Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ЕСТІ АЛЫП ТҰР

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ЕСТІ АЛЫП ТҰР
ашық дереккөз
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ЕСТІ АЛЫП ТҰР
Өткен жылдың шілде айында облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында «Narko Shekteu Taraz» «Telegram»-боты таныстырылған болатын. ҚР Парламенті депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысқан жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алуда «Narko Shekteu Taraz» «Telegram»-ботының тиімділігін дәлелдейтінін сеніммен айтқан еді. «Жастар арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, студенттер мен орта мектеп оқушыларының шамамен 47 пайызы әлеу­меттік желі арқылы синтетикалық есірткі сатып алудың қолжетімділігі туралы хабарлады. Арнайы құрылған жұмыс тобы бір ай ішінде синтетикалық есірткіні насихаттайтын 400-ден астам сілтеме мен сайттарды анықтады. Қазіргі таңда 100-ге жуығы жойылып, қалғандары бұғатталу сатысында тұр. Ал «Narko Shekteu Taraz» платформасының негізгі мақсаты – нашақорлар санын азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуға теріс көзқарас пен нөлдік төзімділікті қалыптастыру. Жаңа жүйенің негізгі функциясы жарнамасы бар сайттарды, сілтемелерді және есірткі сатып алу бойынша ұсыныстарды табуға, есірткі жасырынған жерлерді анықтауға, есірткіні дайындау орындары және қоймасы туралы ақпараттарды зерделеуге бағытталған», деді боттың таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген облыс прокуроры. «Narko Shekteu Taraz» «Telegram»-боты қолданысқа енгізілгелі де жарты жылға жуық уақыт өтіпті. Алғашқы нәтижелер қандай? Облыс прокуроры айтқандай, синтетикалық есірткінің жолын кесуде тиімділігін қаншалықты дәлелдей алды? Заңсыз есірткі айналымының жолын кесу мақсатында облысымызда қандай жұмыстар атқарылуда? Облыстық прокуратура мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, жоба басталғаннан бері «Narko Shekteu Taraz» ботына 1 750 хабарлама түсіпті. Хабарламаның 1 557-сі есірткілерді жарнамалайтын сілтеме, 189-ы есірткі жарнамасы бар граффити және 7 есірткі заттарын қолданатын притон туралы ақпарат екен. Сілтемелердің барлығы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, нәтижесінде 1 380 сілтеме бұғатталып, қалғаны өңделіп жатыр. Жалпы синтетикалық есірткі дегенді мамандар химиялық жолмен жасалған, адамды физикалық және психикалық тұрғыдан тәуелді етіп қоятын қасиетке ие психобелсенді зат деп түсіндіреді. Қауіпті химиялық қосынды құпия зертханаларда астыртын жасалады әрі арзан тұрады. Синтетикалық есірткіні пайдалану инені қажет етпейтіндіктен бұл заһардың дәмін татып көрген адам бірден тәуелділіктің төте жолына түседі. Ал бұған құл болған жанның қайта азаттық алуы өте қиын. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, химиялық препараттар орталық жүйке жүйесі жасушаларын қатты зақымдап, ойлау жүйесіне кері әсер етеді, есте сақтау қабілетін жояды. Ұйқыға да орасан кері ықпал етеді. Мұндай есірткіге тәуелді адамдардың көбі бір айдан аса уақыт бойы дәрісіз ұйықтай алмайтын жағдайға түсетін жайттар да жиі кездеседі екен. Ал облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев есірткі қылмыстарын анықтау жұмыстары тоқтаусыз және жан-жақты жүргізіліп жатқанын айтады. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар қарқын алған. Басқарма бастығының айтуынша, 2023 жылдың 12 айында есірткі қылмысының 576 дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынған. – Өткен жылы жамбылдық есірткі қылмысына қарсы бөлініс қызметкерлері қылмыстық топтардың мүшелерін ұстау бойынша бірқатар ірі арнайы операция жүргізді. Арнайы қызметтермен бірлесе Шымкент қаласы мен Алматы облысына «героинді» жеткізу арнасының жолы кесілді. ҰҚК облыстық департаментімен бірлесіп Байзақ ауданында есірткі зертханасы жойылды, жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам ұсталды. Есірткі өндіру синтетикалық есірткі өндірісінің өнеркәсіптік ауқымына лайықты есептелген. Полицейлер 34 келіден астам синтетика және 4 тонна прекурсор тәркіледі. Арнайы іс-шаралар нәтижесінде есірткі тұтынушыларға жеткізілетін 6 миллионнан астам доза жойылды. Бүгінгі таңда есірткі нарығының құрылымы синтетикаға қарай ауысты. Жыл басынан бері синтетикалық есірткіні сақтағаны және сатқаны үшін 20 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 1 келіден астам синтетикалық есірткі құралы тәркіленді. Облыс орталығында құрамы 4 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Мәселен, «Тelegram» парақшасында бес мың жазылушысы бар оператор синтетикалық есірткіні тарату үшін адамдарды жалдап, Атырау және Алматы қалаларына синтетикалық есірткіні өткізу арнасын ұйымдастырған. Жедел қызметкерлер 608 грамм мефедрон есірткісін тәркіледі. Жартыжылдық арнайы іс-шаралардың қорытындысы бойынша, «героин» тобына жататын есірткілерді сатудың ірі арнасы жойылды. Бұрын осындай әрекеттері үшін сотты болған 63 жастағы зейнеткер әйел ұсталды. Сонымен қатар «Трамадол» медициналық препаратының жиынтық кестесіне енгізілгеннен кейін түзеу мекемелеріне дәріханалық есірткі заттарын жеткізуге қатысты ақпаратты тексеру бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Осыған байланысты Байзақ ауданының тұрғыны ұсталды. Тұрғынның үйін тінту барысында 3 430 дана «Трамадол», 90 дана «Самнол» және 138 дана «Тропикамед» табылып, тәркіленді. Бұл препараттар қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде сатуға арналған. Аймақта қарасора есірткі шөбі өсетін атышулы Шу алқабы орналасқан. Жыл сайын «Қарасора» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Өткен жылы іс-шараға 120-дан астам қызметкер жұмылдырылды. ҚР Ұлттық Ұланының «Бүркіт» әскери қызметшілерінің күш-құралдары және ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды. «Қарасора» іс-шарасының қорытындысы бойынша, Шу алқабынан 1 тонна 293 келіден астам есірткі тәркіленді. Осыған қатысты басқа облыстарға оны тасымалдап әкету бойынша жабайы қарасораны шабу және дайындау кезінде 15 адам ұсталды. Сондай-ақ қарасора өсірудің 20 дерегі анықталды, 1 800 келіден астам қарасора тәркіленді. Қарасора тажалын жеңу үшін жамбылдық полицейлер барлық қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануда. Жерді жырту, шөпті шалғымен шабу және өртеу арқылы 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, – деген полиция подполковнигі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастармен алдын алу және сенімді қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Өткен жылы 30 мыңнан астам оқушы мен студенттердің қатысуымен 900 профилактикалық іс-шара өткізіліпті. Статистикалық деректерге сенсек, синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ең қорқыныштысы, олардың қатары ай, жыл емес, күн санап артып келеді. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында бұл проблеманы назардан тыс қалдырмай, үнемі көтеріп отырады. 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Мемлекет басшысы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген болатын. Ал өткен жылы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп тұрғанын айта келе: «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел», деп атап өтті. Президент атап өткендей, жас ұрпақтың болашағына үлкен қауіп төндіріп тұрған дерттің алдын алуда құзырлы органдарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Әрі-беріден соң сананы улаған «синтетикамен» қоғам болып күрессек қана қаупі мен қатерін сейілте аламыз. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар