Жеңімпаздар марапатталды
Отбасылық институтты нығайту, рухани қасиеттер мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Жалпы, осы конкурсқа Тараз қаласынан әртүрлі салада еңбек етіп жүрген (көпбалалы патронат, мұғалімдер, шығармашылық, спорттық отбасылары) 9 отбасы қатысып, комиссияның шешімімен Ержановтар мен Махашевтар облыстық конкурсқа жолдама алғанын айта кету керек. Жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетілген іс-шарада Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев қатысушы әрбір отбасыға алғыс айта отырып, жеңімпаздарға ізгі тілегін арнады.
Көпбалалы патронат Ержановтар отбасы мүшелеріне тоқталсақ, бұл отбасының отанасы Сапура Ержанова негізінен зейнеткер. Ол 3 ұл, 4 қызды дүниеге әкеліп, одан бөлек 7 ұл, 5 қызды бауырына басып, қамқорлығына алған. Бүгінде бұл отбасы 56 немере тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. С.Ержанова Білім және ғылым министрінің, «Бөбек қорының» Алғыс хаттарымен, «Алтын алқа» алқасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері. Бүгінгі күні тәрбиелеген ұл-қыздары әр салада жемісті еңбек етуде. Ата-анасының жолын қуып, ұлы Артур Ержанов өзінің 7 баласынан бөлек қамқорлығына тағы да 7 бала алған. Бүгінде ол 14 бала тәрбиелеп, ұл-қыздарын ел қатарлы бағып-қағып отыр.
Махашевтар өнегелі отбасы жайлы сөз етсек, бұл отбасының отағасы Алдаберді Махашев Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптің авторы, Тараз қаласы және Сарысу ауданының Құрметті ардагері. Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының жетекшісі.
Бұл отбасының анасы Исмаилова Әсия Балғабайқызы – ұлағатты ұстаз, «Алтын алқа» иегері, музыкалық аспаптың бірі – мандолин тартуды еркін меңгерген, зейнеткер. Отбасында 7 қыз дүниеге келіп, ұлағатты тәлім-тәрбие алуының нәтижесінде барлығы да жоғары біліммен қатар, ғылым докторы мен магистратураны да ойдағыдай бітіріп шыққан. Ғылым мен өнер жолының сабақтастығын жалғастырушы, саналы ұрпақты жан-жақты тәрбиелеп келе жатқан бұл отбасы 26 немере мен 5 шөбере сүйіп отыр.
Үздік Бәкір отбасының әкесі Сәрсенбек Бәкір Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде музыка жетекшісі. Әйелі Зәуре Тоқбаева да осы білім беру мекемесінде арнайы пән оқытушысы. Ол 5 қыз, 1 ұлды дүниеге әкелген. Негізінде С.Бәкір елге белгілі сазгер. Оның «Туған жер», «Алма қыз», «Махаббат назы», «Құрбыжан», «Аналарға», «Не пайда?», «Аңшы туралы аңыз», «Жан сырым» атты туындыларын кезінде елге аса танымал әншілер орындаған. Ол «Үкілі үміт» сазгерлер байқауының лауреаты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Бұл отбасы облыстық конкурсқа жолдама алмағанымен, лайықты сый-құрметке ие болды.
Әнел ӘШІРҚҰЛ, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-дің ІІІ курс студенті
Келесі мақала