Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР «ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНІҢ» ҚАҺАРМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР «ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНІҢ» ҚАҺАРМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ашық дереккөз
ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР «ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНІҢ» ҚАҺАРМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Биыл «1986-Желтоқсан көтерілісіне» 37, ал ата-бабамыздың асқақ арманы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 32 жыл толды. Ұлттық тарихымызға көз жүгіртер болсақ азаттық жолында 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Алайда бұл көтерілістердің бәрін отаршыл өктем империя қарудың күшімен басып, шаншып отырған. Ал 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» сол ата-бабалар ансаған азаттық жолындағы бұлқыныстың жалғасы болатын. Сондықтан да Тәуелсіздіктің биік тұғырын тұрғызу «Желтоқсан көтерілісінен» бастау алады. Тараз қаласында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жастармен 1986 жылғы 16 желтоқсан көтерілісіне қатысқан қайраткерлер арасында «Желтоқсан Жаңғырығы» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған әпкесі Рысқұлбекова Гүлнар Ноғайбайқызы, желтоқсан көтерілісіне қатысқандар Кеншінбек Талғат Дүкенбайұлы, Унетаев Жарылқасын Жұмаділұлы, Қалмұрзаев Жеңісбек Бейсенұлы, Мырзабай Сәкен Мұмаханұлы Тауасаров Дүйсенбек Ниязұлы қатынасты. Жиынды Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Қосалиева Жанна аштты. Ол жиналған көпшілікті 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Бұрындары анам марқұмды ылғида осындай кездесулерге шақыратын. Анамның жүрегі ауыратын. Бармай-ақ қойсаңызшы десек: «Қалай бармаймын, баламды атап, ескеріп жатқанда» деп барып келетін. Келгеннен соң ауыратын. Қазір мен сол болдым» деп көзіне жас алды Гүлнар Рысқұлбекова. «Әркім өз бауырын ойлайды. Біз Қайратқа: «Неге алаңға шықтың, шықпай-ақ қоймадың ба?» деп сұрадық. Ол: «Қалай алаңға шықпаймын әпке, қазақтың қыздарын шашынан сүйреп, ұрып-теуіп жатқанда. Мен ондайға шыдап тұра алмаймын» деген. Қайрат інімді жанындағы жолдасы сатып кетті. Ол сотта: «Мен қайратты кешкі сағат 11-12 арасында көрген жоқпын» деп жауап берді. Осы бір-ақ ауыз сөз Қайратты ату жазасына кесіп жіберді. Оны сот залынан алып бара жатқанда ол: «Анашым мен ақпын. Ешкімнің есігіне жылап бармаңыз» деп шыңғырған даусы әлі күнге дейін құлағымызда. Сосын біз оны Алматы қаласындағы түрмеге іздеп барғанда, ондағылар бауырларың бұл жерде жоқ. Сүйінші сұрай беріңдер. Өлім жазасы 15 жылға ауыстырылды. Ол қазір Семей түрмесіне ауыстырылды дедеі. Біз уылға келіп, аман болса шығады деп қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады, 4 күннен кейін Қайрат түрмеде қайтыс болды деген суық хабар келді. Әке-шешеміз жылап-жылап, баламның сүйегін Семейден әкелеміз деп еді, біздің үйді әскермен, милициямен құршап ешкімді сыртқа шығармады» деп еске алды Гұлнар Ноғайбайқызы. Одан кейін сөз алған Қайрат Рысқұлбековтың замандастары, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтар өз естеліктерімен бөлісті. Жастар да көкейлерінде жүрген «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты сауалдарына нық жауап алды. Кездесу соңында арнайы шақырылған қонақтарға яғни, «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқан қайраткерлерге сый-сияпат көрсетті. Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі. Тараз қаласы.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар