Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШАВКАТ БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗЕКТІ ШЫҢ

ШАВКАТ БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗЕКТІ ШЫҢ
ашық дереккөз
ШАВКАТ БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗЕКТІ ШЫҢ
Бұрын аралас жекпе-жек спорты қазаққа таңсық көрінгені рас. Ал қазір қазақстандық спортшылар аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-те табысты өнер көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Мәселен, октагонда жасындай жарқылдап жүрген Сергей Морозовтың, талантымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген Мария Агапованың, жерлесіміз, болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған жас файтерлердің бірі – Асу Алмабаевтың есімі бүгінде әлемдегі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Сонымен қатар UFC-те әлі күнге дейін жеңілістің ащы дәмін татып үлгермеген Шавкат Рахмоновты басқалардан бөле-жара атап өтуге болады. Жуырда қазақтың оғлан ұлы октагонда кезекті рет жеңіске жетіп, АҚШ төрінде көк туымызды желбіретті. Тәуелсіздік күні қарсаңында Шавкат Рахмонов Лас-Вегастағы UFC 296 турнирінде өнер көрсетті. Отандасымыздың қарсыласы – атақты UFC жауынгері Стивен Томсон. Жалпы америкалық спорт­шы карьерасында 24 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлаған. Кездесуге дейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілде­ріне сұхбат берген Стивен Томпсон Шавкаттың оңай шағылатын жаңғақ еместігін, дегенмен өзінің әлдеқайда мықты екенін айтып, қазақстандық спортшыны қалпақпен ұрып алатындай сыңай танытты. «UFC бізге жартылай орта сал­мақ рейтингінде менен бір бас жоғары тұрған Шавкатқа қарсы жекпе-жек ұсынған еді. Шавкат – біздің промоушендегі ең қауіпті спортшылардың бірі. Әлі жеңілмеген. Кездесулерінің барлы­ғын мерзімінен бұрын аяқта­ған. Өте мықты және қайсар жігіт. Алайда Шавкат қазірге дейін мен сияқты мықты файтерлермен жұдырықтаспады. Мен Шавкатты оңай сабаймын да титулдық кездесу өткіземін. Төрешінің менің қолымды көтергенін көресіздер. Әлі чемпиондық белбеуге таласа алатынымды өзіме дәлелдейтін уақыт келді деп ойлаймын», деп пікір білдірген болатын Стивен Томпсон. Ал қазақстандық спортшы әдет­те­гідей біртоға, сабырлы мінезінен айнымай, кімнің мықты екенін октагон көрсететінін айтты. Октагонға шыққанға дейін-ақ «жеңіс тойын» тойлап қойған Стивен Томпсонның әуселесі кездесудің алғашқы минуттарында-ақ байқа­лып қалды. Бірінші раундтың орта тұсынан асқанда Шавкат белсен­ділігін арттырып, қарсыласын біраз тықсырып бақты. Бірінші раунд толықтай отандасымыздың басымдығымен өтті. Тартысқа толы жекпе-жектің екінші раундының аяқталуына санаулы секунд қал­ған­да Шавкат Рахмонов сегіз бұрышты айнала қашып жүріп-ақ әбден қалжыраған қарсыласына қылғындыру әдісін қолданып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша отандасымыз жеңіліссіз сериясын (18-0) жалғастырды. Сонымен қатар Шавкат Рахмонов айтулы лигадағы алтыншы айқасын мерзімінен бұрын аяқтады. Жалпы UFC-тің тарихында жартылай орта салмақта қатарынан алты жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңіске жеткен спортшы әзірге тек Шавкат қана. Жекпе-жектен кейін Шавкат қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, өз салмағындағы бел­діктің жеңімпазымен жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді. «Жеңіске жеткенім үшін қуаныш­тымын! Ең алдымен, Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттық­таймын! Енді титулға күресуге әбден лайықпын. Эдвардс – Ковингтон кездесуінің жеңгенімен төбелесемін деп ойлаймын», деді Шавкат. Барлық бәсеке аяқталғаннан кейін журналистерге сұхбат берген UFC басшысы Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Стивен Томпсонның жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, Шавкаттың шеберлігіне таңғалғанын жеткізді. Сондай-ақ Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Стивен Томпсон жекпе-жегінің тартысты әрі тосынсыйларға толы болғанын айтты. «Шавкат мені басында шатас­тырды. Ол тік тұрып күресудің орнына грэпплингке көшті. Бірақ кейін ол бұрын-соңды нокаутқа түспеген Wonderboy-ды тұншықтырды. Оның шеберлігіне таңғалдым», деді Уайт баспасөз мәслихатында. Айта кетейік, Шавкат Рахмонов жекпе-жекке шыққаны үшін 150 мың, жеңіске жеткеніне тағы 150 мың және демеушілерден 6 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы алды. Бұған дейін де бірнеше мәрте әйгілі промоутерлік компанияда сынға түскен жерлесіміз дәл осындай қомақты сыйақы алған емес. Ал «MMA Salaries» мәліметі бойынша, Томпсонның жекпе-жектегі табысы 416 мың долларды құраған. 400 мың доллар жекпе-жек үшін және демеушілер тарапынан ынталандыру үшін 16 мың доллар берілген. Осылайша Шавкат Рахмонов тағы бір мәрте сегіз бұрышта мықты­лығын дәлелдеп, Тәуелсіз­дік күнінде қазақ еліне ерекше сый жасады. Өз кезегінде қазақстан­дықтар да спортшыны жарқын жеңісімен құттықтап, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та атақты спортшыны жеңісімен құттықтап, алдағы турнирлерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі. «Telegram» каналында министр: «Еліміздің Тәуелсіздік күнінде таң азанымен АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Аралас жекпе-жектегі ел мақтанышы Шавкат Рахмонов бүгін UFC-те кезекті айқасын өткізіп, қазақ елін тағы бір жарқын жеңісімен қуантты. Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!» – деп жазды. Жиырма тоғыз жасында-ақ жа­нар­таудай жалындап, қарсылас­тарының барлығын қоғадай жапырып келе жатқан қазақстандық спортшы­ның UFC титулын қанжығасына байларына сенімдіміз. Бақытжан БЕКБОЛАТОВ, журналист, Жуалы ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар