ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА 7 МЕКТЕП бой көтеруде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек баспасөз мәслихатын өткізді.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде облыста 1 134 білім мекемесі (586 мектепке дейінгі ұйым, 446 мемлекеттік мектеп, 49 жекеменшік мектеп, 3 кешкі мектеп, 5 арнайы мектеп-интернат, 45 техникалық және кәсіптік мекеме) жұмыс істейді.
Мейірхан Азатұлы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту басты назарда екенін атап өтті. Облысымыздағы 586 мектепке дейінгі ұйымда 60 456 бала қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған 2-6 жастағы балалардың үлесі 94,2 пайызды, 3-6 жастағы балалардың үлесі 100 пайызды құрайды.
2-6 жас аралығындағы балалардың қамту үлесін арттыру мақсатында қадамдық жоспарға сәйкес 1 937 орындық 17 жекеменшік балабақша ашу жоспарланыпты. Қазірге дейін 3 159 орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілген.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбекақылары 30 пайызға артыпты.
Өңірдегі «Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды кезекке қою және оларға жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидасына сәйкес электронды және уақытша қағаз жүзінде «еАкимат» жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді екен. Алайда басқарма басшысы «еАкимат» жүйесі «еgov.kz» порталымен интеграцияланбағанын жеткізді.
– Осы мәселені шешу мақсатында облысымыз ҚР Оқу-ағарту министрлігі пилоттық жоба ретінде енгізген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру» ақпараттық тегін «es.iac.kz» жүйесіне көшіруде.
Қазіргі таңда 10 аудан және қала бойынша 1-6 жас аралығындағы 6 051 баланың мәліметі «es.iac.kz» ақпараттық жүйесінің базасына енгізілді, – деді Мейірхан Азатұлы.
Мұнан соң спикер облыс оқушыларының білім бәсекелерінде жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша, республикалық, халықаралық байқаулардың нәтижесінде облысымыздың оқушылары 359 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 65-і халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың үлесі.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 32 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде облысымыздың командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі I орынды иеленді.
Сондай-ақ дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан 2023 жылдың 5-13 шілдесі аралығында Жапония мемлекетінің Тиба қаласында өткен халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иеленген болатын. Бұл жетістігі үшін Марғұланға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы мен Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ дарынды математикті дайындаған педагогке базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері төленді.
Сонымен қатар республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс оқушыларының командасы 14 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алуда.
Ал биыл республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша, 100 үздік мектептің ресми рейтингіне облысымыздың 7 мектебі енгізілді, – деді баяндамашы.
Келесі кезекте басқарма басшысы облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы, соғылып жатқан жаңа мектептердің жайы, орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.
– Өңірде үш ауысымды, оқушы орын тапшылығы бар және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2023 жылы 11 500 орындық 28 нысанның құрылысына бюджеттен 28 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Нәтижесінде оқушы орын тапшылығы бар 12 мектеп, үш ауысымды оқытатын 4 мектеп, 2 апатты мектеп және 5 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілуде.
Оқу жылының басында 3 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 мектеп есігін айқара ашады.
2023 жылы 14 білім беру объектісіне, оның ішінде 12 мектеп, 1 интернат, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деген Мейірхан Өмірбек брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Келесі мақала