Қылмыс хроникасы
Жарнамаға сенген 296 адам үйсіз қалды
Үйсіз, далада қалғандарды алдап соққан пирамиданың бірі – «QazHome» тұтынушылар кооперативі.
Олар кооперативке мүше болуға 300-дей адамды тартқан, алайда олардың 35-і ғана полицияға арыз жазыпты. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу кезінде кооперативтің осы 35 адамнан 50 миллион теңгедей ақша иемденгенін анықтап отыр.
«Бұл кооператив туралы «Instagram»-дағы жарнамадан білдім. «Пайызсыз үй, көлік алуға болады» деген жарнамаға сеніп, осы кооператив арқылы екі бөлмелі пәтер алмақ болдым. Сөйтіп, үш жыл бойына жинап жүрген ақшамды банктегі депозитімнен шешіп, шот ашып, осы кооперативке салдым. Аяғында не үй, не ақша жоқ. Қазір «времянка» жалдап тұрып жатырмын. Көпшілігіміз күнкөріс қамымен ауылдан қалаға келгенбіз. Арамызда пәтер жалдап тұратындар көп. Екі-үш жерде жұмыс істеп, балаларымыздың аузынан жырып жинаған ақшамызды қайтарып ала алатынымызға да сене алмай отырмыз» деген зардап шегушінің сөзін БАҚ-тар біраз жариялады.
Ескерте кететін жайт, біреуге ақша шешіп бермес үшін он рет ойланыңыз. Айнала толған алаяқ. Тез баюды, табыс пен пайданың оңай жолын ұсынған адамнан қашыңыз! Далада жатқан ақша жоқ. Табыс – тек маңдай тер еңбекпен, сау ақылмен, қаржылық сауатпен келеді.
Kaspi.kz ешқашан клиенттің жеке деректерін сұратпайды
Бүгінде елімізде «Kaspi bank»-тің өнімдерін, картасын қолданбайтын адам жоқтың қасы. Алаяқтар оны жақсы біледі. Сол үшін олар банк қызметкері болып сізге қоңырау шалып, түрлі сылтау айтып, Gold- картаңыздың деректерін сұрауы мүмкін.
Сол себепті «Kaspi bank» берген кеңес бойынша мына төмендегі ұсынымдарды есте сақтап, мұқият болыңыз:
- Gold-картаның деректерін ешкімге айтпау керек;
- бейтаныс адамдармен жазысқан хаттар мен сенімсіз сайттарда карта деректерін көрсетпеген дұрыс.
Алаяқтар карта бойынша не сұратуы мүмкін?
- иесінің аты мен тегін;
- қолданылу мерзімін;
- CVV – картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмірді;
- PIN-кодты;
- төлем мен аударымды растайтын SMS-кодты.
Өзін «Kaspi bank» қызметкерімін деп таныстырып, сізден осы деректерді сұрайтын адам – АЛАЯҚ.
Жалпы алаяқтармен күресуге сіз де атсалыса аласыз. Күдік тудырған телефон нөмірін «Kaspi bank»-ке жолдауға болады. Банк міндетті түрде шара қолданады.
Алаяқтық туралы хабарлау үшін guide.kaspi.kz/client/kz/gold/q15352 сілтемесі арқылы арнайы үлгіні толтыру керек.
«Төлем» функциясын ұсынады
Алаяқтар «Kaspi bank»-тің мобильді қосымшасын «жақсы» пайдаланып жатыр екен. Қолданушыға жалған хабарлама жіберіп, салық міндеттемесін орындауға үндейді.
Хабарламада: «Салық берешегін төлеу үшін шот қойылды» деген жазу болады және сол үшін «Төлем» функциясын ұсынады. Оны басқан жағдайда ақшаңыз банк шотынан еш растаусыз шешіледі.
Не істеу керек?
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы салық берешегі туралы хабарлама алған болсаңыз – асықпаңыз!
Берешектің бар-жоғын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы нақтылап алу керек:
«Kaspi bank»: («Барлық төлем» сервисінде → «Айыппұлдар және салықтар» → «Салықтар» → «Салық берешегін төлеу» → «Тексеру»);
«Halyk» банкі: («Барлық төлем» сервисінде → «Салықтар, айыппұлдар, ХҚКО қызметтері» → «Салықтар» → «Салық берешегін төлеу (көлік, жер және мүлік)» → «Тексеру»);
e-Salyq Azamat: («Электронды сервистер» қойындысы → «Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі»→ «ЖСН-ды енгізу» → «Іздеу»).
Иесіз мүліктерді сатқандар сотталды
Жамбыл облысының азаматтары нарықтық құны 300 миллион теңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке жалған құжат жасап сатқан. Бұл жайлы облыстық прокуратура хабарлады.
Алаяқтар Тараз қаласындағы иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, оларға жалған құқық белгілейтін құжаттар жасаған. Кейін оларды басқа тұлғаларға сату мақсатында жеке бас пайдасына иемденген.
Бұл қылмыстарын олар заңсыз шешімдердің қабылдануына ықпал еткен сотқа қолдан жасалған дәлелдемелерді ұсына отырып жеткен және жалған сот шешімдерін, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттерді жүзеге асырған.
«Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық іс тіркеді. Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес меншік иелері (өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлер) болмауына байланысты аталған объектілер әкімдіктің талап қоюлары бойынша соттың иесіз деп танылуына және коммуналдық меншікке айналуына жататынын атап өту керек», делінген хабарламада.
Былтыр осы 20 объектінің үшеуі бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал осы жылы Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 6 қазандағы үкімімен 2 пәтерді жымқырғаны үшін екі тұлғаға 2-ден 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жылжымайтын мүліктің қалған 15 объектісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оларды облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша мемлекет кірісіне қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.
Жасұлан Сейілханов
Келесі мақала
Әскерилерге есірткінің зияны туралы айтылды
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024