Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

4 мың жыл бұрын тасқа түскен таңғажайып таңбалар

4 мың жыл бұрын тасқа түскен  таңғажайып таңбалар
ашық дереккөз
4 мың жыл бұрын тасқа түскен таңғажайып таңбалар
Қарт Қаратаудың қойнауы мен оның жан-жаққа тараған сілемдеріне орналасқан Талас ауданы түрлі қазба байлықтан басқа тарихи орындарға да толы. Мұнда алғашқы қауым адамдары өмір сүріп, тіршілік еткен. Олар шақпақ тастан қарапайым құралдар жасап, күнделікті қоректерін тапқан. Жетпіс жыл бұрын мектепте өтетін «Кеңестік тарих» пәні оқулығы бағдарламасынан ертеде өмір сүрген адамдардың қолынан шыққан қарабайыр құралдардың суреттерін көріп, тамашалағанымыз есте. Сөйтсек, дәл сондай тастан жасалған тұрпайы пышақ пен шапқы сияқты дөрекі құралдың бәрі біздің аудан аумағында жатқан болып шықты. Байырғы адамдар оларды дайындауға кремень, кварцит, обсилиан, сланец пен холцедон сияқты қатты тастарды пайдаланған екен. Оны көп өңдеудің қажеті жоқ. Бір-біріне ұрса болды, сынықтарының өзі пышақтай қырлы, өткір болып келеді. Бұл архефакттар бұдан 300-400 мың жыл бұрын өмір сүрген алғашқы адамдар тіршілігінен көрініс береді. 1961 жылы Ақкөлден Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына шығаберістегі тасжолдың оң жақ етегіндегі жота бойын шұқылап жүрген бейтаныс адамдарды көргеніміз бар. Сөйтсек, олар Қазақ Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының арнайы мамандары болып шықты. Археологтар сол жерден шақпақ тастан жасалған пышақ, балға түрлерін тапқан. Осыған ұқсас құралдар палеолит дәуірінің көне ескерткіштері – Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтарынан да кезіккен. Әлгіндей жәдігерлер Ақкөл ауылы маңындағы Қызылрысбек қонысынан да шыққан. Бірегей жәдігерлердің маңыздылығы соншалық, бүгінде олар Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының археология музейінде сақтаулы тұр. Кейінірек осы зерттеулер нәтижесі жайлы деректермен танысқанда Талас өңірі адамзат өркениеті ошағында алғашқы жылт-жылт еткен оты жағылып, ілкі тіршіліктің қара қазаны қайнағанын білдік. Әлем өркениетінің бір ошағы болған қарт Қаратау өткен дәуірден қалған сан алуан құнды жәдігерлерге де аса бай. Байырғы ата-бабаларымыз осыдан төрт-бес мыңжылдық бұрынғы тіршілік-тыныстары туралы тасқа түсіріп кеткен іздері сақталған. Қаратау шатқалдары мен жоталарында сол заманнан қалған көне петроглифтер, міне, соның айғағы. Жәдігерлерді жұртқа алғаш жария еткен Жолтаев Тарихта көп назарынан тыс жатқан қазына көзін кейде сол саланы зерттеп жүрген арнайы маман емес, қарапайым адамдардың ашқаны жайлы мысалдар көп. Мәселен, қазіргі Қарағанды көмір бассейніндегі көмірді алғаш ашқан Аппақ Байжанов деген қазақ. Ол мал бағып жүргенде кейде от жағып, сүт пісіреді. Қолдан жасалған ошақтың жан-жағына суыр інінен шыққан қара тастарды қалап, оттың үстіне шәугімді қояды. Уақытша ошақтың шет-шетіне қамзау ретінде қаланған әлгі тастар кенет жана бастайды. Аппақ олардың бірнешеуін ауылға әкеледі. Оны пеш астына салып көрген ұста қызуының қолдан жасалған көмірден әлдеқайда өткір екенін байқайды. Бұл хабар уездегі патша чиновниктерінің құлағына жеткен соң арнайы мамандар шақыртылып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша Қарағанды көмір бассейні өмірге келген. Ол бүгінде еліміздің негізгі отын базасына айналып отыр. Бүгінгі әңгіме жерасты кен көзі байлығы емес, Қаратаудың төменгі сілемдерінде ондаған ғасырдан бері сырын бүгіп жатқан петроглифтердің бар екенін жұртқа тұңғыш жария еткен жан жайлы болмақ. Әрине, туған жер төсіндегі таңбаларды одан бұрын да көптеген адам көргені анық. Бірақ олардың бірде-бірі тасқа салынған түрлі аңдардың, үй жануарларының, адамдардың суреттерін көрсе де оған бәлендей мән бермеген. Оның бірі – «әлдебір еріккеннің ермегі» деп топшыласа, екіншісі – «бала-шағаның шимай-шатпағына» балап келген. Солардың арасында халықтың көнеден жеткен асыл мұрасына бейжай қарамай, жанашырлық танытқан, шыр-пыры шығып ғалымдар назарына ұсынған жалғыз жан болды. Ол – Қаратау қаласының іргесіндегі Тамды ауылының тумасы Шымырбай Жолтаев деген азамат. Осында өсіп, еңбек етті. Отызыншы жылдардың соңы мен қырқыншы жылдардың басында өмірге келген көп бала соғыстың зардабынан, сол замандағы тіршіліктің тауқыметінен мектепті де толық оқи алмады. Олардың кейбірінің әкелері ұрыс даласынан оралмай жетім өсті. Сондықтан еңбекке ерте араласып, колхоздың ауыр жұмысына жегілді. Біздің кейіпкеріміз – соның бірі. Шымырбай есін жияр-жимаста мал бақты. Еті тірі бала өздігінен алға ұмтылып, көштен қалмады. Электрик мамандығын меңгеріп, нанын тауып жеді. Сөйтіп, өмірдің сүрлеуіне ілесті. Санасы сара, көңілі ояу, пысық жігіт төңірегінде болып жатқан оқиғаларға ойлы көзбен қарап, өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп жүрді. Тасқа түскен суреттерді көрген жігіт оны құр тамашалап қана қоймай, сол таңбалардың сырын білуге ерекше ынта-ықылас танытты. Жартас бетіндегі бедерлердің қай заманда, кімдердің қолымен жасалғаны жайлы ойға шомды. Әттең, құпияның кілтін ашуға білім дәрежесі, шама-шарқы жетпей қиналғаны бар. Әйткенмен күнделікті баспасөзде шығып жатқан еліміздің тарихы туралы жазылған мақалаларға мұқият назар аударды. Алайда олардың дені Қазақстан аумағындағы ортағасырлық қалалар орнында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары төңірегінде өрбитін. Қазан революциясы жалауын көтергенге дейін қазақтарда мәдениет болмаған деген үзілді-кесілді тұжырымға келген кеңестік ғылымның үстемдік құрған дәуірінде қазақ оқымыстылары орта ғасырлардағы тарихты зерттеуге мүмкіндік берілгенінің өзін дәтке қуат санады. Ал жартасқа түскен ежелгі суреттер жайлы тақырыпқа түрен салынбаған кезең. Бәлкім, ол жайлы зерттеулер Ғылым академиясының археология мәселесіне арналған «Ғылым жаршысына» шығуы мүмкін. Бұл басылыммен тек шектеулі адамдар ғана таныс. Сондықтан Шымырбай газет-журналдарды қаншама шұқшиып оқығанымен өзін толғандырған сұрақтарға жауап таба алмай тосылды. Сексенінші жылдардың соңына қарай ол бірде Талас аудандық газетінің редакциясына бас сұқты. Көп жылдан бері өзін толғандырып жүрген жайды бізге жайып салды. Тыңдаушысы табылған соң әңгіме тығыны ағытылды. Шымырбай 1959 жылы «Тамды» совхозында мал баққан. Күн сайын қойды өріске шығарып жүргенде Ақкөл ауылы мен Қаратау қаласының (ол кезде Шолақтау жұмысшылар кенті) аралығындағы ирелеңдей созылған жота бойындағы қия жартас беттерінен түрлі аңдардың суреттері бейнеленген тастарды көп кезіктіріп, қызықтайды. Оған қоса сол маңнан өзіне таныс емес құпия жазуы бар тасты да ұшырастырған. Әр нәрсені білуге жаны құштар жігіт осы көргендерінің сырына үңілуге талпынады. Жылдар жылжып өтсе де әлгі көрініс көз алдынан кетпей мазалай береді. Араға жиырма жыл салып өзінің баяғы көргендері жайлы Қазақ КСР-і Ғылым академиясына хат жолдауды жөн көреді. Көп ұзамай жауап та келеді. Әңгіме оқырманға ұғынықты болу үшін сол екі хаттың мәтінін өзгертпей, сол қалпында ұсынып көрейік: Қымбатты Ғылым ордасының қызметкерлері! Сіздерге осы хатты жазып отырған себебім, мені көне тарих, оның ішінде қазақ халқының тарихы қатты қызықтырады. Мен Қаратау өлкесінің тұрғынымын. Өзім білетін, бірақ Қазақ совет энциклопедиясына кірмей қалған тарихи мәні зор «Таңбалы тас» (суреттер, жазулар, есептер) туралы айтпақ едім. Демек, мен білетін бұл үлкен галерея сіздерге беймәлім. 1959 жылы өзім тұратын «Шолақтау» совхозының малын баққан едім. Сол кезде белгісіз, бейтаныс жазумен жазылған бір жалпақ тас көрдім. Көшірмесін түсіріп, сіздерге жіберу үшін сол тасты биыл іздеп барып таппай қайттым. Әрі атүсті асығыс барған едім. Дегенмен сол тасты іздеп жүргенде жартас бетіне түсірілген көптеген суретке кезіктім. Оның ұзын санын айта алмаймын. Әйтеуір өте көп. Кейде бір, кейде екі-үш қатар жотаның етегін алып, бірнеше шақырым жерге созылып жатыр. Өзім айырып, ажырата алмаған суреттерден басқа төрт түлік мал түгел бейнеленген. Арқар, таутеке, шошқа, қоян, құс аулаған аңшылар анық байқалады. Қолдарына таяқ, садақ ұстаған аңшылар көрінеді. Атқа, түйеге мінген адам бейнесі салынған. Өкінішке қарай, сол суреттердің үстінен бастырып адам атын, тегін, туған жылдарын жазып тастаған. Көптеген бедерлердің уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқаны байқалады. Тасқа түскен байырғы таңба-суреттер біржолата өшпей тұрғанда бейнесін қағазға көшіріп, суретке түсіріп алса, ата-бабадан қалған асыл мұраларымыз кейінгі ұрпаққа жетер еді деген ойдамыз. Жолтаев Шымырбай, Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Шолақтау» көкөніс-сүт совхозы 2.VІІІ.1979 жыл Арада екі апта өтпей жатып академиядан жауап та келеді. Сол кездегі тәртіп бойынша еңбекші хатына сондай мерзімде үн қату үрдісі қатаң сақталатын. Онда: Қымбатты Жолтаев Шымырбай! Сіздің бізге жіберген хатыңызға көп рақмет. Сіздің өз халқыңыздың тарихы мен туған өлкеңізді мекендеген көне жазулар мен бейнелерді зерттеумен шұғылданғаныңыз бізді өте қуантты. Сіздің осы таңбалы тастардағы суреттерді зерттеу және оларды сақтау туралы ой-пікіріңіз бізге әбден ұнады. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Шолақтауды біз түгелдей зерттедік. Сол жерде біздің археологтар болып қайтқан. Сіз айтып отырған тастағы суреттер мен бейнелер түгелдей зерттеліп, көптеген жерлерде жарияланған. Кейбір сіз тапқан суреттер мен бейнелердің біразы назардан тыс қалып қоюы мүмкін. Сондықтан олар біз үшін үлкен олжа. Сіздің ауданға экспедиция жіберген кезде біздің мамандарға көмек көрсететініңізге күмәніміз жоқ. Сіздің белгісіз жазу туралы мәліметтеріңіз бізді өте қызықтырады. Сондай жазулар мен бейнелер қазақ халқының көне мәдениетін зерттеуде үлкен үлесін қосатындығына сеніміміз зор. Егер де сіз сол тасты тауып, ондағы жазудың көшірмесін түсіріп, тасты сақтап қалсаңыз өте жақсы болар еді. Бәлкім, ол таста мынадай көне түрік әріптері жазылған шығар (ғалым бұдан әрі ескі Орхон-Енисей және Талас сына жазулары нұсқаларына жататын бірнеше әріп үлгісін қағазға түсірген). Жіберген хатыңызға тағы да көп рақмет. Сізден жаңа табыстар туралы жазылған хаттар күтеміз. Сізге тағы бір өтініш. Сіздің ауданда аудандық тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау қоғамы болуы керек. Сіз сол табылған объектіні қамқорлығына алуы туралы өтініш білдірсеңіз. Үлкен құрметпен сізге хат жазушы Тарих, археология және этнография институтының Археология музейінің директоры – Байпақов К.М. 14.ҮІІІ.1979 ж. Хатқа қол қойған Карл Байпақовтың есімі сол кездің өзінде тарих ғылымы көгіне дүркіреп шыға бастаған. Алғаш алпысыншы жылдардың орта шенінде ежелгі Құлан қаласы орнын зерттеп көпке танымал болған жас ғалым кейін Қазақстанның атақты археологтарының қатарына қосылып, академик дәрежесіне қол жеткізді. Сол хатта Карл ағамыздың «Шолақтауды түгел зерттедік. Сол жерде біздің археологтар болып қайтқан. Сіз айтып отырған тастағы суреттер мен бейнелер зерттеліп, көптеген жерлерде жарияланды... Олардың біразы назардан тыс қалып қоюы мүмкін...» деуінің өзіндік себебі де бар. Өйткені 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының жетекші ғалымы Хасен Алпысбаев басқарған Қаратау неолит отряды Талас ауданы аумағындағы палеолит және неолит мекендерін тұңғыш зерттеп, біздің заманымыздан бұрынғы 6-4 мыңжылдықтарда өмір сүрген тұрақ-жайларын анықтап, олардың қайрақ тастан жасалған түрлі құралдарын тапқан. Сол сияқты осы өлкені мекен еткен ежелгі адамдардың жабайы түйе мен жылқы, керқұлан аулағанын дәлелдеген. Өкінішке қарай, Х.Алпыспаевтың әлгі кітабында Шымырбай көрген тастағы таңбалар жайлы дерек жоқ. Осы хат қолына тиген соң Шымырбай баяғы жас кезінде өзі шарлаған жерлерге қайта барады. Бірақ тастағы беймәлім жазуларды көре алмаған соң ғылым ордасына хабарласпаған. Аудан көлемінде ежелгі ескерткіштерді қорғаумен айналысатын қоғам жұмысы көзге түспеді. Содан кейін оның бастапқы өрекпіген көңілі бәсең тартқан сыңайлы. Сөйтсе де мерзімді басылымдардан туған жердің тарихы жайлы жазылған деректерді қалт жібермей қадағалап жүретін азамат өзі көрген тастағы кескіндер жайлы бірде-бір материал жарық көрмегеніне іштей қарны ашып, қынжылады. Осы жай алаңдатқан Шәкең Ғылым академиясымен хат алмасқаннан кейін он жыл уақыт өткенде «Бір жаны ашыса, жақсылыққа жаны құмар жергілікті журналистердің жаны ашып, бүйрегі бұрар» деген үмітпен аудандық газетке арнайы ат басын тіреген екен. Өзінің академияға жолдаған хаты мен ол жақтан келген жауаптың мәтінін ала келіпті. Біз оны машинкаға бастырып, көшірмесін қағазға түсіріп алдық. Түпнұсқа иесінде қалды. Әлгі деректі естіген соң бізден де маза кетті. Оқырманды елең еткізер тың тақырыпты қозғауға деген құлшыныс оянды. Туған өлкенің қызықты тарихын жазғаннан артық не бар! Сурет галереясы – ғасырлар қойнауынан жеткен ғажап туынды Шымырбай ағамыздың редакцияға келгендегі бұйымтайы: «Жартастағы бейнелерді фотосуретке түсіріп алып, газетке басқан соң тарихи жәдігерді жұртшылыққа түсінікті тілмен таныстырып, насихаттаса» деген ниет қана. Біз ол ойды қуана құптап, іске құлшына кіріспекке бекіндік. Мынадай жаңалықты жұртқа айқайлатып жеткізу үшін, ең әуелі, тастағы таңбаларды суретке түсіріп алу керек. Редакция штатында осы іспен айналысатын арнайы фототілші де бар. Үлгібай Райымов отыз жылдан бері осында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Елгезек. Құр аттай қайда жұмсаса сонда шауып кетуге дайын фототілші бұл жолы әдеттегі жүрісінен жаңылып, ол жаққа баруға құлықсыздық танытты. Айтар уәжі: «Тастағы таңбаларды талай түсіргенмін. Бірақ суреті айқын шықпайды», – деп азар да безер болды. Осылай жүргенде жаз өтіп, күз келді. Әріптесімізге қолқа салмай бір күні жолға шықтық. Қасымызға аудандық тұрмыстық қажет өтеу комбинатының фотографы ерді. Астымызда аудандық мұрағат директоры Қанжан Әбдиевке тиесілі жабық қорапты «Газ-52» автомашинасы бар. Ақкөлден түс ауғанда шықтық. Одан Тамды ауылына соғып, Шымырбай ағаны алған соң кері жүріп межелі жерге жеткенше кеш үйіріліп қалды. Бір ғажабы, ұзыннан-ұзақ созылып жатқан жотаның қия беткейіндегі биіктігі кісі бойынан асатындай жартас беті туырлықтай тұтасқан суреттер тізбегіне толы екен. Көлемі кішігірім аң мен жануарлардың кескін-келбеті тақтайдай теп-тегіс жақпартас бетіне іркес-тіркес салына берген. Арасында ине шаншар жер жоқ. Әлгі көрініске көзі түскен жанның көзі марқаяды. Тасқа арқар, таутеке, еліктің бейнесі пырдай болып түскен. Бағзы заман бейнелеу өнеріне қайта-қайта тамсана қарап, тамашалай бересің. Бір қараған адамға бәлендей мазмұн байқалмайды. Аңдар бейнесі қайталана берген. Ғылым тілінде тасқа түскен суреттерді археологтар «петроглиф» деп атайды. Олар негізінен ерте заманда сол маңды мекен еткен адамдардың ауызекі аңыз-әңгімелеріне, қалыптаса бастаған наным-сенімдеріне, дүниетанымына сай туындаған. Бәлкім, бұл жер аңшылардың мол олжаға тап болған соң құтты орын, киелі мекен саналған да шығар. Кенет жартастағы суреттер арасынан екі атты адам бейнесі көзге түсті. Олар бір-біріне қарап бетпе-бет тұр. Қолдарында сабы ұзын найза. Сірә, ерте заман суретшісі екі батырдың жекпе-жек қөрінісінің бір сәтін бейнелегісі келген тәрізді. Тасқа жағалай көз салып келе жатқанда тағы бір жерден түйе нобайы шалынды. Осы төңіректі мекен еткен тұрғындар басқа қоңыр аңдар арасынан таутекенің суретін бейнелеуге өте әуес болған. Қазақ ғалымдары орыстардың «горные козлы» деген сөзін «тау ешкі» деп аударып жүр. Ешкі дегеніміз – ұрғашы мал. Ал таста кезіккен суреттердің басым бөлігінде көбіне аймүйізі төңкерілген нағыз таутекелер бейнеленген. Ешкілердің суреттері тым аз. Тік жартасты жағалап келе жатқанда байырғы бабалардың тасқа бедер салу өнерін жетік меңгергені бірден көрініп тұрды. Қиядағы бейнелер күні кеше ғана салынғандай, яғни өрнектерінің мұрты бұзылмай сол қалпы сақталған. Өйткені ертедегі суретшілер өз еңбектерінің еш кетпеуі үшін кез келген тасты жаралай бермей, ең әуелі, болашақ сурет салатын орынды таңдай білген. Құбылмалы жергілікті ауа райының жағдайын бес саусағындай білетін бабалар көбіне қыстағы қар ұшқыны, жылдың қалған үш мезгілінде жаңбыр тие бермейтін жартастың күнес беттеріне сурет салған. Өйткені күннің суығында, аязды күні жауын-шашын тиген тас беті күндіз сәл-пәл еріп, жібігенмен кеш түсе жылжи аққан су тамшылары іле мұз қабыршағына айналады. Әлгінде ғана ылғал тұрған тас саңылауына қатқан мұздың ұлғайған қысымына төтеп бере алмаған жақпар тас арасында жік пайда болып, шытынайды. Күн өткен сайын әлгі көрініс қайталана береді. Арада жүздеген, әлде мыңдаған жыл өткенде әлгі жартасты ұстап тұрған төмендегі іргетасының топырағы бірте-бірте босап, тірегінен ажырай бастайды. Күндердің күнінде шырт-шырт сынған сол жартас өз салмағын көтере алмай, жік-жікке бөлініп, құлайды. Бүгінде қия беткейден опырылып түскен жақпартастардың сынған бөлшектері әр жерде текше-текше болып шашылып жатыр. Олардың кейбірі орта тұста қалса, базбірі домалаған бойда ылдиға дейін жеткен. Біз жартастардың қия беткейімен үш жүз қадамдай жер жүріп, суреттерді тамашаладық. Быжырқай суреттер таусылар емес. Жол бастаушымыз тастағы бейнелердің бір шақырымнан асып жығылатынын тілге тиек етті. Әрі қарай жүре беруге уақыт аз. Күздің күні қысқа. Ымырт үйірілер мезгіл болып қалған соң кері қайтуға жиналдық. Бұдан кейін Шымырбай ағаны үйіне жеткізіп салдық. Сол күні Ақкөл мен Тамдыға дейін екі барып қайтатындай жол жүрілді. «Сақалды құл жарытпас» дегендей, тұрмыс қажетін өтеу комбинатының фотографы құлықсыздық танытты. Бірнеше күн өткенде қолымызға бар-жоғы екі сурет қана тиді. Оның да сапасы өте нашар. Тым болмаса алыстан ат терлетіп барған «атам заманғы сурет галереясын» бейнелейтіндей бірде-бір понорамалық көрініс жоқ. Іш удай ашыды. Дәйек етер сурет болмағандықтан таңбалы тас туралы тұшымды мақала жаза алмай Шымырбай ағаның алдында ұятты болдық. Дегенмен еміс-еміс көрінетін бір сурет газетте жарияланды. Келер жылы «Ақкөл» совхозының мал отарларын араладық. Қасымызда ферма меңгерушісі Ыбырахым бар. Кенет есіме былтырғы жартастан көрген суреттер түсе кетті де, серігіме: «Осы маңда таңбалы тас болуы керек. Соны білесіз бе?» – дедім. Ол бірден бізді жақын жердегі Кемерге алып барды. Шамада биіктігі 50-60 метрлік жота беткейімен жаяу жүріп, жоғарыдағы қияның қабағына көтерілдік. Осыдан төрт мың жыл бұрын тасқа түскен өнер туындыларымен тағы да қауыштық. Түс мезгілі, күн шайдай ашық. Көз алдымызда жарты жыл бұрын көрген көрініс тұр. Жартас беті қоңыр аң суретіне толы. Жол бастап келген Ыбырахым: «Бұл суреттер тізбегі бір шақырымға жетеді», – деп қалды сөз арасында. Соншама жерге орналасқан жыбырқай суреттерді жіті қарап, керектісін таңдап, бейнеге түсіруге бір күн уақыт жетпейтіндей көрінді бізге. Қасымда фототілші Үлгібай бар. Әбден көңіл суығандықтан серігіме «Не болса да бірнеше кадр түсірші!» деп айту ойға келмепті. Ең болмаса қия жартастағы буалдыр бейне фонында түсіп қалу керек еді. Әрине, өкінішті. Көп аялдауға уақыт аз. Үнемі «аттың жалы, түйенің қомында» асығыс жүретін журналистік тірлік қамымен бабалардан қалған жәдігерлерді аяғына дейін көрмей кете бардық. Тоқсаныншы жылдардың басында ескі кеңестік жүйе ыдырап, тәуелсіздік алдық. Алайда өтпелі кезең халыққа ауыр тиді. Экономика құлдырап, елдің күнкөрісі қиындады. Сол қиындықтың ащы дәмін редакция қызметкерлері де татты. Бюджеттен құйылар қаржы көзі тартылды. Артынша аудан орталығы Қаратау қаласына қоныс аударған соң бұрыннан қалыптасқан барлық байланыстың жібі үзіліп, тарқатылды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» заман туды. Арада бес-алты жыл өткенде аудандық мұражайдың сол кездегі директоры Сабыр Қылышбеков маған хабарласты. Ол баяғыда тастағы сурет басылған газеттің санын сақтап жүр екен. Оған редактор ретінде мен қол қойғанмын. Сол суреттің дерегін сұрастырды. Мен таңбалы тасты тауып, ол жайлы Ғылым академиясына жеткізген жерлесіміздің аты-жөнін, тұрағын толық айтып бердім. Сабыр сол бойынша Жолтаевты іздеп тапқан. Мамандығы зоотехник болса да өлкеміздің өткенін бағамдауға ден қойған С.Қылышбеков біраз игі іс атқарды. Ауданның өткен-кеткен тарихы жайлы ой-ізденістерін қағазға түсіріп, облыстық, аудандық газеттерге үнемі мақала жазып тұрды. Бір тәуірі, өмірден ертелеу озған бауырымыз жазған дүниелерін тасқа бастырып, артында бірнеше кітап қалдырып кетті. Соның бірі – 2007 жылы жарық көрген «Зерде» еңбегі. Сабыр сол кітаптағы «Көне суреттер құпиясы» атты мақалада былай деп жазды: «Құрамында әртүрлі саланың өкілдері бар шағын зерттеуші-саяхатшылар тобы 1998 жылы 18 сәуір – Ескерткіштер мен тарихи орындардың халықаралық күні қарсаңында Тамды ауылының тұрғыны болған, әуесқой табиғат зерттеушісі марқұм Шымырбай Жолтаевтың жолбасшылығымен «Қызыл» жотасына арнайы саяхатқа келдік. Тасқа салынған суреттер негізінен жабайы жануарлар: арқар, таутеке, елік, марал, үй жануарларынан түйе, жылқы, ит, тағы басқа бейнелер болса, арагідік адам бейнесі де кездесіп отырады. Тастағы бейнелердің саны өте көп, олар алты-жеті шақырым болатын тау сілемінің екі-үш деңгейіндегі жартастардың тегіс беттеріне орналасқан. Бір назар аударарлық нәрсе, қай жердегі суреттердің көптігіне қарап, оны суреттер галереясы ма деп те қалғандайсың. Бейнелерді тасқа қашап немесе нүктелеп салу әдістерімен жүзеге асырған деп болжамдауға болады. Бұл күнде бейнелердің бірнешеуі көмескіленіп, өше бастағаны байқалады. Уақыт озған сайын сурет салынған тастың беттеріне сызаттар түсіп, тіпті едәуір жарықтар пайда болған». («Зерде» кітабының 6-7 беттері) Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында Қаратау жазығындағы алғашқы палеолит және неолит мекендерін тұңғыш зерттеп, біздің жыл санауымызға дейінгі 6-4 мыңжылдықтарға жататын айғақтарды алғаш тапқан, бұл өлкені сиантроп, атлантроп сияқты адамдар мекендеп, жабайы жылқы мен түйені, керқұланды аулағанын дәлелдеген. Өкінішке қарай, Хасен Алпысбаев жетекшілік еткен Қаратау палеолит отрядының назарына көптеген археологиялық жәдігер ілікпей қалған. Соның бірі – біз айтып отырған петроглифтер тізбегі. Ата-бабамыздан қалған бай мұраны бұрын көрген жан бастап бармаса іздеп табу қиын, көзден таса бір қалтарыста жатыр. Қарт Қаратау қойнауындағы әр тасты түртіп қалсаң, астынан тұнған тарих шығады. Ал шағын экспедиция құрамындағы азын-аулақ топпен ұшан-теңіз аймақты қысқа мерзімде түгел зерттеп шығу мүмкін емес. Түгендеп шығу үшін ұзақ уақыт, кешенді бағдарлама, қыруар қаржы қажет. Міне, археолог Х.Алпысбаев отрядының Қаратау жоталарының сілемдерін зерттегеніне 65 жылдай уақыт өтті. Ғалымдар назарына ілікпей қалған құнды мұралар көп. Соның бірі – ұзындығы бір шақырымнан асып жығылатын жотаның қия беткейіндегі жартасқа салынған суреттердің әлі күнге ғалымдар назарынан тыс қалуы – отандық археология ғылымы үшін орны толмас олқылық. О баста Шымырбай ағамыз тауып, кейін Сабыр ініміз зерттей бастаған таңбалы тас жайлы хабар облыс археологтарына біршама қозғау салғанға ұқсайды. Соның нәтижесінде жекелеген бейнелер алғаш рет 2010 жылы шыққан Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағына ілікті. Талас ауданы аумағын зерттеген жергілікті археолог ғалымдар Е.Ақымбек пен Ш.Құдабаев Ақкөл мен Қаратау аралығындағы жоталардағы тас беттерінен түйе, таутеке, бұғы, қабан, салт атты бейнелерін тауып, оларға ғылыми сипаттама берген. Жоқ іздеген журналист жазбаларынан Сонау тоқсаныншы жылдардың басында алғаш танысқан таңбалы тас жадыдан бір сәт шыққан емес. Одан бері де отыз жылдан асты. Соңғы үш-төрт жыл бедерінде сол маңға төрт рет барып қайттық. Енді сонда көргендеріміз жайлы сөз етейік. Жотаның беткейінің үш деңгейіндегі тастарда сурет кезігеді. Ең төменгі деңгейдегі бейнелер онша айқын емес. Сонда да болса байырғы бабаларымыз өз өнер туындыларын күнес беттерге түсіргендіктен біраз таңба осы заманға жеткен. Оның өзі желдің екпіні мен күннің шыжыған ыстығынан беттері күңгірттеніп, сурет-айшықтары өше бастаған. Кейбір мүк басқан бедер тым көмескі, әзер-әзер көзге ілінеді. Әйтсе де араларында мыңдаған жыл сынына төтеп беріп, бастапқы қалпынан, әуелгі айшықты ажарынан бәлендей ажырай қоймаған бейнелер де ұшырасып қалады. Бұл осы жерді мекен еткен байырғы бабалардан қалған мол мұра, баға жетпес рухани құндылықтың алтын бастауына айналды. Олардың құны алтын-күміс бұйым мен әшекей заттардан кем емес. Бағзы адамдар өздерінің ой-мақсаттарын, тіршілік- тынысын әлгі суреттер арқылы бізге жеткізген. Алғаш екі мәрте сол тұсқа барып, маңайдың жалпы бағыт-бағдарын білгенімізбен ол жерге көлікпен қалай жеткеніміз есте қалмапты. Арада отыз жылдан аса уақыт өтті. Сол кезде көргеннің бәрі жадыдан өшіп, көмескі тартқан. Бір қарағанда ойсылқараның мойны тәрізді иір-иір Кемерді бойлап түстіктен теріскей-батысқа қарай қанша жол жүргеніміз ұмытылған. Сонда да болса үш-төрт жыл көлемінде көктем және күз айларында сол маңды шарлауға кірістік. Бұрынғыдай емес, қолымызда фотоаппарат бар. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» дегендей, баяғы тоқсаныншы жылдардың басында көзіміз көрген нысан бізді әлі күнге өзіне магнитше тартып келеді. Шетелдік төстабаны төмен жеңіл машина руліндегі балалар жолсызбен жүріп, асты сырылған сайын жандары мұрындарының ұшына келеді. Доңғалағы жарылып немесе бір бөлшегі істен шыға ма деп бізден де маза кеткен. Бір мәрте қыр басындағы жол тәуір шығар деген оймен жотаның үстімен жүріп те көрдік. Ол жолдың да әлегі аз болмай шықты. Қайта-қайта кідіріп, төменге үңілуге тура келді. Етектегі қия-жартастың бетін көру үшін құлама жардан еңіске қарау тіптен қауіпті. Бойды қорқыныш билейді. Төңіректе жөн сұрайтын тірі жан жоқ. Тек әр тұста топ-топ болып жайылып жүрген үйір-үйір жылқы мен келелі түйе кезігіп қалады. Әлгінде айтқандай, соңғы үш-төрт жылдағы сапарларда әр жерден кезіккен тасқа түскен жан-жануарлар кескінін суретке түсіріп алдық. Арагідік қызғылықты көріністерге де тап болғанымыз бар. Кішігірім төрт бұрышты сандық таста белгілі бір сюжеттік желіге құрылған аңшылық понорамасы көзге түсті. Міне, алдыңғы планда батысқа қарай жүйтки шауып, ат үстінде тізгінді бос тастап, алдынан қашқан мүйізі қарағайдай кермаралды нысанасына алып садағын кере тартқан аңшы кетіп барады. Оның оң жағында қапталдаса жүгірген құмай тазы жүйткіп барады. Ит аңды қақпайлай қуып, иесіне көмектесу үшін барын салуда. Суреттің төменгі оң жағында кенет шыққан қиқулаған дауыстан үркіп, қалың қорыс арасынан атыла қашқан жабайы шошқа бейнесі анық байқалады. Көктен ұшқан құс та көрінеді. Ежелгі бейнелеу шеберлері осылайша аңшылықтың қызғылықты көрінісін тап басып, шығармасына арқау еткен. Аңшының желке тұсында Алматы облысындағы Таңбалы қорығында сақталған күн басты Құдайға ұқсайтын дөңгелек бейне суреті еміс-еміс көзге шалынады. Сірә, суретті тасқа түсірген шебер аңшыны Көк Тәңірі рухы жебеп-желеп барады деген ойды жеткізгісі келген тәрізді. Бұғы – қоңыржай ауа райында, қарағайлы орман өсетін өңірде өмір сүретін аң. Сурет салынған кезде бұл төңіректе қылқан жапырақты орман өсіп, бұлақтардан мөлдір су ағып жатқан тәрізді. Айналада көкорай шалғын шөп өскен. Алғашқы сапарларымыздың бірінде әлденеден үркіп, іркес-тіркес жөңкіліп бара жатқан көп тауешкі дүрмегі суретін ұшырастырдық. Байырғы заман шебері кенет тасадан шыға келгенде көз алдынан топтаса зулап өтіп бара жатқан топтың қас қағымдағы қозғалысы мен қимылын дәл сол қалпында таста қалдырған. Бір қызығы, бұл бейнені тасқа түсіру технологиясы басқа таңбаларға қарағанда өзгеше. Байырғы суретшілер көбіне тасты басы үшкір құралмен шекіп, бейненің ортасын нүктелеу арқылы айқындап отырса, бұл жолы сурет контурын терең етіп ойған. Оның ені мен тереңдігінің бірдей екені қайран қалдырады. Бейне бір осы заманғы тіс дәрігерлерінің бор машинасындай бірқалыпты із қалдырған. «Байырғы баба қолында қандай өткір құрал болды екен?» деген ойға келесің. Әйтсе де сол сапарларымызда баяғы алғаш көрген ежелгі сурет өнерлерінің шеберлері қолынан шыққан галерея кезікпей қойды. Жортпаған жота, шықпаған қия беткей қалмай табанымыздан таусылдық. Қысқасы, сол жерде өзім екі рет болып, көзбен көрген, қолмен ұстаған жартастағы жәдігер ізім-қайым жоқ. Сырт көзден тасалап тұрған қандай құдірет, қандай тылсым күш болды екен? Түсіну қиын. Тастан түйе бейнесі түскен күн «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, үстіміздегі жылдың қазан айында таңбалы тасты іздеп табу мақсатымен бесінші мәрте сапарға шықтық. Бұл жолы астымызда – жол талғамайтын бес орындық кеңестік «УАЗ-469» жеңіл көлігі. Оның рулін Ақкөл ауылының тұрғыны, өмірде кезігетін тосын жайларды білуге құштар Сабыров Темеш бауырымыз тізгіндеген. Машинада бала күннен бірге өскен досым Бостан мен оның он бір-он екідегі немересі Дидар бар. Ақкөл-Қаратау асфальт жолынан оң жаққа шыққан бойда көрінген бір шеті жайдақ жотаның баурайына қарай қиялай тарттық. Көрінген тастың бірде-бірін назардан тыс қалдырмай, әрқайсысына тоқтап, мұқият сүзіп келеміз. Бірен-саран таутеке суреттері ұшырасып қалады. Дегенмен осы жолғы сапарымыз біршама сәтті басталды. «Аспаннан шұға жауған күн» дегендей, біз үшін «тастан түйе бейнесі түскен күн» болды. Әрі қарай тыңдаңыздар. Аң қуған аңшыдай көзге іліккен тас біткенді түгел тінткілеп келе жатқан Темеш бір кезде «Таптым!» деп дауыстап жіберді. Қасына тездете жеттік. Ол алдында кезіккен жақпар тас бетіндегі түйе жетектеген жаяу кісі бейнесіне қызыға қарап тұр. Жануардың баладай қос өркешінің ортасында шағын денелі адам отыр. (Оқырманға ежелгі суреттерде пропорция сақтала бермейтінін ескерте кеткен жөн). Түйенің соңында тағы бір кісі ілесіп келеді. Сыртқы тұрпаты әйелге ұқсайтындай. Әлгі Ойсылқара тұқымы басындағы ноқтасы жуан, шұбатылған бір ұшы артқа қарай асып жатыр. Жануардың алдыңғы жағынан буалдыр бота бейнесі көрінетін тәрізді. Түйенің кейінгі тұсынан тағы бір көмескі суреттер еміс-еміс байқалады. Суреттің төменірек сол жағында таутеке көрінеді. Ал тастың астыңғы бөлігіне тағы екі таутеке сұлбасы сызылған. Әдетте байырғы бейнелеу өнерінің шеберлері салған сурет көлемі шағын болып келетін. Бұл жолғы көріністегі жануар бейнесі 30-40 сантиметр төңірегінде. Тағы бір тұстан түйе жетектеген атты кісінің суретін ұшырастырдық. Қомдалған түйенің қос өркеші көзге шалынбайды. Оның үстіндегі шағын денелі адам теріс қарап отыр. Жасөспірім бе қалай!? Ажырату қиын. Оның бар назары арттан ерген адамда. Ірі денелі, батыр тұлғалы кісінің мойнына жіп байланған тәрізді. «Түйе үстіндегі адамға байлаудағы тұтқынды көзден таса етпеу міндеті жүктелген бе?» деген ой туады. «Мойнында жібі бар адам жорықта қолға түскен тұтқын емес пе?» деп қалғандайсың. Әрине, бұл болжам автордың өз топшылауы, жеке түйсігі. Арттағы кісінің оң қолында таяқ па, қылыш па, әлдене бар. Жемтігін іздеген қырандай қия беткейдегі биік жартастың бетін дүрбімен шолып отырған Бостанның көзі кенет жападан-жалғыз алыстан ағараңдап тұрған суретті шалып қалды. Төңірегінде бірде-бір бейне, не таңба жоқ жеке-дара тұр. Жақын барғанда тас бетіне үш-төрт жасар буыршын түйенің бейнесі байқалды. Сурет орны қия беткейіндегі биікте болғандықтан атасы қолды-аяқтай жұмсағанға жеңіл Дидарды сонда жіберіп, өзі төменнен бағыт-бағдар сілтеп тұрды. Байырғы заманның аңшысы алыстан тайраң қағып, көптен қолы жетпей жүрген жабайы түйені қолға түсіре алмаған соң: «Ең болмаса бейнесін есте сақтайын» деген оймен оның суретін тасқа түсірді ме екен? Сәлден кейін Темеш те биіктегі жартасқа шығып, түйе сұлбасын қалтафонға түсіріп алды. Соңғы сапарымыз осылайша «тастан түйе жауған күн» ретінде ерекше есте қалды. Осы жолы туған жердің ұшан-теңіз байлығының бір ұштығына кездейсоқ тап болдық. Екі жерден қазба іздеген жабайы кеншілердің аса бағалы тас – холцедон іздеген орындарын кезіктірдік. Қасымдағы серіктерімнің айтуынша, бұл дүниенің төрт тарапын кезіп, тыным таппай шарлаған қытайлардың тірлігі. Олар өздері жалдаған қуатты экскаватормен жерді қопарып, бағалы минералды қажетті мөлшерде жинайды. Тапқан олжаларын автокөлікпен теміржол стансасына жеткізіп, вагонмен еліне жөнелтетін көрінеді. Сірә, сонау жер түбінен келіп бағалы тас жинаушылар тәуір тапса керек. Әйтпесе туған жерден, бала-шағасынан безіп, ит арқасы қиянда несі бар? Әттең, қазақтың ұшан-теңіз мол байлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» демекші, қайда кетпей жатыр десеңші! Одан халыққа тиер титтей пайда бар ма? Әлде көлденең көк атты пысықайлардың жемсауында кетіп жатыр ма? Бұл жағы бізге белгісіз. Бар олжамыз ата-баба мекенінен табылған көздің жауын алатындай қызғылт, жасыл, ақ түсті майдалау тастарды теріп алдық. Ойда – тым болмаса жылтырақ тасты немерелерге көрсетіп қуандыру. Дегенмен сапарға шыққандағы басты мақсатымыз бұл жолы да толығымен жүзеге аспады. Бабалардан қалған «сурет галереясын» тағы да таппай салымыз суға кетіп, ұнжырғамыз түсті. Бұл іспен бізден бұрын да қасына музей қызметкерлерін ерткен аудандық газеттің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов айналысқан екен. Алайда олар да біз жүріп өткен Қаратау сілемін бір күн бойы шарлап, іздегенін таппай құралақан оралған. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп мақаланың басында айтқандай, Құдай денге қуат беріп, бұйыртып жатса, әрине, құпиясын жасырған аймақты алда тағы да шарламақ ой бар. Ниетіміз жүзеге асар болса, жеке бастың олжасы емес, жалпы отандық археологияға тигізген титімдей септігіміз болар еді. Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист, Талас ауданы Суреттерді түсірген автор
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар