Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қасқырдың қулығы

Қасқырдың қулығы
ашық дереккөз
Қасқырдың қулығы
Бала күнімізде теледидардан «Ну, погоди!» деген мультфильмді бәріміз көрдік қой. Қоянды қолына түсіргісі келген қасқыр әр сериясында жоқ жерден бір қырсыққа ұрынады да жүреді, қылығы да ебедейсіз. «Қасқыр мен түлкі» атты ертегіде де түлкі қасқырға қыстыгүні балық аулаудың әдісін үйретіп, түлкінің кеңесімен мұзы ойылған суға құйрығын салып балық аулап отырғанда қасқырдың құйрығы мұзға жабысып қалатын көріністер әлі көз алдымызда. Осы тектес мультфильмдер мен сан түрлі ертегілерде түлкі өте әккі, айлакер болып көрінсе, қасқыр ең ақымақ аң ретінде бейнеленетін. Ал бала күнімізде әжелеріміз айтқан ертегілерде қасқыр ақымақ емес, адамға жасаған жақсылықты ұмытпайтын қамқоршы әрі өжет бейнесінде суреттелетін. Негізінде түлкі ит қуғанда құйрығын олай-бұлай бұлғаңдатып, алдағаны болмаса, алысты болжай алмайтын ақымақ аңның бірі. Ал жер бетінде қасқырдан өткен ақылды, айлакер, азулы, ұйымшыл жыртқыш аң аз. Ел арасында бөрінің терісін тірідей сыпырсаң да «қыңқ» еткен дыбыс шығармайтыны, қолға үйренбейтін нағыз түз тағысы екені жайлы әңгіме көп. Ауылда жүргенде бір құрдасымызға ағасы қасқырдың жүрегін шикідей жегізген екен дегенді де естігенбіз. Мұның арғы жағында баланы қасқырдың жүрегімен ауыздандырса, ол есейгенде қасқырдай өжет болады деген сенім жатқаны анық. Қасқырдың тырнағын ырымдап төріне ілгендерді де, тісін бойтұмар етіп мойнына тағып жүргендерді де көргенбіз. Бұл да адамды тіл-көзден сақтайды деген сенімнен шыққан. Қазақтың қасқырға мұншалықты құрметпен қарауы тегін емес. Ата-бабамыз өзін көк бөрінің ұрпағы санап, елдігін білдіретін байрағына көк бөріні бейнелеуі де қасқырдың тектілік қасиетін жақсы білгенінен болса керек. Дегенмен қасқыр қанша ақылды болса да адамнан айласын асыра алмаған. Қасқырдың адамды алдауға келгендегі ақылдылығы туралы да естелік жетеді. Тіпті тікұшақпен қасқыр аулағандар бөрінің электр бағанын тікесінен тік тұрып қапсыра құшақтап, тікұшақ қай жағынан келсе де бағанды айналып атқызбай қойғанын көрген. Осы тектес қызықты әңгімелерді Рәт Баржықов есімді ағайынымыздан да талай естігенмін. Талас ауданының Ақкөл ауылына қарасты «Ұзынкөл» мал жайылымында жеке шаруашылығын жүргізіп отырған оның бір кезде астындағы кер атты қан сорпаға түсіріп, алдына бір қасқырды өңгеріп әкелгеніне де куә болғанбыз. Шамамен 2005-2006 жылдары бір қыс сол ағайынның шаруашылығына көмек бергенім бар. Қой бақпаған күні әлгі атқа мен де мініп, өрістегі сиыр, түйе секілді ірі қараларды кешке қарай шаруашылық маңына жақындатып тастаушы едім. Екі құлағын қайшылап, жан-жағына елеңдеп келе жатқанда мен аттың үстінен ауып қалмауды ғана ойлайтынмын. Сол кездерде бетпе-бет қасқырмен де кездестік. Түрі суық, жанары өңменіңді тесіп жіберердей өткір болатын. Ал Рәт аға сондай түз тағысын алдына өңгеріп келіп тұрғанда өзімнің осалдығыма қараптан-қарап қысылғаным да бар. Айтуынша, өріс­тегі түйеге бара жа­тып, жан-жаққа дүрбі салғанда әудем жерде жортып бара жатқан бір көкжалды байқап қалады. Лезде ізіне түсіп, соңынан қуады. Итқұстың қыста көбіне жазықта жортатыны, артына түскен аттылыны мойнын бір жағына бұрып, бақылап отыратыны белгілі. Рәт аға арланды ұзақ уақыт үнемі бір жағынан қуалай отырып, мойны қарысқанда екінші жағынан келіп үзеңгімен тұмсығынан ұрып алған екен. Ел жатуға ыңғайланар уақытта біз көз ілінгенше аңшылыққа қатысты біраз әңгіменің тиегін ағытқан едік. Сол кезде ол ер-азамат өзіне сенімді болса, астына мінген аты да оның ыңғайына көнетінін, жылқы аң қуып сілесі қатқандықтан және үстінде сенімді адам отырғандықтан бөріні өңгерерде осқырынып, бөтен мінез танытпайтынын сөз еткен-ді. Кейіпкеріміздің одан кейін де аңшылық жайлы әңгімесін тыңдағанбыз. Соның ішінде мен айтқалы отырған мына бір әңгіме нағыз бөрінің әккілігіне қатысты дерек. – Бір аңшы досыммен бірге «Ұзынкөлдің» жағалауында жа­тып қаз-үйрек аттық. Күн қызыл иектенгенше олжалаған құстарға іштей масаттанғанымызбен ойымыз – қалаға жеткенше жол-жөнекей «Шахантайдың» жазық даласын бір сүзіп шығу. Кеш батып, қас қарайған шақ. Анда-санда көлік арлы-берлі ойқастап, кейде бір айналып маңайға жиі жарық салып келеді. Кенет жүргізуші көлікті кілт бұрып, сол қапталға қарай тартты. Көлік жарығына сонадайдан алдымызды қиялап кетіп бара жатқан бөрі ілікті. Жүйткіген көлік ә дегеннен-ақ бастырмалатып, арланға жетіп барғанымен ол төбеден асып үлгерді. Жап-жазық жердегі кішкене төбешікті сан мәрте айналдық. Төбешіктің үстіне де шығып, жан-жақты да сүздік. Қасқыр ұшты-күйлі жоқ болды. Қырсық қылғанда қара күз бен қараңғыда қасқырдың ізін ажыратып болмайсың. Далақтап ары шапқылап, бері шапқылап, нәтиже болмаған соң жөнімізге кеттік. Мені түнімен қасқырдың көз алдымда жоқ болып кеткені дөңбекшітіп шықты. Досымды да түнімен осы сұрақ мазаласа керек. Құлқын сәріден екеуміз бір-бірімізге хабарласып, ертелетіп әлгі дөң басына қайта келдік. Негізгі жұмысымыз – із кесу. Шөп-шөңге мен тастақты жер арлан жайлы белгі берер емес. Дегенмен кей жерлерге тырнақ ізі анық түсіпті. Шешуі қиын шиырланған іздің түйінін тарқаттық-ау, әйтеуір. Қасқыр біз ізіне түскенде төбені бір айналып, көліктің соңына түсіпті. Біз айналаға жарық салып, қанша жерден шыр айналғанымызбен ол көліктен қалмай, соңымызға ілесіп отырған екен, – деді Рəт Әскербекұлы. Ол көбіне қасқыр атуға Ақкөл ауылының тұрғыны Ғани Мәліков екеуі шығатынын айтады. Аңшылыққа шыққанда адам қарда да, қара жерде де із кесе білуі керек екен. – Бір жолы Ғани мотоциклмен, мен көлікпен қасқыр қудық. Бөрі Ойық ауылынан Үшарал ауылына қарай шығатын каналдың ішіне түсіп, зыта жөнелді. Бір кезде сұр көкжал көз ұшында кетіп бара жатты. Артынан қуып барсақ, «көкжал» дегеніміз шибөрі болып шықты. Сонда да атып алып, «біздің көргеніміз көкжал еді ғой» деген оймен кері қайтып, із кестік. Сөйтсек, каналға түскенде шибөрімен кездесіп қалған көкжал шибөріні қуалап оң жаққа салып жіберіп, өзі кішкентай ғана жыраның ішімен жер бауырлап, сол жаққа қарай шығып кеткен екен. Былтыр із кесіп жүріп алыстан бір үйір жылқыны байқадық. Бір жерге топталып алған. Оған мән бермей айналып өтіп бара жатып, ұзай бере алты қасқырдың ізін кезіктірдік. Ізге түсіп едік, әлгі үйірге алып келді. Келсек, алтауы бір жабағыны жәукемдеп жатыр екен. Жабағы тірі, бірақ қиналып жатқандықтан бауыздап тастап, соңынан қудық. Алты қасқырдың біреуі арлан, екіншісі құртқа, қалғаны бөлтірік. Алғашында топталып қашқан олар төрт бөлтірікті бір жыраға салып жіберіп, екеуі бізді жазыққа алып шықты. Жазықпен қашқан олар Саудакент елді мекені бағытын бетке алды. 50-60 шақырым қуалап барып, алдымен арланын атып алдық, екіншісін де біраз әуреге түсіп жүріп алып тындық. Сол кезде күні бойы кемі 5-6 сағат қуалап, екеуін ғана қолға түсірдік. Бұл жерде қасқырдың тектілігі – өз жанын аямай, бөлтіріктерін жыраға салып, бізден аман алып қалуы. Бір жолы Сарысу ауданындағы Сорбұлақ мал жайылымы жақта үш «снегоходпен» бес қасқырды қудық. Қасымда Аслан есімді Талдықорғаннан келген жігіт бар. Біз екі жыртқыштың артынан кеттік. Біреуін атып алдық, сол кезде екіншісі ұзап кеткен еді. Ол Қарашеңгел мал жайылымын кесіп өтіп, Үшарал ауылы жағын бетке алып, Ақсай аталып кеткен кемердің үстіндегі асфальтқа барды. Асфалт сол кезде жөндеуден өтіп жатқан, оның үстіне қар жауғаннан кейін трактор сүріп өткен екен, жолдың үсті ой-шұқырлы болғандықтан «снегоход» жүре алмайды. Асфальт жолдың жағалауын даланы өрттен қорғау үшін соқамен жыртып тастаған екен, ол жерден де қарда жүруге арналған көлік өте алмайды, дәу-дәу тастары бетіне шығып жатты. Әлгі түз тағысы біз мінген көліктің қара жерде жүре алмайтынын біліп, асфальтқа қашып барған екен. «Снегоход» қасат қардың үстінде сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүреді, ал жаңа жауған қардың үстінде 140-ты алады. Қасқырдың жылдамдығы жемтігін аулағанда сағатына 60 шақырым, алайда өзіне қауіп төнгенде 85-90 шақырымға дейін барады. Содан әлгі арлан асфальтқа шығып, үстімен қашты. Біз жанамалап қуып жете бергенде жалт бұрылып, кері қарай қашады. Қарда жүруге арналған көліктің бір жаман жері – орнынан кілт бұрыла алмайды. Әудем жерді айналып, бұрылып келемін дегенше түз тағысы айтарлықтай ұзап кетеді. Қасқырдың әккілігін асфальтқа қашып баруынан да аңғаруға болады, – деді Рәт Баржықов. Ол әңгіме арасында қасқырдың бөлтіріктері тәжірибесіз болатынын сөз еткен еді. Ғани екеуі Бозғақ деп аталатын жерде бір бөлтірікті қуып келе жатқанда ол қалың жыңғылдың арасына кіріп кеткен екен. Сол бөлтіріктің жыңғылдың арасында адам қасына келгенше тығылып жатуын кейіпкеріміз оның әлі күшік екендігіне және тәжірибесіздігіне жорыды. Осы секілді қашып барып түлкінің ініне тығылғандары да болған екен. Рәт Әскербекұлы мұндаға дейін аңшылық құрғанын, үйрек-қазды үйіне бір мезгіл әуес ас ішу үшін атып әкелетінін айтады. Итқұсты да көбіне ауыл тұрғындарының малына шауып, мазасын алғанда аулап жүріпті. Ол аң-құсты қызық үшін және бейберекет аулауға болмайтынын, әр нәрсенің өз киесі болатынын айтуды да ұмытпады. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар