Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әулиеата өңірінің әлеуеті артып келеді

Әулиеата өңірінің әлеуеті артып келеді
ашық дереккөз
Әулиеата өңірінің әлеуеті артып келеді
«Жыл өткен сайын жасарған, Жамбылым қандай тамаша!» деп Шона Смаханұлы жырға қосқан Әулиеата өңірі бүгінде қарқынды дамып келеді. Аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жақсаруына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған міндеттердің тиімді іске асырылуы оң септігін тигізіп келеді. Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірді өркендету, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды рет-ретімен баяндап, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Аймақ дамуында серпін бар Аймақ басшысының айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерінде айтарлықтай өсу динамикасы қалыптасқан. Жалпы өңірлік өнім осы жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысымен 1,3 триллион теңгені құрап, 6,1 пайызға артқан. Осылайша облыс республика бойынша 8-орынға тұрақтаған. Мәселен, экономика салалары бойынша байланыс көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға, құрылыс жұмыстары – 11,1, сауда – 2,6, тұрғын үйді пайдалануға беру – 2,2, өнеркәсіп өндірісі – 0,6, көлік 0,1 пайызға ұлғайған. Өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің көңіл көншітпеуіне ауылшаруашылық өнімі көлемінің 6,1 пайызға төмендеуі әсер еткен. Бұл салада 365 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылға қарағанда 12 пайызға артыпты. – Өңдеу өнеркәсібі секторында біз үшін басты міндет облыстың мықты өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыру болып қала бермек. Өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі – 22 пайыз. 846 кәсіпорында 46 мың адам еңбек етеді. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 695 миллиард теңгеге дейін жетіп, онда өңдеу секторының үлесі 71 пайызды, өнім көлемі 494 миллиард теңгені құрады. Тау-кен өндіру саласының көлемі 17,1 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі саласына 88 миллиард теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 121 миллион АҚШ долларын құрады. Инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бүгінде облыстың инвестициялық портфелі құны 2,3 триллион теңгелік 69 жобаны қамтиды. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарлануда. Оларды іске асыру қосымша 5,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 575 жұмыс орнын құруға жол ашатын 87 миллиард теңгеге 20 жоба іске асырылып жатыр. Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды табысты іске асыру облыстың бұл бағыттағы көшбасшылық қабілетін ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Облыста жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 нысан жұмыс істейді. Агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу, үш жылда салада қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту – Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы негізгі міндет. Бұл тұрғыда ауылшаруашылық саласын қолдауға 25,1 миллиард теңге субсидия бөлінді. Ол қаржы 1,5 мың жаңа ауылшаруашылық техникасын, 552 шаруа қожалығына 511 миллион теңгеге жоғары өнімді тұқым сатып алуға, ірі қара мал санын 5,8 пайызға, жылқыны 9,7 пайызға арттыруды қамтамасыз етуге, тірі салмақта ет өндірісін 3,6 пайыз, яғни 108 мың тоннаға дейін, сүтті 1,4 пайызға көбейтуге, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 56 пайыздан 63 пайызға дейін жеткізуге бағытталды. Соның арқасында орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерді құрайтын 363,2 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 179 мың тонна қант қызылшасын жинауға мүмкіндік туды. Осы жылы облыста суармалы су тапшылығы мәселесіне байланысты 392 шаруа қожалығының жалпы ауданы 9,2 мың гектар егістік жері зардап шекті. Шаруалар шығынын өтеу үшін ҚР Үкіметінің төтенше резервінен 3,7 миллиард теңге бөлініп, бүгінге 2,7 миллиард теңгеге 358 ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өтемақысы төленді. Агроөнеркәсіп саласында 159 жұмыс орнын құру мақсатында 8,6 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 4,4 миллиард теңгенің жобасы іске асырылды. Жобаларды жүзеге асыру көкөніс сақтау қоймаларының қуатын 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 7 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артады. Облыс экономикасындағы ауылшаруашылығының үлесі шамамен – 7 пайыз. Жамбыл облысы агроөнеркәсіп өнімі көлемі бойынша республика өңірлері арасында 6 позицияда. Жыл қорытындысымен ауылшаруашылық өндірісінің көлемі 499 миллиард теңгеден 535 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде, – деді Ербол Шырақпайұлы. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарланып отыр екен. «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз қажеттілігін күн өткен сайын дәлелдеп келеді. 2019-2022 жылдары 18,3 миллиард теңгеге 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылса, 2023 жылы 10 аудандағы 38 ауылдық округке 24 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінге 18,9 миллиард теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылған екен. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 миллиард теңгеге 17 мың жобаны несиелендіру жоспарланыпты. Су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы да өзекті мәселе. Облыстың трансшекаралық су пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Атап айтқанда, көлемі 650 миллион текше метрді құрайтын 2 суқоймада қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек көлемі 166 миллион текше метрді құрайтын тағы 2 суқойма бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2025 жылға дейін көлемі 46,2 миллион текше метрді құрайтын 13 суқойманың құрылысы жоспарланса, оның үшеуі ірі, 10-ы шағын суқоймалар. Осы жылы көлемі 1,4 миллион текше метрді құрайтын 3 суқойманың құрылысы жүргізілуде. Олар – «Андас 1», «Андас 2», «Андас 3» суқоймалары. Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында орналасқан гидрологиялық бекетке 434 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру Талас өзенінің бассейні бойынша мемлекетаралық бөлімшені жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көрінеді. 2027 жылға «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Халықаралық қайта құру және даму банкі» секілді халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында каналдарды қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, онда суарылатын алқап жоспары 69 мың гектардың шамамен 34 мың гектарын құрайды. Суармалы су көлемін ұлғайту үшін жоспарланған 646 ұңғымадан 103 ұңғыма бұрғыланыпты. Нәтижесінде вегетациялық кезеңде суармалы трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 3 жылда 50 пайызға дейін төмендету жоспарланған екен. Кәсіпкерлікке кең өріс Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыста 24,5 миллиард теңгеге 2,1 мың жоба қолдау тауыпты. Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі бойынша 13,8 миллиард теңгеге 537 жоба, кредиттер бойынша кепілдік беру тетігі бойынша 7,1 миллиард теңгеге 500 жоба қаржыландырылса, инфрақұрылымды жүргізу бойынша 2,2 миллиард теңгеге 8 жобаға қолдау көрсетіліпті. 1 048 кәсіпкерге 1,4 миллиард теңгелік грант берілген. Нәтижесінде шағын және орта бизнес саны 25,5 пайызға артып, онда жұмыспен қамтылғандар саны 23,6 пайызға (165 мың адам) ұлғайды. Негізгі үлестің 33,1 пайызы (46 мың жұмыс орны) сауда саласында, 32,2 пайызы (41 мың жұмыс орны) ауылшаруашылығына тиесілі. – Кәсіпкерлік субъектілердің өндірген өнім көлемі 22 пайызға (445 миллиард теңге) ұлғайды. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 18 пайыздан 20,7 пайызға дейін ( 267,4 миллиард теңге) артты. 1,4 мың жұмыс орны сақталып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінде біздің алдымызда өңірге жаңа инвестициялар тарту бойынша нақты жоспарлар тұр. Біз реттеуші кедергілерді азайтуға, инвестиция тартудағы жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Инвесторлармен жұмыс жүргізуде «бір терезе» қағидаты негізінде инвестиция тартудың бизнес-процестерін қайта қараудамыз. Әр аудан әкімдеріне нақты міндеттер қойылып, инвестиция тарту бойынша мерзімдері айқындалған KPI белгіленді. Өңірдегі бизнес өкілдерінің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасау есебінен жобалар айналасында кластер қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар салынып жатқан зауыттар жанынан ілеспе тауарлардың шағын және орта өндірістерін құру көзделіп отыр. Жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтарына кіреді. 74 тұрғын үйдің (3 929 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 35 тұрғын үйді (1 935 пәтерге) жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Биыл бюджет қаражаты есебінен 10 үй (579 пәтер) және жеке инвестициялар есебінен 11 үй (474 пәтер) ел игілігіне ұсынылды. Жыл соңына дейін 882 миллион теңгеге жаңа тұрғын алқаптарының 869 учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылмақ. Нақты айтқанда, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы «Строитель» тұрғын алқабындағы – 58, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы 811 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 1 миллиард 175 миллион теңгеге 123 пәтер сатып алынды. «Асар» бастамашылық жобасы аясында 49 көпбалалы және аз қамтылған отбасы тұрғын үймен қамтылды. Елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге баса назар аударып келеміз. Өйткені облыс халқының шамамен 60 пайызы ауыл тұрғындары. Өңірде барлығы 367 ауылдық елді мекен бар болса, халқы 692,1 мың адамды құрайды. Оның ішінде бүгінге 302 ауылдық елді мекенде тұратын 652 мың тұрғын ауызсумен қамтылған. Биыл 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылуда, жыл соңына дейін 47 нысан аяқталады, 7 нысан келер жылға өтпелі. Аталған жұмыстардың ішінде су құбыры желілерін салу бойынша – 28 жоба, 13-і – қайта жаңарту, 13-і – кешенді-блок модулін орнату-су алу мұнаралары. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту деңгейі 94,8 пайыздан 96,5 пайызға дейін ұлғаяды, – деді Ербол Қарашөкеев. Табиғи газбен 274 елді мекен немесе 1 099 мың адам қамтылыпты. 36 елді мекенде 11,8 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылып жатса, жыл соңына дейін 11 елді мекенде 9 мың адам табиғи газдың қызығын көреді. Соның арқасында газбен қамтылған халықтың үлесі 91,1 пайызға жетпек. Ал кварталішілік газ құбыры желілерін салу бойынша 16 жоба жүзеге асып жатыр екен. Халыққа жайлы өмір ұсынуда салынатын жолдардың да сапалылығы маңызды рөл атқарады. Жалпы облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерінің желісі 10 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық мәндегі жол 1198,5 шақырым болса, жергілікті мәнде – 3139,5, облыстық мәнде – 1756,2, аудандық мәндегі 1383,3 шақырым жол бар. Ал елді мекен көшелері – 5 662 шақырым. Оның 1 193 шақырым жергілікті мәндегі автожолдар мен 1 132 шақырым елді мекендер көшелері орташа жөндеуді талап етеді екен. Биыл жоспарланған 809,5 шақырым жөнделмек. Әлеуметтік салада нәтиже көп Облыста 65,7 мың жұмыс орны құрылса, оның 49,4 мыңы тұрақты жұмыс орны. Бұл жөнінде аймақ басшысы: «Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын» құру тапсырмасы аясында 17,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал жоспар – 13 454. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 56 мың адам қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2019 жылмен салыстырғанда 144,8 мың адамға кеміді. Осы жылы Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылып, аутизмі бар балаларды қолдау және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары пайдалануға берілді», – деді. Өңірде 1 134 білім беру мекемесі қызмет көрсетсе, 586 мектепке дейінгі мекеме, 498 мектеп, 5 мектеп-интернат, 45 колледж бар. Оқудың қолайлы жағдайын жасау және білім беру сапасын арттыру үшін осы жылы жаңа 28 білім беру нысанының құрылысы басталып, 3 мектеп пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін тағы 10 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтсақ, Қордай ауданында 150 орындық 1 мектеп, Меркі ауданында 230 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 3 180 орындық 4 мектеп, Байзақ ауданындағы Пушкин атындағы орта мектепке спорт және акт залының жапсарлас құрылысы, Сарысу ауданындағы Жаңаталап орта мектебіне спорт, акт залының және асхананың жапсарлас құрылысы, Тараз қаласында №6 орта мектепке спортзалдың жапсарлас құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне ұсынылады. Келер жылдың соңына дейін тағы 15 білім беру нысаны іске қосылатын көрінеді. Оның 7 мектебі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. 14 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның екеуі интернат пен колледж. Жыл соңына дейін тағы 3 нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы кабинеттері жаңа талаптарға сәйкес жаңартылуда. Бүгінге жаңару пайызы 75 пайызды құрапты. Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, бүгінге облыстың барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Екінші және үшінші санаттағы барлық білім беру мекемелері дабыл түймесімен қамтамасыз етілген, олардың 92,5 пайызы жедел басқару орталығымен біріктірілген. Облыс орталықтарында орналасқан, сондай-ақ білім алушылар мен қызметкерлер саны 700 адамнан асатын барлық оқу орындары жүз пайыз мамандандырылған күзетпен қамтылған, олардың 84,8 пайызы кіруді бақылау басқару жүйесімен (турникеттер) жабдықталған. Сондай-ақ оқу үздіктері мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары үшін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Соңғы үш жылда облыс республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға, ҰБТ көрсеткіштеріне қатысу қорытындылары бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп келе жатқаны да осы баспасөз мәслихатында сөз болды. Мәселен, облыс оқушылары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада І командалық орынға ие болыпты. Он төртінші жыл қатарынан облыс оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында «Үздік команда» атағына ие болуы өңір халқы үшін үлкен мақтаныш. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 84,4 балды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 11,4 балға жоғарылаған (республикалық – 73 балл). Осы жылға арналған білім беру сапасын жақсарту үшін 311 миллиард теңге бөлінген. Облыста 391 денсаулық сақтау нысаны (26 аурухана, 23 емхана, 122 дәрігерлік амбулатория, 53 фельдшерлік-акушерлік пункт, 157 медициналық пункт, 3 оңалту орталығы, 1 санаторий) қызмет көрсетуде. 24 нысанның құрылысы қолға алынса, оның 10-ының құрылыс жұмысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Бүгінге 6 нысан пайдалануға беріліпті. Ірі нысандардың бірі – Тараз қаласындағы 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансер, 48 төсектік Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы. Осы жылдың соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 5 нысанның құрылысын бастау келер жылға енгізілмек. 9 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілуде. 19 аурухана мен 3 емхана медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, 14 аурухана мен 3 емханаға 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Соның нәтижесінде емдеу мекемелерінің медициналық техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі 96 пайызға жеткізілмек. – 2024 жылғы жоспарға тоқталып өтсем, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысы жоспарлануда. Ортамерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3 пайыздан 38 пайызға дейін төмендейтін болады. Облыста 197 мәдениет нысаны қызмет көрсетуде. 2023 жыл қорытындысымен облыс халқының мәдениет нысандарымен қамтылу деңгейін қазіргі 80,6 пайыздан 84,8 пайызға көтеру жоспарлануда. Бүгінде 1,4 миллиард теңгеге 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 6 нысаны, яғни Байзақ ауданының Тегістік ауылындағы, Қордай ауданының Қарасу ауылындағы, Меркі ауданының Мыңқазан, Ойтал ауылындағы, Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылындағы және Қордай ауданының Қордай ауылындағы мемлекеттік архив ғимараты пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін тағы 4 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда, Қордай ауданының Бетқайнар және Қақпатас ауылдарында әрқайсысы 180 орындық мәдениет үйі, Жуалы ауданының Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйі және Б.Момышұлы ауылындағы мәдениет үйі ғимаратына қосымша құрылыс жұмысы аяқталады. 6 нысан 2024 жылға өтпелі. 413 миллион теңгеге 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Тағы 1 мәдениет нысанында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Жалпы облыстың мәдениет саласына 14,7 миллиард теңге бөлінді. Мәдениет саласындағы жетістіктердің бірі – халықаралық фестивальдарға қатысу. Биыл Жамбыл облыстық қазақ драма театры Румыниядағы «Babel FAST-2023» Халықаралық театр фестиваліне, орыс драма театры Ресейдегі «Алтын провинция» театр фестиваліне қатысты. Облыстық филармонияның әншісі Қырғыз Республикасында өткен «Мейкин Азия-2023» халықаралық әншілер байқауының Гран-при иегері атанды, – деді облыс әкімі. Жастарға жағдай жасалуда Облыста 2 919 спорт нысаны ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Оның 2 018-і ауылдық елді мекенде. 2,4 миллиард теңгеге 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. 1,8 миллиард теңгеге 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 38 заманауи спорт алаңдары іске қосылыпты. Жыл соңына дейін тағы 8 спорт нысаны, 2024 жылы да осыншама спорт нысаны пайдалануға берілмек. Нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 59 пайызға дейін, денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Спорттық жетістіктер де аз емес. Биыл жамбылдық спортшылар түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1 305 медаль жеңіп алған екен. Оның ішінде 496-сы алтын, 397-сі күміс, 412-сі қола. ХІХ жазғы Азия ойындарында біздің спортшылар 1 күміс, 3 қола, IV жазғы Пара Азиялық ойындарында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жеңіп алыпты. Облыс халқының үштен бірін жастар құрайды. Дегенмен жастарға кез келген салада қолдау көрсету – ең басты мәселенің бірі. Әйтсе де өңір өрендерінің арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайызды көрсетіп отыр. Уақытша жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесі (NEET) – 6,5 пайыз. – Жыл басынан бері 26,1 мың жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылса, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 540 жас 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 483 өренге жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз жеңілдетілген тәртіппен 2,2 миллиард теңгеге шағын несиелер берілді. Олар негізінен жұмыссыз және кәсіпкерлікпен кемінде 3 жыл айналысқан жастар. Президент бізге туристік әлеуетті тарту міндетін қойды. Біздің аймақтың ерекшеліктерінің бірі – ЮНЕСКО тізіміне енген көптеген тарихи орны бар бай табиғат. Туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Өткен жылы Тараз қаласы әлемдік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстанның тұңғыш қолөнер қаласы мәртебесіне ие болды. Туризм саласында 2026 жылға дейін 9,8 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жылы 3 туристік орталық, яғни Жуалы ауданында «Koksai resort», Жамбыл ауданында «Алмалы» және Тараз қаласында «Зербұлақ» аквапаркі ашылды. «Жанды сабақтар», «Көктем мақтанышы – қызғалдақ» фестивалі, «City bus» және «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық көрмесі аясында 45 экскурсиялық тур ұйымдастырылды. Біздің жұмысымыздың нәтижесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамаларының сапалы орындалуы, атап айтқанда, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының нақты жақсаруы болуы тиіс, – деді Е.Қарашөкеев. САН САУАЛҒА НАҚТЫ ЖАУАП Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған соң сұрақ-жауапқа кезек берілді. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сан саланы қамтыған сауалдарын қойып, нақты жауапқа қанықты. Қуандық ТАНАБАС, «Хабар 24» телеарнасы: – Жылыту маусымының қиын­дықсыз өтуін қамтамасыз ету – ең маңызды мәселе. Ал бүгінгі таңда облыс орталығы Тараз қаласындағы жылу желілерінің 80 пайыз тозуы көңілде алаң туғызбай қоймайды. Қыс қаһарына мінгенде жылумен қамтуға байланысты тосын жағдай орын алып жүрмей ме? Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтсеңіз. Баяндамаңыздан облыста суқоймалардың құрылысы басталғанын білдік. Құрылыс жұмыс­тары бірнеше жылға созылаты­нын ескерсек, жамбылдық диқандар жуық уақытта су тапшылығы­нан құтылмай­тын секілді. – Жалпы облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350 шақырымды құрайды. Тозу деңгейі 57 пайыз болатын. Биыл 6,1 шақырым жылу желісі ауыстырылып, нәтижесінде тозу деңгейі 55 пайызға дейін төмендеді. Жылыту маусымын сапалы өткізу – басты назарымызда. Жұмыс сапасы ұдайы бақылауымызда болады. Қазіргі таңда өңірімізде ахуал тұрақты. Рас, 2023 жыл жер емген диқандар үшін оңай болған жоқ. Сондықтан шаруаларды алаңдатқан мәселені шешу мақсатында 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріншіден, баяндамамда айтып өткендей, үлкен суқоймаларды республикалық бюджет есебінен, кіші суқоймаларды жергілікті бюджет есебінен саламыз. Екіншіден, инвестиция тарта отырып тозығы жеткен каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын каналға жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Үшіншіден, жерасты суын тиімді пайдалануға көңіл бөлінуде. Облысымызда жерасты су қоры 1,7 миллиард текше метрді құрайды. Осы орайда 600-ден аса ұңғыма қазу жоспарланған болатын. Қазірге дейін 100-ден аса ұңғыма қазылды. Қалғанын алдағы 2-3 жылда толық қазып бітіретін боламыз. Негізі жерүсті су ресурстарының 85 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Ал жоғарыда аталған жұмыстар толығымен аяқталғанда көршілес қырғыз еліне тәуелділік 50 пайызға дейін қысқарады. Жанар АРҒЫНОВА, «Еуразия бірінші» телеарнасы: – Әлеуметтік желі арқылы таңмен таласа қаланы аралап, мәселелерге қанығып, тұрғындармен кездесіп жүргеніңізді жақсы білеміз. Сіздіңше, қала тұрғындарын толғандыратын мәселелердің ең маңыздысы қандай? Екінші сұрағым, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Маңызды мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? – Облыс әкімі болып тағайындалған күннен бастап жұмыс уақыты басталғанға дейін қаланы аралап, әр округтің тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен танысып жүрмін. Тұрғындармен пікір алмасамын. Мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген әлдеқайда артық. Сол себепті орынбасарларыма, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне ерінбей елмен кездесіп, ортасында болып, етене жақын жұмыс істеуді үнемі айтып отырамын. Ал қаланы аралау барысында көз жеткізген негізгі мәселелер – жолдың сапасы, қоғамдық көлік қызметі, қаланы жарықтандыру. Тұрғындар да аталған мәселелерді жиі көтереді. Әрине, қалада басқа да қордаланған мәселелер баршылық. Сондықтан тиісті басшыларға мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар басталып кетті. Сіз айтып өткендей, дәрігерлердің тапшылығын мәселе етіп көтерген тұрғындар да аз болмады. Облыста 80 дәрігердің жетіспеушілігі байқалады. Биыл жергілікті бюджет есебінен 42 студентті оқуға жібердік. Республикалық бюджет есебінен 52 маманды резидентураға оқуға жібердік. Осылайша алдағы уақытта маман тапшылығын төмендету жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл облысымызға 101 жас маман келді. Жас мамандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін 204 маман көрді. Саламат РАХМЕТ, «ТАRAZ24» телеарнасы: – Қазір ғана қоғамдық көлік қызметіне байланысты мәселе бар екенін айтып қалдыңыз. Расымен де қала тұрғындарының қоғамдық көлік жұмысына көңілі тола бермейді. Мәселені қалай шешуді жоспарлап отырсыздар? – Қоғамдық көлік саласын дамыту – еліміздің барлық қаласында өзекті. Лық толы автобустар, оларды аялдамада сарылып ұзақ күту және тозығы жеткен қоғамдық көліктер тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізетіні рас. Соңғы 3 жылда Тараз қаласындағы автобус паркін жаңарту үшін 110 автобус сатып алынды. Дегенмен мәселе әлі де өзекті. Тұрғындармен кездескенде, жеке қабылдауға келгенде жаңа маршруттар ашу, автобустардың жүру жиілігін қысқарту, сыйымдылығына байланысты мәселелер көп айтылады. Әрине, тұрғындардың талабы өте орынды. Сондықтан жылдың соңына дейін тағы 30-50 автобус сатып алатын боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да қарқынды жалғасады. Айжан ҚАСЫМОВА, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі: – Кәріз суларын тазалау қондырғысы Қазақстан бойынша Тараз қаласында ғана жоқ екен. Ұзақ уақыттан бері көтеріліп жүрген өзекті мәселеге қашан нүкте қойылады? – Шынында да тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жағдайы аймақтағы күрделі мәселенің бірі. Сондықтан мәнді мәселені шешуге барынша басымдық берілуде. Қазіргі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен техникалық-экономикалық негіздемені дайындап жатырмыз. Негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтетін болады. 2023 жылдың соңына дейін сараптамадан өтетін болса, келесі жылы инвесторды тауып, жобаны іске асыруды бастаймыз. Жоспар бойынша 2027 жылдың аяғына дейін мәселе толық шешіледі. Оңдасын ДӘРМЕК, «Astana» телеарнасы: – Тараз қаласында «сақалды» құрылыс саны көбейген. Білуімізше, қаңырап бос тұрған 35 ғимарат бар екен? Түрлі себептермен құрылысы тоқтап тұрған нысандар қашан әлеуметтің әжетіне жарайды? – Тек Тараз қаласында ғана емес, кез келген қалада «сақалды» құрылыс мәселесі өзекті. Сіз айтқандай, облыс орталығында 35 нысанның құрылысы жылдар бойы аяқталмай, шаһардың шырайын кетіріп тұрған болатын. Бүгінгі таңда 15 нысанның құрылысы аяқталып, түрлі мақсатта пайдалануға берілді. Ал 8 нысанның құрылысы қайта басталды. Сондай-ақ тағы 8 нысанның қожайындары қаржы тапшылығына байланысты жобаларын жалғастыра алмай отыр. Қазір қожайындардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жобаны аяқтау үшін тиімді тетіктер ұсынылуда. Қалған 4 нысанның орналасқан жерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынды. Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, «Nege.kz» ақпараттық-сараптамалық порталы: – Жамбыл облысында 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек болған. Қазірге дейін қанша гектар жер қайтарылды? Жоспар орындала ма? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2 жылда өңірде нәтижелі жұмыстар атқарылды. Өткен жылы 201 гектар, ал 2023 жылдың 11 айында 171 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жылдың соңына дейін жоспарды толығымен орындаймыз. Жомарт ЕСҚАРА, «Jambyl» телеарнасы: – Ербол Шырақпайұлы, қала тұрғындарын қоғамдық көлік, жарықтандыру, жол сапасынан бөлек ауызсу мәселесі де алаңдатады. Әсіресе қаланың іргесінде орналасқан «Шөлдала», «Құмшағал» секілді ықшамаудан тұрғындары ауызсудың азабын тартудай-ақ тартып келеді. Тұрғындар таза ауызсудың рақатын қашан көреді? – Сұрағыңыз өте орынды. Мәселе өзімнің тұрақты бақылауымда. Жоспар бойынша, қаланың маңында орналасқан ықшамаудандарға ауызсу құбырын келесі жылдың күзіне дейін тарту жоспарланған екен. Дейтұрғанмен тұрғындардың талап-тілегін, өтінішін ескере келе, қала әкімдігіне, тиісті басқарма басшыларына құбыр тартуды биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырдым. Ең маңыздысы, яғни құбыр тартылса, тұрғын үйлерге су кіргізу аса қиын шаруа емес. Сондықтан ықшамаудан тұрғындары жуық уақытта ауызсу азабынан түбегейлі құтылады. Серік ЖОЛДАСБАЙ, «Аlashorda.kz» ақпараттық агенттігі: – Бүгін Жамбыл ауданының тұрғындары құрғақшылыққа байланысты төленуі тиіс өтемақыны ала алмай жүргендері үшін облыстық әкімдік ғимаратының алдына барып, наразылығын білдіріпті. Өтемақының не себепті төленбей жатқанын түсіндіріп берсеңіз. Одан кейін Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылының тұрғындары да ауызсу азабын тартып отыр. Нақтырақ айтар болсам, тұрғындар 2020 жылы бюджеттен 414 миллион теңге бөлініп салынған құдықтың игілігін көре алмай отырғандарына қапалы. – Қуаңшылықтан зардап шеккен облыстағы шаруаларға өтемақы беру үшін Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінді. Ғылыми-зерттеу институттары әр гектардың шығынын есептейді. Ең маңызды мәселе – мемлекет қаржысын шүленше үлестіре алмаймыз. Егер шаруалардың өтемақыны алуға құқығы болатын болса, шығынға батқаны расталса, міндетті түрде алады. Бүгін орынбасарым Қанатбек Мәдібек шаруалармен кездесті. Барғаннан кейін өзім де кездесіп, мәселені жан-жақты талқылайтын боламыз. Ал Жарлысудағы ауызсу мәселесі бойынша аудандық прокуратура тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде екі ұңғыманың да талапқа сай еместігі анықталды. Қазір тергеу процесі аяқталып, қылмыстық іс қозғалу мәселесі көтеріліп жатыр. Мәселені бақылауда ұстайтын боламыз. Нұржан ҚАДЫРӘЛІ, «Aq jol» газеті: – Аймақта аграрлық және экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар руханият, әдебиет саласына да керемет көңіл бөліп отырсыз. Мәселен, биыл жергілікті ақын-жазушылардың кітабын шығарып беруге үлкен қолдау көрсетіп отырсыз. Дәл осындай қолдау алдағы жылдары жалғасын таба ма? – Экономикамызға ғана басымдық беріп, мәдениетті ұмыт қалдыруға болмайды. Егер экономикамыз өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарып, табысы артып жатқанымен руханиятымыз ақсап жатса, дұрыс емес. Сол себепті қолдау жалғасатын болады. Осы уақытқа дейін тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын білу үшін шығармашылық адамдарымен, спортшылармен, бір сөзбен айтқанда, сан саланың өкілдерімен емен-жарқын кездесулер өткізіп жатырмын. Шерхан АБЗАЛҰЛЫ, «Atameken Business» телеарнасы: – Соңғы он жылда Мойынқұм ауданындағы Балқаш көлін жағалай жатқан Шығанақ, Мирный, Мыңарал, Бурылбайтал ауылдарын ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражаты шамамен 2 миллиард теңгеден асып кетті. Дегенмен тұрғындар әлі күнге дейін таза ауызсуға жарымай отыр. Биыл 4-5 ауылға фильтр орнату үшін 312 миллион теңге қарастырылыпты. Ауызсу «жыры» әлі қанша жылға жалғасады? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша халықты ауызсумен және көгілдір отынмен толық қамту үшін кешенді жұмыстар басталып кетті. Яғни алдағы екі жылда Мойынқұм ауданының тұрғындары 100 пайыз сумен және 2027 жылдың соңына дейін газбен қамтамасыз етіледі. Әсел ӘБІЛБЕК, журналист: – Тараз – еліміздегі ең тарихи қаланың бірі. Сонымен қатар өңірдің климаты, басқа да ерекшеліктері туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдаланып жатырсыздар? Сіздіңше, өңірде туризмді дамыту үшін не істеу керек? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Президентіміз айтқандай, соңғы жылдары Қазақстандағы туризм саласын дамытудың маңызы жылдан-жылға артып келеді. Бұған елімізде тарихи-мәдени ошақтардың және табиғаты көрікті жерлердің мол болуы да қолайлы жағдай туғызып отыр. Әрі экономикалық әлеуетімізді жақсартудың тиімді жолы екені белгілі. Табиғаты бай, көрікті жерлері көп болғандықтан облысымызда туристер қызығушылық тудыратын жерлер аз емес. Дегенмен салада мәселелер бар екенін жасыруға болмайды. Туризмді дамыту – инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты. Сонымен қатар туризмді дамытамыз десек, сапалы жарнама жұмысын жасайтын орталықтар құру да өте маңызды екені айтпаса да белгілі. Бүгінгі таңда облыста осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Алда ауқымды жоспарларымыз бар. Егер бәрі сәтімен жүзеге асса, салада үлкен нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Айта кетейік, өңірде халықаралық деңгейдегі конференциялар, бизнес-семинарлар, фестивальдар және тағы да басқа шаралар өтіп жатыр. Осы жиындарға әр тараптан шетелдік меймандар келіп қатысады. Бұл да туризмді дамытудың басты көздерінің бірі саналады. Ержан РАЙХАНОВ, «BasAgro» ақпараттық агенттігі: – Облыс әкімі лауазымына тағайындалмас бұрын өз бағдарламаңызда Жамбыл өңірін дамытудың жолдарын ұсынған болатынсыз. Соның ішінде егістік алқаптарды тамшылатып суғару арқылы тіршілік көзі тапшылығы мәселесін шешіп, су қорын молайтуға, «Тасөткел» суқоймасын қайта қалпына келтіруге күш салатыныңызды айтып уәде бергенсіз. Алайда бұл мәлімдемелерден соң жыл өтпей жатып өңірде жаппай құрғақшылық басталып, диқандарға қиын соқты. Төтенше жағдайға байланысты республикадан 3,5 миллиард теңге қаражат бөлініп, көмек көрсетілді. Осы орайда сұрағым келгені, сіз халық алдындағы уәдемді орындай алмадым деп ойламайсыз ба? – Мен Жамбыл өңіріне әкім болып 5 қыркүйек күні тағайындалдым. Ал сіз айтып отырған құрғақшылық шілде айында орын алды. Сол кездегі Ауылшаруашылығы министрлігінің басшысы ретінде бұл жағдайға қанық болдым. Әрі өз бақылауымда ұстап, шешімін табуға б
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар