Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батырға «Алтын жұлдыз» неге берілмеді?

Батырға «Алтын жұлдыз» неге берілмеді?
ашық дереккөз
Батырға «Алтын жұлдыз» неге берілмеді?
Ұзақ тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп, ұлттың мақтанышына айналған даналар аз болмаған. Бірі еліне дана болса, енді бірі пана болған ұлы тұлғалардың есімдері біздің тарихта мәңгі алтын әріппен сақталған. Расында да ұлттың мерейін асқақтатып өсірген, келер ұрпақты күнес биік, мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз әрқашан мақтаныш тұтамыз. Сондай мақтанышымыздың бірегейі – ақыл мен айбаттың, адамгершілік пен ерліктің, тапқырлық пен өжеттіліктің туын көтерген батырымыз Бауыржан Момышұлы. «Даналарды тарих толғатып, аналар туады» дегендей, ең алғашқы Бауыржанды Бауыржан еткен де өзінің елі, алтын бесігі, елдік пен кеңдікті ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жеткізе білген асыл сүйек, абзал рухты қазақ халқы. Сол халықтың бойындағы бар мінез, бар құлық, бар қасиеті, бар көрік қапысыз тоғысып қанға сіңген бір тұлға болса, ол – Бауыржан. Иә, батырды бақытты ғұмыр кешті деп айту қиын. Елу миллион адамның ғұмырын қиған екінші дүниежүзілік соғыспен қатар оның өмірі кешегі қызыл империяның салтанат құрған кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен коммунистік колонизаторлық жүйенің салқыны ер Баукеңді айналып өтпеді. Батыр Бауыржан Момышұлы қан майданнан аман-есен оралғанымен кеңестік биліктің жүйесінде көп опық жеді. Расында да Бауыржан атамыз қатар ел емес, отар елдің ұлы болған соң өз дәуірінде отаршылдық өктем саясаттан көп тепкі көрді. «Қазақта батыр көп. Әйтсе де олардың біразын ары кетсе бұрынғы Одақ көлемінде біледі. Ал Бауыржан Момышұлы әлемге танымал тұлға». Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Баукең туралы әңгіме қозғалғанда осы сөздерді жиі айтады. Ол туралы осыған дейін аз айтылып, аз жазылған жоқ. Баукең де бір беттері парақталып, ашылып жатқан кітап сияқты. Оның батырлық деңгейден анағұрлым биікте тұрғанын жазушылар мен зерттеушілер жиі айтып жүр. Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысы кезінде айрықша алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен, турашыл да қаталдығымен қазақ ұлтының атын асқақтатты. Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясын басқарған генерал Иван Васильевич Панфилов Бауыржан батальонын «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батырлардың жасағы» деп жиі айтады екен. Аты аңызға айналған батыр өткен ғасырдың ең жойқын, қиян-кескі ұрысында таңғажайып ерліктің үлгісін көрсетті. Б.Момышұлы 316-атқыштар дивизиясы Алматыда жасақталған кезде әскери шені аға лейтенант болатын. Майданда гвардия полковнигі деген дәрежеге жетті. Батальон, полк және дивизяны басқарды. Соғыстан кейін Бас штабтың академиясын бітіріп, әскери академияда ұстаздық етті. Кейін қаруын қаламға ауыстырып, бар күшін шығармашылыққа жұмсады. «Бізге Б.Момышұлының жауынгерлік ерліктері жақсы таныс. Ол жазушы болып тағы бір ерлік жасады. Меніңше, екі ерлігі де бара-бар» деп жазды Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Петр Вершигора. Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының қаламынан «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Бір түннің тарихы», «Майдандағы кездесулер», «Адам қайраты» және «Мен оларды ұмытпаймын» атты тамаша кітаптар шықты. «Ұшқан ұя» кітабына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Баукең жайлы атақты орыс жазушысы Александр Бек үш кітап жазды. Бұл кітаптар 30-дан аса елдің тіліне аударылды. Батырдың өзі: «Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қара қылды қақ жарғанда мақтайды да, боқтайды да», – дей келе, «Менің азаматтық арым таза. Атағым да, шатағым да бар кісімін ғой. Атағыма қарағанда шатағым он проценттен аспайды. Бірақ оны атағымнан асырып жіберетіндер де бар. Оған мен кінәлі емеспін. Мен жаулардан көп қорлық көрген кісімін. Ал өз халқымнан көрген қорлықты есептеп қарасам, аз емес екен», – дейді. Бауыржан Момышұлының осы сөздерінің астарында үлкен мән бар. Иә, расында да біз батырға «Кеңес Одағының Батыры» атағын Мәскеу қимады деп келеміз. Негізінде бұл мәселенің төркіні сол дәуірдегі өзіміздің, яғни Қазақстандағы басшылардың да аса зор ықпалы болғанын бүгінде біздің көзіміз жетіп отыр. Рас, Бауыржан Момышұлы Компартияға мүше болған жоқ. Бірақ «Олар халқы мен сол партияны басқарып отырғандарды сыртқы фашизмнен қорғады емес пе?» деген көкейдегі сауалдар саналы азаматтарды ойландыратыны анық. Дейтұрғанмен қай жағынан қарасаңыз да гәп сол баяғы қитұрқы саясаттың астарында жатқандығын аңғарасыз. Әйтпесе есімі бүкіл әлемге жеткен екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Б.Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағын бермеу сол кездегі биліктің тарапынан қасақана қолдан жасаған қиянаты емес пе? Тіпті елді абыроймен ұзақ уақыт басқарған тұлғамыз Д.Қонаевтың өзі батырға бұл атақты алып бере алмады. Иә, Момышұлы бұл атаққа мұқтаж емес еді. Ол сол кездің өзінде «Менің атағымды халқым әлдеқашан беріп қойған» деп қолды бір-ақ сілтейді екен. Десек те «Кеңес Одағының Батыры» деген атақты батыр дүниеден өтіп кеткеннен кейін, яғни 1990 жылы бірақ берді. Оның өзінде Қазақстан Республикасының экс-президенті Н.Ә.Назарбаевтың араласуымен берілді. Қарап бақсақ, мұның өзі үлкен ерлік. Батырдың аруағы разы болсын. Бірақ бұл жерде де өзіндік үлкен саяси астарлар жатқан екен ғой. «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» деп сол кезде Н.Назарбаев текке айтпаса керек. Батыр қалай ұлтшыл болды? Бауыржан Момышұлы 1930 жылдың өзінде-ақ «халық жауы» деп атылып кеткен Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың шәкірті еді. Ол Шымкент қаласында оқып жүргенде Жүсіпбек Аймауытов пен Тәңірберген Отарбаевтан білім алған. Қос ұстазы да сталиндік қанды террордың құрбаны болды. Одан кейін батыр Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың қарамағында хатшылық қызмет етті. Мәскеуге оқуға барғанда Тұрар Рысқұлов ағасының үйінде болды. Аталған екі қайраткер де «халық жауы», «ұлтшыл», «пантюркист», «жапон-неміс тыңшысы» деген желеумен 1937-1938 жылдың құрбанына айналды. Міне, батыр Баукеңнің жастық шағында осындай ірі тұлғалардан білім алғанын, олардың тәлім-тәрбиесінде, қамқорлығында болғанын коммунистік саққұлақтар жоғарыға жеткізіп отырған. Бұл аз десеңіз, Бауыржан Момышұлы 1942 жылы майданда жүргенде Қазақстандағы басшыларға қазақ тілінің мәселесіне алаңдап хат жазған. Тіпті жоғалып бара жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі мәселені көтеріп, биліктің бейжай қарап отырмауын өтінген. Ал бұл ұсыныс пен өтініш сол уақыттарда, яғни кеңестік билік үшін үлкен қылмыс болып саналатын. Міне, Батыр Бауыржан Момышұлы содан кейін ұлтшыл болып шыға келген. Бұл аз болғандай, Кремльдегі биліктің батырға тағы да қырын қарауына септігі тиген мынадай мәселелер болған. Соғыс жылдарының басында-ақ «Бауыржан Момышұлы Қазақстанға әскери қолбасшы ретінде барып қызмет етуі тиіс» деген мәселелер көтерілген. Бұл ұсыныстар жөніндегі мәселелер майданда жүріп Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдулиннің арасындағы алмасқан хаттардың ішінде де кездеседі. Бұл жөнінде майдандағы қазақ жауынгерлерінің жолдаған ұсыныстары Қазақстан Орталық атқару комитетіне де жеткен көрінеді. Міне, осыған алаңдаған республикадағы басшыларының нұсқауымен біреулердің тарапынан 1942 жылдан 1956 жылға дейін Бауыржанның үстінен Алматыдан Мәскеуге «ол ұлтшыл, оны елге жолатпау керек» деген мағынадағы әртүрлі домалақ арыздар қарша бораған. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, бұл арыздардың ұйымдастырылуына сол кездегі Қазақстандағы басшылардан Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасыновтардың да өз ықпалы болғанын айтады. Тіпті Жұмабай Шаяхметов зейнет демалысына шыққаннан кейінгі жылдары Бауыржанды Қызыл алаңда жолықтырып қалып, Мәскеуде әйелі екеуі тұрып жатқан пәтеріне ілестіріп апарып: «Денсаулығым жоқ, жақында ғана басымдағы ісікке ота жасатып шықтым, батыр. Сен ренжіме, кезінде сенің үстіңнен әртүрлі сарындағы арыздардың түсуімен қатар, Қазақстаннан шеттетуге біздің де ықпалымыздың әсері болып еді», депті деген мәліметтерді бізге ғалым жеткізіп отыр. Бұл сөзді Мекемтас Мырзахметұлы батыр Бауыржанның өз аузынан естіген. Әрине, бұл пікірлерге біржақты қарауға бола ма, болмай ма, ол оқырманның өз еркі. Десек те бұл ақпаратты жеткізуші ғалым Мекемтас Мырзахметұлының көзі бүгінде тірі. Тірі шежіре іспеттес ғалымның Батыр Бауыржан туралы айтары әлі де көп. Батырдың өзіне лайықты атағын өз дәуірінде алмауының тағы да бір себептері бар. Белгілі жазушы, майдангер Ә.Нұршайықов: «Баукеңнің генерал болуына оның бойында екі элемент жетіспеді. Ол табыну мен жағыну», – деген екен. Иә, мінез әркімде де бар. Ол табиғаттың заңы. Сондықтан да «мінез шіркін қандай кер зыңданға тықсаң да қарғып шықпай тұра алмайтын жаннан безді қиқар кісідей ғой» деп бұрынғы даналарымыз текке айтпаса керек. Міне, батырдың кер қоғамға сыймағандығының бірі осы өр мінезінде жатқан сияқты. Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар