Әдемінің әдемі әлемі
Өнер жолын таңдау арқылы «Талаптыға нұр жауар» деген қазақ мақалының растығына себепкер болып, өнердің биік шыңын бағындырып жүрген ұл-қыздарымыз жетерлік. Соның бірі – Әдемі Аманкелді. Біз сөз етіп отырған өнерлі ару күрделі музыкалық аспап – фортепианода
шебер ойнайды.
Кейіпкеріміз сырт көзге сондай нәзік әрі кіп-кішкентай болып көрінеді. Жасы да небәрі он төртте. Бірақ оның он саусағы кез келген туындыны орындауда жаңылыспайды, шеберлігі де өте жоғары деңгейде. Жас талант Моцарт, Бетховен секілді танымал композиторлардың шығармаларын аталған аспапта мінсіз ойнап, тыңдарман жүрегінен орын тауып жүр.
Әдемі Талантқызы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясынның 8 сынып оқушысы. Өзінің айтуынша, фортепианода ойнауды 8 жасынан бастап үйренген
– Маған музыкалық аспаптардың көптеген түрі ұнайды. Бірақ оның ішінен фортепианоға деген құштарлығым ерекше. Кішкентай күнімнен осы аспапқа үлкен қызығушылық танытып жүрдім. Ойнап үйренгім келетін, аспаптан шыққан әуен құлағыма жағымды естілетін еді. Осы әуестігім жеңіп, сегіз жасымнан бері үйірмеге қатысып жүрмін. Мені осы өнерге баулыған, талантымды шыңдаған жан – тәлімгерім Наталья Евгеньевна.
Жалпы аспапта ойнап үйрену маған аса қатты қиын болмады. Фортепиананы шебер орындай алуым үшін оны толық меңгеруге 3 жылдай уақыт кетті. Қазір фортепианоны жақсы меңгердім, кез келген шығарманы қиындықсыз орындай беремін, – дейді Әдемі Талантқызы.
Ол сахнаға шыққанда барлығы әдемі. Қай сахна болмасын, қобалжуын жымиысымен жеңген кішкентай қайсар қыздың биязы қылығы да әдемілікпен үйлесім табады. Сүйкімді қыздың осынау орындаушылығына еліткен көрерменнің де қошаметі әдемі. Тыңдарман мен орындаушы арасындағы байланысты сезген сахна әдемі және сәйкесінше осы әдеміліктердің негізгі нәтижесі – әуен де әдемі. Осылайша, кез-келген тыңдарман оның бойындағы осы табиғи болмысты байқай отырып, әсем әуен мен әдеміліктің егіз ұғым екенін түйсінеді.
Әдемінің жетекшісі Наталья да өз ісінің нағыз кәсіби шебері. Әр баланың қарым-қабілетін тани біледі. Кейіпкеріміз тәлімгерінің жетекшілігімен көптеген байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, «Taraz music games» байқауында, халықаралық «Future stars» сайысында, облыстық «Пасхальный фестиваль» өнер додасында тек І орынды жеңіп алып, облыс мерейін асқақтатқан. Әдемінің жетістіктері осы айтылған өнер сайысы ғана емес. Фортепианошы жас талант бұдан да басқа көптеген байқауларда оза шауып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Талапты өрен конкурстарға көбінесе әлемдік классиктер Бетховен, Вивальди, Бах, Шопен секілді композиторлардың шығармаларымен қатысатынын жеткізді.
– Ең алғаш сахнаға шыққан сәтімде қатты қобалжығаным бар. Бірақ мені анам Эльмира және тәлімгерім қолдап отырды. Жасырып қайтейін, сахнаға шыққан сайын адамның бойында қорқыныш болады. Жарыс алдында, сахнаға шығарда тәлімгерім маған ақыл-кеңес беріп, әрқашан да демеп отырады. Өзінің ақылымен, өткір сөздерімен биіктерге шабыттандырады.
Күйсандықта көптеген музыкалық туындыларды ойнай аламын. Әсіресе Абайдың «Көзімнің қарасы» деген шығармасы маған қатты ұнайды. Сондай-ақ Алексей Рыбниковтың «Последняя поэма» шығармасы ерекше тәнті етеді. Алайда өз ойымша музыкант ретінде менің репетуарым әлі қалыптасуда. Болашақта негізгі мамандығым ретінде бизнес саласын таңдаймын. Дейтұрғанмен күйсандығымды ешқашан тастамаймын, – дейді Әдемі Талантқызы.
Айта кетерлігі, сырт көзге нәзік талдырмаш көрінген қыз спорттан да құралақан емес екен. Нақтырақ айтсақ, Әдемі фортепианодан болек бокс және таэквондо үйірмелеріне де тұрақты барып тұрады екен. Қазіргі уақытта аталған спорт түрлері бойынша республикалық, әлемдік додаларға қатысып, жүлдегер атануды мақсат еткен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
Ди Каприо Қазақстанға алғысын білдірді
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024