Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жайылым бос жатпауы керек

Жайылым бос жатпауы керек
ашық дереккөз
Жайылым бос жатпауы керек
– Барлығы жекешелендірілетін болыпты. – Не дейді, кім нені жекешелендіреді? – Білетіндер енді баяғыдай ортақ қазан болмайды деседі, әркім өз күнін өзі көреді екен. – Жер де, су да алам деген адамға сатылады деп жатыр ғой, әлі-ақ елдер «менің жерім, сенің жерің» деп атыс-шабысқа дейін барады десейші... Президент пәрмені Осы сөздерді 6-7-сынып оқып жүрге­німде жасы үлкендерден естігенмін. Ол кезде жекешелендіру саясатынан хабары бар бірі кеңшарда, бірі ауылдық кеңесте, тағы бірі мектепте жұмыс істейтін қызметкерлер ауыл ішінде көп болғаны анық. Десе де қарапайым адамдардың бірінен-бірі бірдеңені білгісі келіп сыр суыртпақтаған, «жекешелендіру саясатына» үрпейісе қараған сәттері жадымда қалып қойыпты. Жекешелендіру саясатының 1991-1992 жылдардағы алғашқы кезеңінде сауда немесе қоғамдық тамақтандыру орындары мен тұрмыстық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік тұрғын үй қорлары секілді мемлекеттік мекемелер шетінен жекешелендірілді. Ауылдық жерде дүкен, монша, клуб секілді әлеуметтік нысандар тиынға сатылып, оны иелері бұзып, орны топырақ үйіндісіне айналғаны, ал құрылыс материалдары қара базарға шығарылғаны есте. Уақыт өте келе, мемлекет аталған әлеуметтік нысандардың ішінде сақталып қалғанын иесінен қыруар қаржыға қайта сатып алғаны, жоқтың орнын толтыру үшін ауылда балабақша, клуб секілді нысандарды қайтадан салу жұмысы қызу қолға алынғаны күні кеше ғана. Халыққа жылу, ауызсу тарататын коммуналдық шаруашылықтардың мемлекет меншігінен алынбауы қажеттігін бүгінде уақыт өзі дәлелдеп берді. 1993 жылы басталған жекешелендірудің екінші кезеңінде тізімге ілінген мемлекеттік мекемелер мен мүліктер арасында кеңшарлар мен ұжымшарлар да талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Ұжымшар, кеңшарлар тарағаннан кейін үлескер ретінде жұрттың бірі техникаға, тағы бірі бір қора малға ие болып шыға келді. Кеңшар, ұжымшардан қалған суармалы, шабындық, жайылым жерді де иелену осы кезден басталды. Табан астында малды болып шыға келгендер дағдарыс қыспаққа алған уақытта аш отырса да түлігіне тимей, бір тұяқты екеу ете жүріп, аз жылда мыңғыртып мал айдады. Нарықты болжай алмағандар мен ақкөңіл азаматтар, ісін бағдарлай білмегендер айналасы екі-үш жылда қорасының орнын сипап қалды. Осы уақытта қолында бір тұяқ малы болмаса да ұлан-ғайыр жерді ебін тауып алып алғандар да ел ішінде кездесті. Есесіне соңғы жылдарда жайылым жер тапшылығы қатты байқалып, бұл елдік деңгейде үлкен мәселе тудырды. Әсіресе кейбіреулер шаруа қожалық ашып, отар-отар малын ауылдың түбінде иіріп ұстап, елді мекендер маңын қу тақырға айналдырды. Осылайша ауылдық округ халқының қолындағы 5-10 тұяқ үшін өріс тарыла түсті. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдардан бері пайдаланусыз жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны жайылымнан шын зәрулік көріп отырған шаруаларға беру туралы Үкіметке сәт сайын тапсырма жүктеумен келеді. Мысалы, Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деген болатын. Мақсат – мәселені жүйелі түрде шешу Жалпы ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде орналасқан ортақ пайдаланымдағы жайылымдар бірді-екілі сауын сиыр, мініс ат, оншақты саулық секілді жергілікті халықтың қолындағы азын-аулақ малы үшін берілетіні белгілі. Дегенмен ауыл ішінде отырып қоң жинап алған «малдыбайлардың» жылдың төрт мезгілінде де түлігін топырлатып ауылда ұстауы үлкен мәселе тудырып отыр. Соның салдары ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігін тудырып, осыдан кейін қара халық шағым айтып, бас көтеруге мәжбүр болғаны әмбеге аян. Осы орайда біз облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиковке хабарласып, «Президент жүктеген тапсырма өңірде қай деңгейде орын­да­луда?», «Жыл ішінде қанша бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайта­рылды?», «Ауылдық елді мекен маңын­дағы өрісті кеңейту жұмысы қалай жүргізі­луде?» деген сарында сұрақтар қойған едік. Оның айтуынша, жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстың прокуратура органдарымен бірлесе зерделеу жұмысы жүргізілген екен. Нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталған. – Жамбыл облысының әкімшілік аумағы осы жылдың 1 қарашасында 14427,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жері 4661,6 мың гектар болса, елді мекендер жері – 842,6 мың гектар. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер – 176,2 мың гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері – 11,6 мың гектар болса, орман жер қоры – 4429,1 мың гектар. Ал су қорының жерлері – 356,3 мың гектар және босалқы жерлер 1460,8 мың гектар болып қалыптасты. Қазіргі кезде жайылым мәселесін жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары басталды. 2021 жылы жалпы республика бойынша 1,8 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды, оның 730,2 мың гектары жергілікті халыққа пайдалануға берілді. Оның ішінде біздің облысымыз 227,5 мың гектарын бекітіп берді, 2022 жылдың 12 айында 170 мың гектар ауылдық округтерге бекітіліп берілді. Ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтарып беру әлі де жүргізілуде. Осы жерлер және елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектар жайылым жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру қолға алынды. 2021 жылы – 3,6 мың, 2022 жылы 24,1 мың, осы жылдың 12 айында 15,1 мың гектар бекітіліп берілді, жұмыс әлі де жалғасуда. Мал саны көп тұрғындардың түлігін орман қоры жеріне шығару ісі де ұйымдастырылуда. Орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 245 мың мал шығарылды. Жер пайдаланушылар тарапынан өнімі жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал жаюға меморандум жасау жұмыстары жүргізілуде. Көлемі 515,5 мың гектар болатын 2 мың 95 шаруа қожалықпен меморандум жасалды. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылым жерлердің 2021 жылы жалпы 106,3 мың гектары пайдаланбаған жер есебінде қайтарылса, осы жылы жалпы 201 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. 2022 жылы жалпы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі арқылы 415,8 мың гектар жердің игерілмегені анықталып, осыны жіті тексеру ұсынылды. Нәтижесінде 129,5 мың гектарға мал саны қайта тіркелді. Игерілмеген жер көлемі 254,7 мың гектар болып, оның 103,5 мың гектарына нұсқама берілді. Осы тұста нақты алгоритмге тоқталсақ, бірінші – игерілмеген жерлерді анықтау, екінші – жағдайды жергілікті жер қатынастары бөлімінің зерделеп, растауы, үшінші – жер инспекторына тексеруге және қайтаруға нұсқама беру, төртінші – прокуратура органдарының бақылауы. Игерілмей, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер бойынша ақпаратты кез келген адам «https://jerkarta.gharysh.kz/ru/statistics» сайтынан көре алады, – деді Айдар Әмзеұлы. Бос жатқан жерді 2023 жылғы қайтару жоспары 200 мың гектар болып бекітіліп, жылдың 12 айында 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне алынған екен. Жалпы 2021-2022 жылдары елді мекен жайылымы 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайтылыпты. Осы жылы қосымша 69,3 мың гектарға ұлғайту жоспарланған көрінеді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жетіспеушілік 164 мың гектарға дейін төмендепті. – Малды жайып бағуды ретке келтіруде ҚР «Жайылымдар туралы» Заңның талаптары бойынша, әрбір елді мекен бойынша жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схемасы әзірленіп, бекітілді. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары тұрғын халықтың төрт түлігін жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп беріліп жатыр, ал қалған жерлер конкурс арқылы үлестірілуде. Жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2023 жылы 15 конкурс ұйымдастырылып, 65,8 мың гектар айналымға тартылды. Оның ішінде егістігі – 6,9 мың, жайылымы – 58,4 мың гектар. Кәсіпкерлік мақсатта 68 жер учаскесі аукционға шығарылып, 164,9 миллион теңгеге бағаланып, сатылды. Жер қатынастары саласында 12 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Осы мерзімге дейін 57 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Елімізде Үкіметтің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Бүгінде осы құжат аясында үздік технологиялар мен озат тәжірибелер негізінде барлық салада цифрландыру шаралары атқарылуда. Цифрландыру өз кезегінде барлық салалардағы жаппай бюрократияны жоюды көздейді. Дегенмен Мемлекет басшысы биылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде осынау маңызды шараның өз жемісін бермей отырғандығын атап өтті. Осы орайда ел Президенті ақпараттық жүйені интеграциялау мемлекеттік органдарды қағазбастылықтан арылтып, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруы тиіс екенін баса айтты. Бизнеске жер учаскелерін таңдау және бөлу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру бағытанда облыста «E-Jambyl» доменді атауымен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Бұл жүйеде облыстың барлық аудан, ауылдық округ және қала кескінінде бос жер учаскелерін көру мүмкіндігі қарастырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйеде халыққа қолжетімді ақпарат алу мақсатында облыс аумағында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған 1,1 миллион гектар бос жер учаскелері орналастырылды. Оның ішінде 25 мыңы егістік болса, 7 мың гектары шабындық жер. Сондай-ақ кәсіпкерлік мақсаттағы бос жер учаскелері де орналасқан. Бұл өз кезегінде аудан, қала тұрғындары арасында кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар азаматтарға жер учаскесін көруге және таңдауға қолжетімді. Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан жоғарыда аталған сайтта мемлекет меншігіне қайтарылған бос жер учаскелері бойынша ақпараттар жарияланған. Сонымен қатар облыс тұрғындарының жерге кезектілігі электронды жүйеге көшіріліп, оған бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры сайты арқылы қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сайтқа кез келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы кіре алады, – дейді А.Тажиков. Пайға алған жер де қайтарылады Біз сөз басында ауылшаруашылық жерін, оның ішінде жайылымды малы бар адам да, жоқ адам да иеленгенін айттық. Дегенмен бір кездегі ұжымшар, кеңшарлардың дені таратылғанымен акционерлік қоғам болып қайта құрылғандары мұндаға дейін жұмыс істеді. Мәселен, Кеңес одағы кезінде Мойынқұмдағы Ұланбел қаракөл қой кеңшары тарап кетпей, 1993 жылы акционерлік қоғам ретінде қайта құрылған болатын. Сол кезде акцияның 51 пайызы мемлекеттің еншісіне, 2 пайызы үлескерлерге, 47 пайызы шаруаларға тиді. Дегенмен 40 мың асылтұқымды қаракөл қойы бар Ұланбелдегі акционерлік қоғам 1997 жылы бәрібір тарап тынды. Сол тұста орта есеппен алғанда әр үй үлескерлік пайы есебінен 40-50 бас уақ мал алса, оның ішінде кейбірі ғана мал санын көбейтті. Жұрттың дені 1 қап ұн 2 қойға айырбасталған сол заманда малының бетіне қарап отыра алмай, жаратуға мәжбүр болды. Малдың етінің килограмға шаққандағы құнынан оның терісі мен ащы ішегінің бағасы аспандап, шайпұл үшін тірі малдан бөлек, талай тері мен темір-терсек облыс орталығына қарай ағылып жатты. Дегенмен ұланбелдіктер шаруашылық 4-5 жыл кейін таратылса да ұтты деп ойлаймыз. Себебі олар жылдар бойғы ортақ істегі өз бейнетінің өтеуін осылай малдай алды. Сол секілді Талас ауданының сары даласында мыңғыртып мал айдаған шаруашылықтардың ішінде қаракөл қойын өсірумен танылған тағы бір шаруашылық – бұрынғы «Ильич» атындағы кеңшар. Бұл да жекешелендіру саясаты қолға алынғанда «Көктал» акционерлік қоғамы болып құрылды. Нақты айтқанда, 1993 жылдары акционерлік қоғам болып құрылған шаруашылық мал-мүлкін шашау шығармай сақтап қалып, қиын-қыстау заманда қызыләуіттіктердің көпшілігі үшін жұмыс көзіне айналды. Шаруашылықты өрге сүйреген президент Керімбай Оязбеков шамамен 2005 жылдары өмірден өткеннен кейін акционерлік қоғамға оның аты берілді. К.Оязбеков атындағы «Көктал» акционерлік қоғамы 2015 жылдан кейін жеке қолға сатылып, онда жұмыс істеген тұрғындарға кейінірек пай ретінде жайылым жерлер бөлініп берілді. Үлескерлердің кейбірінің қолында азын-аулақ малы болғанымен пайға тиген жайылым Қызыләуіт ауылынан тым қашықта жатты. Бұрын аталған шаруашылық иелігінде болып, кейін айдаладан берілген жайылымға үлескер малын көтеріп апарып жая алмайтыны белгілі. Малы жоқтарға да үлескер болғандықтан пай ретінде жайылым жерлер тиді. Бүгінде ол жайылымдар игерусіз жатуы да немесе ол жерге сол маңдағы малы бар шаруашылықтар төрт түлігін жайып жүруі де мүмкін. Бұрын осы шаруашылықтың үлескері болғандықтан ауылдан көшіп кеткендерге де пайға жайылым жер берілгенін білеміз. Олардың малы жоқ, жері бар. Осы мәселе қалай шешіледі? Ол жер мемлекетке қайтарылып, шын мәнінде жайылым жерге зәру шаруаға үлестіріле ме? Ал акционерлік қоғамнан қалған үлесі үшін пайға алған сол жайылымды пайдаланбаса, иесі мемлекетке қайтаруға міндетті ме? Осы сауалға да жауапты Айдар Әмзеұлынан алуға тырыстық. – Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылдық округіндегі «К.Оязбеков атын­дағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы жер көлемі 2023 жылғы аудандық жер есебіне сәйкес 33418,0 гектарды құрайды. Оның ішінде 372 гектар егістік, 1 705 гектар шабындық және 28 852 гектар жайылым жер учаскесі тіркелген. Талас ауданындағы Көктал ауылдық округінің мал жайылымын кеңейту мақсатында Қызыләуіт ауылдық округінің жерінен көлемі 3 311 гектарды құрайтын жайылым жер учаскесі Көктал ауылына қосылып берілді. Сонымен қатар Талас ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №01-175 қаулысы мен Талас аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 маусымдағы бірлескен №5-11 шешімі бойынша, Қызыләуіт ауылдық округінің босалқы жер қорынан ауылдық елді мекен жайылымына көлемі 2 989 гектар жер қосылып, бүгінгі күнге барлығы 5 180 гектарды құрап отыр. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруа­шылық мақсатындағы жер учаскелері ҚР Жер кодексінің 92, 94 баптарына сәйкес, өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жер учаскелері мемлекеттің жер қорына мәжбүрлі түрде қайтарылуы тиіс. Осыған байланысты Талас ауданының Қызыләуіт ауылдық округіндегі «К.Оязбеков атындағы «Көктал» ЖШС-нан пай үлесін алғандар және конкурс арқылы жер сатып алған азаматтардың жерлері ҚР Жер кодексінің 92, 94 баптарына сәйкес қайтарылуға жатады. Одан бөлек ағымдағы жылы Талас ауданының Қызыләуіт ауылдық округі көлемінде пайдаланылмай жатқан көлемі 170,96 гектарды (150 жайылым, 20,96 гектар суармалы егістік) құрайтын 5 шаруа қожалық иелеріне облыстық жер ресурстарын басқару департаменті арқылы заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілген. Жер кодексінде көрсетілген 1 (бір) жыл мерзім ішінде жер учаскелері мақсатына сай игерілмеген жағдайда сотқа мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін арыз жолданатын болады, – деді ол. Міне, біз сөз басында айтқан жекешелендіру саясатының кімге тиімді, кімге тиімсіз болғанын уақыт көрсетіп отыр. Әу баста «Ильич» атындағы кеңшар кезінде осы шаруашылық таратылып, мүлкі елге бөлініп берілгенде халық байып кетпесе де бір жырғап қалар еді. Қазіргідей пайға жайылым жер алып, оны игере алмағандықтан кері қайтарып жүргеннен сол дұрыс еді. Осы шаруашылық сатылғанға дейін бірқатар азаматтың басқаруында болып, мал-мүлік айтарлықтай азайып кеткенін несін жасырамыз? Заң, заман сәт сайын құбылып, жеме-жемге келгенде халыққа ортақ мүліктің ұшығы мен пұшығы тиді. Бұған ешкімді кінәлай алмаймыз. Бұл аталған шаруашылықтың облыста тым кеш таратылуының әсері. Біз шама жеткенше мәселені қаузап көрдік. Еліміздің бір кездегі жекешелендіру саясатына қатысты жасаған таңдауы дұрыс немесе бұрыс болғанын ұтқандар мен ұтылғандар өзара екшей жатар. Біздің бір білетініміз, еңбек дүбірін қыздырып, тасы өрге домалаған ұжымшар, кеңшарлардың дәуірі ауылдықтар үшін енді қайтып келмейтіндігінде. Төскейде төрт түлік түлеткен кеңшар арқылы тұрғындардың бірі егін ексе, бірі мал өргізіп, ал енді бірі трактор айдап ел бақытын қайнаған қызу еңбекпен еселейтін дәуір тек ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру арқылы қайта оралуы мүмкін. Өйткені майда-шүйде шаруа қожалықтар біріккенде ғана мемлекеттен қомақты қолдау таба алады. Техникасы, құрал-жабдықтары түгенделеді. Ауылшаруашылық тауарын өндіруде де бәсекеге қабілетті болып, нарыққа жоғары сапалы өнім ұсына алады. Ел аяғы баспайтын қиырда жатқан жайылымды да пайдаға жаратуға әлеуеті жетер еді. Ендігі үміт осында. Бірақ «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін қазақ біріксе үлкен күш болатынын түсінгенше арада тағы да жылдар өтуі мүмкін. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар