Басты мақсат – халық сенімін ақтау
«Арай Плаза» бизнес орталығында «AMANAT» партиясының барлық деңгейлі мәслихаттар депутаттарының облыстық форумы өтті. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумның ашылуында сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы аталған жиынның мән-маңызына тоқталып, бұл басқосудың билік өкілдері мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының пікір алмасатын орны, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының көкейтесті мәселелері бойынша сұрақ-жауаптар арқылы нақты конструктивті шешімдер қабылданатын алаңы болатынына сенім білдірді. Өйткені осы форум мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандыратын өзекті де өткір мәселелерді бірлесе ашық талқылап, олардың шешілу жолдарын қарастыруға арналған еді. Басқосуда барлық деңгейдегі мәслихаттардың 210 депутатының 148-і «аманаттықтар» екенін, оның ішінде 136-сы бірмандаттық жүйемен сайланғанын, сондықтан өңір мен қоғам дамуы жолында «аманаттықтарға» үлкен жауапкершілік жүгі артылып отырғанын сөз еткен аймақ басшысы партия мүшесі ретінде депутаттардың жұмысын жандандыруға бағытталған бірқатар ойымен бөлісті.
– Осы жылдың 19 наурызында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауында «AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыру бойынша өңірлік Жол картасын бекітті. Жол картасында көрсетілген межелердің барлығы өңірдің сан саласын дамытып, халықтың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған. Жасыратыны жоқ, бағдарламада көзделген мақсаттардың орындалуына жергілікті атқарушы органдар тікелей жауапты. Осы орайда сіздер жергілікті билік өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, Жол картасының сапалы орындалуына атсалысуларыңыз керек. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» қағидаты аймақтарда да көрініс табуы қажет. Яғни партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялар және партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстарында облыс әкімдігі басшыларының есептерін тыңдау үрдісін күшейткен дұрыс. Сонымен қатар Жол картасы аясында салынып жатқан объектілердің сапасын бақылау мақсатында партиялық рейдтер жасап, зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені бақылау болмай, сапа болмайтындығы айдан анық. Себебі баянды бастамалар мен жұмыр жоспарлардың игілігін халық көруі керек. Оған баршамыз жауаптымыз.
Екінші, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында жергілікті билік өкілдері кең көлемде халық қабылдауларын жүргізуде. Бұл үрдіс фракция мүшелерінің де басты қағидаты болуы шарт. Сайлаушылармен кері байланысты күшейту мақсатында партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларында азаматтарды қабылдау, «Мобильді қоғамдық қабылдауларға» белсене қатысу, әлеуметтік желілерде онлайн қабылдаулар жүргізуді назарда ұстау қажет. Яғни қоғамдық қабылдау халықтың партияға сенімін күшейтіп, өз электоратының аясын кеңейтуге үлкен серпіліс болатыны анық, – деді Е.Қарашөөкеев.
Сондай-ақ аймақ басшысы үшінші ұсынысында партияның халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 15-тен аса жобасы бар екеніне тоқталып, тіпті «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше атап өткенін тілге тиек етті. Аталған жобаларды іске асыру, оны халық арасында түсіндіру, оның игілігін әрбір сайлаушыға жеткізуде депутаттар алдыңғы қатарда жүруі қажеттігін еске салды.
– Төртінші, өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдарынан және әлеуметтік желілерден жиі көріп жүрсіздер. Парламент Мәжілісінің депутаттары қоғамның кез келген өзекті мәселелерін Үкімет мүшелері алдында өткір көтеріп жүр. Бұл жұмыс аймақтық деңгейде де көрініс табуы қажет. Мәслихат сессияларында облыстағы қордаланып жатқан мәселелерді еш қысылмай ашық көрсетіп, депутаттық сауал жолдау арқылы мәселенің оң шешілуіне ықпал етулеріңіз керек.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сіздер халықпен кездесу өткізу барысында айтылған проблемаларды мәслихат сессияларында көтерсеңіздер, әрине, халықтың партияға деген сенімі күшейеді.
Бесінші, қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, заман талабына сәйкес әлеуметтік желілерде жұмыс күшеюде. Өз кезегімде мен де жергілікті билік басшыларының әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуін талап етемін және өзім де «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар ашып, сонда атқарған жұмыстарымды жариялап отырамын. Бұл бағытта барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялап, халықпен кері байланыс жасап отыруы қажет. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, онлайн кездесулер өткізіп, халықтың қордаланған мәселелері бойынша ой бөлісіп, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын жазып алып, оның орындалуына атсалысып отырсаңыздар тіпті жақсы.
Алтыншы, кез келген бағытта бәсекелестік болмаса, даму болмайтыны анық. Барлық фракция мүшелері белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға барлық күш-жігерін салу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан, менің ойымша, әрбір депутат жыл соңында атқарған жұмысы бойынша есебін беруі қажет. Бір жағынан, бұл жыл бойы атқарған жұмысының қорытындысы болса, екінші жағынан, оның белсенділігін байқаудың негізгі жолы болмақ. Егер жыл бойы жоғарыда аталған мәселелер бойынша лайықты жұмыс жүргізбесе, оның мандатын қайтаруға, осылайша фракцияға жаңа мүшелерді тартып, жұмысына жаңа леп әкелуге себеп болатын еді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
«AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы туралы баяндаған облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласы қамтылғанын сөз етті.
Партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциясының негізгі міндеттері айқындалып, мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнату жайы кеңінен сөз болған басқосуда партияның мәслихаттардағы депутаттық фракциясының жұмысы және алда тұрған міндеттер туралы Дауыл Ынтықбайұлы кеңінен тарқатты.
– Шын мәнінде, біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Яғни келісіп пішкен тонның келте болмайтыны секілді, яғни тығыз байланыс қана жұмысымызды жүйелендіріп, бастамаларымызды нәтижелі етеді. Сонда ғана Мемлекет басшысының реформаларын бірлесіп, табанды түрде жүзеге асырамыз. Туған өлкеміз, киелі жеріміз дамиды, халқымыздың тұрмыстық табысы артады.
Өздеріңізге белгілі, өңірдегі депутаттардың 70 пайызы біздің партиямыздың мүшелері. Бұл – өте үлкен күш. «Аманаттықтар» жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің өзегін құрап, көшін бастап келеді. Мәслихаттардың рөлі мен мәртебесі айтарлықтай өзгерді. Мажоритарлы жүйемен өткен сайлауда халық өз таңдауын жасап, мәслихат құрамына халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері сайланып, барлық тарап қамтылды. Сайлаудан бері 8 ай уақыт өтті. Осы мерзімде біздің депутаттар бірқатар тындырымды тірлік атқарып, халықпен бірге болды.
Біріншіден, сайлауалды уәделердің орындалуы басты бақылауға алынды.
Жаңарған саяси жүйеде мәслихаттар өте маңызды рөл атқаруда. Мәслихат төрағасы деген жаңа лауазым енгізілді. Төрағалар және мәслихат депутаттарының басым бөлігі біздің депутаттар болғандықтан бюджеттен қаражат бөлуде халықтың сұранысы мен сайлаушылардың аманаттарының орындалуына баса мән берілуде. Сайлау науқанындағы сайлаушылардың талап-тілегі негізінде қалыптастырылған «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған өңірлік Жол картасының 103 көрсеткішінің 48-інің (46,6 пайыз) орындалуына қол жеткізілді. Жол картасы аясында 12 нысан қолданысқа берілді. Сондай-ақ Жамбыл ауданында 720 миллион теңгелік инвестициямен «Almaly resort» этнотуристік демалыс аймағы ашылып, 45-ке жуық жаңа жұмыс орыны ашылды. Депутаттардың ендігі міндеті – қалған көрсеткіштердің сапалы орындалуына партиялық, қоғамдық бақылау орнату, мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, – деген Д.Бейсенқұлов партиялық жобаларды жүзеге асыруда мәслихат депутаттарының қосар үлесі жайын да қозғап, «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Кітап –Аманат» жобалары аясында атқарылған шаруаларды тізбеледі.
Бұдан кейін форум панельдік секциялар арқылы жалғасын тапты. Облыс әкімінің орынбасарлары үш бөлік бойынша жүргізген секцияларда «Экономика, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, транспорт, энергетика, цифрландыру», «Ауылшаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар, кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму, туризм, ветеринария мәселелері», «Мәдениет, спорт, тілдерді дамыту, ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты мәселелері» тақырыпқа арқау болды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала
Оқу жүйесінде оңды істер бар
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024