Нобель СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының
лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен кездесу өтті.
Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері, факультет декандары, ғылыми қызметкерлер және журналистер қатысты.
Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі. «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы. Қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысына есеп беретін су және табиғи апаттар (HELP) бойынша жоғары деңгейдегі сарапшылар мен көшбасшылар тобы төрағасының кеңесшісі.
Ғалыммен кездесуде университет ректоры Мұхтар Байжұманов Рае Квон Чунгпен және оның ғылыми бағытымен таныстырды.
Жиында профессор климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөнінде сөз қозғады. Ғалымның айтуынша, климаттық өзгеріс адамзат үшін үлкен қауіп төндіреді. Соңғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жылға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін. Яғни климаттық өзгерістің зардабын болашақ ұрпақ тартады деген сөз.
– Климаттық өзгеріс туралы 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі анализдеріме сүйене отырып, проблеманың көзі – еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни өнеркәсіптерден бөлінетін көмірқышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жыл бойы көмірқышқыл газдың мөлшерін азайту керек деп айтып келе жатқанымызбен еш шара қолданылмай келеді, – деген ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолында екенін айтты.
Әр адам «жасыл» экономиканы қолдап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады. Бұл қалай деген сұраққа Рае Квон Чунг былай жауап берді: «Жасыл» экономиканы» қолдайтын компания қосымша шығын шығаруға дайын болу керек. Сондай-ақ тұтынушы да бұрынғыдай арзан өнім емес, сәл қымбат өнім алуға дайын болған жөн. Себебі қоршаған ортаға зиян келтірмей, көмірқышқыл газдың мөлшерін барынша аз етіп өнім шығару қосымша технологияны, қаражатты қажет етеді. Нәтижесінде өнім де қымбаттау болады. Ал бүгінгі таңда нарық сапаға емес, санға, яғни ортаның қауіпсіздігін ойламай жұмыс істеп жатыр. Барынша көп, арзан өнім алуға тырысады. Салдары – уланған ауа, экологиялық жағдайдың нашарлауы. «Жасыл» экономика» жағдайында нарықта екі түрлі баға жүреді. Қоршаған орта қауіпсіздігін қолдайтын тұтынушы сәл қымбат өнімді, табиғатқа зиян тигізбей жасалған тауарды таңдайды. Яғни таңдау адамдардың өз еркінде», дейді профессор.
Осы орайда ғалым «Мен бірінші боламын» деген бастамасын таныстырды. Экологияға еш зиян тигізбей өнім шығарып, өзге компанияларға, өндіріс орындарына үлгі болудың маңыздылығын айтты.
Жиында Рае Квон Чунг Жамбыл облысындағы қоқыс, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті. Халық саны аз болса да қоршаған орта ластануының көрсеткіші жоғары екеніне таңданысын білдірді. Бұл қоқысты қайта өндіретін зауыттардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді. Кореяда өнеркәсіп орындарынан еш қоқыс қалмайтынын мысалға келтірді. Яғни Корея елінде өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді екен. Өндіріс орындарынан қалдық қалған жағдайда өнеркәсіп иелері үлкен көлемде айыппұл арқалайды. Тұрмыстық қалдықтарды 2024 жылы толықтай қайта өңдеуді көздеп отыр. Энергияның 20 пайызы қоқыстан алынады екен.
Дулати университетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы профессор Рае Квон Чунгқа пайдалы деректер үшін алғысын білдірді. Жиналған көпшілікке алдағы уақытта Кореяның технологиялық университетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.
Кездесу соңында университеттің ғалымдары қонаққа өз сауалдарын қойды. Кореядағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, «жасыл» экономиканы» жүзеге асыру бойынша қойылған сұрақтарға Рае Квон Чунг жауап берді.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала