Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қыс қыспайды демеңіз...

Қыс қыспайды демеңіз...
ашық дереккөз
Қыс қыспайды демеңіз...
Қыстың нағыз қытымыр аязында жылусыз қалу халық үшін аса үлкен қатер екенін былтыр Екібастұзда болған жағдай тұтас елге айқындап берген еді. Өкінішке қарай, өткеннен сабақ алмаған секілдіміз. Биыл елдің бірнеше аймағында жылу желілеріндегі апаттың салдарынан ондаған мың халық күні бүгінге дейін жылусыз қалып отыр. Қыс басталмай жатып жылу желілеріндегі болған жарылыстар жауаптылардың жаз бойы «шырылдауық шегірткедей ән салғанын» айғақтайтын сияқты. Алғашқы ызғар біліне бастағанда мәселелер де бірінен соң бірі қордалана кетті. Анығын айтсақ, 13 желтоқсанға қараған түні елдің оңтүстік және орталық өңірлерінде жылу құбырлары жарылып, халық сусыз қалып, апатты жағдайларға тап болды. Тосын мінез танытқан ауа райы өңіріміздің тұрғындарын да әбден әбігерге салды. Алғашқы аяз қысқаны сол еді, Тараздың бірнеше ықшамауданы мен Жамбыл ауданындағы бірқатар ауыл жылусыз қалды. Салдарынан бүрсең қаққан тұрғындар қанша жерден қабат-қабат көрпе жамылса да мұрнының ұшы жыли қоймады. Оқиғаны басынан баяндасақ. Желтоқсанның 12-сі күні сағат 21:00-дер шамасында Жамбыл ауданында Қызылқайнар, Гродеково, Полатқосшы ауылдық округтеріне баратын 325-тік магистральді газ құбыры жарылған болатын. Осыдан кейін ауданға қарасты Полатқосшы, Гродеково, Қызылқайнар ауылдық округтерінде және Тараз қаласындағы теміржолдың арғы бетінде (за линией) орналасқан тұрғын үйлерде газ қысымы төмендеп, кейбір үйлерде көгілдір отын өшіп қалды. Нақтылап өтсек, Қызылқайнар ауылдық округіндегі 2 елді мекендегі 926 үйде тұратын 5 299 адам жылуға зәру болып қалды. Анығы, елді мекенге қарасты Жасөркен ауылында 329 ауладағы 1 806 тұрғын, Қызылқайнарда 597 түтін бойынша 3 493 адам аяздың құрсауында қалды. Ал Гродеково ауылдық округіндегі 2 елді мекеннің 1 337 үйінде тұратын 6 887 адам алғашқы суықты жылусыз қарсы алды. Яғни Гродеково ауылындағы 1 191 аулада 6 099 адам, Қызыл-Дихандағы 146 үйдегі 788 тұрғын қиындыққа тап болды. Сондай-ақ Полатқосшы ауылдық округіне қарасты Жалпақтөбе ауылында 3 көшеде газ өшкен еді. Осы ауыл бойынша 80 ауладағы 520 тұрғын жарықсыз, жылусыз отыруға амал жоқ көнді. Түн ортасында 5 елді мекенді жылусыз қалдырған магистральді газ құбырының үзілген маңы – Гродеково ауылы. Апатты алғаш байқағандардың бірі – аталған ауылдың тұрғыны Алексей Килиевич. Ол қатты дүмпуден шошынып, сыртқа шыққан. Артынша көгілдір отынның келмей қалғанын айтады. Алексей 30 градус аязда үй бірден суытып кеткенін, жалма-жан отын тасып, ескі пешті жаққанын сөз етті. – Сыртқа шыққанымда мүңкіген газ иісін бірден сездім. Бірер уақыттан соң ауыл шетінде тұратын туыстарым да жылу жоқтығын айтып хабарласты. Ол кезде біздің көшеде табиғи газ толықтай өшіп қалған еді. Үйде отынмен жылитын ескі пеш бар болатын. Жан-жақтың бәрі газ болғандықтан бірден пеш жағуға жүрексіндім. Бірақ үй іші суып, бала-шағам жаурай бастаған соң тәуекел етіп ағаш жардым. Оны үйге тасып, пеш жағып баспанамызды жылыттым, – дейді А.Килиевич. Осы аудан тұрғыны Айша Малахасанова да көршілері сияқты оқиға орын алған түнді газсыз, жылусыз өткізген. Оның айтуынша, үйде қалың киім мен көрпе жамылып амалдауға тырысқан. Ал таңертең жылу батареяларының қатып қалғанын байқаған. – Үй мен ас бөлменің арасы қатып қалып, не істерімді білмей дал болдым. Газ жоқ, өте суық. Нағыз суықта осындай жағдайға түскен соң, әрине, тұрғындар шағымданды. Кейбірінің емізулі сәбиі бар. Істен шыққан жылу жүйелерін қалпына келтіру үшін мамандар жұмыла жұмыс істеді. Қазір жағдай қалыпты, жылу беріліп көңіліміз жайланды, – деді Айша Малахасанова. Жарылыстың ошағы Гродеково ауылдық округіндегі 8 әлеуметтік нысан, тарқатып айтсақ, 1 орта мектеп, 2 балабақша, 1 бастауыш мектеп, 1 амбулатория, 1 медициналық пункт, 1 мәдениет үйі, 1 спорт кешен жылудан қағылды. Сонымен қатар Қызылқайнар ауылдық округіндегі 6 әлеуметтік нысан, 2 балабақша, 2 орта мектеп, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пунктте де көгілдір отын өшіп, жылусыз қалды. Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық әлеуметтік нысандар «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесі қазандығынан жылытылады. Десе де жер үсті газ құбырының жарылуы кезінде жылу беру айналымы тоқтамаған. Газ өшкен уақытта 3 автономды қазандық дизель отынын орнатумен баламалы отын түріне уақытша көшкен екен. Қақаған қыс нақ қаһарына мінген уақытта жарылып, тұрғындарды аязда қалдырып, әуре-сарсаңға салған газ құбыры – «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының теңгерімінде. Аталған мекеме басшысы Бахтияр Көпбосыновтың мәліметінше, диаметрі 325 милиметр болатын газ желісі 1991 жылы жүргізілген. Сол ескі құбырдың егістік алқабынан өтетін бөлігі бүлінген екен. Бахтияр Бейсембайұлының айтуынша, өткен жылыту маусымында да газ құбырының осы учаскесінде апат тіркелген екен. Жарылыс суару учаскелері аймағында орын алған. Қатты аяз салдарынан суармалы жерлерде деформация болып, газ құбырының бойындағы бес түйіспе зақымданған. Апат орын алысымен іле-шала аймақта арнайы штаб құрылды. Зардап шеккен барлық округ әкімдері мен жауапты мамандары жұмыс орындарында болып, тұрғындарға ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен аудан әкімі Ерлан Қыдырәліұлы болып, екі күн сонда жүріп қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылап отырды. Ең әуелі, жергілікті билік әлеуметтік ғимараттарды қосымша жылыту көзіне қосты. Тілшілерге берген сұхбатында Қанатбек Қайшыбекұлы магистральді газ құбырына 10 жерден дәнекерлеу, жалғау жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Әлеуметтік нысандардан 4 мектеп, 2 балабақша, 2 медициналық ғимарат жылусыз қалған еді. Оған байланысты жанар-жағармаймен жұмыс істейтін арнайы құрылғы насостармен олардың жылу жүйесін айналдырып, қатып қалмау үшін әрекет жасалды. Апатты жайды қалпына кетіру мақсатында Байзақ, Жамбыл аудандарының газ мамандары жөндеу жұмысына жұмылдырылып, 45 адам 21 бригадада халықтың шақыруы бойынша жұмыс істеп, қазіргі уақытта аталған ауылдарда газ, жылу толығымен іске қосылды. – «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының авариялық қызмет тобы 13 желтоқсанда сағат 15:00-де дәнекерлеу жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда Гродеково, Қызыл-Дихан, Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарындағы көшелерге газ берілді. Полатқосшы ауылдық округіндегі Ш.Қалдаяқов, Ақыртас көшелерінде толығымен, Жалпақтөбе көшесінің 4/1 бөлігінде газ өшкен болатын. Аталған көшелерде әлеуметтік нысандар жоқ. Түнгі 03:00-дер шамасында газ берілді. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ш.Ниязбеков ауылындағы Жәнтелі, Досымбеков көшелерінің 2/1 бөлігінде сағат 01:00-лер шамасында газ өшкен. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы авариялық қызметінің мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сағат 02:30-дар шамасында газ қосылды. Қарой ауылдық округіне қарасты Сұлутөр ауылында Мыңбұлақ, Өркен, Пірімқұлов көшелерінде (10 шақты үйде) газ қысымы төмендеді. Ауылдық округ әкімдігі тарапынан «104» нөміріне қоңырау шалып, қазіргі таңда тиісті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде газ қысымы көтерілді. Аса ауылдық округіне қарасты Аса ауылының «Бәйтерек» тұрғын алқабында, Мырқалықов, Жамбыл, Махашев, Төле би көшелерінің бас жағында газ қысымы төмендеді. Ауылдық округ әкімдігі тарапынан «104» нөміріне қоңырау шалынып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде газ қысымы көтерілді. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылының Байтерек көшесінде бірқатар жеке тұрғын үйде сағат 06:00-дер шамасында газ өшкен. Ауылдық округ әкімдігі тарапынан «104» нөміріне қоңырау шалынып, қазіргі таңда тиісті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның авариялық қызмет тобы тарапынан қалпына келтірілді, – деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі. Дәл осы күндері Тараздағы «Теміржол аумағы» ықшамауданындағы 700-ге жуық абонент те жылусыз қалды. Себебі жер үйлерге газ бөлетін италиялық қондырғы істен шыққан. Саршұнақ аязда құмшағалдық, шөлдалалық тұрғындар жарықсыз, сусыз қалуға мәжбүр болды. Жағдайды қысқаша түсіндіріп өтсек. Құмшағал ықшамауданындағы су беретін насос істен шыққан. Шұғыл жаңа сусорғыға Алматыдан тапсырыс беріліп, оны әкеле жатқан көлік Қордайдағы боранда жолда тұрып қалыпты. Сөйтіп, итшілеп ол көлік Отар стансасына әупіріммен жетіп, сусорғыны пойызға салған. Ол 16 желтоқсан күні таңертең ғана жеткен. Сусорғыны орнату жұмыстары бүгінде аяқталып, мәселе толығымен шешілген. Жарық мәселесіне келсек, желтоқсанның 15-і күні түнде авариялық жағдай орын алған. Артынша арнайы бригада жөндеу жүргізіпті. Ең әуелі, «Шаңырақ» ықшамауданының бір бөлігіне жарық берілген. Ретімен басқа аудандарға да жарық беріліп, мәселе өз шешімін тапқан. Жалпы газ қысымының төмен екенін әкімдіктің өзі де мойындап отыр. Осыдан он жыл бұрын қойылған ШРП-лар қатты аязға шыдас бермеген. Бұл италиялық аппараттар -19 градус аязға ғана шыдайды екен. Сондықтан газ беру мәселесінде де келеңсіздіктер орын алған. Не десек те биылғы аяз тараздықтар мен оның маңындағы ауыл халқын әбігерге салды. Айтпақшы, «Гродеково ауылы жақтағы газ құбырының жарылуына суармалы жердегі деформация себеп болды» деген уәжге сенгіміз-ақ келеді. Алайда Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек, Шоқай ауылына баратын тура сондай газ құбыры да бір жерден жарылып, оны жөндеушілердің үш сағат алысқанын жұрт біліп отыр. Қысы жұмсақ келетін Әулиеата өңірінің табиғаты биыл тосын мінез танытып еді, әуселеміз белгілі болып қалғандай. Бұл қыс кешігіп келсе де еліміздің жылу беру орталықтары жылыту маусымына толық дайын болмай шықты деген сөз. Алғашқы аяздың өзінде-ақ маңызы бар алып магистральді газ құбыры жарылып, 5 елді мекеннің жылудан қағылуы бізге ең болмаса алдағы уақытта сабақ болатын шығар. Бәрінен де жыл сайын бір мәселе есін алатын Құмшағал, Шөлдала ықшамауданы тұрғындарын аяйсың. Кінә кімде, кінәрат неден? Сыз тартқан салқын үйде бүрсең қағып отырған халықты құзырлы орынның «бәрі ойдағыдай» деген жауабы қанағаттандырмайтыны анық. Сондықтан тиісті мекемелердің жылу маусымына жүрдім-бардым қарауға болмайтынын қаперде ұстағаны абзал. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар