Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрлық индустрияға баса назар аударылуда

Цифрлық индустрияға баса назар аударылуда
ашық дереккөз
Цифрлық индустрияға баса назар аударылуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде құттықтады. Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды. Президенттің айтуынша, мемлекет бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект жүйесін құру ісін тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты деп санайды. Сондықтан Президент бұл бағытқа өзі жетекшілік етеді және шетелдік, отандық мамандармен кездеседі, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде перспективті цифрлық индустрияға баса назар аударылып жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан электронды үкімет пен қаржылық-технологиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады. – Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мемлекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті. Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап, шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Президент қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, адамзаттың аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, биыл жүзге жуық білім ошағы бой көтерді. Қазіргі таңда осындай ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі бар. Атап айтқанда, халықаралық PISA рейтингі бойынша Қазақстандағы орта білімнің сапасы едәуір артты. Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды. Айта кетейік, салтанатты шара алдында Мемлекет басшысы «Бір ауыл – бір өнім» жобасымен, сондай-ақ «Global Safety», «CleanField Kazakhstan», «Borusan Cat» және «Med 365» секілді отандық компаниялардың өнімдері қойылған көрмемен танысты.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар