Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жарқын жобаның жемісі мол

Жарқын жобаның  жемісі мол
ашық дереккөз
Жарқын жобаның жемісі мол
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте күн тәртібіне қойылған екі мәселенің бірі ретінде «Ауыл аманаты» жобасының өңірде іске асырылу барысы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашевтің айтуынша, 2019 жылдан бастап қолға алынған жоба жемісті нәтиже берген. Жалпы «Ауыл халқының тұрмыстық жағдайын көтеру, әл-ауқаты мен табысын арттыруда «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығы айрықша екені жалпақ жұртқа белгілі. 2019 жылы облыстағы 11 ауылдық округтен 25 ауыл қанатқақты жобаға қатысқан кезде-ақ ол өз тиімділігін дәлелдеген еді. Өйткені жеңілдетілген несиеге ие болған тиісті елді мекендердегі әр аулада жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіру, мал ұстау, шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету ісі жүзеге асты. Соның арқасында малшаруашылығымен айналысу, есік алдындағы бау-бақшаны баптау, кооперативтерді техникамен қамтамасыз ету секілді жұмыстар қарқынды жүргізіліп, ауылдықтардың кейбірі жылыжай салу, наубайхана ашу, омарташылықпен айналысу секілді кәсіп түрлеріне ден қойды. Соның арқасында жоба Үкіметтен үлкен қолдау тауып, оны жүзеге асыру елдік деңгейде қолға алынды. – Жоба алғаш жүзеге асқан жылы несие үшін 9,2 миллиард теңге қарастырылып, ауылдық округтерден 2 489 адам кәсіпке бет бұрды. Жобаның жалғасы ретінде келер жылы қайтарылған несиелердің есебінен 3 ауылдық округтегі 253 бизнес-идея іске асырылды. 2022 жылы 6 миллиард теңгеге 1 210 кәсіпкер қаржыландырылды. Былтыр жаңадан құрылған кооперативтерге 131 техника сатып алынды. Бүгінде берілген несиенің қайтарылуы 95,5 пайызды құрап отыр. Биыл бұл жобаға 24 миллиард теңге бөлінді. Жалпы жоба шеңберінде алдағы уақытта 153 ауылдық округтегі 109 мың аула қамтылды. Нәтижесінде 25 мыңнан астам жаңа кәсіпкер тіркеледі, жылына 3,7 миллиард бюджеттік түсім түседі. 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 8 мыңға дейін қысқарады. Соның есебінен бюджеттік үнем жылына 1 миллиард теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар 352 мың мал сатып алынады, 220 мың тонна ет және сүт, 112 мың тонна көкөніс өндіріледі, – деген Нұржан Нұрланұлы жобаның бес бағыты бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта не істеп, не қойылатынын бүге-шігесіне дейін баяндады. Өз кезегінде облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы енгізілгелі елді мекендердегі мал басының санына қарай жайылым жерлерді анықтау бойынша және құрылатын кооперативтердің өтінішіне орай олардың техникасын қоятын орын үшін жер телімін беру жөнінде арнайы тапсырма берілгенін атай отырып, осы жұмыстың нәтижесін облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Капентаевтан сұрады. Ермек Амангелдіұлы мал жайылымы үшін 2026 жылға дейін өңірдегі мал санының өсу динамикасы жасалғанын, 2026 жылға қарай 3,3 миллион гектар жер қажет болатынын, десе де облыста 4,4 гектар жайылым жер бар екенін сөз етті. Оның 3,6 миллион гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жер екені, 743 мың гектар ауылдық елді мекен жері екені айтылды. Одан бөлек орман қорында 1,6 миллион, босалқы жерде 942 мың гектар жайылым жер бар. Аталған басқарма басшысының айтуынша, облыстың малды жайылымдық жермен қамтамасыз етуге әлеуеті толық жетеді. Ал копперативтер үшін техника қоятын жер телімі аудан көлемінде шешімін тауып жатқан көрінеді, бұл бойынша мәселе туындамаған. – Тағы бір мәселе, бұған дейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алғандардың несиені мақсатты пайдалануына тиісті органдарды тарта отырып зерделеу жұмыстарын жүргізу және оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатынмын. Осы орайда мониторинг жүйесін тағы бір пысықтауды ұсынамын. Бұл бойынша мәселені екшеп, тиімділігін арттыратын қажеттіліктер болса, арнайы шаралар қабылдансын. Осы ретте «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы секілді қаржы ұйымдарының мониторинг жүргізу тәжірибесін пайдалансақ та артық болмайды. Себебі қаржының көлемі ұлғайған сайын оны қадағалау жұмысы да арта түседі, – деді Ербол Шырақпайұлы. Аймақ басшысы нақ осы жоба бойынша кәсібін өрге домалатып отырған азаматтарды БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, олардың ісін өзге азаматтарға үлгі етуді атап өтті. Жобаның жүзеге асырылуы баяу жүргізіліп жатқан кейбір елді мекендер бойынша тиісті аудан басшыларынан жауап алып, жауаптыларға жоба аясындағы жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты. Бұдан кейінгі мәселе бойынша өңірдің геоақпараттық жүйесінің жұмысы қаралды. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков баяндама жасады. – Облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін дамыту бойынша іс-қимыл тәртібі бекітілді. Осыған сәйкес облыстық басқармалар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы, табиғи монополиялар субъектілері, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері арасындағы геопорталдағы іс-қимыл тәртібі үйлестірілді. Бірыңғай талапқа сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160-тан астам және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер енгізіліп, 14 басқарма үшін 24 автоматтандырылған жұмыс орны әзірленді. Заңға сәйкес жер учаскелері ағымдағы жылдың қазан айынан бастап электронды түрде беріледі. Осыған байланысты өңірлік геоақпараттық жүйесінде аталған қызметтерді атқаруға қатысушы Тараз, Шу, Жаңатас қалаларының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының, табиғи монополиялар субъектілерінің мамандарына жеке кабинеттер ашылып, оқыту шаралары ұйымдастырылды. Облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік геоақпараттық жүйесі жұмысын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма беріліп, орындалған. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша 7 мемлекеттік қызмет, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді, – деді Руслан Москауұлы. Жиында Ербол Шырақпайұлы өңірлік геоақпараттық жүйесін дамытуда кездескен мәселелерді жауапты қызметкерлерден сұрап біліп, облыс әкімдігі цифрлық технологиялар, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармаларының басшыларына аудан және Тараз қаласы әкімдерімен тізе қосып қимылдауды, әсіресе жыл аяғына дейін Жаңатас қаласының бас жоспарына қатысты жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар