МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ӘРБІР ТҰРҒЫНҒА ҚОЛЖЕТІМДІ
Тар бейінді дәрігерлердің консультациялары, КТ/МРТ, рентген және диагностиканың басқа да түрлерінің қызметтері сақтандырылған азаматтарға МӘМС жүйесінде емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша көрсетіледі. Олар үшін қосымша ақы талап етілмеуі керек. Егер емхана осы қызметтерді өзі ұсына алмаса, онда оны орындау шарты бойынша пациентке басқа клиникада қабылдауды қамтамасыз етуі қажет.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова консультациялық-диагностикалық қызметтерді (бұдан әрі – КДҚ) алу мүмкіндіктері туралы толығырақ айтып берді.
КДҚ-НЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Науқасқа кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерттейді. Тиісті көрсетілімдер болған кезде дәрігер КТ, МРТ немесе басқа да зерттеулер жүргізуге жолдама жазады. Қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациент «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, өйткені емхана деңгейінде бұл қызметтер МӘМС шеңберінде көрсетіледі.
ЕГЕР КДҚ-НЫ КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТЫЛСА…
ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тиісті шарт жасасады және пациенттерге осы қызметтерді ұсыну бойынша міндеттемені орындауға тиіс.
«Біз азаматтардан емхана көрсетілімдер болған кезде, оны өткізу мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, консультациялық-диагностикалық қызметке жіберуден бас тартады деген өтініштерді жиі аламыз. Алайда, мұндай жағдайда өнім беруші Қор дерекқорында (сілтемесі – https://fms.kz/kz/useful-to-know/vybrat-kliniku/) тұратын медициналық ұйымдар қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті. Егер бірлесіп орындау шарты ешкіммен жасалмаса, онда пациентті осы қызмет түрі бойынша Қордың өнім берушілерінің біріне жіберуге тиіс, шарт бағыт бойынша қызмет көрсету қорытындылары бойынша автоматты түрде жасалады», – деп атап өтті ӘМСҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Ляззат Алимова.
Алайда пациент емханаға бармай, КДҚ-ны ақылы негізде алу үшін тікелей жіберілетін басқа да жағдайлар бар.
«Кейде біз әлеуметтік желілерде науқасқа жолдама берілмегені және олар ақылы түрде қызмет алғаны, мысалы, КТ туралы шағымдарды көреміз. Мұндай жағдайларда науқастың құқығын қорғаушы ретінде Қор іске қосылады. Алайда, нәтижесінде науқас тіпті өз емханасына жүгінбеген, бірақ дереу басқа жерде ақылы тексеруден өтуге шешім қабылдаған болып шығады. Біз азаматтарды ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалануға шақырамыз. Егер мәселелер туындаса, Пациентті қолдау қызметіне хабарласыңыз және өз құқықтарыңызды қорғаңыз», – деп Ляззат Алимова атап өтті.
ӘМСҚ филиалының директоры атап өткендей, 2023 жылы аймақтың халқына медициналық көмекті қаржыландыруға 119,8 млрд. теңге бағытталды, оның ішінде ТМККК бойынша – 66,4 млрд.теңге, МӘМС бойынша – 53,4 млрд. мың теңге.
Егер сізде консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға қатысты сұрақтар туындаса немесе сіз оларды көрсетуге қол жеткізе алмасаңыз, онда өз емханаңыздың Пациентті қолдау қызметіне хабарласуыңыз қажет. Ұзақ күтуге байланысты өз аймағыңызда томографиядан немесе басқа да қызметтерден өту мүмкіндігі болмаған жағдайда, сіз өз аймағыңыздың денсаулық сақтау басқармасындағы жағдайды нақтылай аласыз. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтініш беріңіз: fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024