Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ашық диалог алға бастайды

Ашық диалог алға бастайды
ашық дереккөз
Ашық диалог алға бастайды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа қызметке тағайындалған уақытта республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, әрқашан ашық диалог орнатуға дайын екендігін айтқан болатын. Тіпті дәстүрлі түрде тоқсанына бір рет журналистермен жүздесіп, еркін форматта сыр-сұхбат құруды да ұсынған еді. Айтылған сөз – атылған оқ. Кеше аймақ басшысы Шерхан Мұртаза атындағы тарихтану және руханият орталығында сала мамандарымен кезекті рет дидарласып, емен-жарқын ой бөлісті. Басқосуға белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт модераторлық етті. Жиында Ербол Шырақпайұлы алдымен өзі және отбасы туралы тарқата айтып, көпшілікті еңбек жолынан хабардар етті. Мемлекеттік қызметке 1998 жылы келгенін, ең алғашқы жалақысы 4 700 теңге болғанын жеткізді. Уақыт – зымыран. Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына да осы айда 100 күн толыпты. Өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы осы мерзім ішінде атқарылған, қолға алынған жұмыстарды, алдағы жоспарларды, өзекті мәселелерді атап өтті. Кездесуде облыс әкімі жуырда ғана өңірде жарияланған төтенше жағдайға айрықша тоқталып, жергілікті билік құзырлы органдармен бірлесе сын сағатта нақты шешімдер қабылдағанын айтты. Сондай-ақ өңірге инвестиция тарту, балықшаруашылығын, ауылшаруашылығын, оның ішінде егіншаруашылығын әртараптандыру мәселелерін қозғап, аграрлық саладағы басымдықтарды атады. Бұдан бөлек әлеуметтік саладағы түйткілді мәселелерге мән берді. – Құрметті БАҚ өкілдері, біз сіздермен аймақтағы жақсы істерді халыққа жеткізуде бірлесе жұмыс істеп келеміз. Әрине, кемшіліктерді де жасырмаймыз. Журналистер облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және индустриялық-инновациялық дамуына зор үлес қосуда. Сіздер үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқырманға мазмұны терең, тақырыбы тың материалдар ұсынып жүрсіздер. Сондықтан қашанда ақиқаттан айнымайтын ақпарат өкілдеріне алғысымыз шексіз. Бүгін өздеріңізбен емен-жарқын әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға дайынмын, – деді облыс әкімі. Өз сөзінде аймақ басшысы Әулиеата өңірі жерасты суына өте бай екенін, осы артықшылықты пайдалануды уақыт талап етіп отырғанын тілге тиек етті. – Қант қызылшасын өндіруді одан әрі дамытуымыз керек. Осы бағытта инвесторлар тартып жатырмыз, ең маңыздысы осы. Үш айда 30-ға жуық инвестормен кездесу ұйымдастырдық. Одан бөлек дәнді дақылдар, бұршақты дақылдар өсіру қолға алынды. Орта және шағын бизнесті де қолдау күшейеді. Таразда 5 жұлдызды қонақүй ашу да ойда бар. Қонақүй өзін-өзі ақтауы үшін туризмді дамытуымыз қажет. Осы секілді игі істерді жүзеге асырудың маңыздылығы айрықша, – деген Ербол Шырақпайұлы облысымызда балық өндірісінің де әлеуеті зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар Е.Қарашөкеев өңірде мыс, темір, фосфор сынды қазба байлықтарға да бай екенімізді және облыс экономикасын әрмен қарай осы бағытта да дамыту керектігін айтып өтті. Кездесудің пікір алмасу бөлімінде алғашқылардың бірі болып Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов сөз сөйледі. Өңірдегі жүн өңдейтін өндіріс орындарын жандандырсақ деген көкейдегі ойын айта келе, аудандағы БАҚ өкілдерін де осындай ірі жиындарға қатысуын қамтамасыз ету керектігін жеткізіп, журналистикадағы басшы кадрларды республика көлемінде оқытып тұруды ұсынды. Ал республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы облыстық мемлекеттік архивтің әлі күнге ескі ғимаратта отырғандығын, дәл қазір ішіне құжат сыйдыратын орын жоқ екенін айтып өтті. Оған қоса «Ұлы дала» ықшамауданында облыстық мемлекеттік архив ғимаратын салуға жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып қойғанымен әлі күнге құрылыс жұмыстарының қолға алынбай отырғанына қынжылыс білдірді. Өз кезегінде аймақ басшысы жақын күндері облыстық архивке барып, жұмысымен, қазіргі жай-күйімен танысып шығатынын әрі жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарын назарға алатынын жеткізді. «Салық тәртібі» ЖШС бас директоры, журналист Ғалым Қасабай жекелеген редакцияларға да облыс әкімінің көзқарасы оң болса деген тілегін жеткізді. «31 телеарнаның» облысымыздағы меншікті тілшісі Нұрадин Рақай өзекті сұрақ қойды. – Сын айтатын журналистердің бірі менмін. Бірақ сыным шын болсын деген қағиданы ұстанамын. Жүз күннің төңірегінде жұртты жылы істеріңізбен қуантып жатырсыз. Алайда билік пен БАҚ-тың ісі ұштаспай жатса, оның несі идеология? Деректерге сүйенсек, өңір халқының 96 пайызы ауызсумен қамтылыпты. Іс жүзінде нақты осындай екеніне күмәнім бар. Мәселен, Мойынқұм ауданында Ақсукент, Шығанақ ауылдары бірнеше жылдан бері ауызсусыз отыр. Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, ауызсу жүйесі жүргізілген. Бірақ ол маңда жерасты су қоры жоқ. Яғни миллиардтаған қаржы далаға кетті деген сөз, – деп сауалын жеткізді. Қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, облыс басшысы сынға дұрыс қарайтынын жеткізді. Билік пен журналистер арасында сын болғаны дұрыс деген ойда екенін айтты. Белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық Тараздың құрылыс саласындағы басшы кадрларды жемқорлық істерге қатысы бар деген күдікпен қамай берсек, алдағы уақытта салаға білікті кадр келмейтінін тілге тиек етті. Және мұндай істе құзырлы органдардың үнемі қала әкімдерін айналып өтіп, орынбасарларды ғана күдікке ала беретініне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ ол өңірдегі мал санына, жайылым мәселесіне де қатысты азаматтық пікірін білдірді. Аймақ басшысы өзі қызметке кіріскелі мемлекеттік тапсырыстарды «бір көзден» сатып алуды тоқтатқандығын айтып өтті. Ардагер журналист Қуаныш Иембердиев облысымызда бірнеше жыл бұрын құрылған «Тараз» арнайы экономикалық аймағының әлі күнге толыққанды жұмыс істемей тұрғанын, ал іргедегі Шымкент қаласының төңірегінде жиырмаға жуық индустриялық парк өз жемісін беріп келе жатқанын айтты. Ал Тараздағы А.Асқаров көшесінің соңындағы түрме сол маңдағы тұрғындардың сорын қайнатып отырғанына да назар аудартты. Яғни жазасын өтеушілерді байланыспен шектеу үшін ұялы байланыс желісін «тұншықтыратын» технология тұрғындарды да «қамтып», олар телефонмен сөйлесуден қалған. Аймақ әкімі бұл түйткілді де қағазға түртіп алып, зерделеуді тапсыратынын жеткізді. «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Галина Скрипник «Зербұлақ» көлінде ақылы демалыс аймағы ашылғалы тұрғындар бұрынғы тегін көлден айырылып қалғанын мәселе етіп көтерді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаеви жақында аралас жекпе-жектен UFC чемпионатында топ жарған сарысулық Асу Алмабаев сынды саңлақтарға лайықты құрмет көрсетілуі керектігі жөнінде ойын жеткізді. Ал «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Сәбит Әлдебай алтын өндірісіне қатысты пікір бідірді. Себебі соңғы заңнама бойынша, белгілі бір мөлшерде өз бетінше кен орнын қазып, алтын өндіріп нәпақа табуға болады екен. Бірақ құзырлы орган қызметкерлері оларды «рұқсатсыз алтын қазып жатырсың» деп заңмен қудалап, мазаларын алып жүрген көрінеді. Заңға сеніп, артынша жазықсыз жазаға тартылып жатқандар да бар. Аймақ басшысының назарына осы мәселеге көңіл бөлуін жеткізді. Ал «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл журналистерге Шерхан Мұртаза атындағы сыйақы тағайындау жөнінде ұсыныс білдірсе, «Жас Алаш» газетінің тілшісі Нұрболат Әлдибек облысымызда көлік зауыты ашыла ма деген сауал тастады. «AR-AI» облыстық жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай қарт Қаратау мен Алатаудың Әулиеата өңіріне тиесілі баурайындағы қызғалдақтар облыстың брендіне айнала алмай тұрғанын айтып, осы бағытта фотоэкспедиция ұйымдастыруға көмек сұрады. Сондай-ақ өңірдің туризмін кластерлік жүйемен дамыту ісін жандандыруды, яғни әуежай, автобекет, теміржол бекеті сынды қонақтар көп жүретін жерлерге жарнамалық тақталар, мониторлар іске қосуды ұсынды. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға жауап беріп, ақпараттық ашықтықты ұстануда жұмысты жүргізудің алгоритмі бекітілетінін жеткізді. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар