Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қайтар жолға билет алып қойғанбыз»

«Қайтар жолға билет алып қойғанбыз»
ашық дереккөз
«Қайтар жолға билет алып қойғанбыз»
Өткен жылы республикалық «Jaidarman» қатарында өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленген командалардың бірі — «Жуалы». Өздерін «GGG», яғни «Жару үшін жаралған Жуалы» деп танытқан команда финалдық ойынға дейін өз тұғырынан түспеді. Чемпиондыққа таласта жерлестеріміз жүлделі II орынды қанжығаға байлап, 15 миллион теңгелік сертификаттың иегері атанды. Тағы бір мақтанышпен атап өтер жайт, финалда команда мүшесі Қайрат Оразбеков «Үздік ойыншы» атанды. Қазіргі уақытта «Бұл жігіттер немен айналысып жүр, жаңа маусым үшін қандай жаңалығы бар?» деген қызығушылықпен команда мүшесі Қайрат Оразбековпен әңгімелескен едік. – Ең әуелі әңгімені өзіңізден бастасақ, «Jaidarman» қозғалысына келуіңізге не түрткі болды? – Өзім Тараздың тумасымын, 1992 жылы «Химпоселоктағы» перзентханада дүниеге келгенмін, қателеспесем, жетінші палатада жаттым («әзіл» деп күлді ол). «Jaidarman»-ға бала кезімнен қызығушылығым жоғары болды. Замандастарымның есінде шығар, 2005 жылдары «Техас» («Нысана» театры), «Көз тимесін», «АЭСА», «Аграрка сарбаздары» деген командалардың дәурені жүріп тұрған кез. Осы топтардың ойындары CD дискке шығып жатты ғой. Сатып алып, жиі тамашалап отыратынмын. Әзілге жақын болып, жайдарманшы атануыма осы командалардың ойыны себепші болды. Әсіресе «Қызық орда» тобында өнер көрсеткен Қанат Әлжаппаров ағамыздың ойынына тәнті болатынмын. Тараздағы №51 мектепте білім алдым. Ең алғаш 2007 жылы қасыма жігіттер жинап, аталған білім ордасының атынан мектеп лигасына шықтым. Сол кезден бастап «Jaidarman»-да өнер көрсетіп келемін. – Жайдарманшының арнайы дипломы болмайтыны белгілі. Сіз бұл жолды таңдамағанда, қазір қай салада жүрер едіңіз? – Қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Экология» мамандығы бойынша білім алғанмын. Алайда бала күндегі арманым – Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына актерлік оқуға түсу. Қалауыма әкем қарсылық білдіріп, эколог атандым. Бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс істеген емеспін. – Өзіңіз өнер көрсететін «Жуалы» командасы биылғы жылдың ерекше жаңалығына айналды. «Жуалы» деп хабарлағанның өзінен-ақ залдағы көрермендерді қыран-топан күлкіге қарық қылатын ойын болатынын сезіп отырамыз. Бұл деңгейге қалай жеттіңіздер? – Мақтауыңызға рақмет (күлді)! Жетістікке жеткеніміз көпжылдық тәжірибенің арқасы деп ойлаймын. Біздің «Jaidarman»-дағы жолымыз оңай болған жоқ. Сөз басында айтқандай, «Jaidarman» жастар қозғалысына 2007 жылы 9-сынып оқып жүргенде қосылдым. Ойынға жаныммен берілгенім соншалық, 20 000 теңгеге автор жалдап, әзіл жаздыратынбыз. Ол заманда қомақты қаражат қой. Ұстазым – «Боря» лақап атымен танымал Біржан Шөпбай ағамыз. Сахнада адам өзін қалай ұстауы керек, ел алдына қалай шығу керек деген секілді сахна мәдениетін бойымызға сіңірді. Алғашқыда тек облыстық деңгейде өнер көрсетіп жүрдім. Өкініштісі, қанша бағымызды сынап көрсек те республикалық ойынға іліге алмадық. Қанат Әлжаппаров ағамыздың ойынына қызығып, сол кісінің әзілдеріне ұқсас көріністер көрсетіп жүрдік. Ойын облыстағы аудиторияға өтімді болды, бірақ Астанаға келгенде жолымыз болмай қайтатын. Солай жүргенде Арман Жаналиев ойынымды көріп, өз командасына шақырды. Осылайша республикалық лигаға 2011 жылы «Тараз 2000» командасының құрамында шыға бастадым. Онда да массовка ретінде. Әр жылдар аралығында «Тараз-Астана», «ЖОҚ» (Жамбыл облысы құрамасы) командаларын құрып, республикалық лигада бақ сынап көрдік. Өз қалтамыздан ақша шығарып барамыз, бірақ жеңіліп қайтамыз. Әзілімізді халық қабылдамай, маусымашардан аса алмай кеткен кезіміз болды. «Ойын саған азық бола ма?» деген үйдегілердің сөзінен ұялып, талпынысымыздан түк шықпағаны бар, ақырында «жайдарманшы боламыз» деген арманымыз үшін күресуді тоқтаттық. – Қазіргі танымалдылықтарыңызды бағамдасақ, «Jaidarman» сахнасында өнер көрсетуді доғармай, уақытша үзіліс жариялаған секілдісіздер... – Иә, солай деуге де келеді. Еңбегімнен нәтиже шықпаған соң «Қашанғы осылай жүре беремін?» деген ой пайда болды. Өзіме деген сенімділік жоғалды. Сондықтан тура бес жыл, яғни 2015-2020 жылдар аралығында ойынға шығуды тоқтаттым. Алайда ішімдегі арманды өлтіргім келмейтін. Карантин уақытында «Бас лига» ойындары ашылды. Ерекшелігі – жобада жеңімпаз атанған команда Александр Масляков жетекшілік ететін халықаралық «КВН» бәсекесіне қатысуға мүмкіндік алады. Жуалылық Оңдасын деген досым «Аудан әкімдігінен қолдау болады, «Бас лигаға» қатысайық» деп ұсыныс тастады. Ойнаудан үзілді-кесілді бас тартқан мен: «Соңғы рет неге көрмеске, нартәуекел!» деп, қайта бағымды сынадым. Ойынымызға қараған лига жүргізушісі Еркебұлан Мырзабек: «Көрерменді жалықтырып алмас үшін ешкімге еліктемей, жандарыңа жақын әзіл ойнаңдар», деп ақыл айтты. Қысқа әзілдерді арасын үзбей, жылдам көрсететін стилімізді анықтап берген де Еркебұлан ағамыз. Философиялық ой салатын ауыр немесе біреудің намысына тиетін сөздерден аулақ болып, саяси астарлы емес, жай ғана көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын көріністер көрсететін болғандықтан осы стильдегі ойынымыз көрермендерге ұнап, «Бас лигада» асығымыз алшысынан түсті. – Түсінуім бойынша, «Jaidarman» сайысының былтырғы маусымында фаворит атанған «Жуалы» жайдарман тобы «Бас лигадан» бері келе жатыр. Солай ма? – Дәл солай. «Бас лигада» жүргенде команда құрамында төрт жігіт өнер көрсеттік. Кейін бізді ойынға әкелген Оңдасын мен Жасұлан деген жігіт командадан шығып, орнына Нұрсұлтан келді. Лигадан соң «Немен айналыссақ болады?» деп ұзақ ойландық. Дәурен, Нұрсұлтан үшеуміз «Тупые козырьки» деген жобаны қолға алып, скетч түсіретін болғанбыз. Ақылдаса келе, 2023 жылғы маусымға қатысқанымыз жөн деп шештік. Оның үстіне екі жылдан бері ойынның форматы өзгеріп, батл түрінде өтіп жатыр. Былайша айтқанда, баяғыша екі-үш сайыс емес, тек сәлемдесу ойнаймыз. Бұл да оң жамбасымызға дәл келген мүмкіндік. «Jaidarman» сайысына қатысуымызға Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Абзал Есіркепов, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты, облыстық «Jaidarman» лигасының басшысы Қайрат Меклисов қаржылай да, рухани жағынан да үлкен қолдау көрсетті. Бір қызығы, былтыр Жуалыда аудан әкімі сайлауы өтті. Халықтың қалауымен өңірге Жалғас Мұртаза әкім болып қайта сайланған соң тура ертесіне біздің команданы қабылдап, кездесу өткізді. Қаржылай көмек болатынын айтып, ойынға сәттілік тіледі. – Команданың өзіне ғана тән белгілі «фишкалары» болады. Мәселен, «мынаны жоқ деп ойлаңыздар» деген әзілді «Өнер қырандары» секілді тәжірибелі әзілкештер де қойылымдарында қолданды. Ал Хатикоға қатысты қалжыңдар еріксіз езу тартқызады. Бұл әзілдерді көрермендерді жалықтырып алмастан қалай финалға дейін алып шықтыңыздар? Жалпы әзіл қалай жазылады? – Осы тұста бір айта кетерлігі, қазір ел алдында жүрген танымал командалардың ұтымды әзілдерін өздері емес, авторлар жазып береді. Ал біздің командада қалжыңдарды өзіміз құрастырамыз. Нұрсұлтан, Дәурен үшеуміз бас қосып отырғанда әрқайсысымыз өз әзілін ортаға тастап, сайысқа лайықты әзілдерді іріктеп аламыз. Астаналық Дәулет Хадж деген досымыз бар, қалжың ойластыруға көп көмектеседі. Достарымыз «Финалда автор жалдайсыңдар ма?» деген ой айтқан. Бірақ біз бұл ұсыныстан бас тарттық. Жетістікке өз күшімізбен жетіп, көрерменнен лайықты бағамызды алғанды жөн санадық. Қалжыңымызды түсінбей, сын айтатындар да көп. Бірақ көңілге алмауға, дұрыс жағынан қабылдауға тырысамыз. Сұрағыңыз бойынша, «жоқ деп ойлаңыздар» деген әзілдің нақты қалай шыққаны есіме түспей тұр, бірақ Хатико «Бас лига» кезінен бар. «Өнер қырандарындағы» ағаларымыз солай көріністеріне алып жатқанына біз де қуандық. Бұл халық алдындағы деңгейіміз өсті деген сөз. Ешкім білмейтін қызықты бір мәлімет айтайын, қанша әзілімізге қосқанмен мен «Хатико» фильмін көрмеппін. Сондай егесіне адал ит болғанын тек сырттай естігенмін. – Маусымдағы ұмытылмас оқиға туралы айтып берсеңіз. – Ойындағы ең қызықты сәт – «Абырой» командасына қарсы ойнаған кезіміз, сайысқа шыққанда айтайын деп тұрған сөзімді ұмытып қалмасым бар ма? «Ұялған тек тұрмас» дегендей, тілімнің ұшына не келді, соны айтып жібердім. Нұрсұлтан мен Дәурен де жағдайды бірден түсініп, қалжыңды іліп әкетті. Бірақ көрерменнің алдында тұрып алып үшеуміз әбден лақтық. Нәтижесін біліп тұрған шығарсыз, сол ойында 3:1 болып ұтылдық. Алайда финалға өтуге мүмкіндік сыйлайтын «плэй-офф» жарысында қарсыласымыз «Ақпен бірге» командасы болды. Дәл осы команда маусымдағы чемпиондыққа үміткер топтардың бірі еді. Сондықтан ұтылатынымызға сенімді болып, қайтар жолға билет алып қойғанбыз. Ойынға тыңғылықты дайындалғанның арқасында «Ақпен біргені» жеңіп, финалға өтіп кеттік. Алып қойған билетімізді қайта өткізіп, қызық болған. – Жеңімпаз команданың бірі ретінде «JCI» компаниясы «Жуалыға» 15 миллион теңгенің сертификатын сыйға тартты. Алайда бұл нақты бір жобаны бастау үшін берілген қаражат. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? – Әркімнің жеке өмірі, отбасы бар болғандықтан жиі жиналуға мүмкіндік болмады. Жобаны енді қолға аламыз. Ол жақтың шарты бойынша, 28 ақпанға дейін үш жоба дайындап апаруымыз керек. «JCI» компаниясы үш жобаның ішінде ең сәтті дегенін таңдап алады. Ол мейлі сериал болсын, шоу болсын. Сосын бізді екі аптаға босатады. Осы уақыт аралығында компанияның көңілінен шыққан жобаға түзетулер енгізіп, толық аяқтауымыз керек. Ал 1 сәуірде түсірілім жұмыстары басталады. Уақыт тығыз болса да жақсы бір дүние жасау жоспарда бар. – «Jaidarman» мен үшін...» деген фразаны қалай жалғастырар едіңіз? – «Jaidarman» – мен үшін жай ғана ойын емес, үлкен мектеп. «Jaidarman» – шексіз мүмкіндіктер әлемі. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар