Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаштың асқақ арманы

Алаштың  асқақ арманы
ашық дереккөз
Алаштың асқақ арманы
Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Алаш апталығы» өтті. Апталық «Алаш» партиясының құрылған күніне орай ұйымдастырылды. Апталықтың басы «Арқаның селі, желі, шөлі, белі, Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас» атты Алаш ардақтыларын еске алуға арналған әдеби-драмалық кешпен басталып, «Алаштың асқақ арманы» атты «Қарақат» өнер мектебі оқушыларының әдеби-сазды концертімен аяқталды. Сонымен қатар апталық аясында алдағы уақытта Тараз қаласы мен шаһар маңындағы ауылдардың мектептерінде кездесу, танымдық сағаттар өткізу, «дөңгелек үстел» және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев өскелең ұрпақ арасында Алаш зиялыларын және шығармаларын насихаттаудың маңызы жоғары екенін жеткізді. – Биыл Алаштың арда ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Осы ретте біздің өңірде де, тіпті біздің орталықтың өзінде ауқымды іс-шаралар мен байқаулар өтті. Шын мәнінде, бұл арыстарымызға деген біздің құрметіміздің белгісі болса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты», деуі де тегіннен-тегін емес. Расында, Алаш дегенде – қазақтың түпкі тарихы да тамырланатыны баршамызға аян. Сондықтан да Алаш тақырыбы бір күн, апта, ай аясында ғана немесе белгілі бір даталар қарсаңында ғана айтылатын тақырып емес. Ол біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналуы шарт. Онда ұлттық тәрбие, ұлттық сана мен адамгершілік ғылым бар, – деді С.Қалиев. Сондай-ақ әдеби кешке қатысқан оқушылар Алаш арыстарына арналған ақындардың поэмаларынан үзінді оқып, тақырыпқа сай қойылымдар қойды. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар