Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шу ауданында шешімін күткен мәселе көп

Шу ауданында шешімін күткен мәселе көп
ашық дереккөз
Шу ауданында шешімін күткен мәселе көп
Шу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Бірлік және Жаңақоғам ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен басқосуға облыстық салалық басқармалардың және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Алдымен Бірлік ауылының тұрғындарымен кездескен Ербол Шырақпайұлы облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталып өтті. Облыс әкімінің айтуынша, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен өңірде экономикалық өсім 101,3 пайызды құраған. Саралай айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,7 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 2 пайызға өскен. Жыл басынан бері 501,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 50,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сондай-ақ Шу ауданында 2022 жылы 11 миллиард теңгеге 38 жоба іске қосылса, биыл 12 миллиард теңгеге 137 жоба жүзеге асуда. Ал Бірлік ауылдық округінде 2 жылда 114,7 миллион теңгені құрайтын 13 жоба іске асырылған. Жиында ауылдық округ әкімі Нұрбек Қараулов есеп беріп, баяндама жасады. – 2023 жылы Бірлік ауылдық округіне барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы сомасы 187,09 миллион теңге қаражат бөлініп, Амангелді көшесіне орташа жөндеу, Жастар, Әулиеата көшелерін асфальттау, ауылдағы саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатты тұрмыстық қалдықтар мен кездейсоқ қоқыстар арнайы орынға шығарылды. Бірлік ауылында көшелердің түнгі жарықтандыруына техникалық қызмет көрсету үшін 1,7 миллион теңге және электр энергиясын тұтынуға 3 миллион теңге қаржы игерілді, – деді Н. Қараулов. Бұдан соң ауылдықтар көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Атап айтқанда, тұрғындар спорт кешенінің құрылысын жүргізу, суармалы су, кейбір көшелерге газ, таза ауызсу жеткізу, балабақшаны кеңейту немесе жаңадан ғимарат салу, жайылым тапшылығы және басқа да мәселелерді көтерді. Облыс әкімі мен аудан басшылығы барлық сұрақтарға алдағы жоспарлы жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді. Аймақ басшысы кейбір мәселелерді жіті зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Дәл осындай форматтағы кездесу Жаңақоғам ауылдық округінде де өтті. Кездесулерден соң Ербол Қарашөкеев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ облыс әкімі Бірлік ауылындағы «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының ғимаратына барып, жай-күйімен танысты. Іргесінің қаланғанына жарты ғасырдан асқан нысанның тозығы жеткен. Орын тапшылығы бар. Өңір басшысы алдымен балабақшаның шатырын ауыстыру жұмыстарын қолға алу керектігін айтып, жауаптыларға жалпы мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыру бойынша ұсыныстар беруді тапсырды. Шу ауданына сапары барысында Ербол Шырақпайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың үйіне арнайы барып кездесті. Аймақ басшысы өнер иесінің ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегін, облыстың, еліміздің мәдениеті мен руханиятына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, құрмет көрсетті. Облыс әкімі барша жерлестерінің мақтанышына айналған тұлғаның алдағы уақытта да абырой биігінен түспей, ұзақ ғұмыр кешуіне тілектестігін білдірді. Өз кезегінде тоқсанды алқымдаған ардақты ақсақал, дарын иесі Әбдімомын Желдібаев та ризашылығын білдіріп, елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді. Кездесу барысында өнер, руханиятқа қатысты келелі әңгіме өрбіп, өңірдің мәдениет саласын дамыту бойынша бірқатар ой-ұсыныс талқыланды. Айта кетейік, Шу ауданының тумасы, «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың бүгінге дейін 70-тен аса шығармасы жарық көрген. Автордың «Жетісу сазы», «Толғау», «Көкшолақ», «Сұңқар сезім», «Ерке сылқым», «Өмір-өзен», «Әулиеата», «Боз жігіт», «Ыдырыс» және тағы да басқа күйлері, «Сұлутөр», «Қызыл гүлім – қызғалдағым», «Шырайлым», «Қызыл елiк», «Сырымды айтам» секілді көптеген әндері халыққа кеңінен танымал. Тұлғаның қазақ өнерiнiң алтын қорына енген «Өмір-дастан», «Жетісу сазы», «Шабыт», «Көкшолақ», «Төле би толғауы», «Самғау», «Ерке сылқым» күйлерiн ерекше атауға болады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар