Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін...

Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін...
ашық дереккөз
Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін...
Интернет кеңістіктің дамуымен киберқылмыс та қарқын алып жатыр. Алаяқтар ақпараттық технологияларды қолдана отырып, азаматтарды түрлі тәсілдермен алдауға тырысып жатқандары мәлім. Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін құқық қорғау қызметкерлері облыс тұрғындары арасында сақтық шараларын жиі жүргізіп тұрады. Жақында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Абайлаңыз, алаяқтар!» атты интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кең ауқымды акция жүргізді. Акция барысында полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топтар алаяқтар қоңырау шалған кезде орындау керек қажетті іс-қимыл алгоритмі бар 100 мыңнан астам парақшаны азаматтарға таратты. Сонымен қатар акцияға қоғамдық ұйымдар, «LIDER.KZ» және жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Акция өңірдің барлық аумағында өткізілді. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Юсуповтың айтуынша, полиция қызметкерлері зейнеткерлер, әлеуметтік желілерде белсенділігі төмен адамдар және интернет-алаяқтардың әрекеттерінен сақтандыратын бірқатар профилактикалық бейнелер мен жазбаларды көрмеуi мүмкін тұрғындармен жеке сөйлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Аталған басқарма бастығы алаяқтар неше түрлі қитұрқы амалдармен қаншама адамды шаң қаптырып кетіп жатқанып айтып, мейілінше мұқият болуға шақырды. – Банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие рәсімдеу, мүлікті сату немесе ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, қандай да бір бағдарламалар орнату туралы «телефон» нұсқауларына ермеген жөн. Банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді. Өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған бөгде адамдар қоңырау шалған кезде тұтқаны қойып, сізге қызмет көрсететін банктің сенім телефонына немесе полицияға қоңырау шалу қажет. Өзіңіз туралы жеке мәліметті, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, кодтар мен құпиясөздерді ешкімге беруге болмайды. Белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеген абзал. Тексерусіз алдын ала төлем жасамаған жөн. Тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісімге келуге болады. Күмәнді келісімдер бойынша ақша аударымдарын жасамаған ләзім. Банк қосымшаларына кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырған артық етпейді. 3D-қорғанысты және басқа да қауіпсіздік шараларын қолданған дұрыс. Шоттарыңыздағы ақша айналымын жиі тексеріп отыруға кеңес береміз. Міне, осы және өзге де кеңестермен облыс тұрғындарын құлағдар етіп отырамын. Бұл ісіміз алаяқтықты түбегейлі жоймаса да, күрес алдын алуға септігін тигізеді, – дейді М.Юсупов. Қоғам сақшыларының тындырымды тірлігі нәтижесіз емес. Күнделікті жүргізілетін профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде биыл интернет-алаяқтық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама пайызға төмендеген. Қылмыскерлер өздерінің алаяқтық схемаларын тәулік бойы және үздіксіз жетілдіріп отыратындығын ескере отырып, аймақ тұрғындарын интернет-алаяқтардың қулықтарынан хабардар ету, ескерту және қорғау үшін полиция департаментінде «CyberPol» арнайы бөлімшесі жұмыс жүргізіп жатыр. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар