Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекет ЗАҢЫН ҚҰРМЕТТЕСЕК...

Мемлекет ЗАҢЫН ҚҰРМЕТТЕСЕК...
ашық дереккөз
Мемлекет ЗАҢЫН ҚҰРМЕТТЕСЕК...
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде кеңес өткізген болатын. Кеңес барысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еліміздегі құқықтық тәртіпті күшейту, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыспен күрестің өзекті мәселелері талқыланды. Құқық қорғау қызметкерлерімен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл әрекет ету және ведомствоаралық үйлестіру міндеттеріне ерекше назар аударды. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердің өзара тиімді іс-қимылы қауіпсіздікке төнетін қатерді дер кезінде анықтап, алдын алуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Президент қазіргі жағдайда азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау аса маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде Қ.Тоқаев: «Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ», – деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында ҚР Ішкі істер министрінің биылғы 18 қарашадағы нұсқауы бойынша 20-30 қараша аралығында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әйелдер мен балаларға қарсы кез келген зорлық-зомбылық деректерінің жолын кесу, құқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидасын нығайту да облыстағы қоғам сақшыларының қатысуымен өткізіліп жатқан іс-шараның басым бағыттарының бірі. Облыстық полиция департаметінің қатаң бақылауымен жүргізіліп отырған жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында құқық қорғау қызметкерлері заңбұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, зерделеп, оларды жоюға бағытталған бірқатар іс-шара жүзеге асыруда. Қоғам тыныштығын сақтауға бағытталған іс-шаралар оң нәтижесін көрсетуде. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері өз міндеттеріне тек жедел-профилактикалық іс-шаралар кезеңінде ғана жауапкершілікпен қарамайды. Облыс полицейлері әр күн сайын өмірлерін қатерге тігіп, тұрғындар тыныштығын күзетіп келеді. Мәселен, осы жылдың 10 айында қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күресті күшейту бойынша шаралар қабылданған екен. Қ.Мәжікеновтің сөзінше, есепті кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтауды және құқықбұзушылықтың алдын алуды күшейтуге бағытталған шешімдердің арқасында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 1 183-тен 1 024-ке азайған. Ал көшелерде орын алған заңбұзушылықтар 653-тен 588-ге төмендеген. Оның ішінде ерекше ауыр қылмыс түрлері 18-ден 15-ке кеміген. Қылмыстық істердің түрлеріне жеке тоқталсақ, тонау дерегі – 52-ден 48-ге, бұзақылық – 154-тен 134-ке, ұрлықтарды тіркеу 607-ден 444-ке төмендепті. – Полиция қызметкерлері көлік жолдарына үнемі бақылау жүргізіп отырады. Есепті кезеңде тексеріс қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары – 1 256-дан 893-ке азайғаны анықталды. Оның ішінде қаза тапқандар саны – 167. Өткен жылы жол-көлік оқиғаларынан көз жұмғандар саны 207 болған. Осылайша биыл көлік апатынан қаза тапқандар азайған. Жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандар саны да 1 943-тен 1 344-ке төмендеп отыр. Десе де әрбір тұрғынның өмірі мен денсаулығы маңызды болғандықтан қайғылы оқиғалардың жиі тіркелуі бізді алаңдатып отыр. Осы ретте айта кеткім келетін жайт, орны толмас өкінішке душар ететін жол-көлік оқиғаларының орын алуына көптеген фактор әсерін тигізеді. Олар – жүргізу дағдыларының нашарлығы, жылдамдықты шектеу, жүргізушінің мас күйінде көлікті басқаруы. Немқұрайдылық пен тәртіпсіздік, жүргізушілердің жеткіліксіз дайындығы, көлік құралдарының тозуы да осындай қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Облыстық полиция департаменті жүргізушілерге жол жүру ережесін қатаң сақтауды үнемі ескертіп отырады, – дейді Құрмет Кенжеханұлы. ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауымен қолға алынған «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізуге күн сайын 1000-нан аса полиция қызметкері жұмылдырылмақ. Жамбылдық қоғам сақшылары рейдтің алғашқы күні-ақ заңға бағынбаған бірнеше тұрғынға қатысты хаттама толтырған. Профилактика барысында учаскелік инспекторлар өздерінің әкімшілік аумақтарында пәтерлер мен аулаларды аралап шықты. Тексеру кезінде ҚР ішкі істер органдарында есепте тұрған 339 адам қамтылып, олармен белгіленген шектеулерді бұзудың 14 дерегі анықталыпты. Профилактиканың бірінші күні 163 жүргізуші жылдамдық режимін бұзғаны, 15 жүргізуші бағдаршамның тыйым салу белгісінен өткені үшін жауапқа тартылған. Ал 198 жаяу жүргіншіге қатысты жолдың белгіленбеген жерден өткені үшін хаттама толтырған. Мәселен, облыс орталығының көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғаны үшін «Toyota» автокөлігін тоқтатады. Тексеруден кейін жүргізушінің мас күйде екендігі анықталды. Көлік ішінде әйелі мен үш баласы болған. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (нақтырақ айтсақ, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырылды. Ер адамға 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылу түріндегі жаза қолданылды. Мұнымен қоса Тараз қаласының Төле би көшесінде белгісіз көлік құралының жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде отырған 38 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. Жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмады. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде бейнебақылау камераларының көмегімен жедел-іздестіру жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері «Toyota Alphard» автокөлігінің иесін – Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Іс-шара барысында облыс көлемінде осы кезге дейін 24 қылмыс тіркелген. Тәулік ішінде 22 қылмыстық іс ізі суымай ашылған. Сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған 748 азамат тексеріліп, 28 тұлғаның белгіленген шектеулерді бұзу дерегі анықталыпты. Мұнымен бірге құқық қорғау қызметкерлері 6 538 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде арнайы техникалық құралдармен тіркелген құқықбұзушылықтар саны – 3 497. Аталған заңбұзушылық фактілері «Сергек», «Авто Сканнер» секілді техникалық құралдардың арқасында ашылған. Сонымен бірге полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуымен 3 041 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталған екен. Нақтылап өтсек, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73- бабы бойынша (отбасылық жанжал) 82 әкімшілік құқықбұзушылық ісі тіркелген. Ұсақ бұзақылыққа қатысты барлығы 34 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 116 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу немесе масаң күйде жүруге қатысты деректер саны – 182. Қоғам тыныштығын бұзған 32 тұрғынға тиісті жаза қолданылған. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына байланысты 25 әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болған 135 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім тіркеуге алыныпты. Сондай-ақ полиция қызметкерлері профилактика барысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 615-бабы (Жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамауы) бойынша 414 жаяу жүргіншіні жолды белгіленбеген жерден кесiп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының мiндетiн атқарушы Серік Алдыбековтің айтуынша, жаяу жүргіншілердің өлімінің немесе жарақаттануының ең көп тараған себебі – жолды кез келген жерден кесiп өту әдеті. – Негізінен балалы аналар мен жасөспірімдер жолда жүру ережесiн бұзатыны анықталып отыр. Балалар әрқашан ересектерге, ең алдымен, ата-анасына еліктейтінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан үлкендер қай жерде де тәртiп пен жауапкершiлiктiң үлгiсiн көрсете бiлуi қажет. Жауапкершiлiкке тартылған азамат­тар жолды кесiп өту себебiн әрқалай түсiндiрдi. Бiрi асықтым десе, кейбіреулері жақын арадағы жаяу жүргіншілер өткеліне баруға ерiнгенiн айтты. Ал ендi бiрi көлiк жүргізушілерiнiң өткiзiп жiберетiнiне сенiмдi болдым деп жауап бердi. Көбінесе мұндай жаяу жүргіншілер өз әрекеттерінің қауіптілігін түсінеді және соған қарамастан осындай қадамдар жасайды. Бұл өз кезегiнде адамның жеке басы үшін ғана емес, айналасындағылардың өмірі үшін де жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді, – деді С.Алдыбеков. Айта кетейік, аталмыш іс-шара жергілікті атқарушы органдармен, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалдарымен, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар қозғалыстарының және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл аясында өткізілуде. Өз кезегінде жамбылдық тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындар мен көшелерде жүргенде тәртіп сақтауға, қоғамдық эстетиканы ұстануға шақырады. Қаланың қауіпсіз болуы – сіздердің қолдарыңызда. Полиция қызметкерлері сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін күндіз-түні қызмет етуге дайын. Қоғам тынышытығы мен құқықтық тәртіпті сақтау барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға облыс халқы түсіністік танытып, заңға бағынса, әрине, құқықбұзушылықтар орын алмайтын болады. Шынында да «Әділетті Қазақстанды» құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар