Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құстар қайтып барады...

Құстар  қайтып барады...
ашық дереккөз
Құстар қайтып барады...
Көктем келгенде дүние оянып, табиғатпен қоса жан біткен жанданып, жайнап кететіні белгілі. Көктемде нұр болып төгілген жаңбыр да тиген жерін көктетсе, жылы самал күзден қалған ызғарды қуып, анамыздай жүзімізді өбіп тұратыны жанымызды әдемі әсерге бөлейді. Ал көктемді одан сайын мәнді де, сәнді ете түсетін құстардың орны ерекше екені анық. Өйткені: «Көктемді қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма!» деп Тұманбай Молдағалиев жырлағандай, құстардың әлемге ортақ әндерін салып жеткен сәттерін сезініп, көре білген адамға көңіл көркейтер көрініс бұл. Өйткені көктемде «қарлығаш келмей, күн жылымайды» демекші, үйлерге ұя салып қана қоймай, сол үйлердің баласындай болып есіктерінен емін-еркін кіріп-шығатын адамзаттың асыл досы, адалдықтың дәнекері – қарлығаштардың келген кезі өмірге де, көңілге де жылылық сыйлайды. Ал күздің соңғы айынан бастап суық құшып, сұрықсыз күйде қалатын көлдерге көрік, айдынға ажар беріп құс падишасы ақ қанат ару аққулардың жұптары жарасып келген сәттері қандай керемет. Сұлулықтан сыр ұқтырып, үмітіңді үкілеп, өмірге деген ғашықтығың мен арманыңды арттыра түсетін көктемнің мейіріміне қанбай, келбетіне көзіміз тоймай қалатыны жасырын емес. Себебі ұйқыашары жиірек шырылдап, уақыт шіркін кідіріссіз зымыраған сайын мезгілдер мерзімінде ауысып тұратыны заңдылық. Мінеки, көзді ашып-жұмғанша күнтізбедегі айлар да алға жылжып, қыстың алғашқы айына қадам басқалы тұрмыз. Сонымен бірге кеше ғана топ-тобымен келіп, дала мен қаланы думанға бөлеген құстар да азаюда. Көктем мен жазда талдарға қонақтап, одан қалса үй біткеннің төбесінде сарбаздардай сап түзеп немесе күншуақта терезе алдында отырып, бір-бірімен тілдесіп, сырласатын түрлі құстардың дауысы мен бұлбұлдардың бақтарда сайраған үндері сиреп барады. Мен бүгін түс ауа далада серуендеп, найзағай шаншып өткен оюы көп аспанға ойлы көзбен қарап тұр едім, тағы да моншақтай тізілген тырналар қиқуға басып жылы жаққа беттеп барады. Біз оларға, олар да бізге бауыр басып қалған басқа да құстар бірлігі мен ынтымағы жарасып, қимастықпен өзге елге қанат қағуда. Келесі жылы бұл құстардың қаншасы аман-есен оралып, қаншасы сол жақта мәңгілікке қалады екен деген сұрақ та мазалай түсті. Дегенмен іштей құс біткенге сәтті сапар тіледім. Құстар да: «Біз келесі көктемде келгенде бұл өңірдің қанша тұрғынымен қауышып, қаншасымен көрісе алмай қалады екенбіз» деп, біздің де амандығымызды тілеп ұшып бара жатыр. Мұндай әсерлі сәтте еріксіз жанарға жас, көңілге мұң тұнады екен. Сондай-ақ жапырақтарынан айырылған, құстармен қоштасқан талдар да тұнжырап тұр. Енді көктемге дейін құстарсыз бұл талдар да ауылдар мен аудандардағы кейбір бос қалған үйлердің күйлерін кешетін болды. Бірақ бұл – табиғаттың өзгермейтін сценарийі. Десек те жыл сайын құстарды қарсы алып, қайтқан сәттеріне де куә болып тұрғанға не жетсін. Сондай қуаныш пен амандықты Тәңірім барша адамға ұзағынан сүйіндірсін деп тілегім келеді. Халықтың жүрегінен мәңгілік орын алған Нұрғиса мен Тұманбайдың мына бір туындысы тағы да ойға оралып, жүректі тербетуде. «Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып!..» Алда ақ қыстың алғашқы айы басталғалы тұр. Лайым, желтоқсан «ызғарсыз», қаңтар «қасіретсіз» болып, мезгілдер мерекесімен, айлар берекесімен, жылдар жақсылығымен келе берсін! Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ, ақын, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар