18 МЕРДІГЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев басқарманың былтыр атқарған жұмысын баяндады. Өткен жылы облыс аумағында 887 нысанның құрылысы жүргізіліпті. Оның 387-сіне мемлекеттік бюджеттен қаржы қаралса, қалғанының құрылысы жеке қаражат есебінен жүргізілген.
– 2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 86 нұсқама беріліп, 248 әкімшілік іс қозғалды. Тарқата айтқанда, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер, 3 жобалаушы, 26 техникалық қадағалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 68 695 930 теңгені құрады, – дейді Қайрат Әшірәліұлы.
Спикер баяндамасында құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін лицензиясынан айырылған мердігерлер туралы да сөз қозғады. Олардың бірі Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын сапасыз жүргізген бас мердігер – «ЕРК-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 312-бабындағы 2-бөлігіне сәйкес, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясынан айырған. Сол секілді «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС да Талас ауданындағы Қаратау қаласының №3 ықшамауданындағы №6 жатақхананың сыртқы инженерлік-коммуникациялық жүйелерін қайта жаңғырту барысында сапасыздыққа жол берген. Оған да сот 1 380 000 теңге айыппұл салып, лицензиясынан айырған.
Басқарма арқылы жыл ішінде 17 техникалық қадағалаушыға қатысты әкімшілік іс қозғалыпты. Оның ішінде 16 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынумен қатар, техникалық қадағалау жүргізу құқығы 6 айға дейін тоқтатылған. Біреуі олқылыққа жол бергені үшін тек айыппұл төлеп құтылған. 22 нысанның құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала
Тұрақтылықты сақтаудың маңызы зор
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Балқаш көлінде 112 келі балықты заңсыз аулаған жамбылдық ер адам ұсталды
- авторAR-AY
- 30 қаңтар, 2026




