Дүйім жұртты ДҮРЛІКТІРГЕН ДЕРТТЕР
Дәл қазіргі қоңыр салқын климат денсаулық күтімі мәселесінде адамдарды біраз әбігерге салып қойды. Себебі ақпарат айдынында ауа райының ерекшелігіне қатысты түрлі алыпқашпа әңгіме қаптап кетті. Оның үстіне қыстың қара суығы түрлі вирустық аурудың, әсіресе тұмау түрлерінің өрши түсетін кезі. Одан бөлек биыл елімізде қызылша ауруы да «бас бермей» тұр. Сол себепті халықтың мұндай кезде кез келген мәліметке сеніп қалуы жиілей түседі. Олай болса, осы тақырып төңірегіндегі фейк ақпараттарды екшеп көрелік.
«Қызылша қауіпті
ауру емес»
Әлеуметтік желілерде қызылша қауіпті ауру емес деп жазылуда. Бұл – өтірік.
Шын мәнінде, қызылша – бұл өте жұқпалы, ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі ықтимал вирус тудыратын ауа тамшылары арқылы таралатын ауыр ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина енгізіліп, барлық жерде вакцинация басталмайынша ірі эпидемиялар шамамен екі-үш жылда бір рет болып тұрған, жыл сайын шамамен 2,6 миллион адам көз жұмған. ДДСҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, әлемде 9 миллион адам ауру жұқтырған, ал қайтыс болғандар саны – 136 000 адам, олардың көбі балалар.
Қызылшадан болатын өлім-жітімнің басым бөлігі осы аурумен байланысты асқынулардың салдарынан болады.
Асқынулар соқырлық, энцефалит (мидың ісінуін және мидың ықтимал зақымдануын тудыратын инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты ағзаның сусыздануы, құлақ инфекциясы, тыныс алудың ауыр проблемалары, соның ішінде пневмония түрінде болуы мүмкін.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, қызылшамен ауыратын әрбір 1000 баланың шамамен біреуінде энцефалит (мидың ісінуі) дамиды. Бұл құрысуларға, кереңдікке немесе ақыл-ой кемістігіне әкелуі мүмкін. Қызылшаны жұқтырған әрбір 1000 баланың 1-3-і тыныс алу және неврологиялық асқынулардан қайтыс болады.
Егер жүкті әйел қызылша жұқтырса, бұл ол үшін қауіпті және нәресте салмағы аз болып мерзімінен бұрын тууы ықтимал.
Асқынулар көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда және 30-дан асқан ересектерде кездеседі. Қызылша иммундық жүйені төмендетіп, ағзаның инфекциялардан қорғану қабілетін азайтады, салдарынан балалар әлсіз болады.
Қызылша жұқтырған бір адам байланыста болған егілмеген 10 адамның тоғызына жұқтыруы мүмкін. Науқас адам вирусты бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн, бөртпе шыққаннан кейін төрт күн аралығында ауру таратады.
Демек, ресми статистика қызылша қауіпті ауру емес деген пікірді жоққа шығарады. Таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жер бетіндегі
жаңа індет
«Instagram»-да әртүрлі елдердің билігі жаңа індетке дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бәрі алдын ала жоспарланып, ауру Жердің миллиард тұрғынына жұқтырылады екен. Бұл – фейк.
Видеоролик авторы Ақ үй, Джонс Хопкинс университетінің және Дүниежүзілік банк порталдарына сүйенеді. Сайттардың скриншоттарын көрсете отырып, ол билік алдағы пандемия туралы біліп қана қоймай, оған дайындалып та жатыр дейді.
Ақ үйдің сайтында АҚШ-та пандемияға дайындық және оған ден қою саясаты басқармасы (OPPR) құрылып жатқандығы туралы ақпарат бар. Бірақ бұл тек COVID-19-ға ғана қатысты емес. Ол полиомиелит, RSV респираторлық вирусы, құс және адам тұмауы, сондай-ақ пандемия тудыруы ықтимал басқа ауруларына қатысты әрекет етеді. OPPR медициналық құралдарды әзірлеуге, өндіруге және сатып алуға жауапты болады. Видеода көрсетілген парақшада осы басқармада тағылымдамадан өтуге қабылдау жүргізіліп жатыр. Жаңа пандемияға немесе даталарға сілтемелер жоқ.
Джонс Хопкинс денсаулықты қорғау орталығының сайтында да жаңа пандемия туралы жазылмаған. Бейнероликте 2017 жылғы жарияланымға сілтеме берілген. Егер тақырыбын аударатын болсақ, оның 2025-2028 жылдарға арналған ойдан шығарылған сценарий екені белгілі болады. SPARS вирусы да ойдан шығарылған. Бұл нақты пандемия пайда болған кезде медициналық қызметкерлердің дағдыларын пысықтау үшін қажет. 89 бетте нақты оқиғаларға барынша ұқсас жағдайлар модельденеді. Мамандар аурудың кенеттен өршуіне байланысты болуы ықтимал барлық қауіптер туралы ескертіледі.
Одан әрі роликте автор Дүниежүзілік банк сайтында жарияланған құжатты көрсетеді. Оны тез парақтай отырып, ол пайдаланушыға мән-мағынасын түсінуге мүмкіндік бермейді. Бірақ манипуляция жасау үшін қажет күнді табады. Ол – 2025 жылғы 31 наурыз. Халықаралық қаржы ұйымының сайтындағы құжаттардың ешқайсысында жаңа пандемияға сілтемелер жоқ.
Бұл фейк дәлелдердің барлығы, сондай-ақ ролик авторының мәлімдемелері шындыққа жанаспайды.
Вакцинацияның
онкологияға әсері
«Telegram» чаттарында әртүрлі қатерлі ісіктер мен вакциналар арасындағы байланыс туралы ақпарат тарады. Оған «Вакцинация болмағанда, әлемде онкологиялық науқастар әлдеқайда аз болар еді» деген профессор Александр Полетаевтың видеосы тіркелген. Бұл рас па, тексерейік.
Александр Полетаев – жалпы вакцинацияға, оның ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинацияға наразылық білдірген ресейлік профессор. Назар аударарлық жайт, Қазнетте таралған видеода Полетаев онкология мен вакциналар арасындағы байланыс туралы айтқаннан кейін екі күн өткен соң қайтыс болды деген жазу бар. Бұл профессордың өлімі табиғи емес, оның көзқарасына байланысты болғанын пайымдайды. Шындығында, бұл олай емес. Бұл видео 2021 жылдың 2 ақпанында вакцинацияға қарсы танымал тұлға Мария Шукшина ұйымдастырған «дөңгелек үстел» отырысы кезінде жазылған.
Александр Полетаев 2021 жылдың 6 наурызында қайтыс болды. Бұл туралы Шукшинаның өзі хабарлады және ол өз хабарламасында пікірлес адамның неден өлгені және оның өлімінің бұрын айтылған сөздермен байланысы бары туралы ештеңе айтпаған.
Вакцинацияға қарсылық білдірген адамдарды әдейі өлтіреді деген сөз тарады. Біріншіден, Ресейде және ТМД елдерінде COVID-19 пандемиясына қарсы вакцинацияға қарсы қозғалыстың символына айналған Мария Шукшинаның өзі әлі тірі. Екіншіден, вакциналар аутизмді тудырады деген көп таралған фейктің авторы Эндрю Уэйкфилд те аман-сау. Вакциналар мен онкологиялық аурулар арасындағы теория мен байланысқа келетін болсақ, бұған ғылыми негіз жоқ. Бұл ақпаратты украин фактчекерлері жоққа шығарған болатын. Олар В гепатитіне қарсы вакциналар мен лейкоздың дамуы арасындағы ықтимал байланыс зерттелген ғылыми зерттеулерді дәлел ретінде келтірді. Бақылаулардың ешқайсысы мұндай байланыстың барын көрсеткен жоқ.
Сондай-ақ фактчекерлер 1999 жылы нәрестелер екпесінің жедел лимфобластикалық лейкоздың даму қаупіне әсерін зерттеген зерттеуге сүйенді. Ғылыми жұмыстың авторлары балалық шақта алынған вакцина қорқынышты аурудың даму ықтималдығын арттырмайды деген қорытындыға келді.
Ғалымдардың пікірінше, қатерлі ісік ауруының әлемдік статистиканың өсуіне вакцинация немесе адамзатқа қарсы әлемдік қастандықтың нәтижелері ықпал етіп отырған жоқ. Мұның себебі – өмір сүру ұзақтығының артуы. Адам есейген сайын оның қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы жоғары болады. 50 жасқа толмаған адамдар арасында қатерлі ісік ауруына шалдығу статистикасының артуына келетін болсақ, ғалымдардың айтуынша, бұған экология мен өмір салты, соның ішінде аз ұйықтау, стресс, алкогольді шамадан тыс тұтыну және темекі шегу себеп.
Сондай-ақ қазіргі заманғы медицина мен диагностикалық әдістер қатерлі ісіктердің көп мөлшерін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл ауру статистикасының өсуіне әкеледі, екінші жағынан, өмір сүру сапасын жоғалтпай қатерлі ісіктен толық айыққандар санын айтарлықтай арттырады. Демек, қатерлі ісік ауруы мен балаларды вакцинациялау арасында ешқандай байланыс жоқ. Профессор Полетаевтың көзқарасы мен оның өлімінің арасында да ешқандай байланыс жоқ.
Келесі мақала