Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Құлағыңа алтын сырға» ұғымының мағынасын білесіз бе?

«Құлағыңа  алтын сырға» ұғымының  мағынасын  білесіз бе?
ашық дереккөз
«Құлағыңа алтын сырға» ұғымының мағынасын білесіз бе?
Халқымызда «құлағыңа алтын сырға» деген тәрбиелік мәні зор тіркес бар. Мен осы жөнінде сауалнама жүргізіп көріп едім, жастар түгіл, кейбір үлкен кісілердің өзі тура мағынасын білмейтін болып шықты. Әркім әртүрлі түсінеді екен. Оқығаны бар, оқымағаны бар, әйтеуір халықтың сексен пайызға жуығы «құлағыңа алтын сырға» деген сөзді: «Сен осыны құлағыңа құйып ал. Немесе осы сөз есіңде жүрсін. Осы жұмысты істеу керек» және тағы басқадай түсіндірді. Кейбір өнер адамдары да өз білгендерінше түсінік берді. Тіпті журналистердің де көбі осы сөзді жоғарыда отырғандарға айтады. Кейде басшылар да осы сөзді қол астындағыларға айтып қалады. Ал менің бұл сөз туралы ертеректе бір қазақ басылымынан оқығаным және әке-шешемнен естігенім бар еді. «Құлағыңа алтын сырға» деген сөзді келіндерге немесе жас ұл-қыздарға айтатын болған. Себебі қонақта немесе өзге жерлерде үлкендер әңгімелесіп отырған кезде араларында жас келіндер отырса, солардың көзінше айтуға болмайтын әрі оларға қатысы жоқ сөз айтылып қалса, «айналайын келінжан, құлағыңа алтын сырға» дейді. Ол «сен бұл сөзді естімегендей бола сал және елге жайма» деген мағынаны білдіреді екен. Енді осы сөзге байланысты бір оқиғаны баяндап өтуге тура келіп тұр. Жуырда Алматы қаласында әр саланың мамандары бас қосқан бір отырыста осы сөз туралы әңгіме қозғалып кетіп, әркім әртүрлі пікірлері мен ойларын ортаға салды. Сонда мен «құлағыңа алтын сырға» ұғымының ең дұрыс мағынасын өзімнің білуімше айтып едім, жасы жетпіске жетіп қалған Мұратхан есімді бір профессор менің сөзімді қоштап, қолымды алды да: «Мен бұл сөздің негізгі мағынасын сенімен бесінші адамнан естіп тұрмын», деді. Сонымен қатар өзге бір қонақта отыр едім, теледидардан бір шенеунікпен сұхбат жүргізіп отырған журналист әңгіме арасында әлгі кісіге «Осы мәселеге де көңіл бөлсеңіздер екен. Құлақтарыңызға алтын сырға» деді. Сол сәтте арамызда отырған Сыр елінің тумасы Қыстау Омаров деген егде тартқан білімді кісі бойын ашу кернеп: «Қазіргі кейбір журналистердің де сауаттары шамалы екен ғой. Бұл сөздің мағынасы мүлдем бөлек емес пе?» деп отырғандарға мән-мағынасын жоғарыда мен айтқандай түсіндіріп те берді. Кейде әкімдер мен өзге де басшылар тұрғындармен жиын өткізгенде көпшілік өздерін толғандырып жүрген мәселелерін айта келе, «құлақтарыңызға алтын сырға» деп аяқтайды сөздерін. Осы сөздің шын мағынасын білетін кейбір басшылардың халықтың жанайқайын естімегендей болып жүретіндері, бәлкім, содан да шығар деген ойға қаламын кейде. Егер біз халқымыздың мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерінің мағынасын бұрмалап және орнымен қолданбайтын болсақ, кейінгі ұрпақ та дұрысы мен бұрысын анық білмей, әбден шатаспасына кім кепіл? Сондықтан бабаларымыздан қалған қандай сөз болсын мағынасын майыстырмай айтқанымыз жөн болар еді. Ал сіз осы сөздің мағынасы туралы не білесіз және не дейсіз, құрметті оқырман? Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ, ақын, журналист, Тараз қаласы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар