Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Tozbe» қосымшасы әйел үнін естиді ме?

«Tozbe» қосымшасы әйел үнін естиді ме?
ашық дереккөз
«Tozbe» қосымшасы әйел үнін естиді ме?
«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген аталы сөз бар. Бірақ «жауырды жаба тоқимын» деп қанша жан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Өткен жылдың ресми деректеріне көз салсақ, қасақана қылмыс жасаған ерлердің қоғамға қаншалықты кесірін тигізетінін, «ыдыс-аяқтың сылдыры» бейкүнә сәбилердің жан дауысына ұласып жатқанын байқамау мүмкін емес. Атқарушы билік жыл сайын осы мәселеге қатысты бағдарламалар жасақтап, жобаларды жаңғыртып, зорлық-зомбылықтың жолына тосқауыл қоюға әрекеттеніп-ақ келеді. Дегенмен қырық ағайынды қылмыс түрінің тыйылар түрі жоқ. Осынау озбырлықтың жолын кесу жолына жастар да білек сыбана кіріскен. Соның бір дәлелі ретінде жуырда Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрболат Ізтілеу тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қосымша жасап шықты. Ол «Тozbe» деп аталатын туындысын 1 жыл бойы дайындағанын айтады. Жас ғалым бұған дейін елімізде мұндай мобильді қосымшаның баламасы болмаған дейді. Жасанды интеллектіге негізделген жоба зардап шеккен адамға психологиялық және заңгерлік көмек беріп, құқық қорғау органдарымен байланыстыра алады. Жобада Қазақстанның заңбұзушылық картасы енгізілген. – Қазақстандағы әйел қауымына қатысты зорлық-зомбылық туралы статистикалық мәліметтер, жаңалықтар осы қосымшаның дүниеге келуіне себепші болды. Қиын сәтті бастан өткеріп жатқанда телефон арқылы полицияға қоңырау шалу, көмек сұрау мүмкін емес. Мұндай оқиғалар жаныма қатты батады. Жобаны дайындай жүріп, әйел кісілер арасында арнайы зерттеу жүргізіп, көптеген сауалнамалар жасадық. Көптеген тұрғындардан «Сіз осы тұрмыстық құқықбұзушылыққа ұшыраған кезде не істеу керектігін білесіз бе?», «Қайда бару керектігін білесіз бе?» деп сұрағанымызда, «жоқ» деп жауап берген болатын. Дәл осы себептермен біз картаға құқық қорғау органдарын, дағдарыс орталықтарын енгізген болатынбыз. Батырманы басқан кезде әр облыстың дағдарыс орталығы шығатын болады, – дейді жас өнертапқыш. Мектеп оқушысының жаңалығына аймақтағы құқық қорғаушылар қызығушылық танытып отыр. Полицейлер құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жобаны бірге жетілдірсек деген ниетте. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, жас ғалымның жобасы облыстық сараптамада мақұлданып, лицензия алса, құқық қорғау органдары бұл сайтты жақын арада пилоттық нұсқада пайдалануға дайын. Құрмет Кенжеханұлы жобаны алдағы уақыттарда Ішкі істер министрлігі арқылы бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыруды ұсынатынын айтады. Елімізде Нұрдәулет секілді жастар барда қоғамның сыздауығына айналған осы мәселе біршама жүйеге келетініне сенеміз. Орайы келгенде айтса кетсек, Ішкі істер министрлігі 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ жұртшылықты тарта отырып, республика аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясын өткізуде. Акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау. ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның сөзінше, акцияны өткізу барысында имидждік іс-шаралардан бөлек, отбасында құқықбұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ жайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жоспарланған. – Құрылған мобильді топтар тұрмысы жайсыз отбасылар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған жанұяларға кешенді көмек көрсетуге ерекше назар аударатын болады. Агрессорлармен әкімшілік қамауды өтеу кезеңінде профилактикалық жұмыс істеу үшін қоғамның белсенді өкілдері жұмылдырылып, арнайы қабылдағыштарға бару жоспарланған. Егер сіз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай жағдай туралы білсеңіз, оны жасырудың қажеті жоқ, – дейді Ақмарал Абзалқызы. Айта кетейік, полицияның 102 жедел арнасы үнемі жұмыс істейді. Одан бөлек елімізде жақында ғана іске қосылған 111 тегін сенім телефоны бар. Оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болады. Әрбір шақыру бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сол жерге келіп, кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар