Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖОСПАР – НАҚТЫ, МАҚСАТ – АЙҚЫН

ЖОСПАР – НАҚТЫ, МАҚСАТ – АЙҚЫН
ашық дереккөз
ЖОСПАР – НАҚТЫ, МАҚСАТ – АЙҚЫН
Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалғанына үш айдан асты. Қазір өңір тұрғындары Нұржан Молдиярұлының жұмысын жіті бақылап, көз тігіп отыр. 2022 жылдың жартыжылдығы қалай қорытындыланды? Алдағы жоспар қандай? Нәтижесі қалай болмақ? Өңірдегі талай жылдан бері қордаланған мәселелердің түйіні қалай тарқатылады? Осы және өзге де облыстың даму жоспарына байланысты сауалдар қазір кез келген жамбылдықтың көкейінде жүр.

АГРОСАЛАНЫ АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР

Жуырда журналистермен брифинг өткізген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ағымдағы жылдың 6 айындағы өңірдің негізгі даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, көпшіліктің көкейінде жүрген өткір сұрақтарға нақты жауаптарын берді. Мақсат халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерді шешу екенін айтқан облыс әкімі 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленгенін атап өтті. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы жартыжылдықта облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштер байқалатынын айтып, әр салаға жеке-жеке тоқталды. Жалпы, бірінші жартыжылдықта облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайызды құрапты. Облысымыздың тұрақты дамуында үлкен әлеуетке ие – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй құрылысы, сауда, байланыс салаларында оң динамика қалыптасқан. Инвестиция көлемі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Алты айда 155,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 255 миллиард теңгеге көлік қызметі көрсетілген. Облыс әкімі айтып өткен 2025 жылға дейінгі даму жоспары 3 негізгі бағыттан тұрады. Алғашқы инвестициялық жобалар бағыты шеңберінде ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 триллион теңгені құрайтын 1 154 жоба іске асып, 14,4 мың жұмыс орны құрылады. Даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 миллиард теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жыл қорытындысымен жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық облыс тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. Атап өтер болсақ, 2025 жылға дейін 451 жылыжай кешені (2022 жылы – 47), 37 жеміс және көкөніс сақтау қоймасы (2022 жылы – 4), 9 сүт тауарлы ферма (2022 жылы – 1) салынып, 40 су үнемдеу технологиясы енгізіледі (2022 жылы – 12). Сонымен қатар 29 сүтті қайта өңдеу кәсіпорны (2022 жылы – 4), 36 балық шаруашылығы (2022 жылы – 10) ашылады. Мал және құс шаруашылығы да назардан тыс қалмаған. Яғни 51 мал бордақылау алаңы (2022 жылы – 17), 26 құс фермасы (2022 жылы – 5) салынады деп күтілуде. Мұнан бөлек 32 өзге де шағын жобалар (2022 жылы – 10) іске асырылады. – Кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі. Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан, бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір алқап таңдалып алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылады. 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден 36,3 миллиард теңге, биыл 60 миллиард теңге бөлінді. Ағымдағы жылы субсидия көлемі 49 пайызға артты. Сондықтан мемлекеттің қолдау шараларымен әрбір ауыл, әрбір кәсіпкер қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру аудан, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті, – деді Н.Нұржігітов.

ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ТАҒЫ 10 АУЫЛДА ЖАЛҒАСАДЫ

2019 жылы бастау алып, жүздеген, мыңдаған елді мекен тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсартқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы несие алып, кәсіп бастауға мүмкіндік алды. 2021 жылы қайтарылған несие есебінен 3 ауылдық округте жоба жалғасын тапты. Көпке шарапатын тигізген жарқын жоба жүзеге асқалы өңірде 253 жоба іске асырылған. Қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектісі, 589 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздар саны 194 адамға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға азайған. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65 пайызға артқан. – Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округті қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 миллиард теңгені құрайды. Ұсынысымыз Үкіметтен қолдау тапты. Бізде жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін тиісті кадрлар да, тәжірибе де жеткілікті. Ағымдағы жылы пилоттық жобаның жеңілдіктерімен 10 ауылдық округ тұрғындарын қамту жоспарлануда. Бұл бағытқа 6,4 миллиард теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің жоба-есептері нақтылануда. Қаржы мәселесі Үкіметпен бірлесе шешілуде, – деген Нұржан Молдиярұлы мұнан кейін жайылым тапшылығы мәселесіне тоқталды. Пилоттық жоба жүзеге асқалы өңірде мал шаруашылығымен айналысушылардың қатары өсіп, тиісінше жайылым тапшылығы туындауда. Мәселен, облыс әкімдігі мен прокуратураның бірлесе жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталған. Осы орайда аймақ басшысы шаруаларды алаңдатқан мәнді мәселені жүйелі түрде шешу үшін өткен жылдан бастап 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Бірінші бағыт – елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажеттігі. Өткен жылы ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 227,5 мың гектар жер (2022 жылдың 6 айында 0,7 мың гектар) берілді. Келесі бағыт – ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару. 2021 жылы елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан жерлер есебінен 13,6 мың гектар жер қайтарылды (2022 жылдың 6 айында 5,0 мың гектар). Орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану бағыты бойынша орман қорындағы 1,0 миллион гектар жайылымға 242,9 мың мал шығарылды (2022 жылдың 6 айында 151,0 мың гектар берілді). Төртінші бағыт – жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою. Жер көлемі 486,5 мың гектар болатын 2 071 шаруа қожалықпен меморандум жасалды. Соңғы бағыт – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. 252,3 мың гектар жайылым жердің 2021 жылы 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, ағымдағы жылдың 6 айында 52,6 мың гектар қайтарылды, – деді Н.Нұржігітов.

ӨНЕРКӘСІП ӨРІСІ КЕҢЕЙЕ ТҮСЕДІ

Облыстың экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Осы мақсатта өңірде өнеркәсіпті дамыту үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту ісіне де мән берілуде. Жаңа инвесторлар мен қатысушыларды тарту үшін арнайы экономикалық аймақтың басым бағыттарының тізіміне қара және түсті металлургия, электр энергиясын өндіру бағыттарын енгізу жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс жолданыпты. Нұржан Молдиярұлының айтуынша, экономикалық аумақта 3 инвестициялық жобаны жүзеге асырылады. Алғашқы жоба – «Qazsugar Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қант зауытының құрылысы. Жобаның құны – 98,2 миллиард теңге. Қуаттылығы – жылына 150 мың тонна қант өндіру. Құрылысы 2020 жылы басталған зауыт іске қосылғанда 300 жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023 жылдың төртінші тоқсаны. Ал «AltynalmasReagents» серіктестігінің жобасы да (жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіру) 2023 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Жобаның құны – 75 миллион АҚШ доллары. 78 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ «TAS Market» серіктестігі экономикалық аймақта жылдық қуаттылығы 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металл өндіретін металлургиялық комбинат құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Жоба іске асқанда 1 500 жаңа жұмыс орны құрылады. Іске асыру мерзімі – 2022-2026 жылдар аралығы. 2025 жылға дейінгі облыстың даму жоспарында айқындалғандай, өнеркәсіп саласында жалпы құны 2,1 триллион теңгені құрайтын 443 жобаны іске қосып, 10,1 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде екен. Атап айтар болсақ, 78 өңдеу өнеркәсібі, 25 тамақ өнеркәсібі өндірісі, 8 жарық энергетика кешені салынатын болады. Сондай-ақ 6 балық шаруашылығы, 6 туризм, 1 цифрландыру және 319 өзге де қызмет көрсету бағытындағы шағын жобалар іске асырылады.

АУЫЛДАР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗСУМЕН, ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Даму жоспарының екінші бағыты – бюджеттік инвестициялық жобалар. Осы орайда Нұржан Молдиярұлы аталған бағыт аясында тұрғын үймен қамту, елді мекендерге ауызсу, көгілдір отын тарту сынды халықты толғандырған негізгі мәселелерді шешу бағытында атқарылатын жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Өңір басшысы келтірген деректерге сүйенсек, облыста қазіргі таңда 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің (24,4 млрд.теңгеге) құрылысы жүргізілуде. Биыл 3 120 пәтерлі 47 үй пайдалануға беріледі. Жалпы жыл басынан бері 620 отбасыға пәтер кілті тапсырылған. Даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың шаршы метр көппәтерлі тұрғын үйде қоныстой тойланады. – Халықты толғандыратын мәселенің бірі – коммуналдық шаруашылық саласы екені белгілі. Облыстағы елді мекендердің 269-ы (622 мың тұрғын) орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Сондай-ақ биыл қосымша 17 елді мекендегі 10 мың үй газға қосылады. 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауызсумен, газбен қамтылады. Айрықша назар аударатын мәселенің бірі – жол. Бүгінгі күні облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызды құрап отырса, елді мекен көшелерінің үлесі 82 пайыз деңгейінде. Осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында даму жоспары аясында 6 миллиард теңгеге 18 жол құрылысы, қайта жаңғырту жұмыстары, 27,2 миллиард теңгеге 104 облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Елді мекен көшелерінің үлесін 94,1 пайызға дейін жақсарту үшін 25,9 миллиард теңгеге 726 жоба іске асырылып, асфальт жабындысы төселеді, – деді Н.Нұржігітов.

Құрылыс қарқыны артады

Брифинг барысында Нұржан Молдиярұлы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға және алдағы жоспарларға да кеңінен тоқталды. Биыл білім саласына 244,4 миллиард теңге бөлініпті. 22 білім нысанының құрылысына 7,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінге дейін 7-еуі пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп есігін айқара ашады. Нәтижесінде 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ 2022 жылы 8,2 миллиард теңгеге 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 648,3 миллион теңгеге 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Ал спорт саласында 18 нысанның қазығы қағылса, 8-і биыл ел игілігіне ұсынылады. Бұл дене шынықтырумен, спортпен айналысатын халықтың үлесін 38,5 пайызға (2021жылы – 34,7 пайыз) дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 57,5 пайызға жетеді. Жалпы 2025 жылға дейін 45 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Даму жоспарына сәйкес 26 мәдениет нысаны соғылып, 17 тозығы жеткен нысан жөнделеді. Алдағы мақсат – халықтың мәдени іс-шаралармен қамтылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 100 пайызға жеткізу. Осылайша жарты жылда атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсат-міндеттерді жіпке тізген аймақ басшысы сөз соңында көпшілік арасында қызу талқыға түсіп жататын кадр мәселесіне тоқталып, нүктесін қойды. – Қоғам тарапынан көп көтерілетін әрі көпшіліктің көкейіндегі кадр мәселесіне тоқталып кеткім келеді. Бұл тұрғыда біз меритократия принципін нығайтуға баса мән берудеміз. Соңғы тағайындаулар соның айғағы! Бұл ретте, басшылық қызметте біршама ысылған, жас, өңірден шыққан азаматтар тағайындалып жатқанын айта кеткен жөн. Талдау көрсеткендей, соңғы 3 айда облыстың жергілікті атқарушы органдарында лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, төменгі лауазымдағы 55 мемлекеттік қызметші бос тұрған жоғары лауазымдарға орналасты. 4 жетекші маман бас маман, 26 бас маман бөлім басшысы, бас инспектор, сектор меңгерушісі, 7 бас инспектор бөлім басшысы, 10 бөлім басшысы, аппарат басшысының орынбасары, басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, аппарат басшысы, округ әкімі, 1 орынбасар басқарма басшысы, 3 басқарма басшысы аудан әкімі лауазымдарына тағайындалды. Қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Ондағы мақсат – әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз жанұяларға жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру. Сондықтан ауыл, аудан, қала әкімдерінің жұмысын жетілдіруге айрықша басымдық берудеміз. Жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет! Біз оны өзімізден бастауымыз керек. Бөлінген бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстармен шектелуге болмайды. Бюджет қаражатын тиімді игеру – біздің қызметтік міндетіміз. Әкімдер инвестициялар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керек. Бұл олардың жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдерінің бірі. Мұнда басшылар тек мәселені анықтап, көрсетіп қана қоймай, оны шешу жолдарын да қоса ұсынулары тиіс, – деген Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысы айтқандай айқайшылар мен провокаторлардың жетегіне ермей, керісінше, объективті көзқарастағы, сын айтса да, конструктивті диалог құруға дайын барша қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендігін білдірді. Баяндама аяқталғаннан кейін жиынға қатысушы БАҚ өкілдері сұрақтарын қойып, аймақ басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді. Жалпы, брифингіде түрлі мазмұндағы 20-ға жуық сауал қойылды. Сұрақ-жауап барысында суармалы аймақ, спорт саласы, жайылым жер мәселесі, қант қызылшасы өндірісінің алдағы жоспары, ауызсу, газдандыру, жауыр болған қант мәселесі, көше аттарын қазақшаландыру, облыстағы туризм саласы, руханият жайы секілді көптеген мәселелер қамтылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Көсемәлі Сәттібайұлы өзін біраздан толғандырып жүрген спорт мәселесі, нақтырақ айтқанда бокстың бүгінгі ахуалы турасында сөз етті. Қайраткердің айтуынша жеңімпаздар өлкесі атанған біздің өңірден спорт саласында, оның ішінде бокс саласында 2004 жылдан бері Олимпиада чемпионы шықпай отыр. – Біздің өңірден спорт саласында, оның ішінде бокс саласында 2004 жылдан бері Олимпиада чемпионы шықпай отыр. 2005 жылдан кейін Кадеттер арасында әлем чемпионы, 2015 жылдан бері Азия чемпионы шыққан емес. Оның себебі неде? Оның бір себебі – спорт басқармасының басшысы ірі жарыстарға өзі барып, спортшыны қолдауы керек. Жанашырлық танытуы тиіс. Бізде осы жағы жетіспейді. Ал кейбір спорт мектептерінде 20-30 жылдан бері директор болып отырған азаматтар бар. Олардың да қызметін реттейтін уақыт жеткен секілді. Осы жағын ескерсеңіз дұрыс болар еді, – деп сөзін түйіндеді ол. Жазушының сөзін мұқият тыңдаған аймақ басшысы осы мәселе өзін де талайдан толғандырып жүргенін ашып айтты. Спорт мекемелеріне қатысты мәселелердің расында бар екенін ол мәселелермен жұмыс істейтінін жеткізді. Облыстық «АR-АI» газетінің аға тілшісі Талғат Нұрханов кемшіліктермен спорттық секциялар мен үйірмелер жұмысындағы шикіліктер, солардың салдарынан туындаған тұрғындар наразылығы жайына тоқтала келіп, «Арт-спорт» қайта қолға алына ма?» деп сұрады. Сауалды мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы: – Бұл мәселе біздің назарымызда. Кезінде біршама кәсіпкерлер өздеріне шамадан тыс жүктеме алған. Қағаз жүзінде жоспар жасап, іс жүзінде үйірме жұмыстары өтпеген. Соның салдарынан бірнеше кәсіпкер бұл бағыттан өз еріктерімен бас тартты. Себебі жұмыстарын жолға қоя алмаған. Мысалы, кейбір жерде бір оқушы тәулігіне 4 рет түрлі үйірмелерге қатысады деп ақпарат берген. Оның екеуінде мемлекеттік, екеуінде жекеменшік үйірмелерге барады деп тіркелген. Сонда ол оқушы қай кезде негізгі сабағын оқиды немесе қай кезде демалады, деген сұрақ туады. Істің шикілігі өз-өзінен осылай ашылып отыр. Енді нақты істің адамдарымен жұмыс жүргіземіз, – деп жауап берді. Жиында бүгінді таңда ең өзекті мәселеге айналған қант тапшылы да сөз болды. «Atameken Busines» арнасының тілшісі Мерей Бает: – Қазір қантқа талас күнделікті тіршілікке айналып кеткен. Республикадағы ең ірі қант зауыты бізде, олар 100 пайыз жұмыс істейді деген күннің өзінде елді толықтай қантпен қамту қиындау. Біз өзіміздің өңірді қантпен қамтимыз десек, басқа өңірлерді қайтеміз? Олар да бізге қарап отыр, – деген сауал тастады. Облыс әкімі қант мәселесі қазірде күрделі тақырыптардың бірі екендігін айта келіп, өнімнің өңірдегі бағасы тұрақты бақылауда екендігін айтты. – Қант мәселесі бізде көршілес Ресей шекарасын жапқан соң басталды. Алматы, Жамбыл облыстары қант өндіруде. Ол қант барлық облыстарға жеткізіледі. Биыл ақпан айынан бастап Тараз қаласындағы қант зауыты күнделікті 500 тонна қант өндірсе, қазір 700 тоннаға дейін шығарып отыр. Меркідегі қант зауыты бірер айдың бедерінде 500 тоннадан өндіріп отыр. Былайша айтқанда, Жамбыл облысы күнделікті 1000 тонна қант шығаруда. Ақпан айынан бергі зерделеуге жүгінсек, Тараз қаласының тұтыну нормасы 20 тонна болса, 100 тонна қант кіргізсек те жетпеді. Сонда азаматтар байбалам салып, жаппай қант алуға таласқан. Үйіне қант жиып жатқандар да аз емес. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті тапсырмалар жүктеді. Енді осы бағытта шаруалар қолға алынып, қызылша алқабының көлемін ұлғайту бағытында жұмыстар іске асады, – деді Нұржан Молдиярұлы. Сондай-ақ республикалық «31 арна» телеарнасының облыстағы тілшісі Нұрадин Рақай, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «7 арна» телеарнасының тілшісі Данияр Әлімқұл облыс әкіміне көкейкесті сауалдарын жолдады. Олардың қатарында «Қазфосфат» зауытынан шыққан түтіннің зияндылығы, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба аясында алынған техниканың өзге аудандарда қызмет етіп жүруі, Қордай ауданы, Қызылсай ауылына көгілдір отынның тек қағаз жүзінде кіргізілуі мен өзге де мәселелер бар. Жолданған сауалдар мен сұрақтардың қатарында өңір басшысының айлық жалақысынан бастап, өңірді дамытудың жоспары, бағаны тұрақтандыру мен ел экономикасына қосылатын үлеске дейін айтылды.

Талғат НҰРХАНОВ, Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар