Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҒАСЫРЛАР ТӘЖІ

ҒАСЫРЛАР ТӘЖІ
ашық дереккөз
ҒАСЫРЛАР ТӘЖІ
Ерлан ЖҮНІС, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дебюттер достастығы» (ТМД) сыйлығының иегері: Археолог қыз бала Тараз жайлы айтады: сақтар, ғұндар, түркі... Талас байтағын, жайлап келген жұрттар жайлы, ұлттар жайлы жойылған, айтқан кезде толқыныстан, аяныштан, уайымнан, жүзінен бір жабырқаулы, таңырқаулы реңк өтіп, көздерінен көлкіп келіп жас тамардай мөлт етіп, қиналады – жүрегімен сезеді оны қыз бала, ілкідегі мәдениеттен қалған жалғыз із ғана – осы, – дейді жұмбақ тасты қолына ап, томсырайды, түңіледі, торығад (ы), таныстырып аман жеткен жәдігерді, мұраны!.. Ал көздері – жыпылықтап, жыпылықтап тұрады. Сөздері оның – түркі сөзі, соғды сөзі, парсы бар, әрбір сөзді терең қазсаң – мың қатпары аршылар. Қара қасы, аппақ жүзі, еріндері қып-қызыл – біздің ұлы әжелердің қаны тұр ғой түп-түзу. Біздің ұлы әжелердің – батыс, шығыс қыздары, ұлы қыпшақ даласынан бұйырғанда тұз-дәмі, жар болды олар біздің алып бабаларға – баһадүр, әрбір қызда сол қыздардың тамшы қаны жатады. Қарындасым, шын жәдігер – сенің көзің, сөздерің, айтшы, маған керегі не өзгенің? Мейлі тарих, мейлі уақыт, өз заңымен өлшенсін, маған Тараз – тастар емес, маған Тараз – ол сенсің! *** Биік ғұн, дарқан қыпшақ, алып түрік шаһары – Азияны жарық қылып тұратын, заманада уағдалы, қараңғы ғасырлардың шырағданы, жұлдыздай, жерге түскен түнек түнде, түбіне түскен нұрдай жүректің де, жақұттай, тәжіндегі қағандардың, жарқырап маңдайында замандардың, меңіндей сұлулардың бетіндегі, бекеттей уақыттың өтіндегі: қарсы алып замандарды, шығарып сап, қарсы алып адамдарды, шығарып сап, қарсы алып халықтарды, ұлыстарды, тәждерді, тақтарды, қылыштарды, ымыраны, келісімді, ұрысты да, түстіктер, батыс пенен шығысты да, дінді де, білімді де, өнерді де, шайырды, көпесті де, шеберді де, қарсы алып, шығарып сап тұрар шаһар, ақ шаһар, сағым шаһар, мұнар шаһар, бәрі өткен, өткендерді күзетеміз: өтпейді Тараз ғана – біз өтеміз!.. *** Келеді шәки басып, әнтек күліп, жүректі дір еткізіп, селт еттіріп, ішінде гүл қыздардың раушандайын, ішінде жұлдыздардың шолпандайын, ортаға бөлек шығып, ерек қалып, өртердей өзегіңді өбек қағып, қалардай жырда даңқы, қиссада – аты, Жабғуға сәл иіліп, ишаратын қылды да, қынай белі бір үзіліп, ізінен гүл, жүзінен нұр үзіліп, тұрып қалды! бойыңды шымырлатып, бір тыныштық әлемді шыңылдатып, кенет, кенет, шым-шымдап шер төгіліп, естілді сиқырлы әуен – шертер үні, шарықтап шертер үні қалқығанда, тау менен дала, өзен балқығанда, биші қыз жүз бұралып, мың майысып, көкте құс, қырда өскен гүл майысып, буыны былқ-сылқ етіп, бұлаңдайды, жұтынып, сылқ-сылқ күліп, сылаңдайды, бір уақ дөңгеленіп, шыр айналды, сұлумен күн айналды, жыл айналды, жосылды күй сағымы, ой сағымы, қосылды шахруд пен ғайшақ үні, ілесіп гуцин менен дағал-даш та, биші қыз ұқсай қалып ақ алмасқа, жарқылдап, жалт-жұлт етіп, дірілдейді, дыбысы басқан іздің білінбейді, ақ моншақ шашылғандай дөңгелейді, зырылдап ғасырлардай дөңгелейді, шалқытып шабытты ән, шалық күйін, билейді Тараз қызы тарих биін, билейді тарих биін тоқтап, басып, біресе мың жыл бұрын шаққа ап қашып, біресе мың жыл кейін кезге алып кеп, алмасқан дәуірлерді көзге алып кеп, замана мың толғақты, кіл бұлғақты, көтеріп тұрар дейсің кім бір бақты, Қолында биші қыздың сылдырмақ-ты, Дүние бебеу қақты, бұлдыр қақты, уақыт көлбеуленіп, доғаланып, қағанның басын келіп қаған алып, қалалар мың құбылып, мың түрленіп, далалар бір қуарып, бір гүлденіп, теңіздер бір тартылып, бір тасынып, біресе күн тұтылып, бұлт ашылып, қылғандай астаң-кестең алып құйын, билейді Тараз қызы тарих биін, билейді тарих биін шыр айналып, басынан ай дөңгелеп, күн айналып, кетеді шәки басып, әнтек күліп, жүректі дір еткізіп, селт еттіріп... *** Рабадта, жылға бойында, мамыриса, зауза айында, толқындап Талас аққанда, алма ағаш гүлдеп жатқанда, жатқанда дүние аһ ұрып! …жүрелей жерге отырып, соғды қыз шашын тарайды, айнадай суға қарайды, көк аспан көзді, күн жүзді, кім сүйеді екен бұл қызды, кім сүймейді екен бұл қызды, Зарафшанда өскен гүл қызды, гүл қыздың шәрбәт, бал шағы! өзіне өзі тамсанып, өзінен өзі ән салып, әрнеге ауып аңсары, соғды қыз шашын өреді, қызықтап бойын көреді, толқындап Талас ағады, толассыз Талас ағады, толықсып тұрған жас ару, толқынға әнін қосады, жастықтың әнін, жас әнін, толқындар алып қашады, келте сәт, катта армандар, жылатып оны алмаңдар, ұрлатып оны алмаңдар, ұмытып оны қалмаңдар! Рабадта, жылға бойында, мамыриса, зауза айында, соғды қыз шашын тарайды, сұқтанып жылдар қарайды... *** Зайендеруд терең-ақ, Таласыңдай болар ма, Загростан ұшқан құс Қаратауға қонар ма, Жалғыз кісі ғауам ба, жалғыз аңсар ғасыл ма?!. Дүр Исфаһан шәрінде, Тараз махалласында, Перде артынан қараса парсы қызы шырайлы, Әбу Таһир Мұхаммад ат-Тарази жылайды, Ат-Тарази жылайды жүрегінен шер төгіп, Мұңғыл шапқан шаһардың рабатындай өртеніп, Сол рабаттан қуылған қамсыз бала шағындай, Сол сұлудың сипаты – Ақбөкеннің лағындай, Ақбөкеннің лағындай Қаратауда өретін, Қалың-қалың жынысқа қамсыз барып енетін, Е-һей, түркі нәсілді киіктері Тараздың, Киігіндей сұлуы, сүйікті еді Тараздың, Қараушы еді бақтардан қара көзі мөлдіреп, Ақша жүзі Атлахтың жібегіндей желбіреп, Талас тасып аққандай жүрегіңді жұлқылар, Жанай өткен кезіңде жұпар иісі бұрқырап, Бөкен лағын бөпедей ойнатады лағыл қыз, Күлкісімен шәр ішін жайнатады лағыл қыз, Құралайды сол қалқа әлі ойнатып жүр ме екен, Ақ сарайда толықсып баққа қарап тұр ма екен, Жас жүрегін жат сезім шым еткізіп бір бөтен, Әлде күні мұң ба екен, әлдекімге күң бе екен?!. Перде артынан қараса парсы қызы шырайлы, Әбу Таһир Мұхаммад ат-Тарази жылайды... *** Жаңбырлы жылдардың бұрышынан, қуысынан тағдырлы жылдардың, арбакеш бала шығып келеді, тығып келеді қойнына бәрін: балалық әнін, еркелік моншағын, арманын, үмітін, аңсарын, жемеген күлшесін, пілтесін шырақтың, жауабын білмейтін барлық сұрақтың, арқасын ауыртқан салмағын, оқыған кітаптарының жолдарын, жекірген дауысын алыпсатардың, сүреңсіз кейпін шаһардың, шаңқай түстерді, сүркей кештерді, анасының жүзін қастерлі! Арбаның үстінде қап, қорап... жоқ, тағдыр, өте алмай қиналған шарасыз шақтан бұл, өзінің тағдыры, тағдыры қоғамның, жаутаңдап қараған жанардың, қолдардың созылған, қажыған жүректің, ойланған бастардың, қарысқан білектің, рухтың – ұмтылған зау көкке, қонбайтын, қонбайтын жерге енді, күймейтін, тоңбайтын, тағдыры! Арбасын итеріп барады мықшыңдап бала өмір, тұрсын ба, тоқсаныншы жылдардың қараңғы бұрышында!.. *** Мөріндей, Ұлы қағандардың, Түркі аруының меңіндей, деміндей көктем бағының, құтыға құйып алғандай ғасырлар сағымын, ерніндей жікіл қызының, қызылы ойнап жүзінің, қымсына қалған кезінде, сыңғырлап сұлу сезімдер, есіңді алатын тістей қалғанда, ғашықтар ғана жүретін жолдарда, Шамстың тақуа жырындай, сырындай ынтық жүректің, тілектей – айтылатын туған күндерде, ақ көбелек қонғандай қызыл гүлдерге, шомғандай күн ойға, ай қызарып толғандай, жұлдыздар ұялып қалғандай, түркі дастарқанындай Земархқа жайылған, қытай фарфорындай – Талас суына шайылған, көздің жауын алатын, тауысып тағатын, Самарқандтан алдырған далаптай, Істеміс қаған елшіге құйған шараптай, жер шарындай, жанындай тылсым қаланың, алтын буындай, раушан күлтесіндегі жаңбыр суындай, менің еркімнің иесі – мөп-мөлдір, қып-қызыл, Тараз шиесі! *** Тараз маған айтқан кезде жастық шағы туралы, көшіп жатқан уақытқа қырдағы, замандарға ой жіберіп бір жырақ, алабұртып, насаттанып, тұнжырап, кейде ызалы, кейде момын, кейде асқақ, кейіпке еніп, асау тұлпар ай астында ойқастап, күн астында күңіреніп қалың қол, алыстарға шақырғандай сағым жол, бір түнеріп, бір қабарып, бір тынып, дәуірлердің тозаңынан сілкініп, ыңыранып жолбарыстай жаралы: – Тыңда, – деді, тыңда мына даланы! Қара жерге құлағымды тосқанда, тіл біткендей топыраққа, тастарға, тіл біткендей қырға, тауға, өзенге, бір азалы әуен болып кезеңдер, бірде асқақ, салтанатты ұран боп, бірде ғашық жандар айтқан бір ән боп, естіледі, жаңғырғандай тау іші, Шөже қаған – Тәңірқұттың дауысы, шарпылысқан қылыш үні, баланың – жылағаны, құлағаны қаланың, содан кейін ұлы үнсіздік – бес жүз жылдық тыныштық... кенет, қайта ащы даусы қылыштың, жебелердің ұшқан даусы ысылдап, арпалысқан азу тісі қышырлап, адамдардың айқайлары, шаңқ-шаңқ үні сұңқардың, ауыздығын шықырлатып шайнағаны тұлпардың, Мұқан даусы – тітіренткен түркіні, әлде, күннің күркірі?!. Көк аспаннан құлдилаған қанаттардың суылы, тұлпарлардың тұяқтары жер апшысын қуырып, дүрсілдеген, дүркіреген, зырқылдап, ұлы майдан ұлы түркі жұртында, жатқан шағы замандар да, қағандар да ауысып, еміс-еміс естіледі Жегуй қаған дауысы, әлсін-әлсін естіледі Түн-жабғының дауысы, қанығады, зораяды түркі үні, дәуірлердің құрсағында бұлқынып, қаһарланған қайрат – таудай, күш – теңіз, айқай салды Бұмын менен Істеміс! Сол айқайдан түркі еместер түршікті, сол айқайдан түркі еместер тұншықты, сол айқайдан түркі жұрты оянды, түркілердің бақыты үшін баянды, түркілердің уақыты үшін мәңгілік, сол бір дауыс әлі де тұр жаңғырып! Қара жерге құлағымды тосқанда, тіл біткендей тау мен дала, тастарға, естіледі даусы анық бір көштің, көшкен дауыс – даусы екен түргештің, қоюланып, жуандайды күшеніп, көш басында – ту ұстаған Үш Елік! Жаңғырады Үш Еліктің жарлығы, жаңғырады – сан мың түрік тағдыры, сапырылып, сабылысып дауыс сан, замандар да, қағандар да ауысқан, кең даланы сан мың дауыс кезгені, сан мың дауыс – құбылады, өзгеріп, секілденіп ғасырлардың безбені, Сақал мен Сұлу қаған сөздері, естіледі Тараз топырағынан, естіледі тұманды әуен, сағым ән, естіледі суық даусы семсердің, толқулардың, абыржудың, кемсеңнің, беріледі топырақтан дірдегі, қалшылдар да беріледі үндегі, ызалар да, айбат үні, кек үні, дауыстарда – халықтардың өмірі, дауыстарда – мәдениеттер айқасы, қақпалардың жабылғаны, қайта ашып, қайта ашылып көктегені өмірдің, балқығаны болат, алтын, темірдің, қайралғаны қайта қару-жарақтың, түркілердің, қытайлардың, арабтың дауыстары, дауыстары, дауыстар, дауыстары халықтардың қауышқан, дауыстары халықтардың кетіскен, замандардың шоқ шайнаған, от ішкен! Бірте-бірте алыстады дауыстар, бір бірімен алыспады дауыстар, бірте-бірте тынды, өшті, тыншыды, естілді тек, гүлдің нәзік бүршігі, тырс еткені, қалай қауыз жарғаны, сол қауызға көбелектің қонғаны, сол көбелек кенет қайта үркіді, бәлкім, тағы көк аспанның күркірі, бәлкім, бәлкім... жоқ, тағы да найзаның, дүрк етіп кеп қадалғаны, қай жаны қалды мынау, қаңсыраған өлкенің, қалай тағы қарсы алады ертеңін, қалай тағы күлден қайта өнеді, бұл дауыстар қашан, қалай семеді?! Тіліп өтіп тымық ауа ағымын, даусы естілді қарлұқ жабғуларының, Жабғу даусы ғасырлармен астасып, шығып жатты екі жүз жыл – қос ғасыр, жікіл, халадж, барсхандар, шарұқтар, даңқты әрі инабатты халықтар, сөйлеп жатты ұлы түркі тілінде, Тараз түбінде, кешті ғұмыр мәдениеттер, дәстүрлер – дауыстары топырақтан естілген, қара жерге қайта құлақ төсесең, бір ықылым замандарға көшесің, көшесінде мына көне шаһардың – сан жұрттармен кешесің де қатар күн, тап боласың бұғра хандар жұртына, дүние еркіне, уақыттардың ырқына, дауысына – барасың сен ілесіп, мәдениеттер жатқан шаққа күресіп, мәдениеттер жатқан шаққа туысып, төрткүл әлем – бір Таластан су ішіп, төрт бұрыштың төрі – Тараз болғанда, қарап тұрған мұнараға, қорғанға. даусы естілер көркем таңның алдында, Харун Бұғра Сатұқ Қараханның да, Таң намазын оқып тұрған дауысы... Замандар да, адамдар да ауысып, керуендей көш түзейді ғасырлар, шатыр-шұтыр жарқылдайды жай оты, ұйқыдағы ұрпақтарды оятып, қырық құбылып жатар өмір қырдағы!.. ...Тараз маған жастық шағы туралы, айтқан кезде – заманды ойлап бір жырақ, алабұртып, насаттанып, тұнжырап, жанарында бір жалт ойнар жақұттай, Талас ағып бара жатыр уақыттай... *** Көне кітапта жазылған бір сөз – бір хабар маған жетіп тұр: Таразда ғажап, ғаламат шайыр өтіпті, намы да, сойы белгісіз – бұл жайт қайғылы, қай ғасыр, қайқы қылыштай уақыттың қай күні, беймағлұм, жұмбақ, бейнесі, әм жоқ бедері, көне кітаптар жазбады екен неге оны?! Шамс па, әлде, Таһир ма, әлде, тағы кім, құшағына алып көне шәр жатыр қабірін, шаһардай көне даңқы да, жұмбақ тағдыры, шайып өткендей уақыттың ұлы жаңбыры, қызыл көбелектей құлпыра ойнап қаққанда жылдар қанатын, өмір сүріпті өлеңдері де, өмірбаяны да жоқ ақын! бір сөз бар, бірақ озыпты деген бір шайыр, бір сөз жоқ, бірақ жазыпты деген бір шайыр, жырлады ма екен ғашықты, бәлкім, мұратын, намсыз да, сойсыз, меніңше, сол жан – ұлы ақын! О, біздің байтақ, белик те биік далада, өткен жандардың шежіресін түзіп бола ма, далада туып, далаға сіңіп кетті олар, тұлпарлар өтті, жеткені бізге – ноқталар, сұлулар өтті, жеткені бізге – алқасы, бауырын алып даланың көлі, тау, тасы, әлдилеп жатыр, тербетіп жатыр қаншасын, ғұламаларын, ханзадаларын, ханшасын... ұлы эпостарда жұмбағы қалған ақын кім, бітік тастарда жырлары қалған ақын кім?!. Ақын кім алғаш түркінің тілін сайратқан, Ақын кім алғаш түркінің ойын ойлатқан?!. Сендерді сүйем намсыз да, сойсыз өлеңдер, О, біздің даңқсыз Дантелер, атсыз Гомерлер! *** Рұмда – Тибр, Мұнда Талас аққанда. Біздің заман жаңа туар шақтарда, Соғарда алғаш біздің дәуір жүрегі, Рұмда – Апеннин, Мұнда Алатау сілемі, Қонар тұғыр болған сәтте құстарға, Рұмда – сұңқар, Мұнда қыран ұшқанда, Қос өркениет – бір бесікке бөленген, Рұмда Ромул, Мұнда Елжау бөрі емген, Сол шақтарда, бір алып рух бұлқына, Сақ пен үйсін шаһарының жұртына, Алтын дәуір туған кезде далада, Алты ғасыр өткен кезде арада, Екі жылда – екі мың жыл ұшқыны, Дүниенің оңтүстік, солтүстігі, Құс ұшпайтын, құлан жортпас қиырдан, Қос құрлықтан, Қырық жұрттан жиылған, Шеберлерді, Ұсталарды алдырып, Дос білегін, Дұшпан көзін талдырып, Көне жұртта шақ туғанда жұлдызды, Шөже қаған жаңа шаһар тұрғызды! Дүние өлшемі – Рұм мен Тараз арасы, Рұм – мәңгілік, Тараз – Тәңірі қаласы, Өркениет пен мәдениеттің таңбасы, Бірі – батыс, Бірі – шығыс ордасы, Ақыл-ой мен ең бір асыл сезімнің, Асқақтықтың, Салтанаттың, Төзімнің, Әсемдік пен сұлулықтың мың гүлі, Бірі – батыс, Бірі шығыс кіндігі, Батырлық пен қаһармандық қылышы, Шаһарлардың, Шаһарлардың ұлысы, Барлық шайыр – Мың қаралық өлеңі, Қос шаһарды әлі жырлап келеді! *** Таласио, Таласио, Тараз қыз! – Сәлеметсіз бе?! бір таныс дауыс – жүрекке, ойға, құлаққа, бір таныс дауыс – қап кеткен, бірақ жырақта, жалт қарап едім – жанары оттай басылды, жадымда бұрын жабылған кітап ашылды: о, Құдай, сол қыз! Талдырмаш қана талшыбық құрбы, малшынып тұрды – сәулеге, сап қойды мені, сап қойды мені әуреге, бозбала күнде бұлқынған жүрек, ұмтылған жүрек бақтарға, армандар асқақ, адамдар ізгі шақтарда, жыр оқып талай, кешкенбіз бірге ұлы аңыз: сол қыз ғой, сол қыз, сол қыз ғой, сол қыз – бұла қыз! Талдырмаш қана талшыбық құрбы, аршылып тұрды аңыздан, сонау бақтарда біздерден қалған сан із бар! Жылдар өткенде, жылдам өткенде зуылдап, Адам мен Хауа секілді бақтан қуылған, біздер де бөлек кеткенбіз – өткен көктем, күз... жанында енді – жары бар екен, таныған екен, сонда да... Талдырмаш қана талшыбық құрбы, қомсынып тұрды күйеуін, күйеуі оны, күйеуі оны, көрініп тұрды – сүйеді, момақан жігіт қоңырқай жүзді, таңырқай бізге қарайды, көзқарасы оның – маған да жылы, жарына бірақ – арайлы, – Сәлеметсің бе?! – дедім де, жылдам сырт беріп, кеттім бұрылып... ...Қыздарды кейде танымай қалу да – ұлылық! Таласио, Таласио, Тараз қыз!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Назар аударыңыз!
Алдыңғы мақала
Назар аударыңыз!

Ұқсас жаңалықтар