Қылмысқа қылбұрау
Есірткі сатып есі кеткен
Жамбылдық полицейлер есірткі жинау үшін фазендада малшы болып жұмыс істеген тұрғынды қолға түсірді. «Допинг-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байзақ ауданының 36 жастағы және Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғындары аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен ұсталды.
Операцияны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспары шеңберінде жүргізді.
Полицейлер Байзақ ауданында Қасқа байтал жайылымында 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «КамАЗ» жүк көлігін тоқтатты. Жүргізушіден бөлек, көлікте Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғыны болған, ол жергілікті шаруа қожалығында малшы болып еңбек еткен.
Жауап алу кезінде ол марихуана дайындауға бел буғанын және осы мақсатта адам аз орын іздегенін, сондықтан шалғайдағы ауылдық жерге шопан болып жалдамалы жұмысқа тұрғанын айтты. Шопанды тінту кезінде пакеттен салмағы 3 келі 730 грамм кептірілген марихуана, 185 грамм 99 миллиграмм гашиш және 67 грамм 34 милиграмм каннабис шайыры табылды.
Ал 36 жастағы жүргізушінің қалтасынан салмағы 5,88 грамм каннабис шайыры есірткі заты табылып, тәркіленді.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаевтың айтуынша, ұсталғандар өз кінәларын толық мойындаған.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылмақ.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала