Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

 Отандық ғылымның озық орталығы

 Отандық ғылымның озық орталығы
ашық дереккөз
 Отандық ғылымның озық орталығы
Былтыр беделді Times Higher Education ұйымы дүние жүзіндегі озық университеттердің рейтингін жариялаған болатын.  Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш Назарбаев Университетінің еншісіне тиіп, 2 мың оқу орнының ішінен 500-600 аралығындағы орынды иеленді. 13 жылдық тарихы бар оқу орындары әдетте бұл межеге жете алмайды, тіпті бұл санатта жоқ деуге болады. Яғни, Назарбаев Университетінің даму динамикасы басқалардан көш ілгері десек артық емес. Осы тізімге кірген басқа да қазақстандық университеттер 1200-1300 орындардан кейінге жайғасты. Ресейдің 70 жылдық тарихы бар Новосібір мемлекеттік университеті де Назарбаев Университетінен төменгі сатыдан көрінді. Украинаның 1 білім ордасы ғана алда. Яғни, посткеңестік кеңістікте Назарбаев Университеті сөзсіз алда тұр. Біз бүгін осы университеттің белді ғалымдарымен жүздесіп, оқу ордасының ғылыми әлеуеті, басым бағыттары туралы сөйлескен едік. Айта кетейік, әңгімеге араласқан ғалымдардың барлығы Қазақстан  азаматтары немесе тарихи отанына оралған қандастарымыз. Сонымен... Биыл Назарбаев Университетінің  ғалымдары керемет жетістікке жетті. 28 наурызға қараған түні Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында орналасқан университет  телескопының көмегімен ғалымдар ғарыштағы ерекше құбылысқа – GRB230328B гамма-сәулелерінің жарылуына бірегей бақылау жүргізді. Гамма-сәулелену жарылыстары (ГСЖ) - әлемдегі ең жарқын жарылыстардың бірі. Халықаралық ғылыми қауымдастық елу жылдан астам уақыттан бері оның табиғатын әлі толық тани алмай келеді. Аталған оқиғаны дүние жүзіндегі 14 обсерватория бақылаған. Осыған ұқсас келесі бақылау бізден кейін 30 минуттан кейін ғана жасалды. -Телескопты осыдан бірнеше жыл бұрын құрған болатынбыз. Оның ерекшелігі – шағын, бірақ өте жылдам, автоматтандырылған. Яғни, кез келген бағытқа 8 секунд ішінде бұрылады. Сондай-ақ біздің телескопымыз үш түсті диапазондағы үш камерамен бір уақытта бақылау жүргізе алады. Басқа мемлекеттерде де өте ауқымды және сезгіш телескоптар бар, сезгіштік бойынша олармен бәсекелесу қиын. Бірақ біздің артықшылығымыз - жылдамдық, аз ғана уақытқа созылған құбылысты басқалардан бұрын көріп үлгереміз. Біріншіден, ғарыштағы құбылыстар экстремал жағдайда жүзеге асып жатады. Қысым, магнит жолағы, температура және тағы басқалары бөлек. Ондай жағдайды жерде жасау мүмкін емес. Яғни, ғарыштағы құбылыстар – ол ғарыштағы біздің зертханамыз деуге болады. Біз ғарыштағы белгілерді бақылау арқылы жерде ядролық физиканы дамытамыз. Табиғаттың өзінде жүріп жатқан зертханалық құбылыстарды пайдаланамыз,- дейді Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың қауымдастырылған профессоры, Энергетикалық ғарыш зертханасының жетекшісі Ерназар Әбдікамалов. Ерназар Әбдікамалов 1983 жылы Қарақалпақстанда, Нүкіс қаласында дүниеге келген. Ташкент ұлттық университетін тәмамдаған. Америкада, Калифорния технологиялық университетінде жұмыс істеген. Қазақстанда Назарбаев Университеті деп аталатын амбициялы жоба басталғаны туралы естіп, құжатын жіберді. Көп ұзамай, дәлірек айтқанда 2014 жылы Қазақстанға келді. – Содан бері 10 жылға тарта уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Ең алдымен, университет аясында ғылыми жұмыстарға арналғна ауқымды инфрақұрылым қалыптасты. Көптеген зертханалар, жаңа бағдараламалар құрылды, - дейді ол. Е.Әбдікамалов университет  студенттерімен бірге ол астрономиядағы жетекші журналдарда көптеген жұмыстарды, соның ішінде жұлдыздардың жарылыс механизмдерін зерттеуін жариялады. Назарбаев Университетіндегі ғылыми жетістіктері ескеріліп,  2018 жылы доцент қызметіне тағайындалды. Бұл жерде ол өзінің ғылыми жетістіктерімен ғана емес, тамаша ұстаз ретінде де тез танылды. Педагогикалық алғырлығы үшін 2019 жылы «Жыл профессоры» атанды. Ал Жанат Қаппасов Көкшетаудың түлегі. Мектеп бітіргеннен кейін шекаралас елдегі Томск радио және электроника университетіне түсіп, білім алды. Ресей Федерациясының әскери өнеркәсіп кешенінің автоматика және электрмеханикасы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. Тайваньда да еңбек еткенін, Ресейдегі көптеген конкурстарды жеңіп алғанын айта кету керек. – Тайваньда алты ай жұмыс істедім, еңбекақыны тайваньдықтар, жолақымды Томск радио және электроника университеті төледі. Мен жоғары қуатты түрлендіргіш, күн батареялары үшін 5 және 250 кВт бар электрмен жабдықтау жүйесін әзірледім. Шетелде тәжірибем бар еді, оған дейін Америкада 6 ай жұмыс істегенімнің арқасында бардым. Сосын Қазақстанға қайтқым келді, Назарбаев Университетінің Робототехника кафедрасына  ассистент болып орналастым. Ол кезде ғылым мен техника мектебі болды, кафедраны нөлден бастап жаңадан құрдық. Тайвань мен Ресейде алған білімім мен тәжірибемнің үлкен көмегі болды. Томскідегі көптеген зертханалар электроникаға бағытталған. Бұл жерде қалыпты зертханалық мәселелерді шешуге өте пайдалы болды, - дейді ғалым. Арада біраз уақыт өткен соң ол өзіне әлі де өсе түсу керек екенін түсінді. Сөйтіп, Францияға докторантураға түсті. Пьер және Мария Кюри университеті топ-100 білім ордасының қатарына кіреді. Сол университеттен робототехника бойынша докторлық дәреже алды. Диссертациясы бүкіл Франция бойынша жүздеген еңбектің ішінен екінші орынға лайық деп танылды. Франциядан кейін елге оралып, өзіне бұрыннан таныс Назарбаев Университетіне  орналасты. - Қазір мұнда тактильді датчиктерді жасап жатырмын, докторантурада оқып жүрген кезімнен бастап айналысып келе жатқан ісім ғой. Кейде біз қандай да бір қозғалысты - ауыр немесе жеңіл вагонның келе жатқанын көреміз. Бізге бұл машинаның жылдамдығы мүлдем басқаша сезіледі. Біз мұны сенсорлық сезім деп ойлаймыз, бірақ шын мәнінде бұл бұлшықет қозғалысы. Бұлшықеттер азды-көпті жиырылғанда, уақыт ұзағырақ немесе жылдамырақ өтіп жатқандай көрінеді. Робототехникада  оларды роботтарда қайталауға тырысады. Роботтарды қауіпсіз ету үшін сенсорлық сезімдер қолданылады, - дейді ғалым. Қазір Жанат Қаппасов Назарбаев Университетінің Тактильді робототехника зертханасында зерттеуін жалғастырып жатыр. Негізінен қолданбалы ғылым берумен шұғылданады. Келесі  кейіпкеріміз Нұршат Нұражы - АҚШ азаматы, Казақстан Президенті жанындағы ғылым техника кеңесінің мүшесі. Назарбаев Университетінің профессоры, химия-инженерия бойынша докторлық бағдарламаға жауапты. Осы білім ордасында Астана ұлттық зертханасы бар, соның жасыл энергия зертханасының меңгерушісі болып еңбек етеді. Біз оның Назарбаев Университетіндегі ғылыми бағыты туралы сұраған едік. - 2019 жылы күз Айында, АҚШ-тан Қазақстанға оралып, осындағы іргелі ғылым ордасы Назарбаев Университетіне орналастым. Өзіңіз білесіз, адамзат баласы атам заманнан арзан әрі тиімді энергия көзін іздеп келеді. Энергия мен отын көздері мұнайға негізделген. Қазіргі таңда бүкіл әлемде болашақтың энергиясын зерттеу басым бағытқа ие болып отыр. АҚШ-тың Энергетика министрлігі тереңдетіп зерттеу үшін биомасса көзінен платформаның 21 молекуласын анықтады, себебі олардың құрамын түсіну мұнайдан алынатын қуатты алмастырады. Сол үшін Қазақстан да әлемдік бағыттан қалмауы керек. Бұл бағытта Назарбаев Университеті ғалымдарға бар мүмкіндікті жасап отыр. Біздің зертханамыздың бағыты – күн сәулесіне сезімтал материалдарды зерттеу, сутегі энергиясын өндіру және сақтау технологиясы. Жақында зертханамызда жасалған жұмыс нәтижесі әлемдік деңгейге шықты. Күн қуаты арқылы суды ыдыратып, сутегі өндіретін наноматериалды ойлап таптық, - дейді ол. Ғалымдардың пайымына салсақ, ғылым дамуы үшін алдымен ғылыми инфрақұрылым қалыптастырған жөн. Осы орайда республикадағы бірден-бір осындай орта ретінде Назарбаев Университетін айтуға болады. Бұл тұрғыда Назарбаев Университеті президентінің кеңесшісі, белгілі ғалым Қанат Байғарин оқу ордасын ашуға, оны дамытуға, қазіргі базасын қалыптастыруға қомақты қаржы жұмсалғанын айтады. Соның арқасында үлкен ғылыми орта қалыптасты, үлкен құрылым пайда болды. Бұл 30 жыл ішінде жүзеге асырылған ең табысты жобалардың бірі. Назарбав Университетінің түлектері енді ғана аяқтанып, қанаттары қатайып келеді. Біз ғалымдардың жұмысына табыс тіледік. Дариха Пазылбекқызы, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар