Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІК

АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІК
ашық дереккөз
АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІК

Құрметті «AR-AI» газетінің редакциясы және қалың оқырман!

«AR-AI»-дың 9 шілде күнгі санында тілші Шапағат Әбдірдің «Киікті атсақ киесі ұрмай ма?» атты мақаласында миллиондаған жылдар бойы даламыздың көркі, киесі болып келе жатқан киіктерді ату туралы тоңмойын, ойсыз шенеуніктердің қаныпезер шешіміне шырылдап ара түскен жастар басылымына шын жүректен алғыс айтамын. Дала ауасын жұтып, дала сырын тал бойымызға сіңіріп өскен аға ұрпақтардың өкілі есебінде бұл шешімге бар жан-тәніммен қарсы шыққанымды жасырмаймын. Сәкен ағаның киіктер туралы жазған жыры, Ықылас бабаның романтикалық, лирикалық, тебіреніске толы күйі еріксіз жан дүниемді қозғап өтті. Соған орай, сәл ертеректе жазылған, сыншылар мен оқырмандар тарапынан ілтипатқа ие болған «Алтын мүйізді киік» атты әңгімемді жіберіп отырмын. Киіктің киесі туралы толғанысқа толы бұл әңгіме жастарымыздың, оқырмандарымыздың көңілінен шығары сөзсіз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби және «Дарабоз» сыйлықтарының иегері

Ол жан-жағына тым сүйсiне қарады. Самал жел сипап өткен қап-қара, қою, бұйра шашын салалы саусақтармен тарап-тарап қойды. – Ойпырмай, мұндай да сұлу жер болады екен ғой, жаным-ау! – деп, бұған басын сүйеп, ойлы күйде үнсiз отырған келiншектi ерекше құмарлықпен құшақтап, бауырына тартты. Содан соң екi көзiн тарс жұмып, қолаң шашына бетiн көмiп жiберiп, құшырлана иiскедi. Пай-пай-пай, мұндай да ғажап иiс болады екен-ау! – Тек қана саған қарыздармын! Саған ғана... Yздiккен үнi үзiлiп шықты. Пiсте мұрын, оймақ ауыз келiншектiң үлбiреген ернiнен бұрынғыдан бетер құштарлықпен сүйе бердi, сүйе бердi. – Нәзiгiм менiң, нәркесiм менiң! Содан кейiн рөлге қолын салып, шетелдiк машинаның iшкi салонына ынтызарлықпен қарай бастады. Көзi де, көңiлi де жайланған халде. Тұла бойын нұрлы да сырлы жылы ағыс жуып өттi. Жүрегi әлдененi iздейтiндей. Әлдененiң жетiмсiз болып тұрғанын түйсiндi. Оң қолы әлдененi қармап, жоқ қарап жүрген секiлдi. Сұқ саусағы жалт-жұлт еткен әр бөлек бояулы көп нүктенiң бiрiн ақырын ғана басты. Сол-ақ екен, жұмсақ салон iшiн пейiштiң сазынан әрмен ғажайып күй көмiп жүре бердi. Құдай-ау, мұндай да аяулы әуен болады екен-ау. Тал бойыңды егiлтiп, тiршiлiк теперiшiнен тiлiмделген жүрегiңдi жылы нұрға шомылдырып сала берген. Тоғайып, iздеген жоғы ендi табылды. Бәрi де түгенделдi. Мұндай түгелдiк өмiрiнде тұңғыш рет жолыққан шығар-ау! Есенқұл көзiн ақырын ғана жұмды. Басын машина орындығының мамық жастығына төседi. Қолдарын қос қанатқа барынша созып, еркiн тастады. Күйкi тiрлiкте тiле-тiлеме, өз-өзiнен түйiлiп, ширығып жүре беретiн қолы ендi ғана мамыражай, бейжай халге түскендей. Сүйiктiсi де сезiм әуенiне берiлiп отыр. Бiр мiнi жоқ, бiр меңi жоқ ақша бетiнде жұқалтым қызғылт нұр қыдырыстап жүр. Лып етiп жанып, лып етiп өшiп, он сан құбылады. Сиқырлы саз жан дүниесiнiң нәзiк тұстарын қытықтап жатқандай. Есенқұлдың құлағына осы бiр тәттi әуен ырғағымен ыңғайлас майда қоңыр, мақпал үн естiлдi, еркелене естiлдi. Әлдененi үркiтiп алатындай, үздiге, үзiле айтылды. – Есенқұл, Есенқұл, көзiңдi ашшы, жаным! Анау жартастың төбесiндегiнi қарашы. Билеп тұр, ойнап тұр өзi! Yздiге айтылған, жiбектей жұмсақ әлгi сөз Есенқұлдың құлағына майдай жақты. Барқыт сазды бибi үнi Есенқұлды ақырын тербеп, ақырын оятты. Көзiн ақырын ашты, бабымен ашты. Мөлдiреп тұрған әйнектен алдындағы зор кеңiске көз салды. Есенқұл бойындағы тәттi әсердi үркiтiп алмайын дегендей, нұсқаған затын қолымен көрсетiп, жеңiлдiкке салынған жоқ. Өзi iздесiн, өзi көрсiн дегендей сыңаймен алдына, көрiктi кеңiске жымия қарайды. Есенқұлдың қыдырыстаған көзi көп шоқы ортасындағы жартасқа тiрелдi де тоқтап қалды. – Ойбай-ау, мынау… – Есенқұл қатты дауыстап жiбердi. Жiбек мiнездi жас келiншек сұқ саусағын аузына төсеп: – Тссс… ақырын… – деп сыбырлады. Есенқұл рөлден асып барып, алға еңсерiле ұмтылған шомбал денесiн ақырындап орындыққа түсiре бердi. Көз ұясы ұлғайып, кiрпiк қағуды да ұмытты. – Ойбай-ау, мынау… мынау… алтын мүйiздi... иә, иә, алтын мүйiздi киiк қой… Iш тарта айтылып, iш тарта сұқтанып, зор таңданыспен айтылған сөз ол орындыққа орныққанша үзiлген жоқ. Өз көзiне сенер, сенбес бiр халде iштей «Алтын мүйiздi киiк қой…», деп, сан мәрте қайталап, күбiрлей бердi… – Ей, тұрсаңшы, не ғып жатсың омалып? Жын ұрған ба өзiңдi. «Алтын мүйiздi киiгiң» не күбiрлеп айтып жатқан? Тұр, сәске түс болды! Арық қол мұның кеспелтек иығын әрлi-берлi жұлқи сiлкiп өттi. Арық саусақтары мұндай әлеуеттi болар ма, қоң етке кәдiмгiдей батымды. Есенқұл көзiн шошына ашып алды. Әйелi екен. Қара сұр жүзiнде бiр түйiр қан жоқ. Қыртысы қалың қабағының астынан қарайды. Шүңiректене бiткен кiшкене көзiнде титiмдей де жылу жоқ, жүзiңдi қарып өтер зәрлi суық бар. – Өй, сен де жау шапқандай… адамның ұйқысын бұзып… Күстi, күрзi қолымен төнiп тұрған әйелiн қағып жiбердi. Шалқалай барып, кереуетке қағылған әйелi баж етiп: – Өй, нақұрыс, ноқай! Неге ғана ұйықтамай, бiржола қатып қалмайсың! Араққа тұншығып қана неге өлмейсiң сен! – деп үйден ата жөнелдi. – Әй, әй, жаман қатын, байқап сөйле! Жағыңды айырып, жаныңды жаһаннамға жiберермiн! – деп гүр ете қалды. Сәбираның шаң-шұң еткен дауысы бiразға дейiн қора жақтан үздiк-создық шығып жатты. Кеше кешкiлiк аң қорғау инспекторы Жекенмен көл жағасында бiраз отырыс жасап едi. Үйге ел жатып қалғанда оралған. Шекесi сығып, аузы-мұрны қаңсып, сiркесi су көтермей отыр. Көнелеу көрпенi көтере бердi де кеудесiн қымтай жауып, қайта жатып қалды. Басы әкетiп барады. Көзiн қайта жұмды. Басы ауырғанын да, балтыры сыздағанын да, аузы-мұрны қаңсығанын да ұмытқысы келдi. Осы бiр сұрқай тiрлiктiң қасаң тiлерсегiн қайта ұстатқан әйелiн: – Өй, оңбаған… – деп дауыстай сыбап алды. Iшiнен: «Тәңiрдiң тәттi түсiн де бұйыртпады-ау», деп налыды. – Қап, атаңа нәлет-ай! Басын жұлқи көтерiп алды да жастықты есiкке қарай атып жiбердi. Ол көнелеу киiздiң шетiне қарай шиырылып түстi. Жастықпен бiрге iшкi ыза, наласы сыртқа лықсып төгiлгендей. Орнынан тұрды. Сабалақтанған шашын қос уыстап керi қарай қайырды. Айна алдына барды. Көз алды көлеңке тартып, әлдеқашан байланған қос қапшық болбырланып, көлкiп, бет әлпетiн бұрынғыдан бетер мосқалдандырып жiбергендей. Екi шекесiнiң солқылы үдеп барады. Шiркiн-ай, бас жазатын бiрдеңе табыла кетсе ғой осындайда. Төргi үйге өттi. Ертеректе әйелi олды-пұлды артылған арақты шифоньердiң адам ойламайтын әлдебiр қуыстарына, жуылған, жиылған киiмдердiң тасасына, кейде арасына тыға салушы едi. Терезеден сыртқа барлау жасады. Әйелi қора жақта әжiк-бүжiк шаруалармен күйбеңдеп жүр. Одан берiректе бiр жыл бұрын күйеуiнен ажырасып қайтып келген қызы Аягөз кiшкене баласын тосып отыр. Үлкен үйге тұрмай, қызы қоржын тамның бiр жартысында бөлек тұрып жатыр. Үстiнде жадағай киiне салған көнетоз халаты бар. Шашы ебе-дебе, дудырап кетiптi. Кiшкене баласына әлдене деп жекiп жатқан сықылды. Шарасы үлкен көзiнде салқындық бар. Көзi үлкен болған соң атын Аягөз қойғандары есiнде. Күйеуге тигенге дейiн топ-толық, әдемiше-ақ едi. Қазiргi жиырмадан асар-аспаста-ақ маңдайына қос қатар қыртыс ұя салыпты. Жағы суалып, мұрыны шошайып, шатынай қараған үлкен көзi жан-жағына үрей сеуiп тұрғандай. Арсаланған иық сүйектерi желбегей халат сыртынан «менмұндалап» тұр. «Өзi мүлдем ашуланшақ болып алыпты», деп, Есенқұл өзiнше ойлап қойды. Арагiдiк болмаса, бұларға қосылып, тамақ та iшпейдi. Шешесiмен жиi-жиi шәлкемдесе бередi. Iшiнен ащы мысқылмен мырс етiп: – Тап бiр мен қосып, мен ажыратқандай өзiн, – деп қойды. Жүзiн терезеден алып, шифоньерге ендi бұрыла бергенi сол едi. Аягөз тосып отырған баласын құйрығынан шарт еткiздi де, жерге ауната салды. Орнынан атып тұрып, жылдам басып, қораға беттедi. Екi иығын жұлып жеп барады. Шидиген сирақтары көне халаттың көлбеңдеген етегiн әрлi-берлi лақтырып, аласұра қылаңдайды. Кiшкене бала жер тепкiлеп, аунай жылап жатыр. – Тiфу пәдiреңе нәлет! Тура шешесi! Өй, ұқсамасаң тумағыр! О, несi-ей, бiрiң өлiп, бiрiң неге қалмайсың! Сенi бақпақ түгiл, өз күнiмдi өзiм көрiп алайын. Кiлт бұрылды да шифоньерге беттедi. Көңiлi ауған қуыстардың бiраз жерiн ақтарды. Жоқ. Қолына ұлының шалбары iлiктi. Оралған шалбардың арасында әлдебiр бүйiрлi заттың қатаңдау қыры қолға сезiлдi. «Бұл не болды екен?» Қырынан сығалай қарады. Бозаңытып көрiнген қағаз белiндегi жасыл түстес лентаны көзi шалды. Кенет, күтпеген жерден есiк ашылып, былтыр мектеп бiтiрген баласы кiрiп келдi. Есенқұл сасқалақтап, қыбыжықтап қалып: – Сен неғып жүрсiң? – дедi ұлына еңсерiле бұрылып. Бiрақ ұлы бұл әкесiнiң сөзiне мән бермеген қалыпта, бұған суық қарап: – Сiздiң киiмдерiңiз ол жерде емес қой, – дедi. «Иттiң баласының түсi қандай суық. Тумай жатып әкесiне алара, шатынай қарауын қара», деп iштей ой түйiп өттi. Осы баланың соңғы екi жылдан бергi жүрiс-тұрысы мұның көңiлiне жақпайды-ақ. Сау кезiнде де, сау емес кезiнде де көбiк сөздi көп насихатты баласына бiрталай арнаған. Бiрақ нәтижесi құмға сiңген судай. Баласы түн баласына жатпайды. Үйге түн ортасында келедi. Бұлармен бiрге отырып, тамақ iшуi де сирек. Не жұмыс iстеп оңдырған жоқ. Өткен көктемде, мал төлдегенде сақпанға кетiп едi, апта толмай қайтып келдi. – Әй, оңбаған, мұның не? – дегенде: – Сақпаныңа басымды кесiп алсаң да бармаймын. Боқ-боқ болып жүрер жайым жоқ, – деп қолын бiр-ақ сiлтеп, кесiп айтты. Одан соң жауап та қатқан жоқ. Суық қабағымен бұған тесiле қарады да, терiс бұрылып, үйден шықты. – Әй, атаңа ғана нәлеттер-ай, бүйтiп қияли қылғандарыңша… Сөз аяғын айтпай, түйiлiп тұрып қалды. Қазiр ауыл iшiнде мұның баласы туралы сыпсың сөз тарап жүр. Өткенде болған бiр ұрыста әйелi: – Бар асылың iшуге шыққан. Сен туғызған бала қай оңушы едi. Еркексiң ғой, ана балаңды бiр мезгiл қайырмаламайсың ба?! – деп бiраз шүйлiккен. – Е, ол не iстептi сонша, кiсi өлтiрiп пе? – деп гүж ете қалды. Iшi қылп ете түстi. Айта салып, шығып кеткен әйелiнен әлгi сөздiң астарын қайта айналып сұрауға қаншама оқталды. Алайда көк желкеге қонып алған қиястығы жiбермедi. Бұл екеуiнiң тағдыр талайына бiр-бiрiмен мамыражай тiлдесiп, сыр тартысуды жазбай-ақ қойды. Өткенде Сәбира ұлына: – Әй, беймезгiл уақта қайда барасың? – дегенде ол түйеден түскендей дүңк етiп: – Е, менi бордақыға байлайын деп пе едiңдер, – деп дүрсе қоя берген. Неге екенi белгiсiз, басынан сөз асырмайтын әйелi бұл жолы тұншығып қалды. Көзiнiң жасын сығып алды да бұған шарасыз халде бiрауық көз тастады. Сол жолы Есенқұлдың бойында алғаш рет әйелiне деген аяныш сезiмі оянғандай болды. Қаны басына шапты. Әлдебiр дүлей күш бойын дүр сiлкiнтiп, шайқап өттi. Аз-кем кешеуiлдеп барып: – Мына хайуан, не деп кеттi-ей? Мен оған бордақы байлағанды көрсетейiн! – деп орнынан ата жөнелдi. Сәбира шар етiп, алдын кес-кестей бердi. – Ойбай, тие көрме оған! Одан шошыдым бүгiн! Оның түрi жаман. Ертең елге масқара боламыз әкесi мен баласы қан жоса болыпты деп! Бiрақ ақыл тыңдар арнадан шығып кеткен Есенқұл көшеге ата шығып, барынша айқай салды. – Тұңғат, Тұңғат! Атаңа нәлет, жаныңның барында үйге қайт! Қайт деймiн, кәне! Ызаға толы ащы айқай түнгi ауаға жұтылып, алысқа адасып кеттi… Жуынып, үйге кiрдi. Әйелi тұнжырап, төмен қараған күйi дастарқан басында жүдеп отыр. Басын көтерген жоқ. Есенқұл қабы сауыстанып, көнерген жастықты шынтаққа басты. Әйел басын көтермеген күйi күйеуiне кетiлген кесемен шай ұсынды. Есенқұл тұнжырған күйi кесенi қолына алмай, бiраз отырды. Быртық саусақтарымен гүлi солып, әрi тайған, әр жерiнен кесiлiп, тесiлген дастарқан үстiн тық-тық ұрып, көкiрек кере күрсiндi. Суыған шайдың бетiне қарады, оған қаймыжықтанып кiлегей секiлдi көгiлжiм әлдене тұна бастапты. Кетiлген кесе бүйiрiндегi бояуы қанық әсем гүл тұсынан түскен қос сызат қарауытып көзге ұрады. Неге екенi белгiсiз, Есенқұл табан асты сабындай бұзылды. Кеседегi шайды есiкке қарай шашып жiберiп, әйелiне шиыра лақтырды. Кесе қақ бөлiндi. – Әй, немене, қояншығың ұстады ма? Кесең көп пе едi қаусата беретiн? Әлде қазынаң бар ма қаттап қойған? Кеседе нең бар? Жындансаң, өзiң жындана бермейсiң бе? Өй, қояншық… Есенқұл орнынан тұрып, сыртқа шығып кеттi. Тiл қатқан жоқ. Ауыл сыртын бетке алып, мотоциклiн мiндi де кете барды. Басына әртүрлi ойлар ерiксiз орала бердi… Осыдан апта бұрын Есенқұлды ауылдық кеңестiң төрағасы Қанат Дондаұлы шақыртып алды. Екеуi кластас болатын: – Бауырым-ау, мұның қалай? Тапа-тал түсте көршiңнiң итiн атып тастағаның ұят емес пе? – деген. Атқаны рас-ты. Сылтауы жоңышқаға ойнақтаған. – Әрi жатың емес, ағайының. Бiрақ талтүсте көше ортасында мылтық атуың қолайсыз болды, – деп, баяу үнмен бастаған Қанат сөзi мұның қытығына тидi. – Е, атпағанда ше! Төрiңе келiп итi бiр тайрандаса, ана қатыны бiздiң бетiне қарап отырған жалғыз ұлымызды былайғы жұртқа «наша шегедi, ұрлық қылады» деп өсек таратса, не қылмақпын. Тегi осы жер басып жүргiзесiңдер ме, жоқ па? Арақ iшесiң деп анада гаражда топ алдында жерге тыққаның бар! Жоқ, жетер. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендерiңе ендi көне бермеспiн. Ондай ағайынның маған соқыр тиынға қажетi жоқ. Байлығына, машинасы, барлығына түкiргенiм бар ма?! Сендердiң аужайларың белгiлi ғой, «аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесiн». Жо-жоқ, ол мазақтарыңа көнер мен емес, Қанатжан! – деп орнынан түрегеп кеттi. – Әй, әй, Есенқұл, сен, сен сөздiң жөнiне жығыл, оның барлығы мен байлығы туралы әңгiме болды ма?! Сен неге ауа жайыласың? – дей берген Қанатты әрi қарай сөйлетпей: – Тыңдамаймын сөзiңдi! – деп есiктi тарс жауып шығып кеттi. Темiр шарбақтан шыға бергенi сол едi, көршiсi Сиқымның бүйра бас баласы көк «Жигулимен» мұның жанынан зу етiп, өте шықты. – Мына иттiң баласы, қаға ма, ей! Машинаның соңынан ызалана қараған… Ылғи бiр көңiлсiз ой тiзбегi андыздап алды-артынан андағайлай беретiндiгi-ай. Тек соңғы кездерi ғана Есенқұл өмiрiнде көңiл сергiтетiндей кiшiгiрiм өзгерiс бола бастағандай-ды. Араққа деген әуестiгi де аздап бәсең тартқандай болған. Анау күйеуден қайтқан қызының тұрып жатқан қарсы бөлмесiнде мұның қызғыштай қорып келе жатқан қазынасы бар. Кiлтiн жан баласына ұстатпайды. Қатты iшiп, мас болып жүргенде де шалбарының ұры қалтасындағы кiлтiн түгендеудi еш ұмытқан емес. Соңғы бiр жыл көлемiнде осы Шу өңiрiнде, Бетпақ, Арқа маңында киiктiң мүйiзiнiң қаны жерге тимей тұр. Аш қасқырдай жалаңдаған саудагерлер ауыл-ауылды аралап, ел-елдi кезiп, ақша десе ақшаға, дүние десе дүниеге киiктiң мүйiзiн жинап жүр. Осы бiр қанды қасат тiрлiкпен шендесетiн сауда салқыны осы өңiрге де өзiнiң ызғарын ала келген. Бой қызуы қайтпаған дөңгелектi көлiгi бар еркек кiндiктiлердiң есiн түгелге жуық осы қанды кәсiп билеп алған едi. Еркiн өскен, ерке өскен қорғансыз дала тағысына қарсы жойқын, қанды шабуыл сұмдық қарқын алып тұрған кез. Елдiң аузында бiр-ақ сөз! Ол – мүйiз, мүйiз, мүйiз! Соның бел ортасында ерекше көзге түскен Есенқұл болды. Көкiрегiне көптен сырыл кiрген тракторы да гаражда қаңтарулы тұрған. Қолы бос. Қос аяқты мотоциклiмен қуып жетiп, нысанаға алған мүйiздiнi қалт жiбермей атуға әбден мәшкiлденiп алған-ды. Бiрiн құлата салып, екiншiсiнiң соңына түседi. Бiр ғажабы, мұндай сәтте оның бойында қорқыныш та, үрей де болмайды. Тал бойындағы қызулық пен құмарлық оты шоқтай үйiрiлiп, қанталаған көзi мен шүрiппенi баспаққа оңтайланған саусақ ұшына жиналады. Осы бiр үрейлi сәтте жанталаса жаныққан жануарлар қос аяқты жаналғышқа мiнiп алғандардың бұларды бөрiктiрiп қуалап, оқ боранына көмген сәтiнде ақырзаманнан әрмен күйге душар болады. Аспанда күн тұтылып, қара жер қаралы бесiкке айналғандай сұмдық бiр сұрапыл шақ орнайтын. Қорқырап, қырылдап жатқан текелердiң жаны шығар-шықпастан-ақ, мүйiздердiң түбiнен селебе секiлдi қол арамен дырылдата кесе бастайды. Соңғы уақытта осы сынды қанды ғарасатсыз бiр күнi өтсе, Есенқұлдың iшкен асы бойға сiңбейтiндей халге душар болған. Соңғы рет совхоз директоры Жұмабек Сақыпұлы бiр үлкен жиында жiгiттерге қатты ренжiп, көп шаруаның ұмыт болып, көп тiрлiктiң бiтпей жатқанын ашына айтты. Тiптi сөз соңында, егер бұл бұралқы, бұла тiрлiк тыйылар болмаса, ешкiмдi аямақ емес. Аудандағы милициядан бастап, түрлi заң орындарына дейiн хабардар ететiндiгiн қатаң ескерткен едi. Осыдан соң аз шаққа толас алып, тыйылғандай болған ашқарақ құмарлық қайта маздай бастады. Есенқұлдың ұпайы бiршама түгенделiп те қалғандай болған. Соңғы жарты жыл көлемiнде жинаған мүйiздерi орта қапқа жуықтап қалған-ды. Бар тiрлiктiң iшiнде көңiлге тоқ санайтыны да осы едi. Кей сәтте тәттi қиялға берiлiп, көкейiндегi құпия арманының орындалар шағы жақын қалды-ау деп жиi-жиi ойлайтын. «Сиқымның көк «Жигулиiнен» де әсемiн қолға түсiрсем шiркiн! Мүмкiн, бәрi де өзгеретiн шығар». Есенқұл жиi-жиi түс көретiн болып алды. Көл шетiне келiп, мотоциклiн сүйей салды да, шешiнiп суға түстi. Басы ауырғаны сәл-пәл болса да басылайын деген тәрiздi. Кенет дүрiлдеген мотоцикл үнi бұған қарай жақындай бердi. Су бетiнде шалқалай жатқан денесiн тiктеп алып, түрегелдi. Жекен екен. Есенқұл қуанғанын жасыра алмады. – Өй, бауырым-ау, келдiң бе, көктен тiлегенiм жерден табылды емес пе! Екеуi қарқылдай күлдi. Жекен мен Есенқұл екеуi көл жағасындағы тал дарақтың түбiнде еркiн кеттi. Жекеннiң аңшы орыстардан түсiрген олжасы тым мол екен. Жүректегi түйiн мен көкiректегi тоң болған шемендер сары майдай ери бастады, жiби бастады. – Есенқұл десе, былайғы ел менi ақымақ көретiнге ұқсайды. Мен де адаммын ғой. Менде де бала-шаға бар. Асырауым керек емес пе. Осы жұрттың не iстеп, не қойып жатқанын мен бiлмей отырмын ба? Бiлгенде қандай. Құдайға шүкiр, қалтада табақтай дәкүментiм бар. Аң атқанды шытырлатып ұстап, акт жасасам, алды ақшадан айып төлеп, арты Сiбiр айналып кетер едi. Бәрi туыс, бәрi ағайын, бiреудiң көзi жақсы, бiреудiң өзi жақсы. Жекжаттықтары да жоқ емес. Тым қатал тиюдiң өзi де қазiр қауiптi ғой. Газеттен де оқып, телевизордан да көрiп жүрсiң. Күнде бiр сұмдық естiмесең, құлағың сасиды… Ана атақты аң инспекторы Долговты бiлесiң ғой. Анада соның өзiн, соңынан баласын атып кеткен жоқ па. Әй, өзi де тым қатал едi. Әлгi қаладан келгендердiң талайын қан қақсатушы едi сабазың. Өздерi де сен тұр, мен атайын жiгiттер едi. Екеуi де марқұм болып кеттi, өкiншiке орай. Кел, соларды еске алып қояйықшы! – Жекенжан-ау, соның ақыры не болды әне! Тым шоштаңдай бергеннiң несi жақсы. Өлдiң, өштiң, бiттi емес пе бәрi де! Бұл күнде кiмнiң жақсы өмiр сүргiсi келмейдi. Бәрiмiз де адамбыз. Мысалға, менiң де анау Сиқым құсап мәшине мiнгiм келедi. Неге мiнбеймiн, айтшы! Ата-тегiм кем бе? Жоқ, кем емеспiн. Он екi мүшем сау, Құдайға шүкiр. Бiрақ өмiр әдiлеттi емес. Бұл күнде кiм пысық, кiмнiң ылпың-жылпыңы мол, сол озып жатыр, әне. Сол Сиқымдардың аужайы осыдан үш-төрт жыл бұрын жалпақ жұртқа белгiлi едi. Бүгiн шiкiрейiп, совхоз қоймасының кiлтiн ұстағалы берi мұрнынан құрт түседi. Айттым ғой, Жекен-ау, бұл өмiр әдiлетсiз деп. Кей-кейде күйiнiштен өртенiп кете жаздаймын. Осы машина мiнсем деп тыраштанып мал да жинадым. Екi-үш қара бiтiп едi, бiреуi бөрiнiң аузына түстi, бiреуi опқа түсiп өлдi. Жалғыз қара қай тесiгiме тығын, қай жыртығыма жамау болады. Қазiргi тiрлiк – сол тышқаншыл тiрлiк. Дала кезген бөрiдей киiк аулап, мүйiзiн қағып алып жатырмыз. Ендiгi үмiтiм сонда. Зауыттан шыққан су жаңасын алуға менiң өмiрiм жетпес. Қазiр бензин де қымбаттап, машина бағасы түсе бастағанға ұқсайды. Тәуекел деп сол орта қап мүйiздiң ақшасына қолдан болса да бiр тәуiр көлiк алмасам, iшкен асым бойыма тарар емес. Жекен қуанып кеттi. – Әй, Есенқұл, ой, айналайын, бауырым-ай, ниетiңе жет! Кел, тағы да алып жiберейiкшi. Екеумiз бiраз шердi тарқаттық-ау деймiн. Жекен аузы жаңа ашылған шөлмектен екi пластмасса стақанға толтыра құйды да: – Баяғыда бiреу айтқан екен: «Жiгiттер, мас болып қалмай тұрғанда тез-тез iшiп алайық», деп, сондай-ақ аға, кәне, тездетiп қағып тастайық, – дедi. Есенқұл қарқылдап тұрып күлдi. – Өй, Жекенжан-ай, тауып айтасың-ау. Әлгi жiгiт айтпақшы, тез-тез iшiп тастайық… Олардың бұл отырысы бiрқауым уақытқа созылды. Бiрiнiң соңынан бiрi iшiлген арақ екеуiнiң бойына жайыла тарап, буындары мен тiлдерiн ала бастады. – Әй, Жекен, өзiң айтшы, мен кiмнен кеммiн осы. Бұл өмiрде титтей де әдiлдiк жоқ қой. Әдiлдiк болса, менiң тағдырға не жазығым бар? Айтшы, кәне, не күнәм бар, неге мен… Арғы сөзiн айта алмай, шашалып қалды да: – Қатын анау, қит етсең, қарғап шыға келедi. Ой, тiлi қандай ащы!? Соншама қарғауды қайдан үйренгенiне таңмын. Өткенде: «Осы қу шұнақ Құдай, неге ғана менi сенiң қара сорпаңа отырғызбайды екен», дедi-ау. Сенесiң бе, осы сөздi естiгенде қатынымды да, өзiмдi де бауыздап жiберуге шақ қалдым. Есенқұл жыламсырай бастады. Қол сыртымен көз жасын сылып алды. – Әй, әй, жарайды ендi, жаман әйелдiң сөзiне бола өле берсек, жарық дүниеде еркек қала ма? Қой, қой, ондай сөзiңдi естiртпе. – Жоқ, Жекенжан-ау, мен де адаммын ғой, мен кiмнен кеммiн осы, ә? – Ешкiмнен кем емессiң. Қол-аяғың балғадай жiгiтсiң, алпамсадай азаматсың. – Рақмет, бауырым! Рақмет саған. Келшi берi, бұл дүниеде менi де түсiнетiн адам бар екен! Есенқұл Жекендi беттен сүймекке талпынды. Өзi егiлiп жылап жүр. Екеуi екiндi әлетiнде тарады. Есенқұл мотоциклiн аула сыртына қалдырып, аяғын әлтек-тәлтек басып, әулiге ендi. Yйiнен ұлы шығып келедi екен. Қолында ақ қағазбен оралған шағын қорап бар. Белiнен жасыл түстес лентамен шарта буыпты. Тұманды санасында әлгi қорапты қайдан көрдiм дегендей солғын ой қылаңдайды. Үстiнiң бәрi су жаңа киiм. Аяқкиiмi қандай! Есенқұл ұлына теңселiп тұрып, тесiле қарады. Ұлы бұған салқын қабақпен бiр қарады да: – Немене, танымай тұрсың ба? – деп, сұмдық бiр суық үнмен, жат үнмен тiл қатты. Алара қараған көзiнде титтей мейiр де, пейiл де жоқ екен. Есенқұлдың тiлi байланып қалды. Тұңғат жалт бұрылды да, көшеге түсiп кете барды. Артына қайырылып қараған жоқ. Сыртқы есiк ашық тұр екен. Табалдырықты аттай бердi де тұрып қалды. Iштен шыққан шаң-шұң ащы дыбыс мұны ерiксiз аялдатты. – Кетсең кете бер! Сен кеттi деп осы үйдiң төбесi опырылып құлап қалар дейсiң бе? Бара бер, баратын жағыңа! Қайсыңның қабағыңа қарап күн кешпекпiн. Өз айқайым да аз емес. Осы үйдегi бiр емес, қос қояншықтың жыры да маған жетедi. «Тұрғынбек, Тұрғынбек» деп байғызша сұңқ-сұңқ етесiң. Тұрғынбегiңмен қоса құры! Сенi iшсе, тамаққа жаритын, кисе киiмге жаритын жерге бармадың деген жазығым ба? Бұл күнде сенiң махаббат-сахабатың кiмге дәрi? Кетпесең атамнан әрi! Әлгi қу жетiм күйеуiңмен қосылып, қоңыз терiп жесең де, қылым қисаймайды. Кетем десең аулақ, аулақ, алды-артыңа топырақ! Әйелiнiң үнi мейлiнше тарғылданып, мейлiнше ащы шығып жатыр. – Болды, жеттi ендi! Кетсем, кетемiн. Жүздерiңдi көрмей бiржола кетем. Тағдырым шығар, не бiреуiң әке болып еркелеткен жоқсың, не шеше болып емiренген жоқсың. Уыздай ұйып отырған жерiмнен қоярда қоймай, қалың бермедi деп, жетiм бала деп сумаңдап жүрiп, ажыратқан өзiңсiң. Күйеуiмдi кiнәламаймын, өзiмдi, өзiңдi кiнәлаймын. – Тұрғынбек-ау, Тұрғынбек-ау, сенiң түк жазығың жоқ едi ғой. Мен ендi сендей жанды қайдан табамын? Обалың мына шешеме, шешеме! Шеше болмай кеткiр, шешемнiң сөзiне ерген мен есекпiн. Иә, иә, мен есекпiн! – деп әлдененi тарсылдата ұрып, бар дауысымен еңiреп қоя бердi. Есенқұлдың мастығы тез тарқады. Қызы дауыс салып, зарлай жылады. Айтып-айтып жылады. – Осылай бақытсыз ететiндерiң бар, неге тудың, неге тудырдыңдар, Алла-ау, айтыңдаршы! Айтшы! Тiрлiктерiңде екеуiңнiң оттарың неге бiр күн өре жанбады, неге екеуiң бiр шыны аяқ шайды көңiрсiп отырып iшпедiңдер, Алла-ау! Осы үйдiң босағасына бiр күн сау болып келген әкенi көре алмай арманда кеткенiмiз бе? Сендерден туған бiз қайтiп оңамыз, айтыңдаршы, айтыңдаршы, кәне! – деп аңырай жылап, ашына сөйледi. Есенқұл босағадан кiлт бұрылды. Қызы тұрып жатқан қоржын тамға көзi түсiп кеттi. Есiк алдында селтиiп, екi жасар жиен немересi тұр екен. Көзiне көзi түсiп кеттi. Жаутаңдаған жасқаншақ жанарына шектен тыс үрей ұялай қалыпты. Ол аз шаққа бұған қарап тұрды да шегiншектей берiп, есiктi тез жауып ала қойды. Көзi босаға алдында жатқан бозғылт темiрге түстi. Әлгi қызғыштай қорып жүрген үйдiң құлпы. Терезеге жалт қарады. Әйнектерi аман екен. Тор көздерi орнында. Жүрегi шаншып өтiп, төбе құйқасы шымырлап қоя бердi. Үйге тұра ұмтылды. Есiктiң құлпы жоқ. Жұлып алынған. Жүгiрiп қайта шықты. Сол құлып! Iшке жүгiрiп кiрдi. Мүйiз салған қабы ойсырай олқы түсiп қалыпты. – Ах, иттiң баласы, аузымды топаймен ұрған екен ғой! Сыртқа оқша атылып шықты. Екi көзi тұмантып барады. Сана төрiнде бұрын бастан кешпеген, бұрын сезiнбеген бөгделеу құбылыс құйыны жүйтки соғып, ұйытқи ойнап өттi. Жанарының түбiнде жасыл түстес шырақша лып етiп жанып, лып етiп өшкендей. Ол көгiлдiр сыры күнге өңген есiкке тесiле қарады. Оның сыртынан әлдебiр елес сурет қылаң берген тәрiздендi. Есенқұл көзiн уқалап, есiкке қайта назар салды. Жаңағы жас қыздың жаутаң жанары шектен тыс үлкейiп, есiк сыртына iлiнiп тұрғандай. Өңiм бе, түсiм бе деп шалалау ойлады. Көзiн қайта жұмды. Аз-кем кiдiрiстеп тұрды да қайта ашты. Үрей шалған жұмбақ жанар қас қағым сәтке жұтылып кеттi де қайтадан қалқып, берi шыға бердi. Тап сол сәтте, әлгi қос жанардың жоғарғы жағынан күнге шағыла бедерленiп, мейлiнше таныс заттың, ынтық заттың – алтын мүйiздiң сұлбасы көзiне шалынды. Ол әуемен қатар қалқыған қос жанардың қабағына қонып алып, терезеден былай қарай, сыртқа қарай қалқи ұшып жөнелдi. Апыр-ау, тап соның өзi! Сол түсiмде көргеннiң дәл өзi ғой! О, тоба мұндай да ғажап болады екен-ау, ә. Есенқұл солардың соңынан ерiксiз iлестi. Қол жетпес қиялдай болып, түсiне енiп тамсандырған ынтығы, әне, қол созым жерде кетiп барады. Ендi бiр-екi ұмтылса, уысына түсуiне шәк жоқ. Әлгiнде ғана үрейлi көрiнген, үркек көрiнген қос жанар мамырдың нұрлы шуағындай тiл жеткiзiп айта алмас ғажайып мейiрмен, күйкi тiрлiк күйбеңi түтелеген жүйке, жаныңды сары майдай ерiтiп, елжiретер мейiрмен қарап бара жатты. Есенқұл аяғын шапшаң басты. – Әй, әй, әй! Мынау қайтедi-ей! Қашпа деймiн, қашпа! Қайда қашасың? Мотоциклiне ұмтылды. Оталдырып жатып, бұдан шапшаң ұзап, қалқи ұшып бара жатқан қос жанар мен қос мүйiзден бiр сәт көз алған жоқ. Тұманданған санасына күйкентай күдiк кәрi шөңгедей қадалып алған. Ұзаған сайын маздатып, барынша алаулатып бара жатқан алтын мүйiз бен жұмбақ жанар жарқылы Есенқұлдың ынтығын мүлдем тағаттан айырған-ды. Алқына, аласұра соққан жүрегi тар кеуденi жарып шығардай. Көз жауын алған қос мүйiздi – алтын мүйiздi сағымды, сиқырлы жастықшаға қондырып алып, қалқыта көтерiп бара жатқан көздердiң құбылуына тiл жетпейдi. Құдай-ау, мұндай да сұлу көз болады екен ғой. Мұз болған жүректi жiбiтiп, сiрiге айналған сезiмдi ерiтер жанар ғой. Құс қанатындай қып-қысқа тiрлiгiндегi теперiш көрген тағдырының тауқыметiн мүлдем естен шығартып жiберетiн тәрiздi. Ендi бiрде қиялдағы жұмақ жан азабын ұмыттырар мұңсыз да қамсыз ғажайып сырлы өлкесiне апарып, енгiзiп жiбергендей ме, қалай өзi!? Өмiр бойы өксiп, өртенiп келе жатқаның да санадан мүлдем аулақ, мүлдем ұзап кеткендей. Ол мотоциклiнiң газ беретiн тетiгiн шегiне жеткiзе қайырды. Тар құрсаудан тысқа атылған түз тағысындай зор екпiн алған темiр көлiк, шоқат, қырат, дөңдердi тегiс жолдай көрiп, ағып барады. Бытырлай сынған баялыш бұтақтары алыс-алысқа ағындай ұшады. Ақ сағымға айналып кеткен дөңгелектерi жазық дала төсiне ақ боранды ала құйын орнатып барады. Жақындап қалды, тақанып қалды. Есенқұлдың көздерi шырадай жанып, ессiз қуаныштың елiкпе әсерiне қатты берiлiп кеткендей. – А, Құдай бердi деген осы, бердi деген осы! – деп елiре айқайлап, сақылдап күлдi. Мiне, мiне, қолсозым жер қалды. Ағындаған мотоцикл қалқи ұшқан қос мүйiзбен қапталдасып қатар келдi. Қос жанар қас қағым сәт аял жасап, барынша болмысымен бұған қараған. Ерiксiз назар салды. Алып жанарлардың қарашығының iшiмен қан жоса болып дүркiрей, дүрлiгiп қашқан киiктер тобырын көрдi. Ызы-қиқы, азан-қазан шу құлағына жеткен тәрiздендi. Осы бiр сурет тез ауысып үлгердi де артынша басқа бейнемен алмасты. Түсiнде көрген жас ару егiле жылап, есеңгiреген халден арыла алмаған күйде. Көзiнен жас орнына қан тамшылайды. Бiр кезде Тұңғат көрiндi. Басына киiктiң екi мүйiзiн қадап алып, шешесi мен әпкесiн алдына салып, шыңғыртып қуалап жүр. Көзi құтырған иттiң көзiндей қып-қызыл. Есенқұл көзiн жұмды да басын қатты сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Көзiн дереу ашты. Жұмбақ жанарлар әп-сәтте жоқ болды. Қалқи ұшқан қос мүйiзге қолсозым жер қалды. Ол үзеңгiге аяғын шiрей тiреп, орнынан ақырын көтерiле бердi. Алқын-жұлқын жүректiң ыстық қаны басқа атылды. Екi көзi оттай жанды. Ағынды салқын ауа тоңазытқан саусақтары сол сәтiнде жалынға шарпылғандай. Жон арқасына, тұла бойына құйындап жеткен долы күш астында арқыраған асау темiрдiң алақұйын күшi мен алаперен жылдамдығын мүлдем олқысынғандай. Қайсар еменнiң иiр бұтағына тас кенеше жабысып, жемiне оқша атылар жөйiт мiнездi сiлеусiн бойындағы қайратқа ұқсас сұрапыл күш тал бойына тұтасымен көшiп қонғандай. Есенқұл рөлден қолын босата берiп, алға ұмсына түсiп, арыстанша ақырды. – А-аа-ааа-аааа! Ол тар құрсауда талай уақыт бойы тұншығып жатқан шарболат серiппеше алға қарай бiр-ақ атылды… Ауыл адамдары Есенқұлды сабыла iздеп, екi күннен кейiн зорға тапты. Бетпақта, қалың баялыш арасында қалыпты. Ол ақбөкеннiң ақ сөңке болған бас сүйегiнен ажырамай, әбден күнқақты болып, бұдырлы иiрлерi жырымдалған қос мүйiзiн қос қолымен шеңгелдей ұстап, бiр қырын жатыр екен...
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар