Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖЕР ИЕЛЕРІ ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН БІЛУІ ТИІС

ЖЕР ИЕЛЕРІ ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН БІЛУІ ТИІС
ашық дереккөз
ЖЕР ИЕЛЕРІ ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН БІЛУІ ТИІС
Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтарға жекеменшікке жер алу құқығы бекітілген. Мұның өзі жекеменшіктегі жерді пайдаланумен қатар, қоғамдық игілікке де қызмет ету талабын жүктейді. Бұған қоса жерді пайдаланудың шарттары мен тәртібі жер заңнамасында нақты айқындалған. Жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі құқықтарды жүзеге асыруы жерге табиғи ресурс ретінде және қоршаған ортаның өзге де объектілеріне, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірмеуге тиіс. Сондықтан жер иелерінің өз құқықтары мен міндеттерін білуі өзекті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Алмас Тоқсанбаев брифинг өткізіп, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану жөніндегі міндеттері туралы баяндады. Спикердің айтуынша, жер реформасы еліміз егемендік алған өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастау алады. Орталықтандырылған жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу процестері кезінде жер ресурстарын нарық қатынастарына бейімдеу шаралары күні бүгінге дейін жалғасып келеді екен. – Жерге жекеменшік құқығы туралы көптеген азаматтардың түсінігі жаңсақ болғандықтан жекеменшік пен жер пайдалану (жалға беру) құқықтары туралы дұрыс ақпараттандыру өзекті мәселе. Жалпы жекеменшік дегенде ел арасында жерді жекеменшікке алған тұлға сол жер учаскесін өз қалауына пайдаланып, ал сол жерде атқарып жатқан жұмысы бақылаусыз болады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жерге алынған құқық түріне қарамай, жер заңнамасының нормалары бойынша, жерді игеру және пайдалану міндеттері бірдей және бұл міндеттер ҚР Жер кодексінің 65-бабымен заңдастырылған. Осы баптың нормаларында көрсетілгендей, жалға алушы немесе жер иесі алған жерінің нысаналы мақсатын өз бетінше өзгерте алмайды және жерді күтіп ұстауға міндетті. Сонымен қатар бап тармақтарындағы басқа да міндеттерді орындауға жерге табысталған меншік құқығына қарамастан бірдей екендігін байқауға болады. Жинақталған тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда жерге жекеменшік алған кейбір тұлғалар заңның осы нормаларын білмегендіктен жер учаскесінде заңсыз құрылыстар немесе жердің нысаналы мақсатына жатпайтын басқа да қызмет түрлерін өз бетінше жүргізіп, әкімшілік жазаға тартылады. Жер заңнамасындағы жоғарыда аталған 65-баптың нормалары бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Жер учаскелері меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану жөніндегі міндеттерді орындамауы» туралы 339-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, тиісті әкімшілік шара қолданылады, – деді Алмас Мәуленұлы. Баяндамашы өз сөзінде қолданыстағы заңнамаларда мақсаты бойынша пайдаланылмаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою тәртібі қарастырылғанын айтты. Бұл жағдайда заң бұзушы жер иесі немесе жерді жалға алушы тұлға әкімшілік шара қолданылғаннан кейін нұсқамаға сәйкес заңбұзушылықты жоймаса, яғни міндеттерін орындамаған жайдайда жер учаскесі құқық түріне қарамастан мемлекет меншігіне мәжбүрлеп, яғни сот арқылы қайтарылады екен. Бүгінгі күнге ҚР Президентінің 2022 жылдың 28 наурызындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 5 миллион гектар пайдаланбаған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау барысында облыста былтыр 203 мың гектар, осы жылы 201 мың гектар пайдаланбаған немесе ҚР жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жерлер мемлекет иелігіне қайтарылған. Яғни жерге құқық тапсырылғаннан кейін міндеттемелерін орындамау, оның ішінде жерді пайдаланбау бұзушылығы бойынша жерді қайта мемлекет меншігіне қайтарылатындығына жер иелері мен жер пайдаланушылар көз жеткізді. Сондықтан жерді жалға немесе жекеменшікке алған тұлға жер учаскесін пайдаланудағы міндеттерді сақтау және орындау қажеттігін білуі абзал. Азаматтардың осы заң нормаларынан хабардар болуы арқылы жер мемлекеттің басты байлығы екенін және мемлекет еш уақытта жерді бақылаусыз қалдырмайтындығын естен шығармау қажет. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Жамалбек Асембаев та тақырып аясында баяндама жасады. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар