Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасылық құндылық туралы ой бөлісті

Отбасылық құндылық туралы ой бөлісті
ашық дереккөз
Отбасылық құндылық туралы ой бөлісті
Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп-ержететін, тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға келмейді. Жуырда «Тараз-Ғасыр», Тараз сервис және технология колледждерінде студенттердің қатысуымен «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» атты кездесу ұйымдастырылды. Жиынның мақсаты – жастардың отбасы туралы бiлiмдерiн толықтыру, отбасы құндылықтарының маңызын дәріптеу. Басқосуға облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы, психолог, ақын Марал Хантөреқызы және көпбалалы ана, іскер ханым, «Асыл Арман» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жәмила Донбаева қатысты. Келелі кездесулерде студенттерге отбасы құндылықтары, салт-дәстүрлердің маңыздылығы, сыйластық жайлы бағалы кеңестер айтылды. – Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда отбасыларымызды құрметтеп, сыйлап, өнегелі етуге тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-анаңның алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің отбасыңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау – өз болашағыңды сақтау деген сөз. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр, – деді Ринат Даниярұлы. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болғандықтан спикерлер білімгерлермен өте қызықты сұхбат жүргізді. Жастар өз кезегінде ойларын ашық айтып, көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап алды. A.БЕКЕНҚЫЗЫ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар