Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

УАҚЫТ БЕЛДЕУІ 1 САҒАТҚА ЖЫЛЖИДЫ

УАҚЫТ  БЕЛДЕУІ  1 САҒАТҚА  ЖЫЛЖИДЫ
ашық дереккөз
УАҚЫТ БЕЛДЕУІ 1 САҒАТҚА ЖЫЛЖИДЫ
Келесі жылдың көктемінде елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. ҚР Сауда жəне интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер әзірледі. Құжатқа сәйкес, 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміздің барлық аймағы бесінші сағаттық белдеуде орналасады. Және Астана мен осы белдеудегі өзге аймақтар Пекин уақытынан біраз алшақтап, есесіне Лондон уақытына сәл жақындай түседі. Жер бетіндегі уақытты есептеу жүйесі адам өміріне қолайсыздық тудырмас үшін халықаралық келісім негізінде 24 сағаттық белдеуге бөлінген. Ал әр сағаттық белдеу Гринвич меридианынан бастап шығысқа қарай 15 градустан құралады. Осылайша 24 сағаттық белдеу 0-ден 23-ке дейін нөмірленіп, әр меридиандағы орынның өзінің жергілікті уақыты белгіленген. Біздің бала кезімізде үлкендер жазғы және қысқы уақыт деп сағат тілін көктемде бір сағатқа алға, күздің басында бір сағатқа кері шегеруші еді. Радиодан хабарламаны тыңдай сала әкеміз: «Ал енді 1 сағатқа ұзағырақ ұйықтайсыңдар», деп, таң ата сағаттың бұрандасын бұрап жататыны есімізде. Сырттағы көрші-қолаң да амандасып, мал-жан сұрасып болған соңғы сұрағы «сағаттың тілін жылжыттыңдар ма?» болушы еді. Елімізде жазғы уақытқа ауысу режимі 2005 жылға дейін күшінде болған. Бертін келе сағат тілі ауыстырылмайтын болды. Тіпті бұл мәселе елдің есінен де шығып кеткендей еді. Қазақстанда қазір екі уақыт белдеуі бар. Елдің басым бөлігінде бір сағатқа алда, ал батысында керісінше кеш. Бұрыннан солай. Бірақ біраз жылдан бері Қостанай, БҚО, Қызылорда облысы халқынан түскен шағымдардың жылдан-жылға көбеюіне байланысты биыл арнайы жұмыс тобы құрылып, жыл ішінде қазақстандық ғалымдар мен түрлі сала мамандары Қазақстан аумағында біртұтас уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Сонымен, 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында шешім бекітіліп, елімізде UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Түзетулер жобасы 2023 жылғы 22 желтоқсанға дейін қоғам болып талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бұл өзгерістің қазақстандықтар үшін тиімді тұстары көп екенін айтады. «Бәріміз де қоғамның мүшесіміз. Таңғы сағат 9-да жұмысқа барамыз. Ол уақытта дала қараңғы болып тұрады. Әрбіріміздің отбасымыз және балаларымыз бар. Олар мектепке барады. Балалар мен жасөспірімдердің ұйқысы қанбаса, олардың сабақ оқуға қабілеті қайдан болады? Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу осы жағынан тиімді. Өзгерістің басқа да оң әсері мол. Мысалы, адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Еліміздің батысы басқа сағат белдеуінде, Астанамен салыстырғанда бір сағат айырмашылық бар. Өзгеріс болса, көліктер де бір уақытпен барып, бір уақытпен келеді. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу нені көздейді? Жаңа өзгеріс десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз дегеніміз – ғылыми термин, яғни биологиялық ырғақтың бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қантамыр аурулары себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ созылмалы түрде ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарттарының қалыптасуына жол бермейді. Қазір әлемдегі 175 мемлекет бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім уақытында қабылданғалы отыр және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді», деді Қ.Елікбаев. Жұмыс тобының бастамашыл мүшелері уақыт белдеулерін реттеу немесе оларды күн (табиғи) уақытпен үндестіру халықтың денсаулығына, экономикаға, білімге, қауіпсіздікке және қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететіндігін атап өтті. Озық уақыттың әлеуметтік салдарлары – адамның созылмалы ұйқысының қанбауы, иммунитеттің, физикалық және ақыл-ой белсенділігінің төмендеуіне әкеп соғады деседі. Яғни бұл тек сағат тілі емес, ұлт денсаулығы, сауаттылығы, іскерлігі мен дамуына әсер ететін болады. Айжан Өзбекова
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН  БОЛСЫН!
Алдыңғы мақала
СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН БОЛСЫН!

Ұқсас жаңалықтар