі аймағындағы ірі байларға алда келе жатқан тәркілеу науқанынан сақтану үшін ертерек қам жасап, малды тез арада сатып құтылуға астыртын кеңес берді. Ауқатты шаруа атаулының қас жауы Ф.Голощекинге, әсіресе алғашқылардың, яғни Смағұл Сәдуақасұлының бағыты мүлде ұнамады.
Халық көтерілістерінің бастауларын және себептерін 1928 жылғы ірі байларды кәмпескелеу саясатынан басталғанын айта кетуіміз керек.
Негізінен 1928 жылы қазақ даласында бүкіл ірі байлар толық тәркіленіп біткен. Алайда науқанның орындау жоспарына сәйкес, бұл байлардың саны жеткіліксіз болып, жергілікті белсенділердің тарапынан 1929-1930 жылдары орта шаруалармен қатар кейбір кедейлердің тобы да тәркіленіп, жер аударылып кеткен. Осындай жағдайдан кейін халықтың жаппай көтерілуіне әкеліп соқты.
Қазақтың ең ірі байлары мен орта шаруаларын тәркілеу және ұжымдастыру саяси науқандарында партияның жергілікті шолақ белсенділері әртүрлі озбырлыққа барғанын тарихи деректерден аңғарамыз. Мәселен, байларды тәркілеу кезінде партия тарапынан берілген нұсқаулар бұрмаланып, олардың барлық киім-кешектері, азық-түлігі тәркіленді.
«Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек еріктілік негізде құрылсын» деген ұран аясында, яғни жергілікті халықтың ұжымдастыру саяси науқанына да қарсылық танытқанын айта кеткеніміз жөн. Әсіресе ұжымдастыру науқанына қарсы халықтың наразылығы 1929-1931 жылдары қатты күшейді. Тіпті коммунистік биліктің озбыр саяси ұстанымына ашынған халық топтасып аудандық деңгейдегі кеңестік билікті құлатып, колхоздарды талан-таражға салды. Сондай халықтық толқудың бірі Оразалы Қастеков деген азамат басқарған шаруалардың көтерілісі Қордай өңірінде болды. 1931 жылы маусымда Қастек ауданындағы «Комсомол» атындағы колхоздың кеңсесіне кеңестік биліктің күштеу шараларына наразы халық баса-көктеп кіріп, ауылдық кеңес кеңсесін өртеген, кооперативтерді талқандап, олардағы тауарларды өзара үлестіріп алған. Мұнан соң олар «Ұмтыл» колхозының малдарын айдап әкеткен.
Аудан орталығында шұғыл ұйымдастырылған комсомолдар мен коммунистерден тұратын коммунистік отряд екі рет, алғаш 17-18 маусымда және 5 шілдеде жалпы саны 300-дей адамға жеткен көтерілісшілер отрядымен №11, 12 және №14 ауылдар маңында қақтығыстарға барған. Қарулы қарсылыққа тап болған коммунистік отрядтар атыстан қаймығып, Отар теміржол стансасына қарай шегіне қашқан. Бірақ көп кешікпей, көмекке келіп жеткен Қызыл әскер бөлімдерімен «Аңырақай» жазығында болған екі шайқастан кейін көтерілісшілер талқандалған.
Бұдан соң да ауылдар тыныштала қоймады. 1931 жылдың қыркүйегінде осында уәкіл болып келген Ораз Жандосұлының Голощекинге және ПП ОГПУ-ға, сондай-ақ Қордай аудандық партия комитетінің хатшысы Харитоновқа жазған хаты мұрағатта сақталған.
Қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандосұлының осы хатында 1931 жылдың 12 қыркүйегінде Қордай ауданының «Ұмтыл» колхозындағы көтеріліс кеңінен айтылған. Көтеріліске 200-дей адам, яғни барлық колхозшылар, соның ішінде кейбір коммунистер және комсомол мүшелерінің көпшілігі қатысқанын, көтеріліс кезінде осындағы аудандық партия комитетінің астық дайындауға байланысты жүрген уәкілі Заит Айтековті көтерілісшілердің атып өлтіргенін жазады. «Мен көтеріліс болған Ұмтыл ауылына 20 қыркүйек күні келдім. Ұмтыл ауылында 12 қыркүйек күні көтерілісшілердің қолынан аудандық астық дайындау комитетінің уәкілі, Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партияның (БК(б)П) кандидаты жолдас Заит Айтеков өлтірілген. Айтеков жолдас аудандық комитеттің нұсқаушысы, бұрын сот жұмысында болған, уақытында, яғни 1929-1930 жылдары Қордай өңірінде, Ұмтыл ауылында 32 байды соттаған», деп жазады Ораз Жандосұлы хатында.
1931 жылы Қордай өңіріне уәкіл болып барған Ораз Жандосұлының мұрағатта сақталған осы хатына аса мұқиятпен зер салып қарасақ, Қастек және Қордай аудандарындағы көтеріліске қатысқан 200 адамның басым көпшілігі колхозшылар мен жергілікті тұрғындардан және коммунистер мен комсомолдардан тұрғандығына көзіміз жетеді.
Ораз Жандосұлының Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге және ПП ОГПУ-ға, сондай-ақ Қордай аудандық партия комитетінің хатшысы Харитоновқа жазған хатында Қордай ауданындағы көтеріліске колхоз бұқарасын арандатты деген байлардың есімдері аталады. О.Жандосұлы: «Қордайдағы көтеріліске 200 адам қатысты және барлығы дерлік колхозшылар, олардың көпшілігі коммунистер мен комсомолдар. Бұл көтеріліске колхоз бұқарасын мына адамдар арандатып отыр:
1. Сергазы Чаксыбаев: (Серғазы Жақсыбаев –
М.Е.) жартылай феодалдық таптан шыққан. Оның атасы Бектембай қажы, атақты Олжабайдың інісі болып келеді. Әкесі Жақсыбай бай болған адам. Серғазының өзі дене бітімімен, бойындағы күшімен ерекшеленіп, әртүрлі сайысқа (барымтаға деп оқыңыз – М.Е.) түсіп, жылқы ұрлығымен жүйелі түрде айналысқан. Үнемі өзімен бірге қанжар мен револьвер ала жүретін болған. Ол тәркіленген Жандосбай Молдағұловтың әпкесіне үйленген. Серғазының әкесі Николай патшаның тұсында болыстық басқарушы болған. Қазір тірі. Ол биылғы жылдың көктемінде қашып кетті. Қайда қашып кеткенін ешкім білмейді.
2. Омар Чаксыбаев: (Омар Жақсыбаев – М.Е.) Серғазының ағасы.
3. Тунгушпай Спамбаев: (Тұңғышбай Спамбаев – М.Е.) 1908 жылы туған. Әкесі бұрынғы болыстық старшын. Тұңғышбай атақты жартылай феодалдық Бөлтіріктің жақын туыстарының бірінің қызына үйленген. Тәркілену сынағынан өткен. Тұңғышбай Ыбырайым Олжабаевпен (жоғарыда аты аталған Олжабай байдың) достық қарым-қатынаста болған. Тұңғышбай комсомол мүшесі әрі белсенді болған. Өткен жылы нан тапсырыстарын қолдан жасағаны үшін сотталған болса, биыл әскерге шақыру алдындағы дайындықтан жалтарғаны үшін тағы да мәжбүрлі түрде сотталған.
4. Досумбай Казымбеков: (Досымбай Қазымбеков – М.Е.) БК(б)П мүшесі. 1930 жылдан бері бюро мүшелігіне кандидат. 1924 жылы Алматы кеңестік партия мектебін бітірген. Көтеріліс кезінде Ұзынсу шаруа-ауылында астық дайындауға рұқсат алған. Бұрын БК(б)П техникалық хатшысы, өткен жылы райкомның кәсіпкері, одан бұрын Кедей ауылында мұғалім болған. Ол жартылай феодалдардың ұрпақтары Олжабай мен Бектембаймен тұрақты қарым-қатынаста болған. Әпкесі Досымбайдың өзі тәрбиеленген Қасымбай Олжабаевқа тұрмысқа шыққан. Қасымбай Ұмтыл ауылындағы оқиғаға қатысты деген күдікпен осы жылдың мамыр айынан бері ГПУ-дың түрмесінде отыр.
5. Нуржан Корабаев: (Нұржан Қорабаев – М.Е.) Әкесінің екі ағасы өткен қыста тәркіленіп, бай ретінде партия тарапынан берілген қатаң талаптарды орындамағаны үшін кепіл ретінде қуылған. Ол өзі (Нұржан Қорабаев – М.Е.) рулық құрылымдағы ауылдардың басшысы және бұрын комсомол мүшесі болған. Өткен жылы ол нан тапсырыстарының талаптарын бұзып, бәрін қолдан жасағаны үшін сотты болды. Тұңғышбаймен бірге көтеріліс кезінде Ауыл кеңесі төрағаларын қарусыздандырған.
6. Альчан Чарикбасов: (Алшан Жарықбасов –
М.Е.) Орта тап. Бұрындары дәулеті өзіне жеткілікті болған адам. Кейіннен оған қатаң тапсырмалар берілген соң малын шашып, биылғы жылы колхозға кірді. Екі әйелі бар, кіші әйелі (екінші әйелі – М.Е.) Шу ауданындағы Жыланкөз ауылының бір байының қызы. Көтеріліс кезінде ол Ирсу (Иірсу болуы мүмкін –
М.Е.) шаруа ауылының аға бригадирі болған. Ол көтеріліс кезінде колхозшыларды көтеріліске қосылуға итермеледі.
7. Чка Сарыкулов: құмар ойыншы және бұзақы. Бұрын колхоз жұмысына қатыспаған. Дәулеті жетіп артылады. Көтеріліс кезінде Айтеков жолдасты қарусыздандыра отырып, оны өлтіріп, киімін шешіп алған.
8. Петр Сыроваткин: Ол Ұмтыл ауылына өткен көктемде Қырғызстаннан келген. Оның әкесі шын мәнінде тәркіленген дейді. Бүгінде бұлар 13 шаруашылықпен бірге Ұмтыл ауылындағы колхозда. Көтерілістің алдында Сыроваткиннің екі туысы кулак ретінде қуылған. Сыроваткин жолдас Айтековті атуға мылтығын тастап кеткен, қарақшы Тұңғышбай одан мылтықтың 50 оғын алған», деп жазады.
Сосын қоғам және мемлекет қайраткері О.Жандосұлы мынадай мәліметтерді көрсетеді: «Серғазы Жақсыбаев көтеріліске жетекшілік еткен көсемдердің ішіндегі ең белсендісі саналады. Қазір ол қашып құтылып, Ырғайты тауында жасырынған. Бүгінде ол сонда бандылық топты ұйымдастырып, солардың басшысы болып жүр. Көтеріліске қатысушылардың және кейбір көтеріліс басшыларының сөздеріне қарағанда, бұл іске алдын ала дайындалған. Кейбіреулері көтеріліске шығуға екі күн бұрын кеңескендерін айтса, енді бірі одан әлдеқайда ертерек әзірленгендерін айтады». Біз алдағы уақытта осы материалдың жалғасы ретінде 1930-1931 жылдары Қордайдағы халықтық көтерілістерге қатысып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың аты-жөнін барынша толық жариялайтын боламыз.
(Жалғасы бар)
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері
Келесі мақала
ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Букмекерлік кеңселер жарнамасына қатысты жаңа шектеулер енгізілді
- авторAR-AY
- 12 қараша, 2024