«Adal cargo» Асулары
Қазақ елі мен Қытай арасындағы сауда жасау ісі бұрыннан бар. Ұлы Жібек жолының бойымен сауда керуендері ата-бабамызға Қытайдың шайы мен шәлі матасын, боз кілемін, жібектен тоқылған орамалын тасымалдап отырған. Биыл Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілгелі және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай еліне жасаған жұмыс сапарынан кейін екі ел арасындағы сауда тіптен жанданды.
Ғаламторда «Қытаймен сауда» деген атаумен талай жан карго бизнесі арқылы өздерінің кәсібін дөңгелетуде. Осындай екі елдің байланысын жақсартып, аз ақшамен өз ісін ашып отырған жандар –
ерлізайыпты кәсіпкер Азамат Ерназаров пен Айсара Серік. Олар «Adal cargo» жекеменшік кәсібінің егелері. Яғни аспан асты елінен тауар алдырып, оншақты күнде жеткізіп береді. Бастапқыда айдан-айға азғантай еңбекақымен күнелткен олар жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайды. Дегенмен көп ретте идея ойға оралса да іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды қиын деп ойлайды. Өйткені біліктіліктің төмендігі мен қалтаның жұқалығы көп жағдайда адамның мақсатқа жетуіне кедергі келтіреді. Қолында қомақты қаржы болмаса да бизнеске бел шеше кіріскен кейіпкерлеріміз басында айтарлықтай қиналыпты. Баланың жөргегі мен сүтіне ақшалары жетпей тарығып жүрген олар «нартәуекел» деп бірінші білім алды. Ер азаматының ақшалы жүруін тілеген әйел заты бірнеше бизнестің басын шалып көріпті. Көбісі сәтсіз аяқталған. Алайда олардың сағы сынбаған.
– Азаматтың техникаға жаны құмарлығын ескеріп, автобөлшек сатумен айналысып көрдік, онымыз іске аспады. Содан ол бизнесті тастап, көйлектерді жалға беру ісін ашып көрдік. Бұл кәсіпті де онша жүргізе алмадық, жалдау ақысын төлегеніміз болмаса, керісінше «минусқа» кірдік, –
деп ақтарылды Айсара Серік.
Ол бір күні «Instagram» әлеуметтік желісінде бір қарапайым әйелдің елмен тікелей эфирде әңгіме-дүкен құрып отырғанын байқап қалыпты. Балайым есімді блогер Құлан ауылында тұратын көрінеді. Айсараның шабыттануына сол әсер етсе керек.
– Балайымнан «pinduoduo» деген сайтты үйреніп, алғашқы тапсырысымды жасадым. Бұл 2020 жыл болатын. Тауарым келгеннен кейін жан-жағымдағы құрбыларыма үйрете бастадым. Бірақ ол кезде тауар қазіргідей 8-15 күнде келмейтін. Ол кезде Қазақстан бойынша 3-4-ақ каргоны білетінбіз. Кейіннен Қытай сайтын Қазақстанға алғашқылардың бірі болып үйреткен Айгүл Ерубаева ханым өзі жеке карго ашты. Сол кісінің ашқан каргосына серіктестік сатып алдық. Солай карго саласына кіре бастадық. Сосын «Тараз қаласынан неге өзіміз карго ашпасқа?» деген ой келді. Ол кезде Таразда 2-ақ карго бар еді. Алайда Тараз қаласына тікелей келетін ең алғашқы каргоны біз аштық, – деп еске алады ол сол кезді.
Азамат бұл бизнестің шынымен де пайдалы екенін ұққан соң ғана іске кірісіпті. «Adal cargo»-ның жұмысын бүгінде толығымен Азамат басқарады. Өзі жүргізеді. Қазір олардың 19 филиалы, тұрақты клиенттері бар. Сапалы жұмыстарына ел әділ бағасын беріп, бренд деп мойындап жүр. Жеке бастарында ешқандай кредиті жоқ. Кезінде 7000 теңгеге курс оқып, қазір миллиондап ақша санап отыр. Адал еңбектің арқасында адал ас ішуде. Жеке есепшісі, заңгері, үш жүк тасушысы бар. Барлығына әділдікпен нәпақасын тауып беріп отыр. Ал Айсара болса, өте ақылды жар. Күйеуіне кәсіпті сеніп тапсырып, өзі №50 Ө.Жолдасбеков атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда.
– Карго бизнесінде ең бастысы –
сенімді серіктес табу. Қазір өте арзан тариф ұсынатын серіктестер көбейіп кеткен. Қаржыны белгілі бір сомаға жеткізіп, артынша ізім-қайым жоқ болып кетіп жатқандар жетеді. Біздің қытайлық серіктесімізбен қазір бірге жұмыс жасап жатқанымызға 10 ай болды. Есімі Цзинь Ген, өте жауапкершілігі мол, кейде мыңнан бір тауар жоғалып кетіп жатса, орнына қайта сатып алып жібереді немесе ақшасын қайтарады.
2020 жылғы карантиннен бастап халық онлайнға әбден үйреніп алды ғой. Қазір бұрынғыдай базар, дүкенге баратын халық аз. Үйден шықпай-ақ және арзан бағада тікелей тапсырыс беру халыққа ыңғайлы. Тұтынушы көбейгеннен кейін олардың тауарын жеткізуші карголар да көбейді. Әлі де көбейеді деген ойдамын. Себебі Президент Қ.Тоқаевтың өзі Қытаймен арадағы бизнесті қолдап, визалық режимді алып тастап, арнайы келісімшарт жасасты. «Карго ашу әлі тиімді ме, әлде кеш қалдық па?» деп көп адамдар сұрайды. Менің айтарым, қолынан келмейтін адам каргоны ең бірінші болып ашса да жүргізе алмайды. Сондықтан кәсіпкерлік қабілеті бар, пысық адам болса, ол бұл істі жүргізе алады, – дейді Азамат Нұрланұлы.
Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің еңбегі ақталуына тілектеспіз!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
elmira231284@mail.ru
Келесі мақала
Әділетті қоғам өздігінен қалыптаспайды
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Жуалы ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- Бүгін, 14:52