Жаңалықтар
Облыс әкімі «Тараз» триосының 50 жылдық мерейтойымен құттықтады
- author AR-AY
- 21 желтоқсан, 2023
- 239
Облыс әкімі «Тараз» триосының 50 жылдық мерейтойымен құттықтады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев атақты «Тараз» триосының 50 жылдығына арналған «Алатаудан басталған әуен» атты мерекелік шараға қатысты.
К.Әзірбаев атындағы облыстық филормонияның «Баласағұн» орталық концерт залында өткен мерекелік жиынға келген қонақтар алдымен фойеге қойылған шығармашылық ұжымның ескірмес естеліктерін тамашалады. Мұндағы фотосуреттер мен мазмұнды мақалалар өнер иелерінің өткен өмірінен сыр шертеді.
Аймақ басшысы шығармашылық ұжымды мерейтойымен құттықтап, өнер иелеріне қалың тыңдарманның қошеметі шексіз екенін атап өтті.
- Қасиетті Әулиеата өңірі ақындар мен жыршылардан, күміс көмей әншілерден кенде емес.
Олардың қатарында «Тараз» триосының орны ерекше. Киелі Әулиеатаның мәдениетін дүйім елге танытқан «Тараз» триосының құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр.
Алғашында «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында жасақталып, «Тараз» триосы атауымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген өнер иелері осынау ғұмырлық белесте республикада танымал болды. Трио тарихи шаһардың символына айнала білді.
Елу жылда өз болмысын жоғалтпаған трио әуезді әнімен әлі де көпшіліктің қошеметіне ие болып келеді.
Бүгінде жамбылдық өнерпаздар арасындағы ұрпақ сабақтастығы үзілмей, жасай береріне сенім мол, - деген Ербол Қарашөкеев ізгі лебізін жеткізді.
Мұнан соң, «Алатаудан» басталған әуен» атты кітап пен музыкалық флэш-диск жинақтың тұсауы кесілді.
Шарада «Тараз» триосының 50 жылдығына арналған өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Келесі мақала