Еріктілер – мейірімділік елшілері
Ізгі ниеті мен игі істерінің арқасында еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысып, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын азаматтар ел алғысына бөленіп жүр. Еріктілердің жасампаздыққа толы қызметтері – шынайы отаншылдықтың көрінісі.
Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтында 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай «Әлемді бірге өзгерт!» атауымен облыстық волонтерлер форумы өтті.
Келелі жиынды өткізуге облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ресурстық орталығы мен «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы» қоғамдық қозғалысы мұрындық болды.
Форумды ұйымдастырушылар білім беру ұйымдарында волонтерліктің негіздерін оқыту және түрлі жағдайларда қажетті көмек көрсетуді мақсат тұтты. Сондай-ақ еріктілер арасында өзара байланыс орната отырып, біліктіліктерін арттыруды, кәсібилігін дамытуды, тәжірибе алмасуына ықпал етуді көздеді.
Аталмыш жиынға Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуов қатысты. Форумға мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдардың, жастар қозғалыстары мен облыстық волонтерлік фронт-офистің өкілдері жиналды.
Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды қастерлейтін, рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін, әлемді өзгертуге бағыт алған еріктілер форумын аталған институттың ректоры Марат Асылбекұлы құттықтау сөзбен ашып берді.
– Республика жастары жұмыла қолға алып, адам өмірі үшін ең қиын сәтте қол ұшын берумен айналысып келе жатқан қайырымды істердің бірі – волонтерлік. Яғни ерікті жастардың еліміздегі көптеген қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенінің куәсіміз. Әлемді жаппай жайлаған «COVID-19 пандемиясы кезінде олардың жеке басын қауіпке тігіп, адамдарға көмектескенін ұмытуға болмайды. Ерікті жастардың нәтижелі істерін одан кейін де көріп жүрміз. Олардың атына жылы лебіз білдіріп, сүйсініп қараймыз.
Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет.
Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты бірігіп өткізіп жатқан форумның жастарға берері мол, – деді М.Баяндин.
Мұнан соң облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуов сөз алып, аймақ еріктілерінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстары жөнінде баяндады.
– Волонтерлік дегеніміз – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету деп түсінемін. Біздің жастар өте тату және белсенді. Өңірде осы жылдың өзінде 13 715 жас волонтерлікпен айналысуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 13 волонтерлік ұйым бар. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық ресурстық орталықтардың жанында 11 волонтерлік топ құрылған. Волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 12 бағытты қамтыған 1 704 іс-шара өткізіліп, оған 24 238 жас қамтылды. Өңірдегі волонтерлік қозғалысты дымыту және жастар арасында кеңінен тарату мақсатында биыл техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 840 студентті қамтыған 14 кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында 330 судентті қамтыған 3 кездесу өткізілді.
Волонтерлікті серік еткен жастарды бүгінгі күннің қаһарманы дер едім. Себебі елімізде қандай да бір қиын жағдайлар болса, еріктілер сол жерден табылады. Үлкен жүрек иелерінің алдағы жұмысына сәттілік тілеймін деді, –
Теміржан Серікұлы.
Жиында тәжірибелі волонтерлер өздерінің жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Нақтылап айтсақ, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының еріктілер қозғалысының төрағасы Аққанат Болат баяндама жасап, институттағы волонтерлік бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы» қоғамдық қорының президенті Аяулым Сартаева «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде волонтерлік бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар» тақырыбында сөз қозғады.
Форумда тәжірибелі волонтер, «28 ілмек» клубының мүшесі Фая Шукриева баяндама жасап, өз клубтарының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
– Біздің «28 ілмек» еріктілер қозғалысы 2012 жылдан бастап елімізде жемісті еңбек етіп, қоғамдық қызметке араласып жүр. Клубтың мақсаты – шала туған сәбилерді өмірге бейімдеу үшін тоқыма бұйымдармен қамтамасыз ету. Клуб авторы журналист, фотограф – Карла Нур. Атауына келсек, біз шала туған сәбиге арналған шұлық тоқу үшін алдымен 28 ілмек теріп аламыз. Барлығы 28 ілмектен басталады. Клуб алғашқыда өз жұмысын бастаған кезде тек шұлық тоқыған едік. Сол себептен атауы «28 ілмек» болып кетті.
Бұрындары қазақта шала туған балаларды тымаққа салып өсірген. Біз болсақ, таза жүн тоқыма жіптермен киім тоқимыз. Эффект бірдей. Жылулық сыйлайды, қанайналымды жақсартады, баланың тыныс алуы мен тезірек салмақ қосуына ықпал етеді. Біз тоқыған бұйымдар шала туған сәбидің алғашқы киімдері десек, артық айтқанымыз емес. Себебі мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилерге киім жоқтың қасы. Жаңа туған сәбилерге арналған киімнің өзі оларға үлкен. Мысалы, шала туған баланың басы үлкен адамның жұдырығымен, ал аяғы бармағымен бірдей. Бойы небәрі 35-40 сантиметр болады. Тоқыма жіптерін әр ерікті өз қаржысына сатып алады. Бірақ бізге тұрақты түрде қаржылық көмек көрсететін және тоқыма жіптерін сыйға тартатын жандар бар. Кейде біздің игі қызметімізге ризашылығын білдіретін ата-аналар да кездеседі. Балаларының фотосуреттерін жіберіп, бізге тоқыма жіптерді сыйлап жатады. Әрдайым бізге АҚШ-та тұратын өзіміздің жерлесіміз, белгілі музыкант, «Steinway Artist» атағын иеленген жалғыз қазақстандық пианист Қадиша Оңалбаева көмек көрсетіп тұрады. Осы кезге дейін біз облыстық перинаталдық орталыққа 4 000 тоқыма бұйымын сыйға тарттық. Жүрегі кең жандардың барлығын қатарымыздан көргіміз келеді. Жас ерекшелігіне де мән бермейміз. Біздің қатарымызда үлкен-кіші жандар бар. Бірі студент, бірі психолог, бірі жеке кәсіпкер, бірі зейнеткер. Клубтың ең жас еріктісі 16 жаста, – дейді Фая Тофикбекқызы.
Жиында дарынды жастар өз өнерлерін ортаға салды. Күй күмбірлеп, ән мен жырдан шашу шашылды.
Форум барысында белсенді волонтерлерге Алғыс хаттар да табысталды.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала