Әккілерден айла артылмай тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді.
Бүгінде расында да әккі алаяқтардан айла артылмай тұр. Түрлі қаржы пирамидаларынан жапа шегіп, интернет-алаяқтыққа алданғандар жайлы құқық қорғау органдары сәт сайын құлақтандырып та келеді. Адамның сеніміне кіріп, арам ойын іске асырғандардың қолға түскенін де дер кезінде жазалауда. Алайда аңғал халықтың аңқаулықтан арылатын, алаяқтардың айылын жиятын түрі жоқ.
Қоғамда алаяқтықтың түрі көп. Осы жылдың 11 айында облыс бойынша 768 жалпы алаяқтық дерегі тіркелген екен. Әйтсе де қалыптасқан жедел ахуалға сәйкес, жалпы алаяқтың саны өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға кеміпті. Нақты айтқанда, 795-тен 768-ге төмендеген. Ал қылмыстың ашылуы 43,1 пайыздан 43,2 пайызға ғана өскен. «Алаяқтардан айла артылмай тұр» деуіміздің себебі осы.
Алаяқтықтың ауыр санаты да 3,2 пайызға, яғни 310-нан 300-ге азайған.
Облыстық полиция департаменті имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің инспекторы Гүлдана Апизаның айтуынша, тіркелген 768 алаяқтықтың 400-і жәбірленушімен тікелей қарым-қатынаста жасалған іс екен. Оның бүгінде 311-і ашылған. Жәбірленушімен тікелей қатынаста жасалған 400 алаяқтықтың 25-і ашылмаған, оның 20 ісі туысқаны немесе балалары көрінеді. Кейбірі шетелдіктердің телефон арқылы жасаған алаяқтық қылмыстар.
– Жыл басынан бері тіркелген 768 алаяқтықтың ішінде интернет-алаяқтықтың 168 дерегі тіркелді. Былтыр 198 жағдай орын алған еді. Оның 53-і өндіріспен аяқталды. 121 қылмыстық істің мерзімі қысқарған, ашылуы – 30,3 пайыз.
Облыста интернет-алаяқтықпен айналысқан 36 адам ұсталды, олардың 19-ы басқа облыстардың тұрғындары болып шықты. Атап айтқанда, олар Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарынан.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын.
Профилактика мәселесіне келетін болсақ, 45 бейнеролик дайындалып, таратылуда, оның 29-ы арнайы топпен дайындалған, 13-і облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы, қалалық, аудандық әкімшіліктер арқылы барлық интернет-ресурстарда таратылуда. Жұртты ақпараттандырудың бір жолы ретінде 26 түрлі арнайы дайындалған буклеттер таратылды. Оның 15-і облыстық әкімшілік арқылы таратылды.
Интернет-алаяқтықтың барлық негізгі тәсілдері көрсетілген, орыс және қазақ тілінде дайындалған арнайы жадынама (памятка) 14 мың 289 үй мен пәтерлерге үлестірілді. Арнайы дайындалған аудиожазбалар қоғамдық орындарда дауыс күшейткіштермен жеткізілуде. 114 ұйым, мекеме мен кәсіпорындарға түсіндірме хаттар (бейнероликтер, буклеттермен бірге) жолданды.
Облыстық «Jambyl» және «Taraz24» телеарналарына, облыс бойынша «AR-AI», «Aq jol» газеттеріне сұхбаттар берілді. Олардан бөлек жүйелі түрде облыстық полиция департаменті және қала, аудандық әлеуметтік желі парақшаларына профилактикалық жазбалар жариялануда.
Облыстық департамент тарапынан қоғамдық көліктерге арнайы дайындалған 1000 дана брошюраға тендерлік ұтысты Талдықорған қаласындағы «Общество инвалидов» мекемесі ұтып алып, қазіргі таңда толық көлемде басылып шығарылып, қоғамдық көліктерге орналастыру жоспарланып отыр. Интернет-алаяқтықтың жолын кесу, алдын алу іс-шаралары бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың бір парасы осы, – деді Гүлдана Талғатқызы.
Алаяқтықтың түрі көп екенін сөз басында айттық. Соның бірі – қызмет ұсынушыларға тұтынушылардың жалған түбіртек көрсетуі. Мәселен, бір жолы таксимен келе жатып, жүргізушіден жолаушының телефоны арқылы оның «Kaspi Gold»-ына тиісті ақшаны аударғаны туралы жалған түбіртек көрсетіп, барар жеріне тегін жетіп алғаны жайлы естігенім бар еді. Осы жолы да дәл соған ұқсас әңгімеге куә болдым.
Кешқұрым Тараз қаласындағы шағын азық-түлік дүкендерінің біріне бас сұқтым. Керек-жарағымды алып, сатушымен «Kaspi Gold» төлем жүйесі арқылы есептесіп, кетіп бара жатқанымда менің күте тұруымды өтініп, ақшаның есепшотына түскен-түспегенін тексерді. Өзім ыңғайсызданып қалғанымды түрімнен байқады-ау деймін, сатушы жасы үлкен кісі екен: «Өткен жолы бейтаныс біреу келіп сауда жасады да, «Kaspi Gold»-тың түбіртегін көрсетті. Кейін оның ақша аудармағанын үйге барғанда бір-ақ білдім. Арада біраз уақыт өткеннен кейін соған ұқсайтын тағы біреу сауда жасады. Ол да «Kaspi Gold»-тың түбіртегін көрсетті. «Қоя тұр, түсті ме, түспеді ме тексеріп көрейін деп едім, есіктен шығып қашып кетті. Түрін есімде сақтай алмадым, алақ-жұлақ етіп, жүрісі күдік тудырады», деді Нұрман Бибол есімді сатушы.
Мұндай алаяқтықтың да түрі бар екенін естігеннен кейін Гүлдана Апизадан: «Ол алған затына аудармаған ақшаның түбіртегін телефонынан қалай көрсетіп жүр?», «Бұл қандай алаяқ түріне жатады?», «Осы әрекеті бойынша қолға түскен күдіктінің кінәсі анықталса, оған қандай жаза қолданылады?» деген сарында сұрақтар қойдық. Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жалған түбіртектерді мобильді қосымша немесе сондай қосымшадағы бот арқылы кез келген адам жасай алады екен.
– Бүгінде технологияның тілін жетік меңгерген әккілер елді алдап-арбауға қатысты әдіс-тәсілдерінің қитұрқы түрлерін қолдануда. Дегенмен жалған түбіртекті кез келген адам мобильді қосымшаның көмегімен көрсете алады. Дегенмен бұл іс-әрекет алаяқтықтың жалпы түріне жатады. Қылмыс 2-3 немесе тағы да бірнеше адамның сөз байласуы арқылы жасалса, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен, яғни алаяқтық іс қозғалады.
Баптың санкциясына сәйкес мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылады. Сонымен қоса немесе мұның соңы 4000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға әкеліп соғады. Бұл бойынша төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, – деді Гүлдана Талғатқызы.
Аңғал алаңдамайды, сол үшін алданады. Осы ретте кез келген қызмет ұсынушы тұтынушы есеп айырысқанда мұқият болуы қажет деп ойлаймыз. Сонымен қатар мүмкіндігінше мұндай ниеттегі адамдарды полиция қызметкерлеріне тапсырған жөн. Себебі адамның сеніміне селкеу түсіргендер жазасыз қалмауы керек.
Нұрым Сырғабаев