Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ едІ

ЕРЕКШЕ  МЕЙІРІМДІ едІ
ашық дереккөз
ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ едІ
Менің ардақты анамның аты-жөні – Дариха Байболатқызы. Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Талап ауылында 1937 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Отбасымызда алты перзентпіз. Мен үйдің төртінші, яғни ортаншы баласымын. Үш ұл, үш қыз бір шаңырақ астында тіршілікке икемді болып тату өстік. Анам мені нағашыларымның ауылында босаныпты. Нағашымның әкесі де, аталары да ел ішінде беделді, білімді, билік айтқан кісілер болған екен. Нағашым да ескі кітаптарды судыратып оқи беретін. Арабша кітаптардағы аят, сүрелерді тәржімалап, келгендерге айтып беріп отыратын. Нағашы атам мен дүниеге шыр етіп келгенде «Мың бір түн» кітабын оқып жатса керек, кітаптағы бас кейіпкер Харон-Рашид патшаның атын азан шақырып маған қойыпты. Есімімді әкесі қойғандықтан ба, анам маған басқа балаларынан гөрі ерекше қарайтын сияқты көрінетін. Бауырларым да «Рашидті бізден қатты жақсы көресің» деп айтып қалатын. Біз ес білгенше нағашыларымыздың қолында өстік. Анам да көпбалалы отбасынан шыққан. Бір шаңырақтан үш ұл, төрт қыз өсіп-өнген. Анам көп сөйлемейтін біртоға кісі еді. Нені болса да сабырға жеңдіретін. Сондай-ақ қолы ашық, қонақжай, кеңпейілді кісі болатын. Қазақта «Адамға алтын жүзді душар болмақ, әркімнің бойға біткен пиғылынан» деген сөз бар. Сол айтпақшы, анам да қонақжай, кең пейілі үшін бе, автовокзалда кассир болып жұмыс істеді. Зейнетке де осы мекемеден шықты. Ауданымызда 15 мыңға жуық тұрғын болса, анам солардың бәрін танитын. Билет сатып, әрқайсысымен жеке де тілдесетін. Кішкентай балалар көз алдында ержетті. Ауданға барса, алдынан кездескен адамдар амандаспай өтпейтін. Бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп, мансап, қызмет тілемеген анамыздың не деген қарапайым екеніне осы күні таңғаламын. Қазір әнші не болмаса танымал тұлға болмасаң бір аудан халқы бет-жүзіңді көріп тани бермейді. Қарапайым қол еңбегімен елдің бәріне қызмет істеп, бәріне таныс болған анам үшін марқаямын. Анам барлық асты дәмін келтіріп пісіретін. Бірақ оның ішінде ерекше есімде қалғаны – шоқтан буын бұрқыратып алған таба нанға сары майды жағып беретіні. Артынан бір кесе айран ішіп аласың. Қаракөлдің етінен жасайтын қуырдақ, айран қосылған көже, палау, ет, бәрін жақсы дайындайтын. Әр жердің сүйікті жергілікті асы болады. Сыр елінің сүйікті тамағының бірі – сыркүріш. Анам мұны да дәмді әзірлейтін. Өмірде анаммен көп сырластым деп айта алмаймын. Өзі де ананы-мынаны сұрап, көп сөзге тарта бермейтін. Үйленетін кезімде тіке айта алмай, жұмысына хатқа жазып кеткенмін. Бәлкім, анама алғаш ашылып сыр айтқан кезім осы болған шығар. Алматыға жұмыс іздеп отбасыммен кетіп бара жатқанда немересін тастап кетпегеніме ренжіді. Анам ерекше мейірімді, сезімтал еді. Бала болып бұзықтық жасаған кезімізде «Әкеңе айтамын!» деп қорқытатын. Әкеміздің сесінен қаймығатынбыз. Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылының тумасымын. Бүгінде Алматы қаласында тұрамын. Біраз жыл Тараз қаласын мекен еттік. Шаңырақ құрған соң 7 жыл ата-анамның қолында тұрып, тәлім-тәрбиесін алдық. Бүгінде соған шүкіршілік етемін. «Жұмақ – ананың аяғының астында» деген тәмсіл бар. Бабалар да бізге ананы құрметтеуді тапсырған. Әрбір адам анасын қадір тұтып, көзі тірісінде бағаласа деймін. Рашид Нұрлыбеков, жеке кәсіпкер
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар